Жұма, 13 Маусым 2025
Алаң 1058 0 пікір 12 Маусым, 2025 сағат 15:00

Жансұлу Дархамбаеваның тағдыры жұртты алаңдатып отыр...

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

"Ұлтаралық араздық" бабымен сотталған жүкті әйелдің тағдыры жұртты алаңдатып отыр...

Оқиға былай өрбіген: осы жылдың мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот Новоишимское ауылының 35 жастағы тұрғыны Жансұлу Дархамбаеваны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі Қылмыстық кодекстің 174-ші бабы "ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша шыққан деп жазады Ertenmedia.

Бұған TikTok-та жарияланған видео түрткі болған. Әлгі рөликте Дархамбаева 2025 жылы Кремльдің Қазақстаннан жалға алған кейбір аумағының мерзімі аяқталатынын айтып, Ресей президентінен оларды "қайтаруды" талап еткен.

Видеода: "Егер жерді қайтармасаңдар, о дүниеден хабар күтіңдер" деген пікір айтылған. Айыптау құжатында видео авторының айтқан уәжі "орыс ұлтын қорлайтын сипатта" болғаны көрсетілген. Лингвистикалық сараптама да видеодағы сөздің ұлттық ар-намысқа тиіп, араздық қоздыруды мақсат еткенін растаған. Дархамбаева кінәсін мойындап, өкініш білдіргенімен, сот жүкті әйелдің жазасын жеңілдетпеген. Сот үкімі шыққан кезде келіншектің толғағы жетіп, әні-міні босануға дайын отырған. Соған қарамай, оны оларды сот залында қамауға алып, Петропавлдағы тергеу изоляторына жіберген. Дархамбаеваның інісі әлгі шешімді "адамгершілік қағидасына қайшы" деп мәлімдеді. Айтуынша, видеоны көргендердің көбі апайын қолдап пікір қалдырған. Дархамбаеваның адуокаты Қабдолахмет Ескендіров сот үкіміне кері шағым түсіргенін хабарлады.

Қазақтілді қауым осы оқиғамен тұспа-тұс келген Қостанайдағы жағдайды қызу талқылауда.

Онда жергілікті тұрғын әлемжеліде Қазақстанның теріскейін "орыстың жері" деп ашық мәлімдеп, Ресейдің солтүстік өңірді көп ұзамай қайтарып аларын айтқан. Ең қызығы, сарапшылар оның әрекетінен қылмыс құрамын таппай, іс тоқтатылған.

Депутаттардың дерегінше, Кремль Қазақстаннан 95 мың шаршы шақырымнан астам жерді жалға алып отыр. Олардың ішінде әскери полигондар, бақылау станциялары мен әуежайлар бар. 2023 жылдың мәліметі бойынша, жерді жалға алу құны гектарына (жылына) 1050 теңге. Баға 2005 жылдан бері өзгермеген. Дархамбаеваның оқиғасы қазақтілді аудиторияның ашу-ызасын туғызып жатыр. Адамгершілік мәселесінен бөлек, екі түрлі стандарттың қолданылуы қоғам наразылығын үдетуде. "Ұлтаралық араздық" ұғымының қолданылуы пікір айтқан адамына қарай өзгеріп отыр. Қостанайдағы провокатордың жазадан құтылуы кетуі соның дәлелі", - дейді желідегі жұрт.

Abai.kz

0 пікір