Размышлизмы: Кейінгі

Менің кеткенім көпке мәлім болғанда елең еткен ел шамырқанып, шу шықты. Алқынып айтарлық алапат болмағанымен, жаңғырығы маған да жетті.
Не демекпін, не түйгенім бар?
Құдды өз жаназама қатысып қайтқандай ахуалдан арыла алар емеспін...
Кем дегенде, кісінің «өзі жоқтың – көзі жоқ» күйінің күлбілтесіз кейпін айқын аңғардым.
Жалпы, айтары жоқ. Жарап жатыр. Жаңалықтың жалауы, жобамен, үш күн желбіреді. Сосын жұрт жаппай жаңа әкім жаққа ауытқып, Досаевты жабыла жәукемдеді…
Осыған орай 2012-нің жазында Ақтаудағы ұқк абақтысы камерасында Болат Атабаев екеуміздің арамызда болған әңгіме еріксіз ойға оралып тұрғаны. Шынтуайтында, бұл бір «әңгіме» деуге келіңкіремейтін керісу еді. Ашығын айтайын, біз қырқысып қалдық. Кәдімгідей боқтастық. Сегіз жылға сотталуы мүмкін екенін білетін біз оның қанындағы қанттың қырсығы зонаға жеткізбей, құрдымға жіберетінін жап-жақсы түсініп тұрдық. Бірақ өзі іштей бұндайға да дайын-ды.
Ол:
– Осыдан мен өлсем, бар байтақ оянады! - деді.
Мен мүлде келіспедім:
– Қ...м, ешкім де оянбайды! Қамсыз қалғып, қалай ұйқыда жатты, сол қатқан қалпында қалады! Бұлай көсіле түйіп, кесімін қиып айтатындай сен кім едің?
– Мен – Болат Атабаевпын! Мені ел түгел таниды! - деп, ашуға мінген ол дегбірсіздене бастаған.
– Енді қайтейік? Иә, сен – Атабаевсың! - дедім мен. – Бірақ сен бар-жоғы театр режиссері ғанасың. Қазір бізде екінің бірі – режіссөр. Оларды тіпті Міржақып та оята алмаған. Міржақыпты қоялық, Абайдың да қолынан келмеген.
– Бұдан ары төзуге болмас, шыдамның да шегі бар! Сондықтан көп қыртпа! - деді Болат.
– Қателеспе, бұл қыртқаным емес! - дедім. – Бар мәселе, біздің биліктің бағына бұйырған бұқарада боп тұр. Бұндай бейнетке бейіл, теперішке төзімді халық жер жүзінде жоқ. Сен солар үшін жанкештілікке барып, ғұмырыңды қиюға даярсың, ал осы сәт олардың ойында жексенбілік жиынға киер киімнің мұңы немесе жұбымен ажырасқанына біраз болған ұлының үйлену тойына алған, әлі талай жылдық төлемі бар несиенің жыры жүр…
– Бәрі бірдей миына с...н дөкір, долб…б емес шығар! - деп шамданды Болат.
– Бәрі емес, - деп қолдап қойып, сөзімді жалғадым. – Бірақ сен ажал құшсаң, ары ұзаса апта талқылар, кейін тарс ұмытып, күнделікті күйкі тірліктерінің күйбеңіне көшетінін мен анық білемін, жүз пайыз сенімдімін.
– Дегенмен қарап қалмай, жөн жолын табу керек қой… тап шешесін..! - Болат ызаға булығып, айқайға басты. – Енді бұлай өмір сүруге болмайды!
– Қалай күн кешіп келсе, солай күнелте бермек! – деп қайырдым мен. – Оларға сенің шырылдаған шындығыңның да керегі шамалы. Шәй үстінде үздіксіз шайнап, талғажау қылар тақырып, өрбітер өсек қажет. Ендеше, сенің өлімің – сан сауықтың бірі, сапырынды сөз ғана... Тілге тиек етер, талқыға тастар, аяғында улап-шулап, үйді-үйіне тарасар.
Сол сәттің сипаты, біздің арамызда болған әлгі әңгіменің нобайы осы...
Бір-екі күн өткенде оны тергеуші шартты шараларына шақырып, Болат «жөндем» жауап берді. Содан соң оны босатқан. Ақыры ол Германияға қоныс аударды.
Ол кеткеннен кейін дүрлігіп, біршама даурыққандар болды. Базбіреулер қуыс кеудесін тоқпақтап, тура мағынасында тоңқылдады:
– Қалай ғана дәті барды?! Өз елі, туған топырағы ғой! Нағыз қазақ осылай Отанын тастап кетер ме?
Басқалары бұлардан еш қалыспай, қиқулап бақты:
– Амалы қалды ма оның?! Түрмеде тірідей шірітсе, жандарың жай табатын ба еді?!
Тағы да тағысын, сол секілді сөзсайыстар сарқылмады. Айтпаған адам, қаңқылдамаған қаз қалмады.
Қалай болғанда да, Атабаев жат жерде сегіз жыл сергелдеңде жүргенде, бұған бола басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынның қарасы аса көп емес-ті. Ара-тұра оның жырақтағы жердің бір жерінде режиммен айқасып жатқаны жайлы материалдар желілерден көзге ілігетін...
Кейінірек оның қанты қарқын алып, бой бермей қойды. Содан саусағын кесіп тастады. Көп ұзамай, тағы бір саусақтың кезегі келді. Ең соңында бәрін өзі түсініп, айналасындағылардан атамекенге қайтаруын өтінді. Өйткені іштей туған жерден топырақ бұйыруын тілеудей-ақ тіледі..
Құдай құп көріп, дегеніне жетті…
Ол қайтып оралды. Кездестік. Ақсайдағы аулада, қалың нудың қалтарыс тұсында. Мүгедектер арбасында отырған ол қатты өзгерген екен. Жүдеу және қартайыңқырап қалған. Біз аман-саулық сұрасып, сол байырғы әңгімеміздің жүлгесін жалғастырдық. Бұл жолы балағат қоспай, айқайсыз, сөз сыпайысын сайладық. Оның үні құмығып, бәсең шықты:
– Білемісің, мен еш өкінбеймін. Тек қана оларға жаным ашиды, бейбақтарды аяймын. Ойпырмай, осыншалық... (ол осы тұста бір боқтап, сыбап салды).
Тыңдап болып, былайша түйіндедім:
– Сен арланып, тартынатын түк те жоқ. Өзіңе барынша адал болдың. Оларды бәрібір өзгерте алмайсың сен. Оған ешкімнің қабілеті де, жүйкесі де жетпейді. Бұған басың ауырмасын, сабыр сақта.
– Мен сабырлымын ғой, - деген Болат жымиып қана. – «JEDEM DAS SEINE». Бұл бір қақпаға түскен жазу болатын (Болат неміс тілін білетін).
Мен басымды изеп, үнсіз құптадым. Ол қақпаны да кезінде көргенмін.
Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз болды.
Кейінгі үш-төрт күннің көлемінде өзім туралы барлығын естідім. Бәріне жуығын ба екен?!. Әйтеуір: «Кеткені қандай қиын, тым ауыр болды ғой!» - деп басталып, – «Қараңды батыр, сатқын!» - деген жолдарға жалғасып жатты. Мен мұның баршасын бұған дейін де естігенмін. Салыстырмалы түрде айтқанда, таяуда ғана екен. Күні кеше секілді.
Ермек Тұрсынов
Abai.kz