Сейсенбі, 19 Тамыз 2025
Алаң 187 0 пікір 19 Тамыз, 2025 сағат 13:58

Рубльдің ырқындағы Қазақстан

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда рубльдің еркін айналымы теңгені тәлтіректетіп, капиталдың елден кетуін күшейтуде деп жазады Ertenmedia.

Белгілі экономист Рахымбек Әбдірахманов Digital Business Finance-қа берген сұхбатында елдегі экономикалық ахуалдың астарына үңіліп, негізгі түйткілдерді талдап берді.

Оның айтуынша, еліміздегі инвестиция ағынының кері көрсеткіші былтыр тарихи рекорд орнатқан.

Елге келген тікелей инвестиция көлемі сыртқа кеткен капиталдан 2,6 миллиард долларға аз болды. Мұндай жағдай тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет тіркелген.

«Инвесторлардың елден кетуіне бірнеше себеп бар. Біріншісі саяси тәуекелдің артуы. Екіншісі макроэкономикалық тұрақсыздық. Үшіншісі және ең маңыздысы санкция астындағы Ресеймен экономикалық байланыстардың тым күшейіп кеткені.

Саяси интеграция туралы сөз қозғамай-ақ қояйын, бірақ экономикалық интеграция қарқынды жүріп жатыр. Оның дәлелі Қазақстандағы жаппай рубльдену процесі.

Ресей валютасы еліміздің қаржы нарығын билеп-төстеп тұр», – дейді экономист.

Әбдірахманов ресейлік компаниялар Қазақстан қор биржасынан (KASE) рубльге доллар сатып алып жатқанын, бұл ішкі нарықта валюта тапшылығын тудырып отырғанын атап өтті.

«Ресей компаниялары биржадан рубльге жаппай доллар сатып алуда. Осылайша елдегі валютаға сұраныс артып, оның қоры азайып жатыр. Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұру үшін өзінің валюта қорын жұмсауға мәжбүр. Осыдан соң нарықта артық теңге айналымға шығып, қаржы жүйесінде теңгерімсіздік пайда болады. Жүйеде жиналған рубль санкциялық қауіп төндіреді», – деді сарапшы.

Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы Қазақстан экономикасындағы рубль айналымы 174 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге жеткен.

Рубль айналымының көлемі қазақтар күнделікті қолма-қол ұстап, сауда-саттықта қолданып жүрген теңге көлемінен екі есе асып кеткен.

«Рубль бағамының күрт өзгеруі де инвесторларды үркітіп жатыр. Былтыр Ресей валютасы бір доллар үшін 70-110 рубль аралығында құбылып тұрды. Осындай жағдайда қай инвестор тәуекелге барады?» – деді ол.

Ұлттық банк неге валюта сатады?

Экономистің айтуынша, былтыр Қазақстанға Еуразиялық одақтан тыс елдерден 70,6 млрд доллар валюта кірген. Бірақ қаржының көп бөлігі қайтадан сыртқа кеткен.

«Оның 40 миллиарды импортқа жұмсалды. 17,1 миллиард долларды шетелдік инвесторлар өз табысы ретінде елден шығарды. Тағы 13,75 миллиард доллар Қытаймен шекарадағы контрабанда арқылы шыққан капитал (бұл мәліметті Мәжіліс депутаты Ерлан Бейсенбаев жариялады). Бұдан бөлек, криптовалютаға шамамен 15 миллиард доллар кеткенін Ұлттық банк ресми түрде хабарлады», – деді сарапшы.

Әбдірахмановтың сөзінше, криптовалютаға кеткен қаражат ел экономикасына қайта оралмайды. Сондай-ақ халық та доллар мен еуроны жаппай сатып алып, ақшасын экономикалық айналымнан шығарып жатыр.

«Осы факторлардың бәрі валюталық тапшылықты туғызды. Ұлттық банк нарыққа валюта интервенциясын жүргізуге мәжбүр болды. Былтыр бұл көлем 6 триллион теңгеге жетті. Ресми түрде Ұлттық қордың трансферттері бюджет тапшылығын жабу үшін қажет шара. Іс жүзінде теңгенің құнсыздануына жол бермеу үшін жасалған қадам. Егер мұндай интервенция болмаса, доллар бағамы бұдан да қымбат болар еді», – дейді Әбдірахманов.

Валютаны қалай көбейтеміз?

Сарапшының айтуынша, теңге бағамын тұрақтандырудың бір ғана жолы бар: елге кіретін валюта көлемі шығатын қаржыдан көп болуы тиіс.

«Қазақстан былтыр 70 млрд доллар экспорттық табыс тапты. Оның 90 пайызы мұнай-газ, металл мен ауылшаруашылық өнімінен келді. Бірақ қазір шикізат өндірісі шегіне жетті. Оның экспортын көбейту мүмкін емес. Инвесторлар салаға қызығушылық танытпай отыр. Сондықтан Қазақстанға жылына қосымша 30-40 миллиард доллар валюта әкелетін жаңа өндірістер керек. Шикізат емес, заманауи технологиямен дайындалатын өнім болуы қажет», – деді ол.

Әбдірахманов Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігі ұзақ мерзімді тоқырауға әкелетінін ескертіп отыр.

Ұлттық қордың түбі көріне ме?

Экономистің пікірінше, Ұлттық қордың есебінен бюджет тапшылығын жабу моделі тұрақсыз және ұзақ мерзімде мүмкін емес.

«2008 жылдан бері Ұлттық қордан ақша алу жалғасып келеді. Мысалы, 2017 жылы 4,4 млрд доллар, 2018 жылы 2,6 млрд, 2019 жылы 3,3 млрд, 2020 жылы 4,7 млрд, 2021 жылы 4,5 млрд, 2022 жылы 4,6 млрд доллар алынған. Былтыр бюджеттің жартысы, яғни 6,2 триллион теңгесі Ұлттық қордан қаржыландырылды. Бұл тәжірибе жалғаса берсе, қордың түбі көрінеді», – деді ол.

Мұнай бағасы төмендесе не болады?

Сарапшы алдағы он-он бес жылда мұнай бағасы барреліне 15 долларға дейін түсуі мүмкін екенін айтты.

«Электр көліктерінің саны көбейіп, жанармаймен жүретін көліктер азаяды. Мұнайға сұраныс кемісе, баға төмендейді. Егер мұнай бағасы 40-50 доллар аралығында болса, Ұлттық қордың қаражаты небәрі екі-үш жылға ғана жетуі мүмкін. Бұл өте үлкен қауіп», – деп түйіндеді экономист.

Abai.kz

0 пікір