Дүйсенбі, 23 Маусым 2025
Өзгелер 153 0 пікір 23 Маусым, 2025 сағат 14:24

Сириядағы шіркеуде теракт болды

Сурет: Reuters сайтынан алынды.

Сирияның Денсаулық сақтау министрлігі Дамаск қаласындағы грек православ шіркеуінде болған лаңкестік шабуылдан кемінде 22 адамның қаза тапқанын және 63 адамның жараланғанын растады.

Бұл шабуыл кеше, яғни 22 маусым, жексенбі күні кешкісін – дәл сол күннің кешінде, Дамаскта грек православ шіркеуінде орын алды.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жексенбі күні кешкісін Дуэйла ауданындағы пайғамбар Ілия шіркеуінде қарулы адам оқ жаудырып, артынша жарылғыш белдігін іске қосқан. Ол "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымымен байланыста болған деп болжануда, бірақ ұйым әзірге жауапкершілікті мойнына алған жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, адамдар лаңкестің шабуылын тоқтатуға тырысқан. Шабуылдан кейін шіркеу ішінде қан іздері, сынған терезелер мен бүлінген орындықтар анық көрінген.

Бұл – Асад режимінің құлауынан кейінгі Дамаскідегі алғашқы ірі теракт. Грек православ патриархаты шабуылды "қаскүнемдік зұлымдық" деп атап, билікті шіркеулер мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Сирия ІІМ министрі Анас Хаттаб бұл әрекетті "жантүршігерлік қылмыс" деп атап, тергеу басталғанын мәлімдеді.

БҰҰ және АҚШ өкілдері шабуылды қатаң айыптап, Сирия халқын терроризм мен араздыққа қарсы бірігуге үндеді.

Сарапшылар "Ислам мемлекетінің" Сирияда әлі де белсенді екенін ескертіп отыр. БҰҰ дерегінше, ел ішінде 1 500-ден 3 000-ға дейін ИМ мүшесі бар. Сонымен қатар, 9 000-нан астам содыр түрмеде, ал 40 000-ға жуық отбасы мүшелері (әйелдер мен балалар) босқындар лагерінде ұсталып отыр.

Abai.kz

0 пікір