Сейсенбі, 2 Қыркүйек 2025
Дін 311 0 пікір 2 Қыркүйек, 2025 сағат 13:30

Қазаққа қандай дін керек?

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Рух-әруақты қайтсек белсенді күшке айналдыра аламыз?

Осы күнге дейін адам баласы бір сұраққа әлі дұрыс жауап таба алған жоқ. Ол – Рух-әруаққа қатысты мәселе. Алайда, Қазақ үшін бұл оншалықты қиын сұрақ емес болатын. Олай болатыны қазақтың дәстүрлі діни танымы рух-әруақпен тығыз байланыста қалыптасты. Қазақтың діни танымы Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол негізінде қалыптасқандықтан, Рух-әруақ қазақ үшін  діни танымының негізгі өзегі болып табылады. Алайда, соңғы 30 жыл көлемінде сырттан келген уаххабилік-салафилік ағым тарапынан Рухқа қарсы жасалған шабуылдар халықтың санасында түрлі ой-пікірлердің қалыптасуына ықпал етті. «Рух-әруақ десе Аллаға серік қосу» деп есептейтін уаххабилер халықтың санасына өз танымдарын күштеп енгізді десе болады. Бұл ұдеріске қазақтың дәстүрлі діні болып табылатын Йасауи жолы өкілдері тарапынан қарсылық көрсетілгенімен, олар қуғынға салынып, басшылары түрмеге ұзақ жылдарға сотталғанын халық ұмыта қойған жоқ.  ҚМДБ уаххаблік-салафилік бағыт ықпалында болғандықтан Республика көлеміндегі мешіттерде Рух-әруаққа қарсылық, бұрынғыдай ашық болмаса да, әлі күнге жалғасып келеді. Сондай әрекеттердің салдарынан халықтың санасынан Рух-әруаққа қатысты таным түсінік шайылып барады. Қазіргі күні мешітке барып, уағыз тыңдап жүрген халықтың санасында Рух-әруаққа қатысты халықтың түсінігі теріс немесе екіұшты десе болады. Оның үстіне ҚМДБ мамандарының қазақтың дәстүрлі дінінен хабарсыздығы және уаххабилік-салафилік ықпалдың басымдығынан қазақ халқының Рух-әруаққа қатысты салт-дәстүріне қарсы шығып, оларды шама келгенше қолданыстан шығаруға әрекет жасалуда. Мұның түбі қазақ халқының сегіз жүз жылдан бері қалыптасып қалған діни танымы негіздерін халық санасынан сылып тастауға бағытталған әрекет екендігін ҚМДБ мамандары түсінбейді деп айта алмаймыз. Түсінеді, сөйте тұра қазақтың таным түсінігін қалайда өзгерту бағытындағы әрекеттерін тоқтатын ниеттері жоқ. Мақсаттары қалайда қазақ халқын дәстүрлі діни таным негіздерінен айыру. Сылтаулары халық кісі қайтыс болғанда дәстүрлі жол-жоралғыларды атқару барысында көп шығынға ұшырап жатыр. Содан біз халықты сақтандыруымыз керек және қазақтың бұл дәстүрлері шариғатқа қайшы деген уәждерін айтады. Сонда жүздеген жылдар бойы осы салт-дәстүрді ұстанып келген қазақтың ата-бабасы ақымақ болғаны ма? Оған бас ауыртып жатқан дін қызметкерлерін көрмедім. Керісінше, соңғы жылдары қазақтың кісі қайтқанда ұстанатын жол-жоралғыларының біразы қолданыстан біртіндеп шыға бастағанының да куәсі болып жүрміз.

Бұл жағдай халықтың белгілі бір бөлігінің наразылығын туғызып, жалпы ислам дініне деген теріс көзқарастың қалыптасып келе жатқаны шындық. Халықтың осындай наразылығын өз пайдасына шешуді мақсат еткен өздерін «тәңіршілерміз» деп атайтын қолдан жасалған діни ағым қазақ руханиатының «жанашыры» ретінде аренаға  шықты. Бұл «тәңіршілер» уаххабилік-салафилік ағым ықпалына тікелей қарсы тұра алатын бағыт ретінде өздерін жарнамалап бағуда. Ең бастысы уаххабилік-салафилік ағым жоққа шығарған қазақтың салт-дәстүрі мен Рух-әруаққа қатысты ұстанымын қорғауды «тәңіршілдер» өздерінің уағыздарының негізгі өзегі етіп алды.  Бұлар енді уаххабилік-салафилік бағытқа емес, жалпы ислам дініне қарсы шығып, халықты бір мың екі жүз елу жылдан бері ұстанып келе жатқан дінінен бас тартқызып, ислам діні түркілер арасына келгенге дейінгі кезеңге бір-ақ сырғытпақ. Олардың айтуынша сонда ғана қазақ халқы нағыз рухани тәуелсіз халыққа айналады-мыс. Олардың мақсаты 1250 жылдан бері ислам діні аясында дүниеге келген рухани құндылықтардан бас тартқызып, халықты рухсыз тобырға айналдыру.   Бұл жерде мынадай бір қызық  заңдылықты байқауға болады. Уаххабилік-салафилік бағыт өкілдері қазақтың дәсүрлі діні Йасауи жолынан бас тартқызу мақсатында қолдарынан келгеннің бәрін жасап еді, енді «тәңіршілер» келіп, жалпы ислам дінінен бас тартқызу үшін қолдарынан келгенінің бәрін жасап жатыр. Бұл уаххабилік-салафилік ағым өкілдері де, өздерін «тәңіршілерміз» деп жүрген белсенділер де бір мақсатқа қызмет етіп жатқан, қазақтың арасына жік салып, өзара жауластыруды мақсат еткен екі топтың әрекеті деп түсінуіміз керек. Олай деп тұжырым жасауға себеп болған мына өздерін «тәңіршілерміз» деп жүргендердің «тәңір» дінін американдық миллиардер Джорж Соростың қаржылай қолдауымен қолдан жасап шыққан марқұм журналист Әуезхан Қодар бастаған топ болатын. Кезінде олар «Тамыр» атты журнал да шығарды. Ал, уаххабилік ағымды дүниеге келтірген ағылшын тыңшысы Хемфердің қолдауымен Мұхаммед Абдалуаххаб Нажди болатын. Сол ағым дүниеге келгелі Ислам әлемінде тыныштық жоқ. Қанды қырғыннан көз ашпай келе жатыр. Енді міне біздің Отанымыз Қазақстанға да ауыз салды. Қазақстанда уаххабилік-салафилік ағымға қарсы тұру миссиясы қолдан жасалып, псевдо-дін статусына ие болған «тәңіршілерге» жүктеліп отыр. Жоспар бойынша осы екі ағым арасында болашақта қақтығыс болуы тиіс. Өзара қырқысып, қырылып жатқан халықты тонау да, талау да оңай. Біз оны Таяу Шығыс елдеріндегі оқиғалардан көріп отырмыз. Демек, біз күн санап, қатерлі шепке жақындап келеміз. Бұл біздің еліміздің Батыстың сұрқия  саясатының қармағына ілікенінің айқын дәлелі десек болады.

Бұл елімізге төніп келе жатқан осы қатерден құтылудың мүмкіндігі бар ма? Бар. Ол қазақ халқын өзінің дәстүрлі діні-Йасауи жолына қарай бет бұрғызып, Йасауи жолын мемлекеттік идеология деңгейіне көтеру. Басқа жол жоқ. Егерде біз уаххабилік-салафилік бағыттың да,  «псевдо-тәңіршілердің» де сенім негіздерінің ешқандай сын көтермейтінін дәлелдеп бере алсақ, онда халықтың бетін кері дәстүрлі дінімізге қарай бет бұрғызуға мүмкіндік туады.

Ендігі кезекте жоғарыда аттары аталған ағымдардың негіздеріне қысқаша талдау жасап, олардың шынайы бет-бейнесін ашып көрсетуге күш салып көрелік. Мысалы, уаххабилік жолдың ұстанған сенім жүйесі Құран негіздеріне сай келмейтінін дәлелдеп беру оншалықты қиын емес. Олардың бір ғана Рух-әруақты жоққа шығаруы олардың ислам негіздеріне қарсы екендіктерін көрсетеді. Рух десе, Аллаға серік қосу деп есептейтін уаххабилердің адам баласының Рухсыз өмір сүре алмайтынымен жұмыстары жоқ. Олардың ойынша адамның материалдық болмысы адам болмысындағы негізгі компонент, Рух болса, уақытша берілетін нәрсе. Келді-кетті. Сондықтан Рухтың адам өмірінде маңызы жоқ есепті. Оның үстіне олар Рух туралы Алла Тағала түсіндіріп ештеңе айтпаған деп есептейді де, Құран Кәрімнің «Исра» сүресіндегі 85 аятқа сүйенеді. Ол аятта:  (Ей, Мұхаммед) Олар сенен Рухтың не екенін сұрайды. (Сен оларға) Рух Раббының құзырындағы іс», - деп айт. Сендерге ол жөнінде аз мәлімет берілген.» Құран Кәрімнің бұл аяты ислам дінінің алғашқы кезеңінде түскендіктен, Мұхаммед пайғамбарға Рух мәселесін яхудилерге түсіндіру қиын болатыны еске алынып, осы аят түсірілген болатын. Олар осы аятқа сүйеніп, жалпы рухқа, адамның рухани болмысына қарсы шығуда. Олардың бұл ұстанымын ары қарай бекітуіне Құран Кәрімнің «Фатыр» сүресіндегі «Егер оларға жалбарынсаңдар - дауыстарыңды естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ, Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Аллаһтай сендерге ешкім түсіндірмейді» деген аят та олардың Рухқа қатысты ұстанымдарының дұрыстығын дәлелдейтінін естен шығармауымыз керек. Оның себебі, ол кезеңде Рух-әруақ әлі белсенді күшке айналмаған болатын. Сондықтан   «Фатыр» сүресінің бұл аяты X11-ғасырға дейін дұрыс болып келді. (Қожа Ахмт Йасауи дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтергеннен кейін бұл аят өзінің қуатын жоғалтты. Діннің тариқат деңгейіне көтерілуі Рухтың белсенді күшке айналуына мүмкіндік берді.) Алайда, Құран Кәрімде Рухқа қатысты басқа аяттар жеткілікті. «Сад» сүресінің 72 аятында аятта «Оны жаратып, (бейнесін келтіріп, дене мүшелерін толықтап, кемел адам етіп) оған рухымнан үрлеп жан салған соң, оған сәжде қылыңдар»  деді». Бұл аят Рухтың Алла Тағаланың адам баласына берген өзінің аманаты екендігін дәлелдейді. Демек, «Рухты Аллаға серік қосу» деп дәлелдеу Алла Тағаланың құдіретіне шәк келтіру және Рухтың адам болмысындағы мәнін түсінбеу болып табылады. Уаххабилердің Рухты Аллаға серік қосу деген түсінігі олардың Рухтың құдіретін тануға мүмкіндік бермеді. Мысалы уаххабилерде Рух қабаттары туралы таным-түсінік мүлде жоқ. Рухтың жеті қабаттан тұратыны, оның әр қабаты адам санасының белгілі бір деңгейіне жауап беретінін мүлде түсінбейді. Осы себептен де қазіргі кезеңде әлемдік ғылымда мұсылмандардың үлес салмағы өте төмен немесе жоқ деуге болады. Қазіргі адам баласы жеті қабат Рухтың үш қабатын ғана пайдаланып отыр. Олар: исму-л йақин, расму-л йақин, ʻилму-л йақин деп аталады. Алғашқы екі сатысы жалпы барлық жанды жаратылысқа ортақ. Ал, ʻилму-л йақин адам баласына арнайы берілген дәреже. Осы ʻилму-л йақин дәрежесін беру арқылы Алла Тағала адам баласын өзге мақлуқатқа билігін жүргізе алатын деңгейге көтерді  және жаратылған нәрселерден өзіне қажетті құрал-жабдықты, материалдық дүниені жасап алатын деңгей берді. Осы деңгейге көтерілген адам баласы қазіргі күні ғылымның көптеген салаларында жаңалықтар ашып, қазіргі адамзат баласы пайдаланып отырған игіліктерге қол жеткізіп отыр. Ал, Рухты Аллаға серік қосу деп білетін уаххабилік бағыт соңына ергендер көп жағдайда үшінші сатыдан екінші сатыға төмендеп, хайуани болмыс деңгейіне түсіп кеткен жайы бар. Сондықтан ол бағыттың соңына ергендердің көпшілігі айтылған сөздің мәнін түсіне бермейді. Ең бастысы уаххабилік идеология соңына ергендер шариғат амалдарын толық орындасақ болды, біз Құдайдың алдындағы борышымызды толық өтедік деп біледі. Алайда, олардың бұл ұстанымы Құран Кәрім талаптарына сай келе бермейтінімен жұмыстары жоқ. Мысалы, Құранның «Аср» сүресіндегі қойылған талаптарды ескере бермейді. «Аср» сүресінде адам баласына мынадай талаптар қойылады: 1. Ғасырмен ант! Иман келтіріп, ізгі істер істеген, бір-біріне ақиқатты, сабыр-тақатты өсиеттеген адамдардан басқаның барлығы зиян тартады» Бұл сүреде Алла Тағалаға иман келтіріп, ізгі амал жасағандар мен ақиқатпен өмір сүріп, сабырлы болғандардан басқалардың барлығы зиянда деп ескертеді. Ал осы сүрені Абай атамыз былайша тәпсірлейді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жол осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.
Ойландағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – Хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар,
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төрті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс. «Аср» сүресіндегі талап пен Абай атамыздың «Аср» сүресіне жасаған тәпсірі Исламдағы басты талаптың не екенін айқын көрсетіп тұр. Демек, уаххабилік бағыттың намаз ғибадатын барлық тағат-ғибадаттың алдына шығаруы Ислам дінінің негізгі талаптарына сай келмейді. Дінде иман келтірмей тұрып, намаз оқуға болмайды. Уаххабилік бағыт талабы бойынша иман негізгі мәселе емес, намаз оқысаң болды, барлық күнәларың кешіріледі деп есептейді. Ал, уаххабиліктің бұл ұстанымы Ислам дінінің негізгі талабына қайшы екендігін ескермейді.

Ендігі кезекте салафилер туралы қысқаша тоқталып өтелік. Ол үшін алдымен Мұхаммед пайғамбар қайтыс болағаннан кейінгі кезеңге қысқаша қысқаша шолу жасап өтелік. Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін Ислам діні екі топқа бөлінді. Біріншісі, арабтың салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі ислам шариғатының негізі деп таныған топ еді. Олар Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыс Мұхаммед Пайғамбардың дүниеден өтуімен толығымен үзілді. Енді біз сол Пайғамбар тірі кезінде қалыптасқан шариғатты сақтап қалуымыз керек және ислам діні осы негізде әлемге таралуға тиіс деген ұстанымда болды. Бұл бағыт кейіннен Ахл ал-Хадис деп атала бастады. Қазіргі өздерін салафилерміз деп жүрген бағыттың негізі осы кезеңде қалыптасқан болатын. Мағынасы алғашқылар дегенді білдіреді. Бұл ағым ислам дінінің алғашқы кезіндегі қалпын сақтап қалуды мақсат етеді. Біз сонда ғана ислам дінін таза сақтай аламыз деп есептейді. Олар ислам дінін қабылдау арабтың рухани-мәдени болмысын толығымен қабылдау деп біледі. Демек, салафилердің түпкі  мақсаты кез-келген халықты арабтандыру. Сол кезеңдерде Таяу Шығыстағы халықтар өздерінің рухани-мәдени болмысынан толығымен бас тартып, арабтың тілі мен мәдениетін қабылдады.  Мұның соңы X-X1-ғасырларға келгенде ислам дінінің толығмен құлдырап, рухани дағдарысқа түсуіне ықпал етумен аяқталған болатын.

Ал, екінші топ болса, олардың бұл ұстанымымен келіскен жоқ. Ең бастысы Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыс үзілген жоқ және ары қарай жалғасуда деп есептеді. Сонымен бірге, ол топ ислам дінін қабылдаған халықтардың араб болуы міндет емес, Ислам дініндегі иман негіздерін қабыл етсе мұсылман деп есептеді. Олар өздерінің бұл ұстанымдарын Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің 48 аятына сүйене отырып, дәлелдеді. Ол сүреде «Ей,мұсылмандар, әр біріңе бір шариғат бір жол бердік. Алла қаласа, барлығыңды бір үмбет етіп жасар еді,»- деп жазылған. Демек, жер бітіндегі әрбір халық өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен рухан-мәдени болмысын  сақтап қалуға міндетті. Бұл топ өздерін «Ахл ар-Рай» тобы деп атады. Алашқы кезеңде бұл екі топ арасындағы тіке-тірес кезең-кезеңімен жүріп отырды. Ахл ал-Хадис өкілдерінің саясатымен келіспеген Ахл ар-Рай тобының өкілдері-сахабалар Хазіреті Омар халифа кезеңнің өзінде Халифат шеңберінен шығып, Түркістан жеріне қарай ауа бастады. Бұл оқиғаның тарихи негізі барлығын біз Мұхаммед Пайғамбар сахабаларының Түркістан маңында жерленуінен көреміз. Ал, хиджраның 150 жылы Ахл ал-Рай өкілдері толығымен Түркістан жеріне келді. Олар өздерімен бірге Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты ала келді. Тарихтағы Исхақ баб бастаған бабтардың Түркістан жеріне келуі (Баб сөзінің түпкі мағынасы Рухани әлемге есік ашушы деген мағына береді.)Түркістан жеріндегі күрделі де түбегейлі өзгерістерге себеп болды. Алғашқы Түркі-ислам мемлекеттері тарих саханасына шықты. Ислам дінінің негізгі ғылыми бағыты Түркістан  жерінде дамып, қалыптасты. Абу Насыр ал-Фараби сияқты ғалымдар Ислам ғылымын дамытты. Оның ашқан басты жаңалығы «илми-л хикма» деп аталды. Ол Алланы танудың рационалдық жолы еді. Ол тарих «Насаб-нама» нұсқаларында толығымен баяндалған. «Ахл ар-Рай» өкілдерінің бұл ұстанымы түркі халықтары арасында тез таралып, жетекші рухани күшке айналуына мүмкіндік берді. Сол кезеңдегі Түркістан жеріне келген рухани бағыт Абу Ханифа Нұғман бин Сабит негізін қалаған Ханафи мазхабы болатын. Бұл бағыт жергілікті халықтың рухани қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ете алды деп айтуға болады. Алайда, X-ғасыр ортасында Қарахандық билеуші Сатух Бұғра хан Абд ал-Каримнің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдауы Түркістан жеріндегі ислам дінінің негізгі даму бағытын түбегейлі өзгертті. Дін рухани қуат болудан қалып, қоғамдық қатынастарды реттейтін қағидалар жиынтығына айналды. Мұхаммед пайғамбармен Рухани әлемнен бірге келген рухани қуат сарқылып, Рухани  әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс толығымен үзілді. Адам баласы материалдық дүниенің соңына кетіп, азғындыққа бет алды. Бұл бір мұсылман халықтарын емес, бүкіл адамзат баласына басына түскен нәубет болды. Адамзат баласының басына ақырзаман апаты төнді. Міне, осы бір шешуші кезеңде Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатуы адамзатты ақырзаман апатынан аман алып қалған болатын.

Міне, осы кезінде бүкіл Ислам әлемін азғындыққа түсірген салафилік бағыт бүгінгі күні елімізге қайта келіп, уаххабилік-салафилік деген ат алып, еліміздегі негізгі діни бағыт ретінде әрекетін жасап жатыр. Бұл ағымды сондай дәрежеге көтеріп, ықпалды күшке айналдырып, қаржыландырып отырған Батыстың Қазақ елін рухани азғындыққа түсіріп, ыдыратуды мақсат еткен ықпалды топтары. Уаххаби-салафилердің ұстанымы бойынша қазақтың дәстүрі мен мәдениетінің түкке қажеті жоқ. Бидғат. Таза мұсылман болу үшін бар қазақ өзінің дәстүрі мен мәдениетінен бас тартып, арабтың дәстүрі мен мәденитін, тілін қабылдауы керек. Сонда ғана таза мұсылман болады. Басқаша айтқанда бұл ағым сол X-ғасырға  дейінгі Ахл ал-Хадис ұстанымын қайта жаңғыртып отыр. Мазхаб деген болмайды, болуы мүмкін емес, бидғат.  Ал, рух-әруақ туралы айту тіпті мүмкін емес. Бұлардың белсенді әрекеттері халықты дәстүрлі дүниетанымы мен рухани болмысынан ажыратып, бағыт-бағдарсыз тобырға айналдыруда. Бұлардың соңына ерген жандар үшін ел мен жердің киелілігі, Отан деген ұғымдардың көк тиындық құны жоқ. Мақсаттары адамды адами болмыстан ажыратып, биороботқа айналдыру. Уаххабилік-салафилік ағым соңына ергендерде обал-сауап, жақсылық пен жамандық деген түсінік жоқ. Оның зардабын қазіргі күні бар қазақ тартып жатыр. Солардың сөзіне еріп, басына орамал салып, «мұсылман» болған қазақ қыздары бір емес, бірнеше күйеуге тиіп, баланы кімнен тапқанын білмейтін дәрежеге жетіп отыр. Сонда олардың санасында мына қызға обал болды-ау деген аяушылық  сезім жоқ. Олар өз мақсаттарына жетсе болды, ары қарай оларды қызықтырмайды. Жақында ғана әлеуметтік желілерде бір мешіт қызметкерінің уақытша некемен бір күн әйел болуды ұсынғанын бір қыз әшкерелеп, жариялады. Сонда сол қыздың жанайқайына кім құлақ асты? Рас, әлі уаххаби-салафилердің уағызына уланбаған жандар өз пікірлерін білдіріп жатты. Ал, уланғандар болса, әшкерелеген қыздың өзін кінәлады. Бұл уаххабилік-салафилік ағым адамды адами болмысынан ажыратып, хайуани болмыс жетегінде кететін тобырға айналдыратынын түсінетін кез келгенін көрсетеді. Сонда да біздің мемлекет уаххабилік-салафилік бағытты ауыздықтауға шамасы келмей отыр. Оның себебі уаххаби-салафилердің тірегі Батыс елдерінің қолында, олардың мүддесін солар қорғайды. Керек десе 2022 жылғы қаңтар қырғынының қозғаушы күші осы уаххабилік-салафилік ағым болғандығын мемлекет те, жай халық та біледі. Бірақ, сол қанды қырғынды ұйымдастырған осылар деп айтуға мемлекеттің де, халықтың да духы жетпеді. Сонда оларды қайтіп тоқтатуға болады?

Міне, уаххаби-салафилердің бұл жүгенсіз әрекеттеріне қарсы тұратын белсенді күш ретінде күрес алаңына шыққан «тәңіршілер» атты қозғалыс болып отыр.  Бұл «тәңіршілердің» де түбі шикі, қолдан жасалған ағым екендігін жоғарыда айтып өттік. Олардың мақсаты – уаххаби-салафилерден де сорақы. Қазақты жалпы ислам дінінен бездіріп, дінсіз тобырға айналдыру. Ислам дінін қабылдағалы қалыптасқан қазақтың баға жетпес рухани-мәдени құндылықтары бар. Солардан баз кешіп, бір әруақты рухани тірек етіп, өмір сүруге тиіс-піс. Рух-әруақтың жайдан-жай адам баласына жәрдем бере алатын қуатты күш бола алмайтынын олар сезіне алмайды. Ол үшін адам көзі тірісінде Рухани әлемге ұласқан, өлген рухын тірілтіп, белсенді күшке айналдырған тұлға болу керек. Сонда ғана дүниеден өткен кісінің Рухы белсенді күшке айналады. Олар – Алланың достары-әулиелер. Олар үшін екі дүние бір қадам. Құран Кәрімде ол туралы арнайы аят бар. Ол аятта «Әулиелерді ешқашан өлдіге санамаңдар. Олар – мәңгі тірі»- дейді. Сондай кісілердің ғана Рухтары-әруақтары жәрдем бере алады. Өкінішке орай, бұл айтылғандардың бірінен хабары жоқ, арақ үшіп, доңыздың етін жеп жүрген «тәңіршілер» жетекшілерінің айтқан қисынсыз ертегілеріне сеніп, солардың соңына ерген біздің заманадастарымыздың ақыл-парасатының таяздығына таң қалмасқа шараң жоқ. Мені таң қалдыратыны сол «тәңіршілердің» соңына ергендердің көпшілігі зиялы қауым өкілдері екендігі. Әсіресе, философтардың үлес салмағының басымдығы байқалады. Сонда ғасырлар бойына жинақталған қазақтың рухани мұраларындағы руханиатқа қатысты мысалдардың сол жазылған мақалалар мен қорғалған диссертациялық еңбектерде қарастырылмауы, солардың арасынан қазақтың рухани болмысын қорғауға жарарлық бір маманның табылмауы қазақ философия ғылымы үшін үлкен сын. Уаххаби-салафилердің қазақтың рухани болмысын талқандап, халықты биоробтқа айналдырып жатқаны рас. Бірақ, ақылы бар адам, уаххаби-салафилердің ислам дініне қатысы шамалы екендігін түсіну қиын да шаруа емес қой. Қазақтың дәстүрлі діні деген құдірет бар. Оның құдіретін халықтың жүрегіне жеткізе айтқан Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Балмағамбет, Майлықожа, Мәделіқожа, Базар жырау т.б. жүздеген, мыңдаған тұлғалар бар. Сыр сүлейлері, Маңғыстау жыраулары сияқты таусылмас қазына бар. Солардан қалған рухани мұраларда Ислам дініне, Мұхаммед пайғамбарға, Құранға қарсы айтылған бір ауыз сөз жоқ. Осы мысалдар қолдан жасалып, қазақ арасына жік салып отырған «тәңіршілдік» соңына ерген «зиялы қауым» өкілдеріне неге ой салмайды? Жақында «ФБ»-да өзін тәңіршімін деп есептейтін қазақ қоғамына белгілі тұлға Ерлан Төлеутай мырза Женифер Лопестің концертінің Абай тойымен қатар жоспарланғанына наразылық танытып, пост жазыпты. Дұрыс. Бірақ, сол Абайға, Абайдың рухани іліміне қарсы шығып отырған өзі емес пе еді? «Алланың сөзі де рас, өзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас»- деген Абайды, ислам дінін жоққа шығарып отырған Ерлан мырзаның қорғауы қалай? Әрине, айта берсе сөз көп. Мәселеннің тоқ етеріне көшкен дұрыс. «Тәңіршілердің» мына ұстанған бағыты қазақты құрдымға апаратын жол. Батыс рухани экспансиясының технологтарының да көздегені де осы. Қазақты ғасырлар бойы қалыптасқан рухани желісінен адастырып, тобырға айналдыру. Осы мақсатқа жету үшін Сорос Әуезхан Қодарға қаржы беріп, «тәңіршілдік» деген қойыртпақты қолдан жасатты. Енді келіп, осы қойыртпақ қаншама қазақтың адасуына себеп болып отыр. Бұл біздің мақаланың басында айтылған «тәңіршілердің» де уаххаби-салафилердің түпкі мақсаты қазақты өзінің рухани-мәдени  болмысынан ажыратып, рухсыз тобырға, биороботқа айналдыру деген тұжырымымыздың дұрыстығын дәлелдейді.

Ендігі кезекте «қазақты осы тығырықтан алып шығатын жол бар ма?»-деген сұрақ төңрегінде сөз қозғап көрелік. Бар. Ол қазақтың дәстүрлі діні – Йасауи жолы-йасауийа тариқаты. Кезінде бұл жол барлық діндер жалпы адамзат баласы тығырыққа тіреліп, Рухани әлемнен байланысы үзіліп, рухани азғындыққа ұшыраған  кезде тарих сахнасына шығып, адамзат баласын ары қарай өмір сүруге мүмкіндік алып берген жол болатын. Егерде сол X1-X11-ғасырларда Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлға Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатпағанда адамзат баласы осы күнге дейін өмір сүрмеген болар еді. Ақырзаман апатына сол X1I1-X1V- ғасырларда ұшырап, өмір сүруін тоқтатқан болар еді. Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтіріп қана қоймай, сол байланысты үнемі жалғастырып тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Соның арқасында адамзат баласы әлі өмір сүріп келе жатыр. Осы жерде Қожа Ахмет Йасауиге дейін Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс қалай болып келіп еді деген заңды сұрақ туады. Адамзат жаралғалы Йасауи бабамызға дейінгі аралықта Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланысты пайғамбарлар жалғастырып келді. Мұхаммед пайғамбар соңғы және ақырдың Пайғамбары. Ол кісіден кейін пайғамбар келмейді. Мұхаммед пайғамбармен келіп, Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланысты жалғастырып тұрған рухани қуат төрт жүз жылдан кейін сарқылды. Одан ары қарай Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс үзілді. Рухани әлемнен келіп тұрған қуат сарқылған соң адамзат қоғамы азғындыққа ұшырады. Адам баласы материалдық байлық соңына түсіп, руханиат қажет болмай қалды. Бұл кезеңді Қожа Ахмет Йасауи атамыз былай сипаттайды:

Ораза, намаз, иман ислам қолдан кетті,
Күннен күн бетер деген хадис жетті.
Пайғамбар айтқандары келіп жетті,
Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,
Көріп, біліп өздерін отқа атты.
Өздері амал қылмай халыққа ілім үйретті,
Дүние үшін исламды сатты көргін. (101) Қожа Ахмет Йасауи атамыз адамзат баласы азғындап, рухани тоқырауға түскенін осылай сипаттады. Ол кісі сол кезеңдегі адам басындағы басты проблеманың не екенін түсінді және азғындықтан аман алып шығудың жолын іздеді. Ол – Рухани әлемнен қол үзген адам рухының азғындауы еді. Ол бұл туралы «Хикметінде» былай дейді:

Хикмат бірлан әууал адам дін бар айлады,
Он сегіз мың қамуғ алам қайран ерур.
«Қалу бәла» деген құллар улуш алды,
Сакут еткан құллар діні ойран болур.

Хақ тағала иман ата қылды бізга,
Әууал Мұстафа расулы айды бізга,
Друд етсак қуат берар дінімизга,
Йоқ ерса қылғанларым ойран ерур.(62)

Ол кісі осы «Хикмет» жолдарында адам баласының адами болмысының қуаты иманда, руханиатта екенін, имансыз жасалған кез-келген әрекеттің соңы ойран болатынын есткертті. Ең бастысы ол кісі сол кезге дейін халықтың рухани сұранысын өтеп келген шариғаттың адамзат қоғамының рухани қажетін өтей алмайтынын, бұрынғыдай шариғат шеңберінде жасалған тағат-ғибадат Рухании әлемге жетпейтінін түсінді. Оның себебі, шариғат адамның физикалық болмысының қажеттіліктерін өтейтін заңдылықтар жүйесі болғандықтан Рухани әлеммен тікелей байланысы болған жоқ. Шариғат жолымен жасалған тағат-ғибадат амалдарының Рухани әлемге жетуі Мұхаммед пайғамбармен келген рухани қуат арқасында жүзеге асатын. Ол қуат сарқылған соң тағат-ғибадаттың маңызы-мәні болмай қалды. Алла Тағала мен адам арасындағы байланыс үзілді. Адамзат баласы тығырыққа тірелді. Бұл тығырықтан шығудың бір ғана жолы – ол адам рухын белсенді күшке айналдырып, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру болатын. Осы мақсатқа жеткенде ғана адам баласы ары қарай өмір сүруге мүмкіндік алады, болмаса азғындыққа ұшырап, ақырзаман апатына ұшырайды. Міне, осындай қиын кезеңде Қожа Ахмет Йасауи атамыз адам рухын белсенді күшке айналдыру бағытындағы әрекетін бастады. Ол кісінің адам рухын белсенді күшке айналдырмақ болған әрекеті сол кезеңдегі діндарлар тарапынан, жалпы халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Отыз жыл бойы Түркістан көшелерінде таспен атқыланып, қуғынға түсті. Бірде Йасауи атамызға Қызыр алейһис-салам жәрдемге келіп, көмегін ұсынды. Ол кісі Йасауи атамызға ақша беріп, өзінің қасына шәкірттер жинап «зикри-жаһр» салдырасың және олардың сол зікірге қатысқаны үшін күніне бір тіллә бересің. Қырық күн «зікір-жаһр» салдырғаннан кейін оларды өз еркіне жібер, - дейді. Йасауи Қызыр алейһис-саламның айтқанын бұлжытпай орындайды. Қырық күннен кейін зікір-жаһр салып, дағыланған жандарға «менде енді ақша таусылды, енді боссыңдар,»- дейді. Сол кезде зікір салып әбден машықтанған шәкірттері «Бізге енді ақшаның қажеті жоқ. Зікірді бұдан былай ақысыз зікір саламыз»- дейді. Сөйтіп, Йасауи бабамыздың шәкірттері күн сайын көбейіп, үлкен жамағатқа айналады. Ол кісінің рухани қуаты да артып, рухтың күшін пайдалана алатын деңгейге жетеді. Бірде жергілікті билеушінің баласы аңға шығып, Қаратауда қаблан жарып өлтіреді. Қаратау ол кезде қаланың іргесінде екен. Соған қатты құсаланған хан халыққа жар салады. «Кімде-кім мына тауды қаланың іргесінен аулаққа көшіре алса, сол адамның барлық тілегін қабыл аламын, Бар іс-әрекетіне еркіндік беремін»-дейді. Қожа Ахмет Йасауи ханға барып, тауды көшіру қолынан келетінін айтады. Хан келісімін береді. Сол кезде айналаны қалың тұман басады. Ертеңіне халық тұрғанда таудың қаланың іргесінен алыстап кеткенін көреді. Сол кезден бастап, Йасауи бабамыздың даңқы асқақтап, қасындағы халық одан ары көбейе түседі. Күн сайын абыройының артып бара жатқанынан қауіптеген жергілікті Ахман, Қараман атты бектер ол кісіге жала жауып, абыройсыз қылуды ойластырады. Сөйтіп, ханның бір өгізін ұрлап сойып, түнде апарып, Йасауи бабамыздың сабанханасына тығады да, ертесіне ханға барып, шағымдарын айтады. «Сіз ана Йасауиге ерік беріп, ойына келгенін істетіп қойдыңыз. Ол күнімен зікір-жаһр салады. Түнде ұрлық қылады. Кешегі сіздің жоғалған өгізіңізді ұрлап сойып алды. Сенбесеңіз жүріңіз барып көрстейік,»- дейді. Хан қасын нөкерлерін алып, Йасауи бабамыздың сабанханасына барғанда, сабанның астында жатқан етті көрсетеді. Етті ашып көрсетісімен екі бек екі төбетке айналып, етке таласып, ырылдасып арпалыса кетеді. Оны көрген халық шошып, кері қашады. Ал, екі төбет боса, өздерінің руластарын алдарына салып алып, қазіргі Түркіменстан жеріне барып бірақ тоқтайды. Бұл оқиға Қожа Ахмет Йасауидің Рухани әлемге толығымен қол жеткізіп, Рухани әлемнің қуатын (кванттық әлемнің) пайдалана алатын, ʻилми-караматқа ие болғанының айқын дәлелі еді. Осы оқиғадан кейін Йасауи бабамыздың атақ-даңқы одан ары асқақтап жалпы халыққа тарала бастайды. Қатары күннен күнге көбейе береді. Осылай Йасауи атамыз рухты белсенді күшке айналдырып, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатты. Бұл ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеру болатын. Йасауи бабамызға дейінгі ислам діні мен тариқат деңгейіне көтерілген ислам дінінің арасында өте үлкен айырмашылық болды. Бұрындары ислам дінінің бес парызын орындаған адамды мұсылман деп есептелсе, енді адамның рухани болмысына, иман-сеніміне мән беретін болды. Ең бастысы әр халықтың өзінің тілі мен салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау басты шарт болып қабылданды. Өйткені, әр халыққа салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, тілді берген Тәңір Тағаланың Өзі. Сондықтан оны бұзуға ешкімнің құқы жоқ және ол Құран Кәрім аяттарымен бекітілген. «Маида» сүресінің қырық сегізінші аятында: «Сендерден әрбір ұлт үшін (жеке)  шариғат жасап қойдық. Егер  Алла қаласа барлығыңды бір үмбет жасар еді»- деп жазылған. Сондай-ақ, «Худжрат» сүресінің он үшінші аятында «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір еркек (Адам), бір әйелден (Хауа) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар мен ру-тайпаларға бөлдік»- деп, осы мәселені ары қарай нақтылау бар. Бұл аяттарда мұсылман болу үшін араб болу керек деген бір ауыз сөз жоқ. Осы негізге сүйенген Қожа Ахмет Йасауи атамыз Исламнан негізі бес парызды ғана алып, қалған қоғамдық қатынастарды реттеуді көнеден, Тәңір дінінен қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрге берді. Біз сол әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ұстанып келеміз. Ең бастысы Қожа Ахмет Йасауи іліміне мойынұсынған түркілердің рухы жалпы адамзатқа берілген үш деңгейден: «исму-л йақин, расму-л  йақин, ʻилму-л йақин» шеңберінен шығып, «айн ал-йақин» деңгейіне көтерілді. Рух-әруақ белсенді күшке айналды. Үнемі зікір салып, Рухани әлеммен байланыста отырған адамның рухы екі әлемде қатар өмір сүре алатын деңгейге көтерілді. Дүниеден өтіп, бақилық әлемге өткен тұлғалардың рухани қуаты фани дүниедегі ұрпақтарына жәрдем бере алатын деңгейде болды. Себебі, олар Рухани әлемге (кванттық әлемге) ұласқан тұлғаларда екі әлемде қатар өмір сүру мүмкіндігі бар және қазіргі канттық физика ғылымы Рухани жоғары дәрежеге жеткен тұлғалардың рухы тірі болатынын дәлелдеп отыр. Оған мысал ретінде қазақ даласын алып жатқан әулилер мен әулиелі жерлердің рухани қуаты әлі күнге халыққа өздерінің шарапатын тигізіп келеді. Егер халық олардан рухани нәр алып, қуатын сезінбеген  болса, бармаған болар еді. Себебі, әулиелердің басында Алла Тағаладан келетін нұр бар. Олай болатыны Алла Тағала өзінің достарын ешқашан Өзінің назарынан тыс қалдырмайды. Бұл Йасауи жолының- йасауийа тариқатының  түркілердің сол кезеңде жер бетіндегі барлық халықтан санасының бір саты жоғары деңгейге көтергенінің көрсеткіші болатын. Және Йасауи атамыз түркілердің рухын Рухани әлеммен байланыстырып қоймай, әрбір адамның рухын шежіре тізбегі арқылы Рухани әлемге байлады. Қазақ шежірелерінің ішкі рухани қуатын, олардың түзілу себептерін біз әлі түсіне қойған жоқпыз. Егерде сол құпияны ашар болсақ, біз қазақтың тәуелсіз тарихи жадын игерген және өзге діни ағым жетегінде кетпеген болар едік. Өкінішке орай, әлі біз өзіміздің тәуелсіз тарихи жадымызды қалыптастыра алмай келе жатырмыз. Кезінде орыс патшасы Елизаветаның «Бұлар шын тарихын білсе әлемді қайта жаулап алады,»-деп қауіптенуі осыған байланысты болатын. Кешегі Сталиннің қазақты қынадай қыруының астарында да қазақ халқының генетикалық кодының мықтылығы жатты. Қазіргі кезеңдегі қазақ руханиатына қарсы шабуылдың негізгі нысанасы Йасауи жолы-йасауийа тариқаты болатыны бұл жолдың осындай құдіретіне байланысты екендігін біздің дұшпандарымыз сезінгенімен, өзіміз тани алмай келе жатырмыз. Бұл біздің басты қасіретіміз.

Құрметті оқырман! Бұл мақаланың негізгі мақсаты қазіргі қазақ халқының рухани дағдарысқа түсіп, тобырға айналу себептеріне қысқаша талдау жасадық. Елімізде қазіргі күні белсенді әрекет етіп жатқан негізгі екі бағыттың не мақсатты көздейтініне талдау жасадық. Уаххаби-салафилердің түпкі мақсаты - қазақ халқын дәстүрлі дінінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, тілінен бездіріп, арабтандыруды мақсат еткен бағыт екенін ашып көрсеттік.

Екінші бағыттың мақсаттары – бұдан да сорақы. Қазақтың 1250 жыл бойына жинақтаған рухани байлығын ислам дінімен күресеміз деп, сыпырып тастамақ. Орнына не әкелерін өздері де білмейді. Ата-бабалардың әруағына сүйенеміз дейді. Дүниеге ұйықтап келіп, дүниеден ұйықтап өткен әруақтан қайыр жоқ. Әруақ ұрпағына жәрдемші болуы үшін алдымен зікір салып, Рухани әлемге ұласқан болуы шарт. Онсыз әруақ ешқандай көмек көрсете алмайды. Сонда, «тәңірші» мырзалардың көксегені не деген заңды сұрақ туады. Мақсаттары – қазақтың сөзін сөйлеген болып, халықты дәстүрлі таным-түсінігінен айыру. Өздері сияқты қазақы болмыстан ажыраған уаххаби-салафилердің соңына ерген адасқан қазақтармен жауластыру. Сонда олардың алдарына қойған мақсаттары орындалмақ. Егерде ел боламыз, жұрт боламыз десек, бұл екі бағыттан да тезірек арылып, дәстүрлі діни танымымыздың өзегі болған Йасауи жолы-йасауийа тариқатына бет бұру және ол тез арада іске асырылуы қажет. Олай болмаған жағдайда аранын ашып келе жатқан мына ақырзаман апатының құрығына түсеріміз анық. Кезінде Қожа Ахмет Йасауи бабамыз XII ғасырда Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта орнатып, адамзат баласын аман алып қалып еді. Біз егерде Йасауийа тариқатын-Йасауи жолын жаңғырта алсақ, әлі де құтылуға мүмкіндік бар. Болмаса, басқа халықтардың басына түсіп жатқан қиыншылық қазақтың басына да түсетінін түсінуіміз керек.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

0 пікір