Дүйсенбі, 8 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 1637 0 пікір 8 Қыркүйек, 2025 сағат 19:45

Мәжіліс депутаты бір палаталы Парламент туралы

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Президент еліміздің даму бағытын айқындайтын жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік бастамаларды ұсынды. Соның ішінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі - қос палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы ұсыныс.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов өз көзқарасын ортаға салды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Сіз бұл ұсынысты қалай бағалайсыз?

– 2023 жылы Мәжіліс сайлауына түскен уақытта сайлауалды бағдарламамда елге экономикалық және саяси реформалар қажет, соның ішінде Сенатты таратып, «Бір палаталы Парламент жүйесін қайта енгізу және оның рөлін күшейту» қажет екенін айтқан болатынмын. Сол кезде мүмкін еместей көрінген реформа болатын.

Мәжіліс депутаты болғаннан бастап, осы бағыттағы ұсынысымды Қазақстан Республикасы Президентіне де, Мәжіліс төрағасына да арнайы депутаттық жазба ретінде енгізген болатынмын.

Бүгінгі таңда қос палаталы Парламент жүйесі өзінің артықшылығынан гөрі кемшілігін көбірек көрсетіп отыр. Мәжілісте қабылданған заңдар Сенатта негізінен техникалық түзетулермен ғана қайта қаралады. Бұл – уақыт жоғалту, бюджетке артық салмақ және шешім қабылдау процесінің созылып кетуіне әкелді.

Бүгін Президент кезекті жолдауында Қазақстанға ықшам әрі тиімді Парламент қажет екенін ескеріп, бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.

– Бұл шешім Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі дамуы үшін не себепті маңызды деп ойлайсыз?

– Бір палаталы Парламентке көшу:

заң шығару жұмысын жеделдетеді;

шығындарды азайтады;

Парламенттің шынайы ықпалын күшейтеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «күшті Президент – ықпалды Парламент есеп беретін Үкімет» формуласына жету үшін саяси жаңғыру қажет. Бір палаталы жүйе  осы жолдағы нақты қадам.

Бұл тек үнемдеу үшін емес. Бұл есеп берушілікті арттыру, демократиялық институттарды нығайту және азаматтардың сенімін қалпына келтіру үшін қажет реформа.

Abai.kz

0 пікір