Трамп Путинді тәубеге келтіре ала ма?

АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың арзандауы Ресейді Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алады деп есептейді.
"Егер мұнай қатты арзандаса, Путин адам өлтіруін тоқтатады. Егер мұнайдың баррелі тағы 10 долларға арзандаса, онда таңдау да қалмайды, себебі [Ресей] экономикасының ахуалы өте нашар" — деді Трамп CNBC News эфирінде.
Трамп сонымен бірге Ресей мұнайынан бас тартпаған Үндістанға баж салығын едәуір көбейтетінін және Брюссель Америка экономикасы алдындағы міндеттемелерін орындамаса, ЕО-ға 35 пайыздық баж салығын енгізетінін айтты.
5 тамызда Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің қазан айындағы бағасы 68 доллардан төмен түсті. Бұл кейінгі бір аптадағы ең төменгі көрсеткіш. ОПЕК+ елдері қыркүйекте мұнай өндірісі көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, 8 тамызда Ресейден атысты тоқтатуды талап еткен Трамптың Мәскеуге қарсы ультиматумының мерзімі аяқталады. АҚШ президенті талап орындалмаған жағдайда Вашингтон Мәскеуге қарсы санкция енгізетінін ескерткен.
Reuters мәліметінше, Владимир Путин Трамптың талаптарына тіке жауап бермесе де, Вашингтонмен қарым-қатынастың нашарлауының салдарын түсінеді, бірақ әскери мақсатқа басымдық береді.
Қытайдың Ресей мұнайын сатып алуын азайту-азайтпау мәселесі 12 тамызда аяқталуға тиіс АҚШ Қытайдан тек Ресей мұнайын емес, Ираннан келетін мұнай импортына да шектеу қоюды талап етіп отыр. Қазір Иран өз мұнайының 90 пайыздан астамын Қытайға экспорттайды. Ал Ресей болса Қытай мұнай импортының бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр дейді сарапшылар.
Трамп Үндістанға да қысым көрсетіп жатыр. Ресей Украинаға басып кіргелі бері Үндістан мен Қытай Мәскеудің басты мұнай тұтынушыларына айналды. Трамп 4 тамызда Truth Social желісінде Ресей мұнайын сатып алып отырғаны үшін Үндістанға салынатын баж салығын айтарлықтай арттыратынын мәлімдеді.
Қытай мен Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуын тежеу Мәскеу үшін ауыр соққы болмақ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Қытайдың да АҚШ-қа қарсы қолданар тетіктері бар.
Ақ үй қазір Қытайды АҚШ өнімдерін, соның ішінде америкалық технологияларды көбірек сатып алуға және АҚШ энергетикасы мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттыруға шақырып жатыр.
Алайда Қытай сирек металдар саласындағы үстемдігіне сүйеніп, соның өз ыңғайына пайдалануды көздеп отыр. Бұл минералдар электр көліктерінің аккумуляторларынан бастап маңызды қорғаныс технологияларына дейінгі барлық өндірісте қолданылады.
Бұл шілде айында анық байқалды. АҚШ ұшақ қозғалтқыштары мен Nvidia компаниясының H20 дейтін жасанды интеллект чиптерін сатуға қойылған тыйымын жұмсартты, ал Қытай сирек металдар сатылымына қойған шектеулерін алып тастады.
Мұнай импорты жөніндегі қысымды күшейтіп жіберсе, АҚШ пен Қытай арасындағы осы күнге дейін пысықталған келісімдер жоққа шығуы мүмкін.
Abai.kz