Жұма, 11 Шілде 2025
Аласапыран 279 0 пікір 11 Шілде, 2025 сағат 14:27

Қара теңізде енді Түркия үстемдік орната ма?

Сурет: dreamstime.com сайтынан алынды.

Бүгінде Түркия әскері Қара теңіз бен Жерорта теңізі аймағындағы теңіз үстемдігін орнатуға барын салып жатыр. Олар мұндай үстемдікке әскери технологияны дамытып, қол жеткізетінін жақсы біледі.

Жақында ғана түрік ағайындар теңіз бетінде шабуылдайтын TALAY атты жаңа дрон-экранопланын сынақтан өткізді. Бұл құрылғы бір қарағанда әскери көрмеге арналған эксперимент секілді көрінуі мүмкін.

TALAY деп аталған дрон-камикадзе экраноплан технологиясымен жабдықталған, яғни, теңіз үстінде 30 сантиметр биіктікте ұша алатын құрылғы. Оның аэродинамикалық құрылымы классикалық дрондардан өзгеше. Ол «жер эффектісін» пайдаланып, ұшу кезінде ауаның сығылуынан пайда болатын «жастықтың» үстімен қозғалады. Бұл тәсіл бұрын көбіне кеңестік экранопландарда немесе шектеулі мақсаттағы көлік құралдарында қолданылып келген-ді. Ал енді осы идеяны дрон форматына көшіру – әскери доктрина тұрғысынан батыл әрі тиімді шешім десек болады.

Ең бастысы, мұндай дрондардың басты міндеті – жаудың порттық инфрақұрылымы мен әскери кемелеріне соққы беруге қолайлы. Қара теңіздегі жағдайға көз жүгіртсек, Ресей мен Украина арасындағы әскери текетірес теңіз бағытында да ушығып келеді. Қырым мен Одесса порттарына жасалған соққылар бұл бағыттың стратегиялық маңызын айқындайды.

60 келі тартатын TALAY-дың жарты жауынгерлік бөлік құрайды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Себебі мұндай шағын құрылғыларда көбіне 5-10 келіге дейінгі жарылғыш зат қойылады. Екіншіден, оның электр қозғалтқышпен жабдықталғаны және 200 км/сағ жылдамдықпен 3 сағатқа дейін ұшатыны – қарсы тарап үшін үлкен қауіп. Мұндай жоғары жылдамдықта дронды қарсыластың зымыран кешендері мен радарлар байқамай қалуы мүмкін. Әсіресе теңіз деңгейінен 30 см биіктікте ұшып келе жатқан дронды анықтау техникалық тұрғыдан өте қиын.

TALAY массалық қолданысқа шыққан жағдайда, порт маңындағы ПВО жүйелері бір мезетте бірнеше дронмен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл – классикалық «қанықтыру стратегиясының» заманауи түрі. Қарапайым тілмен айтқанда, жауды шаршататын, әбден титықтатып барып негізгі соққыны жеткізетін тәсіл. Оның үстіне мұндай дронның құны да аса жоғары емес. Түркия қажет болған жағдайда жүздеп, мыңдап өндіре алады. Бюджеттік соғыс стратегиясы үшін өте тиімді.

Әрине, TALAY үлкен әскери кемелерге шешуші зиян келтіре алмайды. Бірақ порттағы инфрақұрылым, жағада тұрған торпедалық катерлер, зымыран кешендері немесе жанармай қоймаларына қарсы қолдануға болады. Бұл – үлкен артықшылық. Себебі бүгінде Украина әскері дәл осындай камикадзе-дрондардың көмегімен Қара теңіз флотының бірнеше кемесін істен шығарғанын білеміз.

Түркия соңғы онжылдықта өзінің қорғаныс өндірісін жүйелі түрде дамытып келе жатыр. Bayraktar TB2, Akıncı, Kızılelma сынды дрондар әлемге танымал болды. Енді оған теңіздегі экраноплан-дрон қосылып отыр. Бұл – Түркияның доктриналық тұрғыдан шабуыл және қорғаныс құралдарын қатар дамытып жатқанын көрсетеді.

2026 жылы оның сериялық өндірісі басталады, ал 2027 жылдың басында алғашқы партия Түркия әскери-теңіз күштеріне беріледі.

Енді осы сынды жүйелердің Орталық Азия аумағында да пайда болуы, әсіресе Каспий маңындағы мемлекеттердің стратегиясында көрініс табуы – уақыт еншісіндегі мәселе.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір