Шәкәрімнің толық жинағын қашан көрер екенбіз?

Зулаған уақыт дауасыз, ғұламаһи Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы ақталғанына 37 жыл өте шықты. Сол 1988 жылы Шәкәрімнің біртомдық жинағы (сары кітап) жарық көрген-ді. Кеңестік идеология қыспағынан орын алған кейбір кемшін, олқыға қарамастан исі қазақ мәре-сәре болып қуанды.
Енді академиялық толық жинақ баспаға дайындалар деп ойладық. Жоқ, олай болмады. Әр жылдары шағын тиражбен басылған бір-екі өлеңдер жинағы болмаса, ауыз толтырып айтарлық дүние, кәне. Әсіресе, толық жинақ дайындалмағаны неткен өкініш десеңізші. Рухани ұстаз, өзі қауіптенгендей, мүлдем «мұтылды» («Тәуелсізбіз, енді өлгеніміз тірілмек, өшкеніміз жанбақ!» дегеніміз қайда қалды деген ой туады еріксіз).
Ұлы Абайдың толық жинағын да айналып өте алмаймыз. Оның жайы оңып тұрғаны да шамалы. Сапалы, жаңаша үлгіде дайындап, халыққа мол тиражбен тарата алмадық. Кейіндері жарық көрген Абай жинақтарының тиражы 4-5 мыңнан асқан емес. Салыстырыңыз, мәселен, 1961 жылғы біртомдық толық жинақ 60 мың (!) данамен жарық көрген болатын.
Абай кітабына деген сұраныс, әйтеуір, совет заманында мол тиражбен шыққан жинақтармен өтеліп отыр. Ал Шәкәрім кітабы, сенсеңіз, сатылымда болған емес, тап қазір шам жағып іздесеңіз де таба алмайсыз (дүкендер сөресінде атымен жоқ). Масқара жағдай демеске лажымыз жоқ!
Абай, Шәкәрім ұлағаттары мен жүгенсіз кеткен коррупция. Бұл екеуі күн мен түн сияқты антиподтар. Алдыңғыларға қаншалықты немқұрайды қарайтын болсақ, соңғысы соншалықты өрши түсетін болады. Кілтипан осы арада! Сондықтан қалың қауым атынан «Кемеңгердің әр шығармасының тарихы баяндалған және оған түсінік берілген Толық жинағы қашан дайындалмақ?» деген сұрақты қабырғадан қоюға тура келеді.
Бұл ретте: «Қалта тесік, қаржы жоқ шығар» деген жұбату ой туындауы мүмкін. Бұлай ойлау түбірімен қате. Ондаған жылдар қазіргі «Бас пенсионердің» кітаптары аса қымбат қағазбен қисапсыз көп данамен басылып шықты. Әр жыл сайын. Өзге тілдерге аударып, тарату машақаты қаншаға түсті десеңізші. Сол қыруар қаржының тамшыдай бөлігі де тимеді Абай, Шәкәрім мұрасына. Екінші мысал, үкімет сан алуан форумға я болмаса шетелден бір зенита-ракеталы қондырғы я танк сатып алуға бөлетін қаржы ұлылардың кітабын миллион данамен таратуға жетіп артылар еді-ау. Демек, дефицит ақшада емес, ниет, пейілге тірелуде. Ой көзімен бағаласақ, ұлылар кітабының қайтарымы оны шығаруға кеткен шығыннан он есе, жүз есе асып түсері сөзсіз! Мейірімді, ақжүрек ұрпақ қалыптасуы арқылы. Артқыға «Ар ілімін» аманат еткен Шәкәрім бірде:
Тәңірі жолы – ақжүрек,
Сайтан деген қиянат.
Ақжүректі ертерек,
Ескердағы, қыл әдет! –
десе, енді бірде:
Адамдық борышың –
Халқыңа қызмет қыл!
...Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі – өз халқың! –
дейді.
Затшылық көзін байлайды,
Адастырып, айдайды.
Жан билемей, тән билеп,
Адамның соры қайнайды, -
деп пәлсапалық жағынан да ұқтырып айтады әлемдік ойдың алыбы.
Әулиелігі сол, сайтанға (қиянатқа) еріп, рухани азып-тозған қазіргі қазақ қоғамының келбетін алақанға салғандай көре білген ғой жарықтық. Жеке адамның да, бүкіл ұлттың да соры – жан билемей тән билесе, тек фәниді күйттеп, ғапыл қалсақ. Тағы айтайық, оған қарсы антивирус – Абай мен Шәкәрімнің асыл мұралары. Оларға көңіл бөлмеудің, тәркі етудің салдары ауыр болмақ, ағайын.
Сонымен, Шәкәрімнің Толық жинағы қашан жарық көрер екен? 1988 жылдан бері қаншама су ақты десеңізші. Президент тапсырма беруін күтуіміз керек пе? Кейбір азаматтардың сөз саптасына қарасақ, бұл министрліктің емес, Әдебиет институтының, қала берді, Шәкәрімді зерттеу орталығының жұмысы, солар жоғарғы жаққа өтініш түсіруі керек-мыс. Менімше, бұл бос сөз (отыз жыл айға қарап отырды ма). Кейінге сырғыта салу. Бізде билік тарапы жеткілікті қаржы бөліп: «Ал, кәне, бітіріңдер!» деп қаулы шығармаса, ештеңенің де өз бетінше қозғалмасы белгілі. Солай болуға етіміз үйренген. Мемлекет қолдауы, үкімет көмек қолын созуы ауадай қажет! Сондықтан осы үндеуді қаржының құлағын ұстаған және қолында законы бар лауазымды тұлғаларға бағыттап, солардың құлағына алтын сырға деп жазып отырған жайым бар.
Асан Омаров
Abai.kz