Путинді тізерлетудің жалғыз жолы - күш!

Трамптың тыраш әрекеттері тығырыққа тірелді: Путин бәріне «жоқ» деді...
Апта басында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тез арада бейбіт жолмен тоқтата алатынын айтқан еді. Алайда бірнеше күннен соң ол райынан қайтып, Киев Ресей аумағына соққы жасамайынша соғыста жеңіске жете алмайтынын мәлімдеді. The Wall Street Journal жазғандай, бұл Трамптың дипломатиялық бастамасына қатысты бастапқы оптимизмінің сөнгенін көрсетеді.
Трамптың Владимир Путин мен Владимир Зеленскийді бір үстел басына отырғызу жоспары да жүзеге аспай қалды. Тіпті Батыс бітімгерлерін Украинаға жіберу туралы ұсынысқа да Кремль үзілді-кесілді қарсы болды.
WSJ дерегінше, сәтсіздіктің себебі – тараптардың көзқарасындағы түбегейлі айырмашылықтар. Сарапшылар Трамптың импровизацияға бейім екенін, жеке қарым-қатынасқа сенетінін айтса, Путин әрдайым қарсыласын алдауға тырысатынын және тек өз дегенімен жүретінін атап өтеді. «Трамп соғысты тезірек тоқтатқысы келеді, ал Путин келіссөзді созып, ұрыс алаңында артықшылық алуға үміттенеді», – деп жазады басылым.
Кей сарапшылар Трамптың соңғы мәлімдемесін Украинаға Ресейге соққы жасауға шақырудан гөрі қысым тетігін қайта қалпына келтіру амалы ретінде бағалап отыр. АҚШ-тың Ресей мен НАТО-дағы бұрынғы елшісі Александр Вершбоу: «Бұл – Трамптың басты әлсіздігін түсінгені. Егер әскери қолдау болмаса, кез келген стратегия бос сөз болып қалады», – дейді.
Фиона Хилл, Трамп тұсында Ақ үйдің Ресей бойынша аға директоры болған, оның Путинмен және Еуропа көшбасшыларымен кездесулері үдерісті шатастырып жібергенін айтады. «Қазір бәрі, соның ішінде Путин де, Трампты басқаруға тырысып жатыр. Ресейліктер дипломатиялық терминдерді өз мағынасында қолданады, ал Трамп оның мәнін толық түсінбейді. Путин оны әдейі иландырған болуы мүмкін», – дейді ол.
АҚШ-тың Украина бойынша бұрынғы арнайы өкілі Курт Волкер де пессимистік пікір білдірді: «Алға жылжу жоқ. Біз екі апта бұрын да, жарты жыл бұрын да осындай күйде болғанбыз. Келісім болмайды. Путин ешқашан келіспейді», – деді ол.
Соған қарамастан, Трамп Путин мен Зеленскийдің жеке кездесуін ұйымдастыруға тырысуда. Ақ үй келісімін берсе де, Кремльдің бұған дайын екеніне сенім аз. ABC News жазғандай, тіпті үшжақты кездесу өткізу – өзі бір дипломатиялық жетістік болар еді. Бірақ қираған ел мен мыңдаған құрбанды ескерсек, жалғыз ресми диалог жеткіліксіз.
Ресей ресми өкілдері бұл мүмкіндікті салқын қабылдап отыр. Киев мұны Путиннің диалогқа ниеті жоқтығының айқын белгісі ретінде көреді. Украина үкіметіне жақын дереккөздің айтуынша, «Путин бәріне «жоқ» деп отыр».
«Біз үнемі «иә» деп, сындарлы қадамдар жасадық. Трампқа да бейбітшілікті қалайтынымызды көрсеттік. Бірақ Путинді келіссөзге көндірудің жалғыз жолы – күш. АҚШ пен Батыс қатал қысым жасамайынша, ешқандай кездесу нәтиже бермейді», – дейді ол.
Abai.kz