Бейсенбі, 12 Маусым 2025
46 - сөз 1299 0 пікір 11 Маусым, 2025 сағат 13:07

«Қанша бала туса, сонша ат қояды»

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

(филологиялық-эссе)

Өткен тоқсаныншы жылдардың ішінде дәл осы тақырыппен  ұлттық апталық «Ана тілі» газетіне бір мақала жолдағаным есімде. Бірақ, ол жарияланбай қалған еді.

Жуықта, өз руларымыздың шежіре кітабын қайта қарап отырып, ондағы адам аттарының сонша алуан түрлілігіне тәнті болдым. Содан, неге сонша түрлі ат қоя береді, дегенге ден қойдым.

Ең әуелі сахара даладағы еркін көшпенді өмірдің әсері көп болғанын байқадым. Төрт мезгілде төрт жұртқа ауысып қонатын қауым мезгіл мен жер атауын да есте қалдыру үшін, Қыстаубай, Күзеубай, Жайлаубай, Жұртбай, Күземхан, Көлжан, Шеңкірбай, Мамырбек, Елгелді, Маусым, Шілдебай... деп, осы атаудың түбіріне «хан» мен «бекті» қосып және түрлендіріп, нәресте уақыттың қай шағында туғанын да ескеріп, Түнғатар, Таңатар, Таңшолпан, Сүмбіле, Күнтуған... деген есімдер де тізіліп кете береді екен.

Және ежелгі діни сенімнің салт-дәстүрімізге мықтап сіңгені сонша сәбиді тіл мен көзден қорғау мақсатында не сияқты елеусіз,  қадірсіз аты-жөн қою да белең алған Көтбай, Көтібай, Шылғау, Ұлтарақ, Боқаш, Мұрындық, Бұқпа, Қорқақ...деген секілді атпен қатар мән-мағынасыз да ат қоя салады екен Әбіті, Әдіке, Ершіке, Мәйтіке, Міке, Майынты, Тасатқан, Дәкібас, Құлала, Тақырбас... іспетті.

Ислам дінінің қазақ арасына таралуына сәйкес Құдайберді, Алдаберген, Исламхан, Көпжасар, Мыңжасар, Тәңірберген... секілді аттармен қатар сахабалардың құрметіне қойылған Хамза, Омар, Оспан, Әубәкір, Әли, Дәуіт, Ысқақ, Мағауия, Әлиәкбар, Зейнолда, Нұрмолда, Имамағзам, Әбдімүлік, Әбділда, Әбдіқадыр, Хасен, Масқарғали,  Қабдолда, Нұрғайша, Нұржамал, Мүгүлсін, Айша, Хадиша, Бәтима... деген. Және, Құранды ашып оқып тікелей кәлима-сөздерін қоя салған болса да өзіміз қазақы ат ретінде санаға сіңірген Қасипа, Қасиман, Қабира, Иасира, Кәусар, Құнапия, Кәбиран, Кәсиран... бұл тіпті қисапсыз.

Ал, бұл мысалға дәлел ретінде Қазақ еліндегі атақты адамдардың  есім-сойынан бір-нешеуін атасақ Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Мәлік Ғабдулла, Дінмұхаммед Ахмедұлы, Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейіс, Мұхтар Әуез, Иляс Есенберлі...сынды көптеген есімдер соңғы ғасырлардан бері үздіксіз жалғасып келеді.

Біздің қазақ қауымы есте қалатын дәуірлік алапат өзгерістерді де жадында сақтау үшін бұрын-соңды аталмаған жаңа есімдерді де ойлап тапқан. Төңкеріс, Өзгеріс, Балшабек, Сиез, Депудат, Делегат, Мелс, Меңгіліс, Жиналыс, Құрылхан, Бұқара, Милиан... бұл Қазанның қанды төңкерісінен бері жалғасқан қазақы аты-жөндер, оның да анда-мұнда сонша түрлері бар екен.

Дүниежүзлік екінші соғыстың қасіретінен көңілді аулаған Жеңіс, Жеңісбек, Жеңісбайлар да сол кезеңдегі аты-жөннің жаңа туындылары. Осы соғыста халқымыздың даңқын асырған Бауыржан, Әлия, Мәншүк есімін алғандар ат қоюда атақты адамдарды үлгі етуді ұстанатын тағы бір ерекше мінезімізді паш етеді.

Дәл сондай ұжымдасу, колқоздасуға орай Бірлестік, Бірлесхан, Қауымдас, Бірлес,Ұйымдас, Негділхан... қатарлы ұлдардың аттары моңғолия қазақтарына тән боп келеді. Және осы керей қазақтардың батыстан шығысқа, шығыстан қайта батысқа қарай ауып көшкен жүздеген жылдары, осы кезде туған ұрпақтың аты-жөнінен айырықша көрінеді. Хангелді, Халипа Алтай, Шіңгіл, Қобдабай, Торғауыт, Дөрбет, Шеңкірбай, Халқабай, Бұлғынжан, Моңғолхан, Жағышын, Мұңылбай, Көбен, Ұйғырхан, Ауғанбай, Халқабек, Ойдым, Суыр... бөтен өлке, бөтен жұрттың ішіне барған кездегі қойылған өзгеше аттар.

Қазақ жұрты қыз балаларына ат қоюдағы әсемдік эстетикада алдына жан салмаған, бұндай есімдердің өзін тағы да қаншама салаға жіктеп айтсақ та тауыса алмаймыз. Гүлаза, Ақбота, Аяулым, Қырмызы, Бисара, Ақбөпе, Аяжан, Гүлмаржан, Ақылдария, Ақмарал, Айбота, Күншуақ, Гүлсара, Айсұлу, Гүлдария, Ақерке, Гүлназ, Меруерт, Ақжібек, Жадыра, Жанерке, Раушан...

Тағы бір қызығы әрбір әулет қыздарына өзіне сай есімдер таңдағаны да таңқалдырады, менің Дәуіт деген жездемнің үлкен әулеті бүкіл қыздарына тек құстың атын тауып қойған екен: Тотықұс, Қырғауыл, Бұлбұл, Торғай, Көкек, Көгершін, Көкүйрек, Бөдене, Шүрегей, Балапан, Аққу, Ұлар, Кекілік, Тұйғын...деп, жалғаса береді.

Бізге жамағайын бір ағамыз ұларының есіміне тек «жан» жұрнағын жалғай беріпті, оның інісі де осы үрдісті жалғастырып кеткен: Ержан, Досжан, Бекежан, Мағжан, Байжан, Еркежан, Есжан... Біржан, Батыржан, Кірісжан, Есенжан... осылай жалғасады. Ал қыздарына  тек «ия»-мен аяқталатын ат қойған: Кәтия, Тәния, Ләтия, Зия, Дусия, Зүлфия... Күлия, Ләния, Лия, Шағия, Сәпия, Әсия, Дүрсия... Енді, дәл осылайша, жұрнағын тек, «жол», «хан», «бек», «бай»-мен әдіптеген аттардың өзін аңдатсақ оның да ұшы-қиыры көпке созылады.

Қазақта өз отбасында ұл тілеумен туындаған тағы бір сала аттардың бар екені де өзге халықта жоқ қызық үрдіс: Жаңылған, Ұлболсын, Ұлболған, Ұлмекен, Дәметкен, Дәмей, Жаңылыс... және сәбилері шетінеп артынан балалы болғандар Төлеген, Төлепберген, Төлеубай, Тілеген, Өтепберген, Тілеуберді, Жәрдембек, Есенгелді... дейді.

Тоқсаныншы жылдан кейін діни сенімге еркіндік берілген соң Қазақ Елінде араб текті аты-жөн қоюдың баяғыдан кейінгі екінші дәуірі қатты етек алды, бұл жайт қуануға да сақтануға да боларлық үдеріс дейміз. Оспандар мен Омарлар, Абдулла мен Әбдірахмандар, Тәсним мен Әсиялар мектеп жасындағы балалар арасында мыңдап саналады.

Бұл аталғандар қазақ жұртының туған баласына ат қоюдағы ең негізгі көп салалы ұстанымына шолу ғана. Әйтпегенде, мұның өзінен ерекше бір ғылыми еңбек қорғауға жетерлік тіл ғылымының бір саласы деуге тұрарлық рухани-әлеуметтік құбылыс.

Яғни, біздің тіл байлығымыздың бір көрсеткіші деуге тұрады. Соған байланысты тағы бір ойды мұнда айта кетудің жөні келіп тұр. «Совет халқы» деген жылмағай шовинистік саясаттың астында қалған Қазақ елінде өзінің төл тілінен біртіндеп жеріту үрдісі «жемісті» жүргенін білеміз.

Өз ана тілін білмеу мін емес, отаршыл иесінің тілін білмеу аса ұят боп саналған жылдары, мұндағы қазақтардың ат қоюы да қатты «стандартанғаны» байқалады. Мінеки, советтенген жалпақ Қазақ еліндегі  ұлдардың аттары: Берік, Серік, Ерік, Мұрат, Марат, Қанат, Талғат, Дәурен, Дәулет, Бекет, Бекен, Асқар, Қайрат, Ербол, Асан, Нұрлан, Қуат, Болат, Мақсат, Ержан, Елдос, Ұлан... Қыздардың аттары Жанар, Анар, Дана, Диана, Мөлдір... Яғни, қолданбалды төл тілінің қадірі кеткен сайын, адамдардың еркін ойлауы да шектеле бастағаны осы аты-жөн еркіндігіне де әсер еткені көрінеді. Бірақ, басқа аттардың түрі де жетіп артылады, әрине.

Сөз соңында айтпағым, қазақ халқы адамның аты-жөнін қою жағынан алдына жан салмайтын ерекшелігі бар екені.

Бүған дәлел ретінде өз басым жақсы білетін Моңғол, Түрік, Орыс, Арабтардың аты-жөн атауларының өте кедейлігін салыстырдым. Моңғолдарда Будда дініне байланысты өздері мағынасын білмейтін Тибет текті атаулар тобы Дорж, Лхагва, Цэрэн, Дамдин, Ойдов, Дамиран, Чойжил, Даш, Даваа, Өлзий... осы қатарлы шектеулі аттар әрбір адамдарында өте мол. Ал өздерінің тілінде Баяр (Мереке), Цэцэгээ (Гүл), Бат (Берік), Төмөр (Темір), Туяа (Сәуле), Цог (Шоқ), Нэргүй (Атыжоқ), Эрдэнэ (Байлық, Асыл), Баатар (Батыр), Жаргал (Бақыт), Баянтүмэн (Байжігіт), Гэрэл (Сәуле)... Осы текті шолақ атаулардан аспайтын үрдіс қалыптасқан.

Түріктер негізінде Ислам дініне байланысты өзгертілген араб текті бір шоғыр атаулардан аспайды Махмуд, Мехмед, Селжук, Зия, Абдулла,.. төңірегінде қайталанған көп «адастар» өз тегі-фамилиясы арқылы бір-бірінен әрең ажыратылады. Әрине, ежелгі түрік текті атаулар да жоқ емес, бізге таныс «Ердоған» іспетті.

Орыстардың аты-жөнін мұнда сөз қылу да артық секілді Ивандар мен Владимирлер, Александрлар, Наташа, Нина мен Валя, Танялар бүкіл орысты қамтығанын білмейтін кім бар.

Арабтар да дәл сондай адам аттары қалыптасқан шеңберден шықпайтын әдетте екені олардың әдебиеті мен діни кітаптарынан айқын білінеді.

Ал, бізге мүлде беймәлім, кітаптардан ғана білетін арғы тегі ағылшын, испан, португал, итал текті Латын американдықтардың аты да егіз қозыдай ұқсас тіпті, ата-баба, әке-бала аттарын біріне бірін қоя бер ме, деп те қалдық. Гавриэл Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Аурелиано мен Аркадио аттарынан оқырман ретінде әбден шатасасың...

Сонда, деймін жер шарындағы жалпы санымыз жиырма миллионға жетіп жығылатын қазақтың ең кемінде ОН БЕС МИЛЛИОН түрлі аты бар шығар дегенге кәміл сенемін. Олай десек, осынша түрлі, бірін-бірі еш қайталамаған аты-жөніміздің атаулары біздің сөз байлығымыздың саны десек, талас жоқ деп ойлаймын. Әрине, бұл пікірімді қазақтың лингвист ғалымдарына қалдырамын, менікі қаламгер ретіндегі жеткізу ғана...

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

0 пікір