Палестина мойындала ма? Израиль неге қарсы?

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». Тап осы аталы сөздің растығын Палестинаны Канада, Австралия және Ұлыбританияның 21 қыркүйекте жеке мемлекет ретінде мойындауына байланысты Израильдің кертартпа мінезінен аңарып отырмыз.
Канада, Австралия, Ұлыбритания, Португалия мемлекеттері Палестинаны ресми мойындады. Нетаньяху болса, ат-тонын бауырына алып: «Палестина болмайды», - деп тулауда.
Израиль Президенті Ицхак Герцог Палестина мемлекетінің Канада, Австралия және Ұлыбритания тарапынан мойындалуына түсінік бере отырып, мұны «нағыз бейбітшілікті іздеген адамдар үшін қайғылы күн» деп атады.
Израиль мемлекетінің басшысы 21 қыркүйекте X әлеуметтік желісінде: «Бұл бірде-бір палестиналыққа көмектеспейді, бірде-бір тұтқынды босатуға қол ұшын бермейді және еврейлер мен палестиналықтар арасында келісімге қол жеткізуге септеспейді. Бұл зұлым күштердің қолтығына су бүркеді», - деп жазды.
Израиль Президенті Ицхак Герцог: «7 қазандағы қатыгездіктерден кейін ХАМАС террорлық науқанын жалғастырып, 48 адамды Газа секторындағы туннельдер мен жер асты қапастарында адам төзгісіз жағдайда ұстауды жалғастырып отырған кезде, ХАМАС-тың Палестина мемлекетінің кейбір елдер тарапынан танылуын қолдайтыны ешкімді таң қалдырмайды», - деді.
«The Times of Israel» басылымы: «Газа секторында ХАМАС содырларының қолында қалған израильдік тұтқындардың отбасы мүшелері де Канада, Австралия және Ұлыбританияның Палестина мемлекетін жақындары босатылғанға дейін мойындауын айыптады», - деп жазады.
Канада мен Біріккен Корольдік Палестинаны мойындауға бел шешіп кіріскен G7-нің алғашқы елдері болып табылады. Тағы бір атап өтерлігі – бұған дейін бірнеше батыс елдері, атап айтар болса, Франция, Бельгия, Мальта, Люксембург БҰҰ Бас ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы кезінде Палестина мемлекетін мойындауға ниетті екенін хабарлаған еді.
Ал Португалия сыртқы істер министрі Паулу Ранжель: «Португалия Палестина мемлекеттілігін мойындады», - деп хабарлады.
Бұған дейін Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 147-сі мойындаған еді. 22 қыркүйекте Франция БҰҰ-да Палестинаны ресми мойындауға арналған конференция өткізеді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ұлыбритания, Канада және Австралия Палестина мемлекеттілігін тану туралы мәлімдемелеріне түсініктеме бере отырып: «Палестина мемлекеті болмайды. Иордан өзенінің батысында Палестина мемлекеті құрылмайды», - деп шорт кесті.
Нетаньяху: «Біз (Израиль) лаңкестік құрылымның құрылуына жол бермеу үшін жылдар бойы ішкі және сыртқы қысымға төтеп бердік. Біз қатал да, ақылға сыйымды әрекет еттік», - деді. Нетаньяху Израильдің «Иудея мен Самариядағы (Израильде Иордан өзенінің батыс жағалауы осылай деп аталады) құрылысты екі есе арттырғанын» және «осы жолмен жүре беретінін» атап өтті.
«Біздің жеріміздің орталығындағы террор мемлекетін күштеп таңу әрекетіне өзім АҚШ-тан оралғаннан кейін жауап беретін боламын», - деді Израиль премьер-министрі.
Нетаньяху АҚШ-қа барып, онда БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысады және АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетін болады.
Сондай-ақ Израильдің сыртқы саяси ведомствосы Палестина мемлекеттілігін мойындау шешімін: «Холокосттан бері орын алған ең ірі еврейлерді жаппай өлтіруді марапаттау ғана емес, сондай-ақ, ХАМАС-ты қолдауды нығайтады», - деп мәлімдейді.
Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) төрағасы Махмуд Аббас Ұлыбританияның Палестина мемлекеттілігін мойындауына байланысты өз мойына алған барлық міндеттемелерді орындайтынын мәлімдеді.
Аббас: «Ұлыбританияның тәуелсіз Палестина мемлекетін мойындауын жоғары бағалап», оны «әділ және шынайы бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам» деп атады. WAFA агенттігі таратқан мәлімдемеде Аббас: «Ұлыбританияға сапары және премьер-министр Кир Стармермен кездесуі кезінде қабылданған реформалар мен міндеттемелерге [адалдығын] растады», - делінген.
Аббастың айтуынша: «Бүгінгі күннің басты мәселесі оқ атуды тоқтату, гуманитарлық көмек жеткізуді бастау, барлық тұтқындарды босату, Израиль әскерлерін Газа секторынан толық шығару, сондай-ақ қалпына келтіру процесін бастау болып табылады».
Abai.kz