Ресей Қырым мен төрт облысты талап етіп отыр

Кезінде Ресейде үлкен қызметтерде болып, тіпті вице-премьерлікке дейін өскен Қазақстанның тумасы Альфред Кох Ресей-украин соғысында қалыптасқан жағдайға былай баға беріпті:
Соғысқа үш жыл және тоқсан тоғыз күн өтті...
ISW-дің бүгінгі карталарынан Ресей армиясының шабуылды жалғастырып жатқаны көрініп тұр. Бұл жолы олар үш бағытта алға жылжыды.
Біріншіден, Часов Ярдың оңтүстігіне қарай, Константиновка бағытына жылжып, шамамен 1,5 шақырым ілгерілеп, Ступочки елді мекенінің шетіне дейін жетті. Бұл жерден Константиновкаға дейін бар болғаны 7 км. Қазіргі шабуыл қарқыны бойынша олар үш-төрт күнде сол жерге жетуі мүмкін. Оларды бәрібір тоқтата алады деп үміттенгіміз келеді.
Екіншіден, ресейліктер Оскол мен Изюм бағытында шабуылды жалғастырып, соңғы тәулікте Редкодубтан Карповкаға дейін жетіп, 5 шақырымға жуық жол жүріп өтті.
Ақыры, үшінші және ең маңыздысы — олар Сум облысының солтүстігінде шабуылды қайта бастады. 10 км-лік майдан желісінде (Константиновка мен Владимировка арасында) соңғы тәулікте шамамен 5 км алға жылжып, Андреевкаға таяды. Түзу сызықпен есептегенде, Сумға дейін небәрі 20 км қалды.
Осы Сум облысының солтүстігінде тағы бір бағытта алға басты: Беловоди мен Локня аралығындағы 6 км майдан желісінде олар оңтүстікке қарай 3 км жылжып, Яблоновкаға жақындады.
Мен бүгін украин пабликтерін оқып шықтым. Сонда бір қызық байқадым: ресейліктердің шабуылы тек мені ғана мазалап тұрған сияқты. Бәрі көңілді: стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың қыруар санын жойдық деп мәз. Зеленский де соларға қосылып, кеше Ресейдің ауыр шығынға ұшырағанын айтып, енді Ресей келіссөз үстеліне отырады деп жариялады. Ал майдандағы ресейлік шабуыл туралы — ауыз ашар жан жоқ. Бұл, меніңше, психологияда «ығыстыру» деп аталады…
Кеше бір мұқият оқырман менің жазбама былай деп пікір қалдырыпты: «Құрғақ. Қарасаң, Кох ВСУ-дың жетістігіне риза емес сияқты». Не дейін енді? Айтарым жоқ... Карта да жоқ… Трамп айтқандай: жақсы карта менде жоқ.
Шынымды айтсам, қуанып отырмын. Бірақ менің қуанышым — оқиғаның масштабына сай ғана. Бүгін көптеген басылымдар спутниктік суреттерді сараптап, Украина кешегі шабуыл кезінде 13 ресейлік ұшақты жойған деген қорытындыға келді. Ал BBC-дің орыс қызметі 11 ұшақ деп отыр.
Әрине, СБУ-дің есебінше 40-тан астам стратегиялық ұшақ жойылды дегенге мәз болған жұртпен салыстырғанда, біз, мен де, BBC де қуана алмай отырмыз. Бірақ қолымыздан келгенше қуануға тырысамыз.
Ал мен неге толық қуана алмаймын?
Себебі, украиналықтардың қуанышының басты себебі — бұл ұшақтардың өндірістен баяғыда алынғаны. Яғни, жойылған Ту-22М мен Ту-95-тердің орны толмайды дейді. Ал мен үшін бұл — қуаныш емес, керісінше, алаңдататын жайт. Себебі, алғашқы Ту-95 әуеге сонау 1952 жылы, Сталин тірі кезінде көтерілген еді…
Бұл ұшақтар тек әуеге көтеріліп, Каспий теңізіне барып, сол жерден ракеталарын Украинаға қарай ұшыру үшін ғана жарамды болған. Мұны, керек десеңіз, жүк тасымалдайтын немесе жолаушы таситын ұшақ та атқара алар еді, егер оған зымыран ілгек қойсаңыз...
Сонда СБУ әлгі шалажансар, кәрі ұшақты «құлатып», жеңіске жетті. Ура… Бірақ Ресей әлі де заманауи Ту-160 ұшақтарын шығарып жатыр. Мұндай 16 ұшақ бар. Олар зардап шеккен жоқ. Сонымен қатар, Ту-95 пен Ту-22М-нің қалғандары да бар. Кешегі шабуылға дейін Ресейде 58 Ту-95 және 55 Ту-22М болған.
Оған қоса, Ресейдің Су-24 (158 дана) және Су-34 (124 дана) сияқты фронттық бомбалаушы ұшақтары бар. Бұлардың ұрыс жүктемесі мен ұшу қашықтығы Украинадағы барлық әскери тапсырмаларды орындауға толық жеткілікті.
Сондықтан, тіпті егер СБУ басшысы Малюк айтқандай, 41 бомбалаушы жойылған болса да — бұл стратегиялық бетбұрыс деуге келмейді. Иә, А-50 барлау ұшағы жойылды деген де ақпарат бар. Бұл — жақсы. Ресей Әуе күштері тағы бір «көзінен» айырылды. Қуанамын. Бірақ… менің қуанышым — Осел Иа сияқты.
Өтінем, мені қинамаңыздар. ISW-дің бүгінгі картасына қарап тұрып, қуана алмаймын. Сіз қуана аласыз — жақсы. Қуаныңыз. Ал мен — рұқсат етіңіз, қуанбай-ақ қояйын. Қазіргі майдандағы жағдай СБУ-дің кешегі диверсиясынан әлдеқайда маңызды. Ешбір диверсия стратегиялық операцияның орнын баса алмайды. Бұл — жай ғана ащы, бірақ уақытша әсер. Шынайылық сезімінен айырылып қалмайық.
Тағы қайталап айтамын: СБУ-дің мақсаты бойынша Малюк «беске» жұмыс істеді. Бірақ СБУ — Қарулы Күштердің орнын баса алмайды. Соғыстағы басты міндетті — тек армия орындай алады. Басқа ешкім емес. Өзіңді алдама.
Иә, Стамбулдағы келіссөздер туралы… Бәрі күткендей өтті. Ресей бұрынғы талаптарын қайталады: Қырым мен төрт облыс (Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон) — біздікі. Украина да өз талаптарын қойды — бәрі ескі, жаңалық жоқ. Ақырында, тұтқындар мен қаза тапқандардың денелерін жаппай алмастыру жөнінде келісті. Кешірек тағы кездесетін болды.
Бірақ мені бір ой мазалайды…
Ресей Крым мен төрт облысты талап етіп отыр. Ал неге олар Сум мен Харьков облыстарында шабуыл жасап жатыр?
Келесіде Днепропетровскіге шабуыл жасауы мүмкін. Егер бұл өңірлерге Ресей иелік еткісі келмесе — онда не үшін?
Бір сәтте есіме Зеленскийдің Курск операциясы туралы түсіндірмесі түсті. Ол кезде ол басып алынған ресейлік аумақты украин жеріне айырбастаймыз деп айтқан еді. Міне, түсініктеме. Егер Сумға шабуыл жалғаса берсе, Харьковке де басталса, онда айдың соңында Мединский Сумды — Запорожьеге, ал Харьковті — Херсонға айырбастайық деп ұсынуы мүмкін… Сонда бұл талап бұрынғыдай өрескел естілмейді.
Украин саясаткерлері «Путин Днепрді қалай басып өтпек?» деп таңырқағанда, оларға: «Ал ол оны басып өтпек емес» дегің келеді. Ол міне, осылай істейді. Бұл да бір тәсіл емес пе?
Тек мені сөкпеңіздер. Тас лақтырмаңыздар. Мен тек ой жүгіртіп көрдім… Мүмкін келесі айда осындай әңгіме болады. Бірақ уайымдамаңыздар. Менің болжамдарым көп жағдайда орындалмайды. Бұл да орындалмас. Тағы да ақымақ болып шығам. Бірақ мен оған үйреніп қалдым.
Қалай болғанда да, путиндік шабуылды тоқтату керек. Әйтпесе, мен айтқанның бәрі шындыққа айналуы мүмкін. Ал СБУ-дің ешбір диверсиясы бұл жағдайды өзгерте алмайды. Әдеттегідей — үміт тек Қарулы Күштерде.
Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz