Рамзат Қадыровтың жеке империясы...

Украина Шешенбасы Рамзан Қадыровтың зұлымдығын әшкереледі:
- Рамзан Қадыров Ресей үшін соғысып жатқан Шешен жасақтарына тікелей бұйрық беріп, украиналықтарды мүлде тұтқынға алмай, көрген жерде атып тастауды бұйырған.
Ал Ресей тұтқынға түсіріп, Шешенстанға айдалған Украина тұтқындарын аяусыз азаптап, одарды ғимараттардың шатырына тізіп қойып, дроннан қорғайтын қалқан еткен, - дейді Украина Қауіпсіздік қызметі.
Бұған дейін BBC басылымы Шешенстанды билеп-төстеп отырған Рамзан Қадыров пен оның әулетінің мансаптары жайлы жазған еді.
Рамзанның ұлы Адам Қадыров оның мұрагері болуы мүмкін деп айтылады. Шешенстан мен Ресейде ол алмаған орден-медаль қалмай бара жатыр. Қазір Адам Қадыров Шешенстанда Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметін атқарады.
Рамзанның үлкен ұлы Ахмат Қадыров 2024 жылы Дене шынықтыру және спорт министрі қызметіне тағайындалды. Сонымен бірге «Ахмат» футбол клубының басшысы тізгінін қолына алды.
Қадыровтың екінші ұлы Зелімхан «Ахмат» жекпе-жек клубының директоры. Сонымен бірге Шешенстанның Бокс федерациясының президенті.
Рамзан Қадыровтың қызы Айшат Қадырова бастапқыда Мәдениет министрінің орынбасары болды, артынша министр болып тағайындалды. 2023 жылы Қадыровтың қызы Шешенстан Үкіметінің төраға орынбасары қызметіне тағайындалып, бюджеттің басым бөлігін басқару мүмкіндігіне ие болды.
Рамзанның үлкен қызы, 25 жастағы Хадижат Қадырова Шешенстан президенті әкімшілігінің басшы орынбасары қызметінде отыр.
Қадыров туыстары мен күйеу балаларын да жайлы орынға жайғастырған. Мысалы Айшаттың күйеуі Висхан Мацуев Ауыл шаруашылығы министрі, ал Хадижаттың күйеуі Адам Алханов Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады. Қадыровтың төртінші қызы Табариктің күйеуі Рамзан Висмурадов Жастар ісі бойынша министрлікті басқарады. Сарапшылар Қадыровқа қатысы бар туыстарының 80-ге жуығы биліктің түрлі тармақтарында қызмет ететінін айтуда.
Ресми ақпарат көздері Рамзан Қадыровтың 14 баласы барын айтады. Олардың жетеуі кәмелеттік жасқа толмағандар. Алты баласы Шешенстандағы саяси өмірге белсенді түрде араласуда.
Abai.kz