Сейсенбі, 29 Шілде 2025
Саңлақ 133 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 12:45

Балаларға спортқа тыйым салынған жоқ – министрлік

Сурет: kff.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі бірқатар БАҚ-та тараған "балаларға спортпен айналысуға тыйым салынды" деген ақпаратқа байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Министрлік 2025 жылғы 16 шілдеде шыққан №133 бұйрыққа қатысты мұндай түсіндіру шындыққа жанаспайды және бұрмаланған ақпарат екенін атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала мен жасөспірім спортпен тұрақты түрде шұғылданады, және олардың спорт секцияларына, мектептеріне немесе даярлық бағдарламаларына қатысуына ешқандай шектеу қойылмаған.

Мәселе тек жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін енгізу туралы болып отыр. Бұл – халықаралық тәжірибеде қалыптасқан норма және жас спортшылардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Жарыстар – спорттық дайындықтың бір бөлігі, әрі олар белгілі бір физикалық және эмоционалдық жүктемемен байланысты. Осыған байланысты Министрлік жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін белгіледі. Бұл шара ең алдымен балалардың денсаулығын қорғауға және жас кезіндегі жарақат алу қаупін азайтуға бағытталған, – делінген министрлік хабарламасында.

Жас шектеулері спорт федерацияларының ұсыныстары негізінде әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген. Бұл өзгеріс балаларды спорт мекемелеріне қабылдау үдерісіне әсер етпейді.

Сондықтан да "спортпен айналысуға тыйым салынды" деген хабарламалар шындыққа сай емес. Мұндағы әңгіме тек жарыстарға қатысуға қойылатын жас талаптары туралы болып отыр, – деп нақтылады министрлік.

Abai.kz

0 пікір