Сенбі, 14 Маусым 2025
Аласапыран 612 0 пікір 13 Маусым, 2025 сағат 14:50

Израиль мен Иран: Ежелгі дұшпан ел болмас!

Сурет: bbc.com.

Өткен түнде яғни, 13 маусымға қараған таңсәріде Израиль Иранға әуеден соққы берді.

Шабуылдың басты нысаны парсы елінің ядролық базасы орналасқан қалалары болды. Әуе шабуылымен бірге Израильдың атышулы «Моссад» ұйымы Иран терроториясында астыртын операциялар жүзеге асырған.

Жөйттердің шабуылы салдарынан Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының басшысы, генерал Хосейн Салами, бас қолбасшы Мұхаммет Багери, ядролық қару бойынша маман Ферейдун Аббаси мен Мохаммада Мехди Техранчи бастаған алты ғалымның қайтыс болғаны нақтыланды.

Ақпарат құралдары аятолла Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани ауыр жарақаттанғанын жазды.

Шабуылдан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеме жасап: «Шабуыл өте нәтижелі болды. Иранның ядролық бағдарламасы Израильдің өмір сүруіне тіке қатер төндіреді», - деді.

Оның сөзінше, басты нысана – Нетенздегі уранды байыту өндірісі мен Иранның ядролық қару бойынша ғалымдары.

Нетаньяхудың айтуынша, операция «қанша күн қажет болса, сонша күнге созылады».

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдемесіне қарағанда, операцияға АҚШ қатыспаған. Израиль Вашингтонға бұл «өзін-өзі қорғау әрекеті» екенін айтқан.

Әуе соққысына дейін бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп: «Бұл Иранның ядролық бағдарламасын дипломатиялық жолмен шешу мүмкіндігін мүлде азайта түседі», - деп ескерткен.

Әуе шабуылынан бір күн бұрын АҚШ Ирақ, Оман қатарлы елдерден азаматтарын көшіре бастаған еді.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи «Израильден кек қайтарамыз» деп сес көрсетті. Хаменеидің сөзінше, Израильді «қатаң жаза» күтіп тұр.

Сауд-Арабия басылымдары Иранның Израиль астанасы мен ондаған ядролық нысандарына соққы жасағанын жазды. Израиль тарабы да Иранның 100 дронмен шабуылдағанын растады.

БҰҰ-ның бас хатшысы Израильдың шабуылын қатаң айыптап, «аймақтағы қақтығысты ушықтырды» деп атап өтті.

Халықаралық Атом ұйымы да Иранның ядорлық базаларын бақылауға алғанын, ядролық қауіп сезілмегенін жеткізді.

Шабуыл салдары халықаралық нарыққа да әсер етті. Мұнай бағасы түндегі шабуылдан кейін 13 пайызға қымбаттады.

Сарапшылар Израиль неліктен кешегі түнді таңдады деген сұраққа жауап іздеуде.

Нетанияху билікке қайта келген 2009 жылдан бері Иранның уран байыту нысандарына соққы жасауды айтып келеді. Бірақ Барак Обама да, Байден де оған жол бермеді. Трамп Ақ үйге келгеннен кейін көктен тілегені жерден табылды. Соққы жасауға жол ашылды.

Бұған дейін Трамп билігі Иранмен уран байытудан бас тартса, экономикалық жазаны алып тастау шартымен 5 кезек келіссөздер өткізді.

Маусымның 15-күні алтыншы кезек келіссөздер өтуі керек еді. Бұл жолғы шабуылды Нетанияху мен Трамптың Иранды қыспаққа алу, келіссөзде күшпен тізерлету әрекеті деп бағалауға негіз бар.

Бұл жолғы шабуыл келіссөздің ауылын алыстатып, Таяу Шығыстағы жағдайды одан ары ушықтыра түсетін болды. Оларға керегі де сол еді.

Abai.kz

0 пікір