Ұлтымыз қашаннан бері «қазақ» деп аталған?

Тарих беттерін оқып отырсақ, ұлтымыздың қалайша «қазақ» аталғаны жөнінде қыруар қызықты материалдарға кездесеміз. Мұның бір бөлігі шежірешілер материалы болса, енді бір бөлігі тарих зерттеушілердің материалы.
Шежіреші дегеніміз – халықтың ата тегі және олардың іс-әрекеті жайындағы деректерді ауызша таратып немесе жазып қалдырып отыратын адамдар. Бұрынғы заманның қазақтары өз халқының тарихын осы жолмен сақтап қалуға тырысқан. Ауызша шежірені барлық адам білуге тиісті болған әрі олар оны өзінен соңғы ұрпақтарына үйретіп отырған. Ең болмағанда, жеті атасына дейін үйретуді өздеріне міндет деп білген. «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» деп, ата текті білмеуді мін санаған. Мұнан басқа қазақта жазба шежіре деген шежіре де болған. Мұндай шежірені хандар өз ордаларында арнайы шежіре жазғыштар ұстап, өзіне қарасты қазақ ру-тайпаларының ата тегін, өсіп-өнуін, ақылгөй дана, ержүрек батырларын іс-қимылымен қоса жазып қалдырып отырған. Бірте-бірте жазба шежірені билер, оқыған саналы азаматтар да жазып отырған. Өкінерлігі, мұндай шежірелердің ең ерте нұсқалары бізге жетпепті. Олар ел есінде аңыз-ертегіге айналып, жұрнақтары ғана сақталып қалған.
Осы шежірелер мен аңыздарға қарағанда, ұлтымызға «қазақ» деген ат мынадай себептермен қойылыпты:
«Қазақ» деген ат ең алғаш белгілі бір әлеуметтік топқа қойылып, кейін сол топтан тарағандар «қазақ» деп аталыпты. Бұл туралы қазақ аңызы былай сыр шертеді:
Ертеде Сыр өзенінің бойын мекен еткен 32 рулы елді билеген Қызыл Арыстан деген хан болыпты. Осы хан бір жолғы жорықта асқан бір сұлу қызды тұтқын етіп қолға түсіреді де, оны алады. Бір мезгіл өткен соң, тұтқын қыз жүкті болып, бір ала бала туады. Ханның бәйбішесі бұл ала баланы жаман ырымға жорып, баланы Сырдың суына тастап жібереді. Ағып бара жатқан баланы балықшылық етіп жүрген қария көріп, құтқарып бағып алады. Бала ақылды да батыр болып ержетіп, жұртқа «Алаш» аты жайылады. Оның ерлігі мен ақылдылығын естіп, Қызыл Арыстан ханның қарашасы Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін жүз жігітін бастап барып Алашқа қосылады. Келесі жылы ортаншы баласы Болат жүз жігітімен барып қосылады. Үшінші жылы кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Бұлар көп елді бағындырып, «қазақ» деп аталып кетеді.
«Қазақ» деген ат әуелден-ақ адам аты болып, одан тараған ұрпақтары «қазақ» аталған. Бұл туралы аңыз былай айтылады:
Ерте заманда Қалша деген батыр болыпты. Ол жорықта жараланып, елсіз, сусыз жерде жалғыз қалады. Қалша өлермен болып қиналып жатқанда, бір ақ қаз ұшып келіп жанына түседі де, оның аузына су тамызып аман алып қалады. Сөйтсе, бұл қаз болып жасанып келген перінің қызы екен. Сол қыз Қалшаға тиіп, онан бір ұл туады. Оның атын «Қазақ» қояды. Кейін оның балалары «Қазақ» аталып кетеді.
Енді бір шежіреде Қазақ, Созақ, Қарақалпақ үш ағайынды кісілер болады да, Қазағының балалары «Қазақ» аталып кетеді.
«Қазақ» аты лауазымға (қоғамда атқаратын міндетіне) қарай қойылған дейді. Мұндай шежіре аңыздарына қарағанда, ислам діні алғаш таралғанда Қасым деген бір әділ қазы (қазы – ислам дінінің заңын атқарушы сотшы) болыпты. Ел оның әділдігіне сүйініп «қазы ақ екен» (әділ екен) депті. Сонан ол адам «Қазақ» аталыпты да, кейінгі балалары да сол атпен аталып кетіпті.
«Қазақ» аты ұқсатуға байланысты қойылған болып келеді. Қазақтың ағартушы ұлы ақыны Абай «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген мақаласында мынадай екі деректі келтіреді:
- Арабтар Орта Азияға жорық жасап (VІІІ ғасырда) келгенде көшпелі елдерді «хибаи», «хұзағи» деп атапты. «Хибаи» – «киіз шатырда жүруші» дегені екен. «Хұзағи» дегені өз жұртында «хұзағи» деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқаны екен.
- Сол уақыттың бір ханы көшіп келе жатқанда, басқалар бұлардың тіркеулі түйесін көріп: «Міне, мыналар шынымен қаз-ақ екен (тізіліп ұшқан қазға оқсайды)»,- депті... Сонымен бұлар өздерін де, өзге жұрттарды да «қазақ» атап кетіпті.
Кейінгі тарихшы ғалымдар шежірелердегі бұл деректер жөнінде түрліше көзқарас айтады. Жалпы алғанда, құптаушылары тым көп емес. Көбі ғылыми емес деседі. Әрине, өз кезінде болғанды болған күйінде жазбаға түсірмеген соң, оны тарихтың өз тұлғасы деп малдануға келмейді. Сөйтсе де, айтылған деректерде зәредей де шындық жоқ деп кесіп айту жарамайды. Қай халықтың тарихы болса да өз дәуірінің шындығын естен қалмастай етіп, түрлі жолдармен қалдырып отырған. Ол заманалардың өтуімен ертегіге, аңызға айналып, өмірден алшақтап кеткен. Бірақ, әлгі тарихи шындықтардың жұрнағы сақталып қалған. Осы жорамалға негізделгенде айтылған шежіре-аңыздарының бірсыпырасында белгілі шындықтар жатыр деуге болады. Қазақтар Алаш өмір сүрген заманды «таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» (жекелік мүлік қалыптаспағанда) деп ерте күнге апарады. Бұған негізделгенде, «қазақ» атауы өте ілгеріде қалыптасқанға ұқсайды. Ең бері деген күннің өзінде халқымыздың «қазақ» аталуы VІІІ, ІХ ғасырлар шамасына тура келеді.
Ал, ұлтымызға «қазақ» аты қалай қойылғаны жөнінде тарихшы ғалымдар не дейді?
Тарихи деректерге қарағанда, бұл туралы ең алғаш жазған адам – қазақтың дулат тайпасынан шыққан әйгілі ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати. Бұл кісі өзінің 1514-1546 жылдар аралығында жазған «Тарихи рашиди» деген кітабында айтуынша, қазақтың бұрынғы Ақ орда ханы Ырыс ханның балалары Керей хан мен Жәнібек хан өз кезіндегі Әбілқайыр ханға қарсы тайпаларды бастап Жетісу өлкесіне қоныс аударған. Әбілқайыр өлген соң, оның орнына Өзбек хан болған. Өзбек ханның кезінде қанау мен алауыздық мейлінше күшейген. Бұған наразы болған тағы бір бөлім тайпалар Керей хан мен Жәнібек ханға келіп қосылған... Бұлар өзі ұлысынан бөлініп кетіп, біраз уақыт мал-мүліксіз қаңғып жүрген адамдар болғандықтан, оларды жұрт «қазақтар» деп атап кеткен. Сөйтіп, оларға осы ат бекіп қалған.
Тарихшының бұл сөзіне қарағанда, «қазақ» сөзінің мағынасы «қашақтар» (қашқандар) деген болып шығады.
Осыған біраз ұқсаңқырап кететін ойды Түркия тарихшысы Зәки Уәлиди Тоған да айтады. Ол: «Қазақ» деп әсілінде бір саяси мақсатты көздеп, саяси көтеріліс жасау нәтижесінде салт яғи үй ішімен бірге өз қауымынан бөлініп шығып иенге кетіп, үкімет билігін қолына алуға орай күтіп, тау-тасқа бекініп, оқшау өмір өткізген адамдарды айтқан. «Қазақ» деген ат алғашында сұлтандарға (хан балаларына ғана) тән ат еді, кейін оларға қарасты тайпалардың және олар құраған мемлекеттің атына айналды[1]»,- дейді.
([1] «Қазақтың қысқаша тарихы». 33-бет).
Тіпті, елімізде басылған «Қытайдағы аз ұлттар», «Қытай аз ұлттарының тарихы», «Қазақтың қысқаша тарихы туралы деректер жинағы» қатарлы шығармаларда да: «Жәнібек пен Керей бастаған көшпенді тайпалар ХV ғасырдың 60-шы жылдарында Әбілқайыр ханның үстемдігіне қарсы шығып, Шығыс Дешті Қыпшақтан (Шығыс қыпшақ даласын айтады) батыс Жетісуға, Шу өзені бойына қоныс аударған. Алғаш рет осы тайпалар «қазақ» деп аталған. Мұның мағынасы: «Өз ұлысынан бөлініп шыққан, қашқандар» деген сөз еді. Бұл кейін келе қазақтардың атына айналған» дейді.
Тарихи дерек бойынша айтқанда, Қазақ хандығы 1465 жылы Жәнібек және Керей хандардың бастауымен құрылған. Олар құрған хандық «Қазақ хандығы» деп аталды да, халқы «қазақ» деп аталды. Олар қоныстанған мекен «Қазақстан» аталды. Бұл хандық бара-бара өз территориясын ұлғайтып, ұлан-ғайыр аумақты иемденді.
Олай болса, қазақ хандығы құрылғанға дейін халқымызда «қазақ» деген сөздің болмағаны ма? Қазақ хандығына қараған соншама мол ру-тайпалар қалайша өзіне таңылған кемсіту мағынасындағы «қашақ» (қашқын) сөзін малданды? Біздіңше, бір хандық пен тұтас бір халықтың «қазақ» деп аталуының басқа себебі бар.
Оның ең біріншісі, қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпалардың ішінде қазақ деген ұлыс болған. Бұл ат қазақ халқын құраған ру-тайпалармен қанаттас отырған ерте жазбалы елдердің тарихында кездеседі. Мысалы:
- Арабтың саяхатшысы Мұхаммед Әл-Әуфи 1228 жылы жазған «Таңдаулы әңгімелер мен аңыздар жинағы» деген кітабында: «Алтайды мекендеген қарлұқтар... тоғыз ұлысқа бөлінген. Бұлардың ішінде үш тайпа чығыл, үш ұлыс қазақ бар» дейді. Бұл қазақ хандығы құрылудан 237 жыл бұрын.
- Парсы тілінде 928 жылы жазылған «Әлем шекаралары» деген кітапта «Алан елінде қазақ деген ұлыс бар» дейді. Алан дегеніміз – қазақ халқының тегін құраған ірі ұлыстың бірі. Өз кезінде бір ел болып тұрған. Бұл қазақ хандығы құрылудан 537 жыл бұрын.
- Византияның императоры Порфирогенет (905-959) Кубанның шығыс жағын мекендеген елді «Қазақия» деп атаған. Бұл қазіргі қазақ тілінде «қазақ жері», «қазақ мекені» деген сөз. Бұл да қазақ хандығы құрылудан 500 жылдай бұрын.
- Шығыстың әйгілі классик ақыны Әбілқасым Фирдауси (940-1020) атақты «Шаһнама» эпопеясында «Көк теңіздің солтүстігін мекен еткен «қазақ» деп аталатын күшті және көп ел бар»,- деп, Тұранның жауы Иранды қорқытпақ болған. Бұл қазақ хандығынан 450 жылдай бұрын.
- 968 жылы жазылған «Повесть временных лет» атты орыс жылнамасында 965 жылы орыс князі Святославтың Кубань өзенінің оңтүстігіндегі косагтарға (қазақтарға) шабуыл жасап, оларды жеңгендігі баяндалған. Тағы да сол орыс деректеріне қарағанда, Тмутаракан князі Ростиславтың 1022 жылы косагтарға (қазақтарға) шабуыл жасаған әрі олардан салық алып тұрғаны айтылады. Бұл да қазақ хандығынан 433 және 490 жыл ілгері.
- Орыс шежіресі Никоновта: «Шыңғыстың әскерлері оңтүстік Россияға шабуыл жасаудың алдында қазақтарды бұлап-талаған еді» деп жазады. Бұл ХІІІ ғасырдың басына тура келеді.
- Мауреннаһрдың билеушісі «Әмір Темірдің жылнамасында» 1356 жылы қазақтардың Мауреннаһрға шабуыл жасағаны айтылады. Бұл 109 жыл ілгері.
Жоғарыда аталған жазба деректер бізге «қазақ» сөзінің Қазақ хандығы құрылған ХV ғасырда пайда болмағанын, қайта оның арыдан бар сөз екенін, әрі «қазақтың» батыс, шығыстың бәріне айпарадай әйгілі ұлыс екендігін ұқтырады.
Қытайдың жазба деректеріне жүгінсек, қазақ ұлысының тарихқа ең алғаш пайда болуы VІІ-VІІІ ғасыр. «Таң патшалығы тарихы, парсы тарауында»: «Парсылар шығыс жақта тохар, қаңлылармен шекаралас, олардың солтүстік жағында каса ұлысы тұрады» деп жазылған. Ал, «Юань патшалығы тарихындағы аудармаларға қосымша» деген кітапта: «Түркілер мейлінше күшейген кезде... олардың батыс бөлегін каса, яки хаса ұлыстары қоныстанды. Батыс елдерінің ежелгі деректерінде бұл ұлыс «қазақ» деп аталған. Каса, яки хаса осы «қазақ» атауының баламасы» дейді.
Осы деректерге қарағанда, қазақ ұлысының бір бөлегі (Шыңғыс шапқыншылығының алғашқы кезінде) Алтайды мекен еткен болса, көп бөлігі Көктеңіздің (қазіргі Арал теңізінің) батыс солтүстігін мекендеген.
Тарихшы Н.Мыңжанұлының айтуынша, «қазақ» сөзі тұтас бір халықтың атына бірден айналған емес: «Ол алғашында жеке ру-тайпаның аты ретінде жарыққа шыққан. Одан соң тайпалар одағының (ұлыстың) атына айналған. Мысалы, кіші жүз Алшын руының құрамындағы Жетіру тайпалары «қарт қазақ» деп те аталып жүрген. «Қазақ» атауы кейін келе кеңейіп, халық атына, ұлт атына айналған».
Жоғарғы деректерден «қазақ» атауының ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығынан әлдеқайда көп бұрын, яғни, VІІ-VІІІ ғасырларда-ақ бар атау екенін, әрі оның іргелі ұлыс аты екенін анық көруге болады. Жәнібек пен Керей хандар құрған хандықтың ең алғашқы және ең негізгі күші сол қазақ ұлысының адамдары болуы мүмкіндікке ең жақын. «Қазақ» – қашақ (қашқын) деу ақылға сыймайды.
- «Қазақ» деген сөз қайдан шыққан?
Жоғарыда ұлтымыздың қашаннан бері «қазақ» деп аталғаны жөнінде айттық. Енді бұл мақаламызда «Қазақ» сөзі қалай шыққан, қандай мағынасы бар?» деген сұрауларға жауап береміз.
«Қазақ» сөзінің қалай шыққаны, мән-мағынасы жөніндегі көзқарас, талас-тартыстың басталғанына көп уақыт өтті. Бірақ, әлі күнге дейін шешім болды деп айту қиын. Бұл сөздің қалай шығуы және мағынасына айтылған пікірлерді мынадай екі түрге айырып жинақтауға болады:
- Қалай шыққаны туралы;
- Мән-мағынасы туралы.
І «Қазақ» сөзі қалай шыққан?
- «Қазақ» сөзі «қашақ» (қашқын) сөзінен өзгерген деушілер, бұлардың пікірінше, «қазақ» сөзі «қашақ» сөзінен өзгерген. Жоғарыда айтылған Мұхаммед Хайдар Дулати, Зәки Валиди Тоған және еліміздің кейбір кітап-журналында айтылған жайлар осыған мысал болады.
- Кәдімгі құс – «қаз» деген ұғымнан шыққан, немесе қазақтардың көшуін қаздың тізіліп ұшқанына ұқсатуынан пайда болған деушілер. Абай және кейбір халық аңызы осыны меңзейді.
- Арабтардың көшпелі тайпаларды өз жеріндегі «хұзағи» тайпасына ұқсатуынан «хұзағи» айтылуда өзгеріп, «қазақ» болып кетті деу (Абай).
- «Қазақ» атауы ежелгі қазақ даласын мекендеген сақ, каспий, хазар, аз дегендерден қалыптасқан, не өзгеріп қалыптасқан деушілер. Мысалы, олар ертедегі басқа тайпаларға араласпай бірыңғай отырған сақтарды «қас сақтар» (таза сақтар, бірыңғай сақтар) деген. Сол «қас сақтар» деген екі сөз уақыт өте келе «қасақ» болып, одан кейін «қазақ» болып кеткен деген емеурін білдіреді (М. Ақынжанов, С. Мұқанов). Енді бір ғалымдар: «Ертеде қазақ жерін каспий және сақ деген тайпалар мекендеген. Осы екі тайпаның бірігуінен каспий – сақ, қас сақ келіп шыққан. Бара-бара бұл өзгеріп «қазақ» болып кеткен»,- дейді. Бұлардан А. Н. Бернштам, В. В. Радлов, В. В. Бартольд қатарлы шетел ғалымдарын айтуға болады
- Р. Тоқтаров қазақ атауы «қаз» (құс) және «ақ» деген сөзден қосылып «қазақ» болды десе, қазақтың ХІХ ғасырдағы фольклор зерттеушісі Әбубәкір Диваев қазақ сөзі «қаз» бен «ұзақ» деген екі құстың атынан бірігіп жасалған дейді.
- А. Әбдірахманов: «Қазақ» сөзі «қаз» және «оғ» деген екі тұлғадан бірігіп жасалған. «Оғ» дегені ескі тіліміздегі ру-тайпа деген сөз, бұл бастабында «қаз оғ» болғанымен, бірте-бірте «қазақ» сөзіне өзгерген»,- дейді.
Мұндай жорамалдарды айта берсек өте көп. Біз бұл арада қазақ және басқа шетел ғалымдарының, онан бұрынғы қазақ жорамалдарының біршама өкілдік сипатқа ие дегендерін санап көрсеттік. Әрине, жорамал қашан да жорамал, ол ешқашан тұжырым емес. Тұжырымға жету барысы – ұзақ барыс. Бұған іздену, түрлі-түрлі жорамал жасау, ғылыми жолмен дәлелдеу арқылы ғана жетуге болады.
Әрине, жоғарыда айтылған жорамалдардың бәрін айта салған ойжота деуге болмайды, сол сияқты бәрін бірдей ғылыми жорамал деуге де болмайды. Біздіңше, бұл пікірлердің ойжоталары да, ғылыми жорамалы да бар.
Осындай ғылыми жорамалдың ішіндегі шындыққа бір табан жақындауы деп өз ғалымымыз Нығмет Мыңжанұлының пікірін айтуға болады. Бірақ, бұл кісінің ойының шындыққа жақын екенін айтудан бұрын, «қазақ» сөзінің қандай мағына беретініне аз тоқталайық. Өйткені, Нығмет Мыңжанұлы бұл сөзді шешкенде мағынасы мен тұлғасын бірлестіріп шешеді.
«Қазақ» сөзінің не мағынасы бар?
«Қазақ» сөзін кімдердің «қашақ» (қашқын) мағынасы бар деп айтқанын жоғарыда айттық. Оған енді қайта тоқталмаймыз. Бұл – бір.
Екінші, кейбір тарих зерттеуші ғалымдар қазақ сөзі «еріктілер» деген мағынаны береді дейді. Мысалы, Әбубәкір Диваев: «Қазақ» сөзі әсілі «еркін жүрген адам» ұғымынан алынса керек» десе, атақты орыс ғалымдары Радлов, Самойловичтер қазақ деген сөзді «тәуелсіз, еркін, ерікті адам» деп мағыналайды. «Қазақ шежіресінің» авторы Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы пікірді жақтайды. Ол «қазақ» дегеннің мағынасын «өз алдына ел болып еркін жүрген халық деген сөз» деп түсіндіреді.
Шоқан Уәлиханов бірде: «Қазақ» сөзі «ержүрек, батыл» деген мағынаны білдіреді» десе, «Шайбаннама» да қазақ өте қадірлі сөз. Мықты, күшті, шабытты көрсетеді. Еуропа тілінде ондай ұғымды рыцарь (ер) деп атайды дейді. Сол сияқты Телқожа Жанұзақов: «Қазақ» деген сөздің әуел бастағы лексикалық мағынасы «нағыз батыл кісілер, ержүрек жігіттер, батыр адамдар» деген болса керек»,- дейді.
Жоғарыда айтылған «қашақ» (қашқын) дегеннен басқаларын жинақтап келгенде, қазақ сөзінің мағынасы «ержүрек, жеңімпаз, батыл, еркін халық» дегенге келеді. Өкінерлігі, осы ғалымдардың ешқайсысы да неліктен солай дейтіндіктерін айтпайды. Бұл олардың жорамалының бір әлсіздігі еді. Осы әлсіздікті Нығмет Мыңжанұлы дәл тауып, сол кемістікті толтырғандай болды. Ол «қазақ» сөзінің жоғарыда айтылған мағынасын құптай отырып, осы сөздің тұлғалық жағындағы өзгерістерімен байланыстырып шешті.
Осы арада оқырмандарға айта кететін бір жайт, «қазақ» сөзінің ескі сөз екендігі. Иә, бұл өте ескі сөз. Тілімізде мұнан да басқа тұлғасы сақталып, мағынасы ұмыт болып кеткен сөздер баршылық. Егер бұлар жаңа заманда пайда болған болса еді (мысалы, Ақдала ауылы, Моңғұлкүре ауданы), оған мұнша бас қатырудың қажеті болмас еді. Мұнан сөздің мағынасы қанша көмескі тарса, оның тамырының сонша алыста екендігін көреміз.
«Қазақ» сөзінің шығу қайнары тым алыста. Оның мағынасын, тұлғалық жақтағы құбылыстарын тек арыдан іздегенде ғана табуға болады. Қазіргі тілімізден табу мүмкіндігі жоқ. Ғалым Нығмет Мыңжанұлы дәл солай қарап, дәл солай істеді. Ол бұл сөздің төркінін сонау арғы түркілердің ортақ заманынан (VІІ-VІІІ ғасырлардан), оның қалдық жазба ескерткіштерінен іздеді.
Ғалымның дәлелдеуінше, «қазақ» сөзі ертедегі жазбалардан қарағанда, екі тұлғадан (қаз+ғақ) құралған туынды сөз. Мұның алғашқысы (қаз) – ескі түбір, ал, соңғысы (ғақ) – ескі жұрнақ. Мұны қалай дәлелдегенін енді ғалымның өз жазбасынан көрейік.
«Көне түркі тілінде жазылған «мәңгі тастарда» осы «қаз» түбірінен туылған «қазғану» сөзі кездеседі. Мысалы, «Тұниқұқ (Тоныкөк) ескерткішінде» мынадай сөздер бар:
«Ілтеріс қаған қазған масар, ұдұбен өзұм қазған масар, іл иема, бұдұн иема иоқ әртачы әрті. Қазғантұфын үшүн үдү өзүм қазғантұқым үшүн іл иема іл болти, бұдн иема бұдұн болти».
Мағынасы: «Елтеріс қаған ерлікпен (күреспесе), мен өзім ерлікпен (күреспесем), ел де, халық та жоқ (болар) еді. Ерлікпен (күрескеніміз) үшін, өзім ұдайы ерлікпен (күрескенім) үшін ел және ел болды. Халық және халық болды».
Орхон жазуымен жазылған «Күлтегін ескерткішінде»:
«Інім Күлтегін бірлә, екі шад бірлә өлү иітұ қазғантым: анча қазғанып, бірікі бодұных от сұб қылмадым.
Мағынасы: «Інім Күлтегінмен бірге екі шадпен бірге өліп-тіріліп ерлікпен (күрес) жүргіздім. Осындай ерлік жасап, біріккен халықты өрт пен селге ұшыратпадым».
Абақан өзеннің бойындағы найман ұлысының Бұқа ханына арналған құлыптаста да осы «қазғану» сөзі барлығы мәлім. Онда былай делінген:
«Елігіз үчүн қазғану... яғма тегміші су тенгі иеті бің оғлан ерті».
Аудармасы: «Еліңіз үшін ерлікпен жауға тиіскен әскері жеті мың ұлан еді». Жоғарыдағы үш ескерткіштегі «қазғану», «қазғандық», «қазғантұқын», «қазғанмасар» деген (көне тіліміздегі) етістіктер «еркіндікке ұмтылу», «ерлік істеу», «табысқа қол жеткізу» сықылды мағыналарда қолданылады».
Ғалым Нығмет Мыңжанұлы VІІ-VІІІ ғасырлардағы осы сөздің ХІ ғасырдағы түркі тіл ғалымы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінде «қазғанмақ» түрінде, ХІV ғасырдың басында жазылған «Қыпшақ тілі сөздігінде», «қазған», «қазан» түрінде кездесетінін ескертеді. Осы күнгі ұйғыр тіліндегі «шұһрат қазанмақ», «ұтұқ қазанмақ» деген тіркестеріндегі «қазанмақ» сөзін еске салады. Бұған қоса орақты (астық оратын орақ) айтады. Қазіргі ұйғыр халқы ауызекі айтуда «ыоғақ» деп, жазғанда «ыорғақ» деп жазады. Ал, біз «ғ» әрпін түсіріп, «орақ» деп айтып, солай жазамыз.
Демек, ұзақ уақыттық тілдің даму құбылысынан «қазғақ» сөзінің «ғ» дыбысы түсіп қалып, «қазақ» сөзіне өзгерген. Мұның тегіндегі мағынасы «ержүрек еріктілер», «еркін адамдар», «жеңімпаз» болып келеді. Нақ осы «қазғақ» сөзі VІІІ ғасырдағы Енисей ескерткішінде «қазғақ оғлұм» күйінде жазылған. Мұның мағынасы «батыр балам», «ержүрек балам» деген сөз болады.
Мұнан сырт, Сібір халықтарының ескі тілінде де «қазақ» сөзі «мықты, берік, жойқын, алып» деген мағынада екен.
Қорытып айтқанда, «қазақ» сөзі ескі сөз. Мұның байырғы тұлғасы– «қазғақ». Мағынасы жоғарыда Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Радлов, Бартольд қатарлы оқымыстылар айтқан «ержүрек», «еркін», «жеңімпаз», «батыл» деген мағыналарымен бірдей.
Сүйікті оқырман, «қазақ» сөзінің қалай шыққаны, оның не мағынасы бары туралы тұңғыш рет қазақтың өз ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты кітабында айтқалы қазірге дейін 450 жылдан асты. Нығмет Мыңжанұлының тұжырымы ең соңғы тұжырым бола ма, жоқ па, оған жаңа қалыптасып келе жатқан қазақтану ғылымы қорытынды жасайды, сайып келгенде, сіздер жасайсыздар.
Тәліпбай Қабаев (1935-2017) әдебиетзерттеуші, баспагер
(1994 жыл. «Ғылым бұлағы» журналы).
Abai.kz