Жұма, 6 Маусым 2025
Алаш арысы 574 0 пікір 4 Маусым, 2025 сағат 12:59

Жанғабыл шешен

Сурет: Қазақ үні сайтынан алынды

Жетісу еліне кең таныс Жанғабыл Әтеке баласы жоғарыда айтқанымыздай Алжан мен қалған Албанның тарихи әңгімелерін Көдекке толық жеткізген дана көкірек шешен би.

Жанғабыл шешеннің әкесі Әтеке орташа шаруалы кісі болған. Бірақ ел арасында әділдігінің арқасында бір мезет болыс та болыпты. Өмірінің соңында қажыға барыпты. Жанғабыл осы семияда 1849-жылы Шалкөде жайлауының Ақбастау деген жерінде туылыпты.

Жасынан сөз ұстаған зерек Жанғабыл сол бала кезінде-ақ ел ішінде болып жатқан дауды қайткенде әділ шешу жөнінде ой қорытады екен: қалпағын керегенің басына іліп қойып, оған өзі қарсы отырып алып, біресе қалпақтың, біресе өзінің дауын сөз жүйесіне түсіріп айтысады екен. Осындай жаттығудың арқасында 16-17 жасында билікке араласыпты.Не бір күрделі дауды әділ шешіп берісі албанға, арысы Жетісуға аты әйгілі шешен болыпты. 1924-жылы Нарынқол ауданындағы Лабасы (Іле басы) тауының етегінде, Ақбейіт деген жерде қайтыс болып, Қызылбұлақ деген жерге жерленіпті.

Бабалар тарихы жағынан да, шешендігі жағынан да Көдек Жанғабылды ұстаз тұтыпты. Алдынан қия өтпей үлкен құрмет көрсетіп ықыласын алыпты. Райымбек батыр тұқымынан тараған Жанғабылға:

«Жанғабыл бір тұқымы даңғыл шешен,

Жүйріктің біреуі еді кәріп өткен.

Алдына жан салмаған ақ тұйғыным,

Жүрседе жалғыз атпен жалы кеткен», – деп жырға қосқан.

Енді осы Жанғабыл шешен айтты деген сөздерден біраз әңгіме қозғап кетейік.

Бірде ағалы-інілі албан мен дулат елдерінің арасында үлкен дау болып, оған албандар бірнеше білікті азаматтарды қосып Жанғабыл шешенді жібереді. Өңкей жас азаматтардың келгенін көрген дулат елінің бір шешені:

– Жүрістеріңе қарасам, ел азғандай. Бұл албан иесіз қалғаннан сау ма? – дейді. Сонда Жанғабыл:

– О, ақсақалыңызға, көпті көрген басыңызға құлдық. Жақсы қарттың артынан ұлан, жақсы аттың артынан құнан ермеуші ме еді, дауды бітіретін сиезге өңшең ақбасты теріп әкелгеніңізге қарағанда иесіз қалған сенің елің болар деп қауіптенем, – дегенде, әлгі би жұмған аузын аша алмай қалыпты дейді.

Бірде тұтас Жетісу елі бас қосқан үлкен сиез болады. Албан мен қайсы бір тайпа арасында ұзақ уақытқа созылып сартап боп бітпей келе жатқан бір үлкен дау бар екен. Осыны бітіруге албан елі тағы да Жанғабыл шешенді жібереді. Бұл кезде Жетісудың төбе биі жалайыр елінің Жалмамбет деген биі екен. Бір орайы келгенде Жанғабыл сол биге «бердім бір сәрі, қосымшасы жүз» деп сыбыр ете түседі. Дау шешіліп болған соң Жанғабыл шешен Жалмамбет бидің алдына кіріп:

– Бердім, ата, бір сәрі, – деп жүз тиын тастап кетпек болғанда Жалмамбет би:

– Қойның – алтын, ойың – озық екен, көмекшім бол – депті. Содан бастап сиез сайын Жанғабыл шешен Жалмамбет бидің оң жағынан орын алатын болыпты.

Ел іші ұры-қарыдан тыныш болған ба, бірде алжан Әтеке ауылының бір айғыр үйір жылқысын қызылбөрік Мақсұт болыстың ауылының ұрылары ұрлап кетеді. Мұның анық-қанығына жетіп, Мақсұтқа сұрау сала барған Әтеке амал таба алмай дағдарып қайтады. Бұл Жанғабылдың 14 жастағы кезі екен. Мұны естіп әкесі Әтекеге:

– Мен барайын, – дейді.

Әтеке оған:

– Сен әлі жассың, жасқа шоқпар жаңбырдай жауады, – дейді.

a - Хан ұрса қайыры тиеді деген, бір амалы табылар, – деп Жанғабыл жылқы ішінен құлағы шұнақ, аяғы ақсақ бір тайды мінеді де Бірсу деген жерде отырған Мақсұттың үйіне келіп түседі. Мақсұтқа келген жайын айтады.

Мақсұт:

– Күзде кел, бір хабарын берейін, – деп Жанғабылды жолға салады. Сол сөз бойынша күзде келеді.

– Өзіңіз күзде кел деген соң келдім – дейді Жанғабыл, Мақсұт жауап бермей жүріп кетеді. Сонда Жанғабыл мініп барған әрі шұнақ, әрі ақсақ тайына мінеді де:

– Құлақ дейтін құлақ жоқ, аяқ дейтін аяқ жоқ сені мінгенше ит мініп, ирек қамшыласам болмас па еді, – деп басқа-көзге сабалап жүріп кетеді. Мақсұт болыстың аяғы ақсақ, құлағы шұнақ екен. Сөздің өзіне тиіп жатқанын білген Мақсұт болыс Жанғабылды қайта шақыртып алып астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, бір айғыр үйірін алдына салып беріп қайтарыпты дейді.

Әкесі Әтеке орташа шаруалы кісі болғанмен Жанғабыл мал жинамаған кедей адам болыпты. Мініс ат, сауын сиыр, сойыс малын албанның Ұзақ, Жәмеңке, Төке, Диханбай сияқты білікті адамдары сұратпай беріп тұрмыстан қыспаған. Сөйтсе де «оты басқаның ойы басқа» дегендей, кейде бұларда өз қамымен болып кетіп, Жанғабылды есінен шығарып қояды екен.

Бір жылы сол жоқшылықтың кесірінен жайлауға да көше алмай қалады. Оны ешкім білмейді. Бір күні бір жақтан келе жатып Беласар дейтін кісі Жанғабылдың үйінен шай ішіп аттанады. Жәкең одан алжанның болысы Диханбай Жампейіс баласына:

«Сәлем де Диханбайға бір ат берсін,

Онда да мінілмеген құр ат берсін.

Берсе берсін, бермесе өлмеспін мен,

Құдайым көкшолаққа қуат берсін», – деп сәлем айтады. Бірақ Диханбайдан жауап болмайды. Ел жайлаудан түсіп етекке түсіп жақындағанда Жәкең Диханбайдікіне барып қонады. Ертесі Диханбай болыс:

– Уа, Жәке, бұйымтай айт, – дейді, сонда Жанғабыл:

– Сенде менің екі бұйымтайым бар, – дейді – мырза болсаң алдымен соның біреуін біріншісін бер.

– Біріншісі несі? – дейді Диханбай да біле тұра сөзге салғысы келіп.

– Көктемде жолаушыдан сәлем жолдап айтқамын. Сәлемімді бер де, жолыма сал.

– Сода сөз болып па, салқын түскенде аларсың.

Жанғабыл аттанып кетіп бара жатқанда жаңбыр жауып, арты қарға айналады. Содан соң Диханбайдың үйіне қайта келіп қонады.

– Уа, Жәке, жолдан қайтқаның қалай? – дейді Диханбай.

– Салқын түскенде аласың деген соң ізін суытып алмайын деп қайта келдім, – дейді Жанғабыл.

– Онда екі сәлеміңді бірдей алып қайт, – деп Диханбай Жанғабылға екі ат жетелетіп қайтарыпты дейді.

Адамды нағыз адам қатарына қосатын үш үлкен негіз бар. Оның ең біріншісі – өзінің табиғи бітімі болса, екіншісі – туылған орта, яғни ата-ана, отбасы тәрбиесі. Үшіншісі – жасаған орта, тұтас қоғам. Бұл үш негіздің бірінен бірін бөле жаруға келмейді. Көдек Маралбайұлының да әйгілі ақын болуына осы үш негіз шешушілік рөл атқарған. Сол себепті жоғарыда Көдектің өсіп-жетілуіне әсер еткен табиғатты, ізгілікке бастаушы адамдарды әдейі таныстырып отырмыз. Ол жайында тоқталмай Көдек өзінен-өзі ақын бола салды десек онымыз ақылға қонбас еді.

Тәліпбай Қабаев әдебиетзерттеуші

"Көдек Маралбайұлы" кітабынан. (ҚХР Ұлттар баспасы, 2004-жыл)

Abai.kz

0 пікір