Бейсенбі, 26 Маусым 2025
Кремль пропогандасы: 225 0 пікір 26 Маусым, 2025 сағат 14:38

Ресейдің байбаламы: ТМД тарихымызды бұрмалауда...

Сурет: 365info.kz сайтынан алынды.

Ресейдің білім министрі Сергей Кравцов деген адам Мемлекеттік Думадағы үкімет сағатында: «ТМД-ның бірқатар елдерінің тарих оқулықтарында кеңестік өткен тарих туралы бұрмаланған мәліметтер бар», - деп дабыл қақты.  

«ТМД елдерінің кейбірінде тарихи материалды жариялауда белгілі бір қиындықтар мен мәселелер бар. Тарих және объективтілік принциптеріне сәйкессіздіктер бар. Бұл ең алдымен біздің ортақ өткенімізге қатысты», - деді ол.

Кравцовтың пікірінше, ТМД елдерінде Кеңес Одағының құрамында болған кезеңнің сипаттамасына қатысты теріс пікірлер қалыптасқан. Ол бойынша Ресей қазіргі уақытта ТМД елдерімен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр-мыс.

«Ортақ тарихи өткенімізге қатысты бұрмалаушылықтарды болдырмау үшін аталған елдердің құзырлы министрліктерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Біз бірлесіп біртұтас білім беру, мәдени және рухани кеңістікті, сонымен бірге бір-бірімізді түсінетін тату көршілікке бағытталған Еуразиялық континенттің болашағын құрудамыз», - дейді Кравцов.

Бұған дейін Ресей Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының (ИНИОН РҒА) ғалымдары бұрынғы КСРО елдері мен және Таяу Шығыс елдерінен 10 тарих оқулығын сараптап: «Бұл оқулықтарда Ресей негізінен отаршыл мемлекет және өз мүддесін көздейтін агрессор ретінде көрсетілген», - деп дабыл қаққан.

Ресей президенті Путиннің риторикасы барған сайын агрессивті болып барады. Ол Украинаны ғана емес, бұрынғы КСРО құрамындағы барлық тәуелсіз республикаларға қоқан-лоқы жасауға көшкені де жасырын емес.

Кремль басшысы ресейлік тарих оқулықтарының авторларымен кездесуінде де алаңдатарлық мәлімдеме жасады.

Оған дейін, Путин агрессивті саясатты ақтау үшін тағы да жалған тарихи тезистерді қолданды. Ол посткеңестік кеңістікте егеменді мемлекеттердің өмір сүру фактісін жоққа шығара сөйлеген.

Путин Украинаға қарата: «Ешқашан болмаған тәуелсіз мемлекеттерді құру идеясы» Лениндікі болған», - деп сөйлеген. Осылайша, Путин Украинаны және КСРО-ның басқа республикаларын толыққанды елдер ретінде қабылдамайтынын ашық айтты.

Бұл өңір үшін алаңдатарлық белгі. Путиннің мәлімдемесі жай сөз емес, Кремль күшпен жүзеге асыруға дайын жүйелі саясаттың бір бөлігі.

Сонымен, Путин мен Кравцов Ресеймен көршілес ТМД мемлекеттерінің тәуелсіздігіне ашық күмән келтіріп отыр.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті

Abai.kz

0 пікір