Үйлесімділік пен тәртіптің берік негізі - заңның салтанат құруы!

Қоғам мен мемлекет өмiрiнде құқықтық негiздердiң күшеюi орын алмаса, онда бәрінің құр бекерге зая кеткені. Осы зая кетуді болдырмас үшін біздің еліміз құқықтық мемлекеттiң қалыптасуының күрделi процесiнде әлеуметтiк реттеуiштер жүйесiндегi заңның рөлi артуға бел шеше кірісті.
Осы орайда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаев мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуі үшін негіз қалаушы мынадай сөздерді жариялады: «Елімізде үйлесімділік пен тәртіптің берік негізі ретінде заң салтанат құруы тиіс».
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл бапта елдiң қалыптасуы мен дамуының негiзгi принциптерi, сондай-ақ оларды iске асыру өлшемдерi мейлiнше айқын және нақты көрсетiлген. Қазақстан құқықтық мемлекеттi қалыптастырудың iргелi мiндетiн мойына жүктеп алғаннан кейін осы бағытта қыруар шаруалар атқаруға бел шешіп кеірісіп кетті.
Осы бағытта еліміз конституциялық ережелердiң өмiршеңдiгiн, барлығының заң мен сот алдындағы теңдiгiн, мемлекеттiң де, жеке адамның да өзара жауапкершiлiгiн қамтамасыз етуге тиiс саяси, заңдық және басқа да кепiлдiктер жүйесiн құруды көздеп отырған жай бар. Бұл орайда біздің айтпағымыз құқықтық мемлекеттiң одан әрi дамуының өзгерiссiз алғышарты деп азаматтардың жоғары жалпы мәдениетiн қалыптастыруды айтар едік. Мемлекетіміздің қуаты ел халқының барлық жiктерiнiң жалпыға бiрдей саяси-құқықтық мәдениетiн арттыруыннан танылады деп білуіміз керек. Осы мiндеттi шешу жолында бiлiм беру, тәрбиелеу дамыған ғылыми жүйесiнің орнығу қажет етеді. Егер осы жүйе елімізде тамыр жайып орнығып, нәтижесінде өз жемісін беретін болса, онда демократиялық құқықтық мемлекеттi қалыптастырудың іргетасын қалауға қолжеткізе аламыз.
Біздің мемлекетіміз конституциялық тұрғыдан адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жарияды. Және оны құр ғана жариялап қана қоймай, оларды қамтамасыз етуге кепілдік береді. 2017 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына Парламент пен Үкіметтің өкілеттігін кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң деңгейінде парламенттік оппозиция институтының берік негізі қаланып, оның одан арғы рөлі айқындалды. Осылайша, билік тарапынан халыққа қарай құқықтық құтты қадам жасалды. Бұдан былай «Ескі Қазақстан» кезінде айта алмай ішінде жүрген пікірін жұрт өздері сайлаған халық қалаулылары арқылы айта алатын мәртебеге, яғни құқыққа ие болды. Бұрын бұлай болуы мүмкін емес еді. Осылайша «Әділетті Қазақстан» өзін сөз жүзінде емес іс жүзінде паш ете алды.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолында елеулі кедеріглер де бар. Сол жайында сөз ететін болса, халықтың қалың жiгiнiң құқықтық мәдениетi мен құқықтық санасының төмен деңгейi, құқықтық нигилизм құқық үстемдiгi қағидаттарын iске асыруды қамтамасыз етудiң елеулi проблемасы болып табылады. Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық нигилизмді еңсеру, осының негізінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің маңызды бағыттары болып табылатындығы дау туғызбайды.
Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев саяси жаңғырту мен адам құқықтарын қорғау, қоғамды одан әрі ілгерілеудің басты факторы ретінде шоғырландыру қажеттігіне назар аудара отырып, өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру. Сондықтан саяси реформалар жалғасады. Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз.Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы».
«Мемлекеттің тиімділігін арттырудағы» ауқымды саяси реформалар құқықтық саясат саласындағы елеулі реформаларды да қамтитыны сөзсіз. Құқықтық саясат еліміздің құқықтық даму процестерін басқаруға, қоғам өміріндегі заңдық құрамдас бөлікті ретке келтіру және оңтайлы ұйымдастыру дәрежесін арттыруға бағытталып, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып әм құқықтық мәдениеті қалыптастырады.
Құқықтық саясаттың жоғары тиімділігіне қол жеткізу мемлекеттің, қазіргі заманғы заң ғылымы мен практикасының маңызды міндетіне айналуда. Құқықтық саясатты қалыптастыру мен іске асыруда маңызды рөл атқаратын қос тармақ: құқық шығармашылық (ҚР Парламенті) және құқық қолдану (сот, прокуратура, полиция және т.б.) органдарына берілетіні бәрімізге белгілі. Міне, сондықтан, олар ақпараттық насихат, халықтың құқықтық санасын арттыру, нандырып-сенімдіру және мәжбүрлеу арқылы осы бағыттаға істелетін іс-шараны жартыкеш дүние емес, нағыз өмірлік шындыққа айналдыруға қол жеткізеді.
Abai.kz