Сейсенбі, 5 Тамыз 2025
Абай мұрасы 158 0 пікір 5 Тамыз, 2025 сағат 14:35

АБАЙ КӘМӘЛАТЫНЫҢ ТӨРТ САТЫСЫ

Сурет: Orda.kz сайтынан алынды

(ұлы ақынды танудың тың тәсілдері)

Абайдың Шығысын, яғни пәлсапалық мұрасын тереңінен танып-білдік деуге ертерек. Бүгінгі күнгі абайтану ғылымының ең күрделі мәселесі бұл. Оны шешуге танымдық тың тәсілдерді қолдану керек. Бұл – уақыт талабы. Өз тарапымыздан мынадай екі жаңаша көзқарасты ұсынбақпыз. Біріншісі – Абайдың күллі шығармашылығын нақлия және ғақлия деген екі үлкен кезеңге бөлу. Екіншісі – ойшылдық эволюциясын саты-сатылап қарастыру.

Нақлия және ғақлия жайлы таным-түсінік

  Абай шығармашылығын нақлия және ғақлия терминдері арқылы екі үлкен кезеңге бөлу ұтымды тәсіл. Аталмыш терминдер түбірі «ақыл» сөзі. Арабтілді фалсафада ғақлия – ішкі ғылым (ғылым батини), ал нақлия – сыртқы ғылым (ғылым заһири). Екінші түрде ғақлия – теориялық, нақлия – тәжірибелік фалсафа.  Дүниенің көрінетін және көрінбейтін сыры болғандықтан екеуі қосылып бір бүтінді құрайды.

Нақлия – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, аксиома. Оны Абай да осы мағынада қолданып, 38-ші сөзінде: «Бұл сөзіме нақлия дәлелім – жоғарыдағы жазылмыш Алла тағаланың есімдері» десе, енді бір тұста: «Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады» – дейді. Сондай-ақ: «(Дін) Ғалымдарының нақлиясыменен мұсылман иман тақлиди кесіп қылады» деп тұжырады.

Қорыта айтқанда, нақлия міндеті – фәни өмірдің сырын жеткізу. Мәселен, Батыс әлемі «этика», «мораль», ал мұсылман жұрты «ахлақ» дейтін адам мен адамның қарым-қатынасын реттейтін өмір сүру ережелері нақлия іліміне жатады. Сол сияқты қазақ халқының сан ғасырлар қордаланған тәрбиелік сөздері, мақал-мәтелдері, сонымен қатар, аят-хадистер де нақлия болып табылады.

Ғақлия ұғымы  өзгерек. Ол – терең ой ойлау, сол арқылы түпкі себепті іздеу, Алланың хикметін, адамның болмысын танып-білу. Мысалға Абай: «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан» (38-сөз) дейді. Демек, ғақлия міндеті – бақидың сырын ашу һәм ұқтыруға саяды.

Енді Абайдың шығармашылығын ізерлейік. 1891 жылға дейінгі поэзиясының өзегіне үңілсек, оны нақлия мұрасы деуге әбден болады.  Өйткені, фәни өмір сырлары жырланған. Поэзиясы «Ғылым таппай мақтанба», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол», «Пайда ойлама, ар ойла», «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды», «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек», «Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген секілді дидактикалық нақылға (аксиология) толы.

Осы айтылған Абайдың он жылдық көлеміндегі нақлия поэзиясын Мұхтар Әуезов былайша сипаттайды: «Өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді. Өсиет, өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп біледі. Ал Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен халықшыл, тазалық жолдар болғандықтан, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура жолдағы жақсы өлең-өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады. Басқаша айтқанда, адамгершілік, ар, ақтық деген сияқты қасиеттерді тәрбиемен көпке жайса, өмір де, қоғам да, халық тағдыры да өзгеріп, түзеліп кететіндей көрінеді» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -126-бет).

Көрдіңіз бе, алғашқы кезең поэзиясы – мәдени-ағартушылыққа (тәлім-тәрбие беру мен жақсы мен жаманды айыру) бағытталған. Абай осынау мораль (ахлақ) қалыбымен ұлттың ой-санасын оятуға, эстетикалық сезімін өсіруге ұмтылған.  Бірақ неліктен жақсы, я жаман екенін түсіндіру, яғни түпкі себепті іздестіру әзірге жоқ.

Ал 1891 жылдан Абай туындыларының ішкі мазмұны түбегейлі түрде өзгереді. Ойшыл ендігі шығармашылық жігерін өмірді, қоғамды я заманды емес, адамның мінезін түзеуге салады.  Бақидың сырына, яғни Алланың және адамның болмысын танытуға ден қояды. Бұл ізденістердің аты – ғақлия екенін жоғарыда айттық. Қолжазба кітабының (қара сөздерінің) әуелгісін «Ғақлия»,  екіншісін «Ғақлиат-тасдиқат» деп атағаны Абайдың адамның жан әлеміне, дүниенің көрінбейтін сырын танып-білуге көшкенін білдіреді емес пе. Осыған терең ойға құрылған пәлсапалық поэзиясын қосыңыз.

Сонымен, Абайдың тұтастай шығармашылығын екіге бөліп қарастыруды ұсынып отырмыз: 1891 жылға дейінгі поэзиясы нақлия мұрасы, ал осы жылдан былайғы шығармашылығы ғақлия мұрасы болып табылады.

Енді мақаламыздың басты тақырыбы – Абайдың ойшылдық эволюциясын саты-сатылап анықтауға ауысайық.

Адам баласы кәмәлатының төрт сатысы

Кешегі кеңестік кезеңде Абайды танып-білу ғылымына саяси-идеологиялық тосқауыл қойылды. Әлемдік тұлғамызды «ақын-ағартушы» және «қазақ жазба әдебиетінің іргесін қалаушы классик» деп дәріптеуге ғана мұрсат берілді.  Абайдың хакімдік шыңға эволюциялық саты-сатылар арқылы шыққаны әсте қозғалған емес. Ой-санасы мен таным-түсінігі әу бастан ұлы өмірдің соңына шейін тақтайдай тегіс бір деңгейден аспаған сияқтанды (гений түгілі, қарапайым адамның ой-санасы да үнемі толыса бермекші). Міне, осы айтылған ескірген стереотиптің сеңін бұзатын уақыт жетті деген ойдамын.

Мұсылман фалсафасы бойынша инсан (адам баласы) кәмәлаты, яки кемелдікке жетуі төрт сатылы. Олар:  шариғат (білім жинау сатысы), тариқат (Хақ жолына қадам басу сатысы), мағрифат (Құдайды тану) және хақиқат. Қай ғұламаның демеңіз, рухани шыңға шығуы аталмыш төрт сатылы жүйеден тыс болмақ емес. Оның шынайылығына сан ғасырлар тәжірибесі куә. Адам ақылының қуаты, оның танымдық мүмкіндігі шексіз. Аталмыш жүйе осының да айғағы. Қазақтың Абайының кәмәлат жолын қалай анықтасақ екен? Осыны көп ойланып, толғана келе, уақыт сынынан өткен мұсылмандық жүйеге табан тіреген дұрыстық деп шештім.

Абай шариғат сатысында (1884 жылға шекті)

 Мұхтар Әуезов Абай нәр алған рухани арнаның әуелгісі – қазақ халқының мәдениеті дейді. «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім» деп өзі айтқандай, 33 жасқа дейін Абайдың туған халқының бай ауыз әдебиетінен сусындағанын білеміз. Болыс Абай «ойдан жырақ» жүре берер ме еді, кім білсін. Бірақ жаралыстың тағдыры зор өзгеріс әкелді. 1878 жылы 12 жалалы іс бойынша сотты болды. Сенсеңіз, тергеу бес жылға (1879-1883 жж.) созылған. Кәне, осы жылдар қалай өтті? Абай Семейдің қалалық кітапханасы қорындағы батыс, орыс әдебиетін індете оқып, тауысты. Оған мешіт-медресе сөрелерінде иін тірескен Қазан қаласы баспасынан шыққан мұсылман ойшылдары кітаптарын қосыңыз. Сөйтіп, бала кезден нәр алған төл арнасына Батыс және Шығыс мәдениеті, яғни екінші, үшінші арналар қосылды. Ой-сана көкжиегі кеңейгені соншалықты албырт өскен, ойсыз жүрген Абай санасы төңкеріліп түсті. «Қартайып, қайғы ойлаған» ойшыл оқымысты кебін киді. Тығырыққа қамалған халқына «қайтсем жол табам» деп түн ұйқысын төрт бөлді. Ақындық һәм ағартушылық қызметке кірісті. Сөзіміздің айдай анық, күндей жарық айғағы осы.

Сөйтіп, Абайдың 1883 жылға дейінгі өмірі шариғат, зайырлы лексикамен айтсақ, білім жинау кезеңі болып табылады. Осы айтылған әуелгі өрлеу сатысын ақынның өзі: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» деп есіне алады.

Ойшыл тариқат сатысында (1884-1893)

 Тариқат – жинаған білімді іске асыру ұғымын білдіреді (Хақ жолына қадам басу десек те болады). Тариқаттың мәнісін Шәкәрімнің: «Құры білген не керек, Білгенді қылған сол керек» деген сөзінен  ұғып, түсінуге болады. Шариғат сияқты тариқат та танымдық жол. Бірақ шариғат –  кең жол, ал тариқат – тәжірибені, жаңа айтқандай, сөзден іске көшуді талап ететін тар жол.  Рухани жедел даму, шапшаң жетілу тек тариқат арқылы мүмкін болмақ.

Тұрағұлдың сөзінше, әкесі Абай ақындық қызметіне 1884-1885 жылдары шындап кіріскен (ақындығына ғалымдығы қосылғанын жоғарыда айттық). Ойшыл нақыл поэзиясы арқылы ұлттың сана-сезімін оятып, түнерген надандық бұлтын сейілтті. Халқын ғылым-білімге шақырып, өркениет өріне өрлеуге үндеді. Жастарды өлең сөзімен де, әнімен де баулыды. Отарлықты, оның 1868 жылғы сойқанды заңын әшкерелеп бақты. Осы айтылған асулар –  тариқат жолының белгі, нышандары. 1891 жылға дейін-ақ Абайдың қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик биігіне шығуы тариқат жолының арқасы.

Жылма-жыл Абайдың жан қуаты артып, рухы гүлдене түскені сөзсіз. Ақынды батыстың ғылымы, шығыстың даналығы баурады. Батыста ғылым күшті, бірақ  философиясы нақлия деңгейінде. Сол себептен Абай бұл жағалаудан қол үзеді. «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында (1934 ж.) Мұхтар Әуезов: «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ» десе, монографиялық еңбегінде 40 жастан асқан ақынды «оқымысты Абай» және «ақын-данышпан болуға айналды» деп мәлімдейді.

Сонымен, 1884-1893 жылдар Абай тариқат сатысына шыққаны хақ (оны нақтылы дәлелдермен бекіту өз алдына бөлек еңбек).  Зайырлы қоғам көзқарасымен санасып айтқанда, бұл он жылдықты Абайдың ойшыл-философ сатысы деуге болады.

Ғұлама мағрифат сатысында (1894-1898)

 Мағрифат – адамның Алланы және өзін тануы. Оның мәнісі – ішкі тәжірибе, рухани хәлді кешуге саяды. Абай алғашқы қолжазба кітабын «Ғақлия»  атаған. Неге? Өйткені, бұл еңбегі бұрыннан белгілі, дағдылы нақылдар емес, қазақта бұрын-соңды айтылмаған соны пайымдар, тың танымдар екенін аңдатқаны. Ойшылдың мақсаты – әрненің түпкі себебін, тіршіліктің сырын, адамның мінезі мен болмысын түсіндіру болғаны осыдан-ақ ұғынықты.

Әсілі, Ахаңның (А. Байтұрсынов): «Абайдың кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі», – дегені Абайдың ғақлия мұрасына қатысты (нақлия түсінік беруді қажетсінбейді).

Тоқ етері, Абай 1893-1894 жылдан анық Шығыс ойшылы. Оған пәлсапалық поэзиясы, «Ескендір» поэмасы және жан құмары, иман, ғибадат, Құдайды тану, пендешілік пен кісілік хақында толғаған қара сөздері дәлел. «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде Абай: «Ақыл менен білімнен, Әбден үміт үзіппін» деп  қамығады. Ғылымға қайыра аңсары ауады. Құран бастатқан киелі кітаптарды, ислам ойшылдары еңбектерін оқып-тоқиды. Семейдегі Ахмет Риза медресесі шәкірті кезінде жатталған сопылық ілім сырына жігер салады. Мысалға 1895 жылғы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің соңғы шумағында Абай:

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас, –

дейді. Иман түгел болу мәнісі –  дүниеден суыну. Бұл, әрине, сопылық шарты. Десек те, Абай мұсылмандық Шығыстың хәл ілімі мен кәміл адам (әл-инсан әл-камил) теориясын сол қалпы қабылдаудан аулақ. Оларды дамыта жаңғыртады. Әсіресе,  Алла тағаланы тану – адамдықтың тірегі, әрі «күллі ғылымның шыңы» (Әл-Фараби). Оған жету жатпай-тұрмай ой ойлаудың жемісі. Алтын уақытын кітап оқу, жазумен қатар терең ойға жұмсаған Абай қазақ теологиясының атасы есепті. «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895) өлеңінде ойшыл:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

Өзіне құмар қылған Оның әмірі.

...Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын –

деп аса құнды дерек береді.

Сонымен, бес жыл (1894-1898 жж.) бойы Абайдың мағрифат өрісінде болғаны хақ. Зайырлылық талабымен айтқанда, бұл ғұламаның  ойшыл – теолог болған сатысы.

Осы 1898 жылы Абай: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп сыр ашады. Егер жүрегіңе терең бойласаң, сонда ғана жүректің көзі ашылмақ: үшкіл  болмыс (Алла, адам, әлем) тұтастығын, яғни хақиқатты көре алмақсың. Бұл Хақ тағала сүйген, сүйемелдеген толық адамның ғана еншісі екенін ескерте отырайық.

 

Кемеңгер хақиқат сатысында (1899-1904)

 

Хақиқат – жаңа айтқан болмыс тұтастығын, мұсылманша айтқанда, Құдай дидарын, оның тура жолын бейнелейтін таным. Арабтың «хақ» сөзінен алынып, «шын», «әділ», «дұрыс», «рас», «тура» деген ұғымды білдіреді. Мәселен, Абай ғылымды да, ғұмырды да хақиқат дейді. Хақиқатқа жетуден асқан мақсат бола ма? Өзіңіз де ойлаңыз, асқар таудың етегінен не пайда, тұтас панорама көрінбеген соң. Кімде кім таудың ең ұшар биігіне шығар болса, сол кісіге бүкіл аймақ алақанға салғандай көрінбек. Міне, руханият әлемі туралы да осыны айтамыз.  Абай, Шәкәрім Рух шыңына көтеріле алды. Иманы түгел, өсиет сөздері мінсіз, ой-танымдары кемел болуы содан. Екеуі де толық адам деңгейін, дәлдісі Абай данышпан хакім, Шәкәрім әулие биігін бағындырды. Асыл мұралары адамзатқа ортақ құндылық екенін ғұламалар өздері де жақсы білген.

Мәселен, Шәкәрім әулие болғандығы туралы:

Шын асықтың әрбірі,

Өліп топырақ болды да,

Жаралыстың тағдыры

Жаратты мені орнына, -

десе, ұстазы һәм ағасы Абайдың бағасын былайша берді: «Ол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. ... Тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, ол данышпан хакім философ кісі еді».

Абайды осы айтылғандай данышпан хакім, әлемдік ойдың алыбы деуіміздің анық ғылыми негізі –«Тасдиқ» трактаты мен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі. Екеуі де ғайыптан алынған, яғни хақиқатқа жеткендіктің куәсі: әуелгісінде «толық адам» ілімі негізделсе, екіншісінде «үш сүю» ілімі өрнектелген.

Сонымен, 1899-1904 жылдар Абай хақиқат сатысына шыққан деп тұжырамыз. Бүгінгі лексикамен айтқанда, данышпан хакім, ой алыбы болған соңғы сатысы.

Қорытынды сөз

 Сонымен, Абай мұрасын танытуға қатысты екі жаңалық тәсілді ортаға салдық. Біріншісі – Абайдың шығармашылығын нақлия және ғақлия деген екі үлкен кезеңге бөлу, екіншісі – ойшылдық эволюциясын саты-сатылап қарастыру. Тәсілдің екеуі де  – заман талабы. Оған сеніміз кәміл. Бұл жағдайда Абай ойының мағынасын ұғынып қабылдау да, қазақтың ой-сана биігін өзге халықтарға таныту жұмысы да жеңілдей түспекші.

Қилы заманның саяси қыспағы тұсында Мұхаң: «Абай ойының, ізденулерінің... саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады» деп келешекке сілтеген еді («Абай Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегі).

Міне, біз ғұламаның осы аманатын хәл-қадіріміз жеткенше орындауға талпындық. Айта өтері, әрбір сатыны растап, бекітуге керекті дәлел, дәйектер шаш-етектен. Бірақ біз оларды түгендеп келтіруді мақсат тұтпадық (мақала көлемі көтермейді, әрі ол өз алдына бөлек ғылыми жұмыс). Біздің мұратымыз – Абайдың ойшылдық эволюциясы ежелгі сопылық ілімнің инсаният кәмәлаты делінетін төрт сатысына сәйкес келетінін анықтау болды. Міне, осы мақсатқа қол жеткіздік деген ойдамын.

Асан Омаров,абайтанушы.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір