Сейсенбі, 17 Маусым 2025
Әдебиет 294 0 пікір 17 Маусым, 2025 сағат 13:22

Сыпайы жігіт

Сурет: Massaget.kz сайтынан алынды

новелла

Мұнтаздай ақ жолақты қара костюм киіп, шашын жатқыза тараған ұзын бойлы қара торы жігіт өзін Қайдар деп таныстырған. Киген киімі қандай жинақы, жарасымды болса сөз әдебі мен іс-әрекеті де сондай сыпайы, жұғымды адам еді.

Әуелде жұрттан өткен сыпайылығы өзі қара торылау, тіпті тозыңқы кейпіне жараспай тұрғаннан ба, әлде өзін сонша тәртіпті ұстайтыны жақпады ма, Қайдарға ішім жылыған жоқ. Өңінен бір еркіндік, ескілік белгісі білініп тұрса да, ісі аса тәртіпті һәм тым кербез, бейне бір ақсүйек отбасында тәрбиеленген бекзада дерсің. Мен ол басқаратын бөлімде қатардағы ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін, Қайдар үнемі жұмсақ сөйлесіп, ізет көрсете жүріп тапсырма береді, оны сол ізетімен-ақ өте тыңғылықты орындатады. Жұмысқа алғаш келгеннен бері осы ибасынан жаңылған кезін көргем жоқ. Содан жұрттан бірінші болып Қайдарға «Сыпайы жігіт» деген лақап ат қойдым. Біраз уақыт өтіп, үйренісе бастаған соң, бұл лақап атын өзіне де тіке айта беретінмін. Бұл еркелігімді ол да мыңқ етпестен көтере берді. «Сіз айтсаңыз болдды ғой» деп күлетін де қоятын. Ашуландыра алмаған соң жеңілесің де, ақыры берген тапсырмасын орындап, жөнімен жүре бердік.

Сөйте жүріп «Сыпайы жігітпен» жақын араласып кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Біздің мекеме Ауылшаруашылғы министрлігінің дала жайлымына қатысты депортаментінің шағын бөлімі. Көбінде жайылымға қатысты заңдарды қайта қарап, алып-қосатын жерлерін реттеп жоғарыға жолдаймыз, олар парламетке ұсынады. Заңдарды қайта қарауға негіз болатын нәрсе малшылардың, иә өзге де заңгер, фермерлердің арыз-шағымы. Біздің министрліктің жұмысына кейде экология министрлігінің кейбір бастамасы, кейде эко-белсенділер қарсы келіп жатады. Ондай қарама-қарсылықтарды да біздің бөлім қарап, бір жөніне келтіруге тырысамыз. Сондай күрделі мәселелердің біріне «Сыпайы жігіт» қатты кірісті. Ел жылда мал отарлатып жүрген жайлауларда қасқырдың саны көбейіп кетті деп малшылар арыз жазыпты. Бұл арыз айтылып келе жатқанына оншақты жылға жуықтап кеткен көрінеді. Қалай екен, жоғарыдан тек енді ғана осы арызды қарауға пәрмен келген. Бұл кезде осы тектес арыздар да саябырлай бастаған еді. Бірақ он жылдан бергі арыздарды жинғанда тау-төбе мәселе боп шықты. Парламентте де бірнеше депутат қатарынан осыны тілге тиек етті. Мәселені шешу үшін жоғарыдан біздің бөлімге ұсынылған тапсырма малшыларға жаппай аңшы мылтығын таратып беру деген ұсыныс болды. Біздің міндет, осы шараның қалай жүзеге асатыны, мылтықты кімге, қалай тарату керектігін жүйелеп, толық заң жобасы ретінде парламентке жолдау. Осы заң жобасын дайындау кезінде «Сыпайы жігіт» қатты арпалыста жүргендей көрінді. Мылтықты қалай үлестіру ғана емес, оны қалай қолдану керек екенін де қатты қадағалап, әсіресе «қасқырлар қораға шаппаса, қойға тимесе, далада жай жүрген қасқырларды атуға болмайды, қатаң тиым салынады» деген тармақты нықтап бекітуге барын салды.

— Ертең күні эко белсенділер шығады шулап, қасқырлар азайып кетті деп, эко жүйе бүлінді дейді, ондай даудың бізге не қажеті бар? дұрыс па? — деп өзінше қатты мән берген себебін түсіндірген болады. Бұл тармақты мықтап бекітуге өзі қанша ынталы болса, оның себебін түсіндіруге де қалыптан тыс белсенді еді. Заң жобасын дайындап жүргенде оның сыпайлығынан сәл ауытқып кеткен сәтін де бір көрдім. Әңгіме былай өрбіді.

— Жайдан жай жүрген қасқырды атқан жағдайда өте қомақты айыппұл салынуы керек, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады! — деді бөлім бастығымыз «Сыпайы жігіт». Жебеген дейтін жігіт бар еді, әдетте көп нәрсеге мән бере қоймайтын сабаз еді өзі, сол сөзге араласты.

— Қайдеке, біз ғой өстіп жазармыз заңды. Бірақ ертең күні далада жүрген қасқырды атып алған малшы қораға шапты деп айта салады ғой, оған дәлел табу да сонша қиын емес. Бұл заңды солай жазған күннің өзінде орындалуы қалай болар екен, босқа жазылған тармақ боп қалмай ма?

Осы кезде «Сыпайы жігіт» жарылып кете жаздады.

— Әй, Жебеген! — деп орнынан атып тұрып, ақырып қалғанда зор дауысы кеңістікті жарып өтті. Бейне бір жыртқыш аңның жеміне ақыра ұмтылғанындай, айбарлы гүж дауыс көкірегінен күрілдей шықты. Алдымыздан әлдебір зор ағыс соғып өткендей, бәріміз шошына шалқаладық. «Сыпайы жігітке» әрі жасқана, әрі таңдана қарап қалыппыз. Оның өңінен білместікке ызаланғаннан көрі белгісіз құпия шаразыдық табы білінгендей болды. Біздің түрімізді көргенде ғана өзі не болғанын аңғарды білем, ыңғайсызданып сәл тұрды да, ақырын орнына отырды. Маңдайын сыйпалап аз үнсіз қалды.

— Кешіріңіздер! — деді бәсең, шарасыз дауыспен, — бұл заң маған өте маңызды,— деді сәлден кейін.

— Жақсы, Қайдеке, асықпай жалғастырармыз, кішкене демалып алайық,— дедім көңіл-күйдің тым ауырлап кеткенін аңғарып.

— Жарайды, кейін жалғастырайық,— деп төмен қарап сұлық отырып қалды. Өзгеміз өз орындарымызға тарап кеттік.

Осыдан кейін бірнеше күн бойы «Сыпайы жігіт» заң жобасына араласпады. Үнсіз-түнсіз үстелінде отырады, иә, сыртқа шығып темекі шегіп қайтқан болады. Бір күні кешке жұмыстан қайтарда кенет маған тіл қатты.

— Сіз бүгін менің үйіме қонақ боп қайтсаңыз қалай болады?— деді.

— Бүгін бе?

— Иә, бүгін. Көрсететін бір нәрселерім бар еді.

Сәл ғана ойландым. Ізетпен шақырып тұрған соң, бармасқа амалым да жоқ, әйеліме хабарласып жөнімді айтып, әрі-бері сөйлескен соң, баруға келісім бердім. Жап-жаңа қара «мерседес s клас» моделіне мініп, қала сыртына тарттық.

— Мен сәл алыста тұрамын. Қала сыртында, тау ішінде,— деді «Сыпайы жігіт» маған сәл ыңғайсыздана күлімдеп. Бүкіл қимылында белгісіз абыржу бар секілді. Түйіле жақындап кеткен екі қасының арасынан пайда болған қос сызықша жігіттің қалың ойдың тұманында отырғанын аңғартып келеді. Әрі-бері сөзге тартсам қысқа қайырып жауап беріп, жөнді сөйлеспейді. Кейде маған бір нәрсе айтпаққа бұрылып қарағандай болады да, рөлді сығымдай ұстап қайтадан жолға қарайды.

— Бір нәрсе айтқың келетін секілді ғой, Қайдеке, тартынбасаңшы. Не болды?— дедім ақыры болмаған соң. Бұл кезде қаладан алыстап, тау бөктеріне таяп қалған едік. Алда аласа жондар, тақыр таулар көлбеңдеп кешкі шапақтың алтын арайына малынып жатыр. Көптен бері қаладан шықпаған мен үшін бұл бір көңілді сәт еді. Жеңіл күрсінгендей болып, күмілжи сөз бастады:

— … айтатын нәрсем де, өз көзіңізбен көретін нәрсе де бар. Бірақ ақыл жетпейтіндей, кісі сенбейтіндей дүние. Бір жағы…

— Бір жағы не?

— Бір жағы… сізді шошытып алам ба деп те қорқып отырмын.

— Алдын ала айтсаң дайын болам ғой, шошымайтын шығармын… жасырма енді, әйтеу алып шыққан екенсің.

— Ендеше былай, мен бүгін сізге көрсететін нәрсені ешбір ғылыммен де, дінмен де, ақылға сиятын ешнәрсемен түсінідіріп бере алмаймын. Бірақ бұл нәрсе, жоқ, негізі бұл құбылыс болып жатыр, мен соның тура ортасында жүрмін. Көріп тұрған соң сенесіз, болмаса… мен де нақты себебін білмеймін, адамзат қауымының қаншама ғалымдарын оқып, жауабын іздеп көрдім, ешкім дәп басып айта алмайды. Тек анау… эволюция теориясына аздап келеді. Алайда ол теорияның дәл осындай формада, осындай кейіпте жүзеге асқанын ешкім көрген емес, болмаған… шамасы бұл нәрсе тек ертегі, аңыздарда ғана кездеседі. Шын өмірде болмайды…

Басын шайқап-шайқап қойды.

— Оны қайдан білесің? Мүмкін, ертегі, аңыз деп жүргеніміздің бәрі шын өмірде болған оқиғалар шығар?

Қайдар түріме ойлана көз тастады. «Сынап отырған жоқ па екен?» дейтіндей.

— Жә, сонымен жаңағы көрсетем дегенің не құбылыс? Сағызша созып, осынша толғайтындай күрделі нәрсе ме?

Ол әлі де жолға бір, маған бір қарап аласапыран ой үстінде келе жатыр. Менің сұрағымды өзі айтып отырған нәрсеге деген сенімсіздік, иә немқұрайлық деп ұқты білем, мәселенің мәнін түсіне алмай отырған шала сауат өспірімге қарағандай қарады. Болымсыз ғана кекесінмен еңк етіп күлген болды.

— Сіз әлі көзіңіз көрмеген соң, толық мәніне жете алмай отырсыз. Жарайды, мейлі, бірақ қазір оны көзіңізбен көргенде шошып қалатыныңыз сөзсіз. Қатты шошығаннан не істеп қоятыныңызды кім білсін? Сонда сіздің әрекетіңіз қандай болады деп алаңдап отырмын. Енді, міне… бір жағынан сізді бүгін осылай алып шыққаныма өкініп те келемін. Бұл құбылысты жарқ еткізіп аша салуға әлі де дайын емес секілдімін. Жоқ, мен дайынмын-ау, сіз дайынсыз ба? Жо, жоқ, жоқ… дайын емессіз. Мені қинап отырғаны сол.

— Тіпті терлеп кеттің ғой сонша. Тоқташы мына жол шетіне, әуелі сабырға келші. Айтсаңшы енді. Айтсаң дайын боламын деп отырмын ғой.

— Соны айтудың өзі сонша қиын…

— Маған сен. Еш таңданыссыз қабылдаймын.

Іштей неше түрлі ойлар келе бастады. Шошығаны несі? Тау бөктеріне дейін кетердей қайда бара жатырмыз өзі? Бұл өзі не көрсетпек сонда?

— Алдымен тоқташы, мінеу жерге, жол шетіне таман…

— Жоқ, менде бәрі жақсы. Тоқтаудың керегі жоқ. Уақыт та аз ғана қалды өзі, тоқтағанға келмейді… Қазір айтамын… сәл дайын болыңыз… мен тек неге бұлай болғанын түсіндіріп бере алмаймын, әріқарай өзіңіз көзіңізбен көре бастайсыз.

Бағанағыдай емес аздап орнығып қалғандай болды, дегенмен әлі де толқыныс үстінде келеді. Трассаға қарап ұзақ телміріп, үнсіз отырып қалды. Көзі жалғыз нүктеге қадалыпты. Сосын маған жалт бұрылды да:

— Мен — қасқырмын,— деді түнеріп. Қарқылдап күліп жібердім:

— Қайдеке, не деп кеттің өзі? Менің кішкентайым құсап, «мен —қасқырмын» деп ойнаушы еді ол да… хахаха…

Ол тіпті бозарып кетті. Саса бастадым. Жынды адаммен кім сөйлесіп көрген, не деу керегін таба алмай абдырадым.

— Жарайды, енді… не деуге болады? Қасқыр… қасқыр дегенде… қалай ол?..

Кенет квадробер деген бәле есіме түсті. «А, мүмкін, сол шығар…» деп ойладым.

— Ендеше, енді өзіңді қасқыр деп танысаң…

Ол осы жерде сөзімді бөліп жіберді:

— Мен өзімді адам деп танитын қасқырмын. Мен шындығында қасқырмын! Қасқыр боп тудым, мүмкін қасқыр боп өлемін. Бірақ өзімді барынша адам еткім келді, әлі де соған тырысып жүрмін… бірақ… бірақ…

Оның дауысы қатты шықты, ышқына шықты. Тіпті бір сәт гүр ете қалған айбынды дыбыс та естілді. Бойымды үрей билейін деді. Енді бұнымен қалай сөйлессем екен? Не айтамын? Бекер көнгенім-ай…

— Сабыр, сабыр, Қайдеке, мен бәрін де түсінемін. Ақырын айта беріңізші…— деппін «сеннен» «сізге» көшіп, «бәрін түсінемін» деп аузымнан шыққаны болмаса, ештеңені де түсініп тұрған жоқпын, тек жындының сандырағы деп қана ұғып келемін.

Ол ауыр бір күрсініп алды да, байыпты қалпына келе бастады. Сонымен әрі қарайғы әңгімесін жайымен бастады.

— Сіз менің сөзімді толық түсініп отыр деп ойламаймын, бірақ мен айтарымды айттым. Енді дайын болыңыз, алдағы бұрылыстан трассадан шығамыз, топырақ жолмен тауға қарай тартамыз… сол жерден бастап мен өзімнің әуелгі қалпыма келе бастаймын, анамнан туғандағы табиғи бейнеме өзгере бастаймын. Бірден емес, біртіндеп. Тек қорықпаңыз, мен сізге тиіспеймін… сіз менің қонағымсыз…

Ол қабағын қарыс түйіп, әр сөзін байыппен нығарлай айтып, трассадан топырақ жолға қарай бұрылды. Жеңі түрілген ашық білегінің түгі тікірейе қалғандай көрінді. Бір кезде тіпті тақыр иегіне көкшулан сақал-мұрт тебіндей қалды. Жүрегім зырқ етті. Мына көліктен қалай құтылудың амалын таба алмай айналамды сыйпалақтай бердім.

— Қозғалмаңыз, мен сізге тиіспеймін, тыныш отырыңыз!

Ол қатқыл сөйледі. Бұдан әрі жағдай не болмақ? Трассадан алыстап кеттік. Жазғытұрымғы үзақ күн еңкейіп көкжиекке таянып тұр, ұзаса жарты сағатта қараңғы түседі. Дәл қазір рөлге жағаласа кетсем… әлім жетер ме екен? Әлім жеткен күнде де, аударылсақ, иә бірдеңеге соғылсақ халім не болмақ? Бұның не айтып, не қойып отырғанын тіпті түсініп отырған жоқпын, әрі қарай не көретінім де белгісіз. «Қасқыр!», қасқыры қалай? Шетелдік фильмдерде болушы еді осындай оқиғалар. Бірақ оның бәрі өтірік қиял ғой жай ғана… айлы түнде Джек Николсонның қасқырға айналып, Ню-Йорктің үлкен бағынан адам аулайтын сәті көз алдыма келіп денем түршігіп кетті. Ол өтірік болғанмен мынау шын. Дәл жанымда отыр, бар оқиға дәл қазір болып жатыр. Қап, көмусіз қалам-ау, күмусіз қалғаның не, қасқырдың асқазанында қаласың! Әйелім жас, балам әлі сәби… о, дүние-ай… жоқ, тіпті соңында қасқырдың қиына айналасың … еһ…

— Сізге ешқандай қауіп жоқ. Мен баяғы Қайдармын, баяғы «сыпайы жігітпін», тек сыртқы формам ғана өзгереді, ішім баяғы кісілік қалыптан таймайды. Бағана алаңдағаным да осы еді ғой, сабыр, сабыр. Түк те қорықпаңыз… ғас айтам… міғеніғен қауіп зжоғ…

Кенет оның сөзі бұзыла бастады, тілі икемге зорға келіп жатыр. Әр сөзін күшпен айтқанда, жақ сүйегі сықырлай қозғалып, күре тамыры білеуленіп кетеді.

— Қғазііір… қғасғырға айналғанша ша ша, кішшкіінее ғинылемм… сосііеенн…

— Сосын түзеледі?

— Иииә!

Оның білегі білеуленіп, түктері одан әрі тікірейіп, әрі аздап көкшулан реңге енді. Тау бөктеріне жетіп, бір тұмсықты айналып тоқтадық. Осы кезде саусақтарының терісі айырылып кеткендей болды да, сояудай көк тырнақтар арбиып өсе бастады, саусақтары қысқарып, алақаны батпиып жұмырлана берді. Ол жалма-жан есіктен атып шығып, үстіндегі киімін асығыс шеше бастады. Осы сәтте қашып кетсем қайтер екен?.. Бірақ қашқанмен ұстап алатыны тағы белгілі. «Қасқырлар оттан қорқады!» деген ақпарат санамның түкпірінен жылт етті. Қайдар темекі шегетін еді ғой, бірден көліктің қолсалмасын ақтардым. Таптым, шақпақ бар екен. Болды, енді бұл үлкен қару маған… іштей бір сенім ұялай қалды. Қайдар дамбалынан басқа киімін түгел шешіп, көліктің артқы орындығына тастады.

— Шыығғғыыңңызз… — деді маған қарап тұтығып. Көзі көкжасылданып, оттай жайнап тұр. Денем қарысып қалғандай зорға қозғалып көліктен түстім, — теккк… қағрааап тұрррыыңңысс.

Көліктен түскенде ғана байқадым, біз тоқтаған жер көлікке арналған үлкен тұрақ екен. Жақын жерде қатарынан тізіліп оншақты машина тұр. Шегіне басып беткейге қарай шығып, сәл алыстап барып қарап тұрдым. Қайдардың шақпағын тас қып ұстаған оң қолым қалтамда. Мана көліктен түсе салып айналамнан бұта-бүрген іздегенмін, шегіне келіп, бір түп қарағанды оң қапталыма алып тұра қалдым. Маған қарай ұмтыла қалған жағдайда жата қалып қарағанды өртеу керек деген дайындық. Күн еңкейіп, жарты шекесі ғана көрініп тұр, тау ішін қызыл жалқын кешкі арай аймалап алды. Көз алдымда қақпақ жауырын, тоқпақ жұдырықты Қайдар әуелі бойы өсіп, зорайып барып, сосын біртіндеп қасқырға айналып бара жатты. Өнебойын көкшулан түк басып, төрт аяғының тырнақтары арбиып өсіп, тұмсығы алдыға шығып, азуы ақсиып көрінді. Сосын жалы күдірейіп доғаланып барып төрт тағандап тұра қалды. Бұл кезде күн батып, қызыл арай аспанның алыс бөлшегінде ғана қалған, шығыс көкжиектен жартылай дөңгеленіп ай туыпты. Тайыншадай көк қасқырға айналған Қайдар лоқсый жөтеліп алды да, жалы күдірейіп маған қарай мойын бұрды. Өнебойым тітіркеніп, буыным құрып бара жатыр. Шақпақты алып шығып қайта-қайта басып-басып жіберіппін. Шақпақ тіпті алғашқы басқанда-ақ жанған, бірақ сасқалақтап оны байқамағам. Менің қылығыма қарап қасқыр тісін ақситты. Бұл оның күлгені ме, ашуланғаны ма, қалай деген күнде де қорқынышты еді.

— Оныңыздан пайда жоқ! Біз баяғы оттан қорқатын қасқырлар емеспіз. Сосын сізге айттым ғой, тиіспеймін деп, «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген сөзді шығарған тағы өздеріңіз емес пе…

Ол сабырлы, бірақ гүрілдеген асқақ дауыспен баяу сөйлеп маған жақындады.

— Қорықпаңыз, менен, менің отбасымнан, тіпті бұл өлкедегі барлық қасқырлардан сізге қауіп жоқ. Қасқырлар қазір өзгерген. Сіз бүгін мені ғана көрдіңіз, бірақ күнделікті өмірде қанша қасқырмен кездесіп жүргеніңізді білмейсіз. Қасқырлар далада түнеп, қалада өмір сүреді. Мынау тұрған көліктердің бәрі солардыкі.

Ол маған сәл ғана жақындап келді де тоқтап қалды. Менің қорқынышым аздап арыла бастады, бірақ таңданысым басылған жоқ.

— Менің үйім мынау кезеңнің арғы жағындағы шатқалда. Жүріңіз, енді сізден жасыратын ештеңе жоқ,— деп Қайдар қасқыр тұмсығымен оң жақтағы асуды нұсқады. Сосын өзі бұрылып, құйрығын шұбалта сүйретіп солай тартты. Мен сәл аңырып тұрып қалдым, барар-бармасымды білмей екіұдай күй кештім. Қайдар қасқыр әудем жерге барып тағы мойын бұрды, «жүрсеңші» дегендей қадала қарады да, төрт аяғын нарау қозғап алдыға тарта берді. Ақыры тау жолымен дарпылдай жүріп соңынан лестім.

Тура алдымда құйрығы баяу бұлаңдап зор денелі арлан келе жатыр. Өзімді мистикалық ертегіде жүргендей немесе 3D форматтағы заманауи мультфильмнің кейіпкеріне айналғандай сезім биледі. Қиялға сыймайтын осы жайға таңданғаннан бір жағы күлкім келсе, бұның апанына бара жатқанымды ойласам бойымды үрей билейді. Бағанадан бері ауызымнан бір ауыз сөз шыққан жоқ. Сөйлеген сөзінен баяғы Қайдар екені шығып тұрған соң қорқудың өзі орынсыз көрінетіндей. Ақыры кезеңнен астық, арғы бетте сай тағанында көлденең аққан шағын бұлақ бар екен. Қайдар қасқыр бұлақтан өткен соң, ағысты бойлап жоғары қарай тартты. Тағы қанша жүргеніміз белгісіз, бір кезде тастан қаланған кәдімгі үш бөлмелі қоржын тамның алдынан шыға келдік. Әйнек терезелері мен есіктің жапсарынан шамның жарығы білніп, іштегі тіршіліктен жылу шашып тұр. Бұл кезде ымырт сөніп, алдымыздағы жонның төбесінен сығалаған жарты айдың сүт сәулесі ғана қара танытып тұрған. Қоржын тамды көріп сонау алыс өткен шақта қалған қыстаудағы өз үйіміз есіме түсті. Мынау үй де көзіме оттай басылып, жүрегімді жылытып жіберді.

— Қасқырлар тек апанда тұрады деп ойлап қалған шығарсыз… қателесесіз… біз де осындай үйде тұрамыз. Қане, кіріңіз,— деп Қайдар қасқыр тырнағымен тырмалап, есіктің жапсарынан тартты. Есік ашылды да, алдымнан кең қоржын тамның ауызғы үйі көрінді. Сол жақта пеш жанып жатыр, ортадағы діңгектің ашасына кәресін шам ілінген.

— Әке!! — деп үш бөлтірік жамырай ұмтылып келіп, мені көріп іркіліп тұрып қалды. Ересектеу бірі ырылдап тісін көрсетті. Мен де босағадан әрі ұзай алмай тоқтадым. Артымнан Қайдар қасқыр кіріп келді де бөлтіріктеріне қарап арыс ете түсті. Үш бөлтірік бұғынып пеш түбінде шоқайып отырған көк қаншырдың бауырына тығылды. Көк қаншыр да сәл ғана езуін ыржитып, ыр етті. Бірақ ол маған емес, өзінің арланына ырылдап тұрған еді. Қайдар оған да зор дауысымен гүр ете қалды. Қаншыр жым болды.

— Шай құй, тамағыңды әкел! Бұл кісі бүгін біздің құдайы қонақ! — деді айбарлы дауыспен.

Қасқырлар бірде төрт тағандап, бірде тік жүріп төр үйдің есігін ашты. Өзімді әрі қонақ, әрі тұтқын сезініп қорғалай басып төр алдына жайғастым. Төргі там үлкен терезелі кең бөлме, ортада айналасына жағалай арқалы орындық қойылған биік үстел. Ортадағы жуан мәтшаға темірмен шандып кәресін шам ілген. Онысы өзім көрген бала күндегі каресін шамнан әлдеқайда жарық. Әуелде қорқыныш басым болса да, ептеп ес жидым. Айналамды тінте қарап, әр көріністі көкейге тоқып жатырмын. Қайдар қасқыр сол қапталға жайғасқаннан кейін үш бөлтірік үйіріліп қоршап алды. Әкелеріне сүйкене ерлекей жүріп, үшеуінің де көк жасыл көздері жалт-жұлт етіп маған таңдана қарайды. Баяғы бала шақтағы тура өзіміздей-ақ. Бір жағынан сонша сүйкімді. Қаншыр сызыла жүріп шай құйды.

— Шайдан алып отырыңыз, — деді Қайдар қасқыр енді тіпті баяғы сыпайы салтына салып. Қанша иіліп-бүгіліп тұр дегенмен сырты суық қасқырдың ибасына сонша елігіп кете алмадым. Дегенмен қорықсам да, алдыма келген гүл кестелі көк шыныдағы сүтсіз қара шайдан бір ұрттап қойдым.

— Негізі біз өзіміз шай іше бермейміз, көбінде ақ су ішеміз. Сізге сүтті шай ұнайтын ба еді?— деді Қайдар қасқыр.

— Жо жоқ, маған бәрі бола береді.

Қайдар қасқырға айналғалы бері алғашқы аузымнан шыққан сөз осы еді. Қайдар қасқыр тісі ақсиып күліп қойды. Күлгені де ырылдағаны секілді үрейлі екен, езуінің ашыла түсіп, сойдақ тістердің ырсиып шыға келгені қалай да бір дір еткізеді.

— Аса қорықпаңыз, бізге, қасқырларға қазіргі таңда ең дұрыс жол біржола адамға айналу. Онсыз болашағымыз жоқ, біздің көптеген қасқырлар бұны түсінеді. Дегенмен бұрынғы әдетінен қайта алмай жүрген аздаған үйірлер де бар. Солар әр өңірге барып, малшыларға тыныштық бермей, малын жарып, бауыздап кетіп жүр. Сол аз ғана бұзғыншылардың жаман қылығы біздің де басқа түскен салық. Аз жылдың ішінде көптеген қасқырлар адамдардың биік мәдениетін толық меңгеріп, ендігәрі қайтадан қасқыр болмай-ақ өмір сүре алады. Сіз, міне соның бірін өз көзіңізбен көріп отырсыз. Адам тілін білмейтін қасқыр жоқтың қасы қазір… тіпті кейбір қасқырға өз тілінен көрі адам тілі ыңғайлырақ…

Бір шыны шайдан кейін Қайдар қасқыр өстіп көсіліп сөйлеп кетті. Оның айтып отырған сөздері өзіне қандай маңызды сезіліп тұрғанмен менің есіл-дертім бүгінгі түнді қалай өткерер екенмін деген ойдың айнласында болды. Үстелден жоғары төрге қарай биік тапчан қойылған, бұнда қонақтар жататын болса керек, ендеше мен де сонда жантаймақпын. Ал өздері қайда жатады? Маған қатарлас жатса, тіпті қанша мәдениетке жетті десек те, табиғаты қасқыр емес пе, ұйқысырап жатып жеп қойса ше? Мынау бөлтіріктердің қарыны ашып кетіп бір-екі тістеп алса да оңай жара қалдырмас!.. Өстіп отырғанда ортаға бір табақ ет келді. Кәдімгі қойдың еті, жамбас, қабырғалары пышақпен жөнімен бұзылған, еті жұлмаланбаған күйінде, өз сәнімен төре табақ ет.

— Ал, бата беріңіз… жо, бұл етті мен базардан сатып алып келемін. Кәдімгі адамдар секілді. Еш сескенбей жей беріңіз, кең отырыңыз, қане, әуелі бата!

Күмілжіп қалдым. Қайдарға сенбеуге тағы амалым жоқ сияқты, бірақ бір сәттегі осы құрша дүниені қабылдау оңай нәрсе де емес. Бірдің басын, бірдің соңын айтып бата жасаған болдым. Табақтағы еттен де шұқылап қана жедім. Бөлтіріктер етке құлшына ұмтылады, шешесі мен әкесі қолдарынан қағып қалып тектеп отыр. Екі қасқыр тамақты адам секілді еппен, байыппен жейді. Тіпті қонағының тәбетіне қарап, аздап іркіліп отырғаны да байқалады. Езулерінен аққан сілекейін орамалмен жиі сүртіп, шама келсе таза көрінуге тырысуда. Ал бөлтіріктердің ақсиған тістерінің арасынан аққан сөл көлге айналған. Оны да шешелері жылдам тазалап тастауға тырысып-ақ отыр. Бұндай ортада тамағыңнан ас өте ме? Тіпті құсып жібере жаздап, өзімді зорға ұстап қалдым. Ал Қайдар қасқыр болса ет пен сорпаның арасында баяғы бір сарынды әңгімесін толғап, ауыз жаппай сөйлеп отыр. Маған бір нәрсені қатты түсіндіргісі келетіндей.

— Сізге айттым ғой, бұны ғылым әлі мойындай қойған жоқ деп, қазір бұған сенудің өзі қиын. Бірақ осы көріп отырған көрінісіңіз нақты өте жылдам жүріп жатқан эволюцияның дәлелі. Бұл шындық. Бұл салаға ғалымдарды тарту керек. Бірақ біздің елде нақты эволюция теориясын зерттейтін ғалым таппадым. Ал шетелге шығу жағы тағы қиындау. Өйткені біз дамудың әлі алғашқы сатысындамыз… күндіз адам боп жүрсек, түнге қарай қайтадан өз болмысымызды табамыз… бағана өзіңіз көрген көліктердің барлығы қасқырлардыкі. Біз қазірше ешкімге бұл құбылысты айтпау керек деп отырмыз… өзінің уақыты келер…

Сөзіне қарасам, болашақтан үміті зор. Қасқырлардың қылығын ұнатпайды, адам болсақ алдымыз жарық дейтіндей. Ақыры ас та ішіліп бітті. Қайдар қасқырдың ұзақ лекциясынан кейін маған осы бөлменің төріне төсек салды. Қаладан сатып алынған, кәдімгі жұмсақ, тап-таза көрпе-жастық. Бақытыма жарай, өздері қарсы бөлмеге жатты. Төсегі қанша жайлы болғанмен көңілім тыныш таппады, көрер таңды көзбен атырдым.

Күн шығар-шықпаста Қайдар қасқыр ұйқысынан тұрып, менің бөлмеме кірді.

— Жақсы ұйықтадыңыз ба?.. Біздің қасқырлар тек күндіз ұйықтап, түнде жортып жаман үйренген ғой. Қазір ептеп түнгі ұйқыға үйренісіп қалдық… таңғы асқа келіңіз,— деп тістері ақсия керіліп-созылып алды да қайтадан шығып кетті.

Түнде қандай да бір жағдай болса деп киімшең жата салғамын, Қайдар қасқыр бөлмеден шыға салысымен жылдам тұрып, дәретке шықтым да, үй жанындағы бұлақтың таза суына бетімді жуып, қайтып кірдім. Ауыз үйге дастархан жасап қойыпты, дастарханда бауырсақ пен базардан алынған ірімшік, сары май бар. Ірімшікке сары май жағып ауыз түйдім, қаншыр қасқыр өзі пісірген бауырсаққа батпадым.

— Енді жолға шығайық, кеш боп кетеді,— деді Қайдар қасқыр. Қайдармен бірге орнымнан тұрып, дастарханға рахмет айтып, аманшылық тілеп сыртқа беттедік. Қайдар алдыма түсті де сөлкектеп желіп отырды. Адымымды жылдам басып, қанша тездетуге тырыссам да, қалып қоя беріп, қасқыр сонадай жерге барып бұрылып күтіп тұрды. Үйден алсытаған сайын Қайдар қасқырдың сөзі азая берді. Соңғы кезеңнен асып түсе бергенде күн тау төбесіне толық шығып, барша алапқа нұрын жайды. Айналама көз салғаным сол екен, етектегі көп көлікке қарай әрбір жылғадан, кезеңнен сөлкектеп келіп түсіп жатқан көкшулан арландарды көрдім. Бәрі де асығыс, жортуылға шығып бара жатқандай сұсты, арқа жүндері жылтырап, күннің нұрына жалт-жұлт етеді. Күдірейген жалы мен білеуленген жұмыр құйрықтары толқындай бұлғаңдап одан әрмен сұс қосады. Абдырап тұрып қалдым. Бұны байқап Қайдар қасқыр артына бұрылды.

— Алаңдамаңыз, олар ешкімге тиіспейді. Өзім түсіндіремін. Сөйлесемін…

Қайдар айтып ауыз жиғанша қасқырлардың біразы маған назар салып үлгерді. Мені көргендері тосылып тоқтап қалғандай болды. Бірінен кейін бірі көріп, ұйлығып топтаса бастады. Бәрі шұбырып бізге қарай аяңдады. Екі тізем дірілдеп кетті. Қайдар қасқыр оларға қарсы беттеді. Жалғыз сенерім Қайдар болған соң амалсыз соңын күттім. Топ қасқырдың алдына Қайдар барып құйрығын бір сілкіп жіберіп тұра қалды. Бұл жолы олар өз тілінде сөйлесті. Ырылдасып, арсылдасып, Қайдарды үйіре қоршап, көк жасыл көздері оттай жанып, азулары ақсиып ұзақ ырғасты. Сосын бірте-бірте ымыраға келіп, үндері баяулай берді. Бір кезде Қайдар қасқыр суырылып бері шықты.

— Жүріңіз көлікке, кетеміз!

Жүгіріп көліктің жанына келдім. Қайдар енді қасқырдан адамға айналу процесінен өтті. Әуелі тік тұрып, сосын бірте-бірте иықтары, мойыны, бет-жүзі, сосын қол-аяғы, басы адам кейпіне өтті. Көліктің артындағы киімдерін алып жылдам киінді де, рөлге отырды. Біз мына бөктерден шығып кеткенше өзге қасқырлар тырп етпей қарап тұрды. Біздің көлік тұмсықтан бұрыла бергенде ғана өз көліктеріне қарай селқос тарап бара жатқанын көзім шалды.

Қалаға жеткенше Қайдар бір ауыз тіл қатпады, мен де тіс жарып ештеңе айтпадым. Тек жұмыстың жанына келгенде ғана, көлікті тұраққа қойып жатып, байыппен мойын бұрды.

— Бұл оқиғаны сіз екеуіміз ғана білейік. Бағанағы топ қасқырға солай деп уәде бердім. Олардың кім екенін, қайда жұмыс істейтінін сіз білмейсіз, мен айта алмаймын. Сондықтан, құпиялықты берік сақтау өзіңіз үшін керек. Ешкім білмесін! Білуге тиіс болған кезде өзім де айтармын.

Бұл сәттегі Қайдар баяғы өзім ептеп жұмсақ кекетіп, мазақ етуге болатын Қайдар емес еді. Бұл мүлде басқа болмыс. Мен тіс жармауға уәде бердім.

Арада жарты жыл уақыт өтті. Артымнан аңдып жүрген қасқыр-адамдар жоқ па екен деген қорқынышпен жүріп, ақыры бұл оқиғаны да ептеп ұмыта бастадым. Өмір баяғы өз ағысына түсті. Қаншама ырғасып, талпынғанмен заңның «Жайымен жүрген қасқырларды атуға болмайды» деген тармағын бекіту мүмкін болмады. «Жазалау ричагы жоқ, ендеше бұл тармақ үшін қаржы бөлінсе ол құмға құйған сумен тең, жемқорлыққа бастау болатын заң! Қабылдауға болмайды» деген бір депутаттың уәжі барлық қарсы пікірді басып түсті. Ақыры заң осы тармақсыз қабылданды. Заң қабылданған күні Қайдардың жанарынан өкінген, үмітсіздікке батқан ауыр ұшқынды аңғардым. Мәселенің мәнін мен ғана түсініп тұрғанымды ол да біледі. Екеуіміз көзбен ұғыстық. Бір аптадан кейін Қайдар қызметте өсіп департамент бастығы болып тағайындалды. Бәріміз құттықтадық, оның жүзіне қайтадан үміт ұшқыны ұялағандай сезілді.

Тағы бір қанша айлар өтті. Жаңа заңдар, жаңа тақырыптар, жаңа адамдармен тіршілік қайнап жатты. Бір күні департамент басшысына қол қойдыратын әлдебір құжатты алып есігіне бардым. Хатшы қыз «бүгін бастық жоқ»,— деді.

— Қайда кетті?

— Айтпады. Бүгін таңертең жұмысқа келген жоқ.

— Ауырып қалған жоқ па екен?

— Білмедім,— деп басын қиқаң еткізді хатшы қыз.

Бұл кезде заң күшіне енгелі екі айға жуықтап қалған еді. Көңілімде күмән пайда бола қалды. Іздеп барсам ба екен деген ой келді. Бірақ батылдық етпедім. Қайдар сол беті жұмысқа келмеді. Тек он шақты күннен кейін ғана телевизордан «депортамент басшысының көлігі тау ішінен табылды, іздеу жұмыстары жалғасуда» деген ақпарат тарады. Менің көз алдымда сөлкектей желіп келе жатқан сұры арланның кенет атылған мылтық дауысымен бұратылып барып құлап түскені елестеді. Өлер алдында бірде адамға, бірде қасқырға айналып ұзақ бұратылды, соңында аласа жусан өскен, қою қара топырақта сұлық түскен тайыншадай арлан қасқыр ғана жатты.

Соңы.

Есбол Нұрахмет

Abai.kz

 

0 пікір