Павлодар облысы: 18 ата-ана қылмыстық жауапқа тартылды

Бүгінде ата-аналардың балалар алдындағы міндетін орындауы қатаң қадағалауға алынып, алимент төлеу мәселесі өзекті болып отыр.
Өкінішке қарай, кей ата-аналар балаларына ай сайын тиісті ақы төлеуден жалтарады. Олардың әрқайсысының жағдайы арнайы ведомствоаралық кеңесте қаралды. Белгілі болғандай, кейбір әкелер балаларына тиісті төлемді аударудың орнына миллиондаған қаржыны құмар ойындарға салған.
Енді бірі тұрақты жұмыс орны мен табысы бола тұра әдейі ақша аудармайды. Бұл ретте құзырлы орган өкілдері сот орындаушылардың салғырттығын да сынға алды. Себебі алимент бойынша борышкер боп жүрген кейбір ата-аналардың жалақысы мен зейнетақысынан алимент сомасын ұстап қалу, олардың мүлкін пайдалануға тыйым салу сынды бақылау шаралары жүйелі жүргізілмейді. Тіпті, сот орындаушылардың бірі борышкердің бірнеше жыл бойы темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқанын да білмейтін болып шықты. Сондықтан прокуратура өкілдері уәкілетті органдарға анықталған бұзушылықтарды жою, бақылауды күшейту және алимент өндіріп алу жөніндегі қызметті жандандыру жөнінде ұсынымдар мен тапсырмалар берді.
Жалпы, жыл басынан бері прокуратураның үйлестіруімен алимент бойынша 600 миллион теңгеге жуық қарыз өндірілгенін атап өткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстың аясында 121 борышкер жұмысқа орналастырылып, 300-ден астам баланың құқықтары қалпына келтірілді.
Бастысы, алимент төлеуден жалтарғаны үшін 158 борышкер әкімшілік, тағы 18 азамат қылмыстық жауапқа тартылды.
Abai.kz