Талдықорғанда мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада өтуде

27-30 мамыр күндері Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық деңгейдегі III Спартакиада өтуде. Бұл – тек спорттық сайыс қана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын, жігері мықты, рухы биік азаматтардың басын қосқан нағыз мереке.
Жарыс бағдарламасына шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ, шахмат, арқан тарту, 3х3 баскетбол және бильярд секілді спорт түрлері енген. Әр қатысушы – өз саласының майталманы: ауыл әкімдерінен бастап, басқарма басшыларына, сарапшылар мен баспасөз хатшыларынан бастап облыс әкімінің орынбасарларына дейін. Тіпті құқық қорғау органдарының өкілдері де өз бақтарын сынауда.
Бұл Спартакиаданың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында спортты кеңінен насихаттап, белсенді әрі салауатты өмір салтының үлгісін көрсету. Спорт – тек дене шынықтыру ғана емес, сондай-ақ ұйымшылдық пен жауапкершілікке баулитын, ұжымдық рухты күшейтетін маңызды құрал.
Ауқымды шараны Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Abai.kz