Сенбі, 26 Шілде 2025
Әне, көрдің бе? 586 0 пікір 25 Шілде, 2025 сағат 13:19

Әлемдегі ең ауқатты зейнеткерлер...

Коллажды жасаған: Айым Алмасқызы.

«Brand Vision» агенттігі әлемдегі ең бай саясаткерлердің рейтингін жариялады. Тізімге Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та енді — оның байлығы энергетика, жылжымайтын мүлік және оған жақын бизнес құрылымдарымен байланысты активтер арқылы 1–2 миллиард доллар көлемінде бағаланған.

Рейтингтің көшін Ресей президенті Владимир Путин бастап тұр — оның байлығын 200 миллиард доллардан асады деп болжайды. Сонымен қатар, тізімде БАӘ, Бруней, Марокко сынды елдердің басшылары мен Дональд Трамп сияқты саясат сахнасына ықпалы зор тұлғалар да бар.

Владимир Путин

«Brand Vision» агенттігінің мәліметінше, рейтингтің алғашқы орнын Ресей президенті Владимир Путин иеленген. Сарапшылар оның жеке байлығы 200 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл мәліметтер журналистік зерттеулер мен ашық дереккөздерге негізделген. Онда шетелдегі активтер, энергетикалық компаниялардағы үлестер мен жылжымайтын мүлік аталады. Аталған активтер бойынша ресми дерек жоқ.

Мохаммед бин Рашид әл-Мактум

БАӘ премьер-министрі және Дубай билеушісі Мохаммед бин Рашид әл-Мактумның активтері 20 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. «Brand Vision» сарапшылары оның байлығын инвестициялық холдингтер мен жылжымайтын мүлікпен байланыстырады.

Хассанал Болкиах

Брунейдің сұлтаны және премьер-министрі Хассанал Болкиахтың байлығы шамамен 50 миллиард доллар деп бағаланады. Оның негізгі кіріс көзі – елдің мұнай мен газ секторынан түскен табыс. Есепте сарайы мен сирек кездесетін автокөлік топтамасы да аталған.

Сильвио Берлускони

Италияның бұрынғы премьер-министрі, медиамагнат болған Сильвио Берлусконидің байлығы 2023 жылы қайтыс болған сәтінде 7–8 миллиард доллар деп көрсетілген. Ол Mediaset медиахолдингінің иесі болған.

Дональд Трамп

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп саясатқа миллиардер ретінде келген. «Brand Vision» оның байлығын 5,1 миллиард доллар деп бағалайды. Қаржысының негізі – девелопмент, лицензиялау және Trump брендімен байланысты.

Махатхир Мохамад

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамад пен оның отбасының байлығы 3–5 миллиард доллар аралығында деп көрсетілген. Агенттік бұл сандарды жер телімдеріне қатысты мәмілелер мен отбасылық бизнеске сілтеме жасай отырып келтіреді.

Себастьян Пиньера

Чилидің экс-президенті, кәсіпкер Себастьян Пиньераның байлығы шамамен 2,7 миллиард доллар. Бұл қаражаттың көп бөлігі саясатқа келгенге дейін жиналған және әуе компаниялары, банктер мен медиа секторларына инвестициямен байланысты.

Мохаммед VI

Марокко королі әрі үкімет басшысы Мохаммед VI инвестициялық SNI холдингін басқарады. Ол банк, сауда және шикізат секторларында жұмыс істейді. Brand Vision оның байлығын 2,1 миллиард доллар деп бағалайды.

Нұрсұлтан Назарбаев

«Brand Vision» шолуында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың байлығы 1–2 миллиард доллар аралығында болуы мүмкін деп жазылған. Ашық дереккөздерге сүйене отырып, бұл сома энергетика, жылжымайтын мүлік және оның айналасындағы компаниялармен байланыстырылған активтерге қатысты делінген. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

Агенттік шолудың талдамалық сипатта екенін және ресми деректерге емес, бағалаулар мен ашық ақпаратқа негізделгенін атап өтеді. Сондай-ақ, аталған саясаткерлердің бірқатары саясатқа келгенге дейін-ақ ауқатты болғаны, ал кейбірінің байлығы мемлекеттік құрылымдар мен стратегиялық салаларға ықпал ету арқылы артуы мүмкін екені көрсетілген.

Айым Алмасқызы

Abai.kz

0 пікір