Бейсенбі, 25 Қыркүйек 2025
46 - сөз 270 0 пікір 25 Қыркүйек, 2025 сағат 13:28

Қайрат Рысқұлбековтың қабірі қалай табылды?

Сурет: Википедия сайтынан алынды.

1989-шы жылдың күзі. Мені мекеме бастығы (тергеу изоляторы), ішкі қызмет майоры Альберт Алексеевич Фунт шақырды.

Мен аталған мекемеде сол жылдың ақпанынан бастап мекеме бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет ететінмін. А. А. Фунт Семей облысының (Қазіргі Абай облысы) Ақсуат ауданының тумасы. Балалық шағы сонда өтіп, тілі қазақша шығып, қазақи тәрбие алған азамат болатын. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бес саусағындай біледі, құрметтейтін. Қазақша сөйлегенде мүдірмей сөйлеп, қазақтан асып түспесе қалыспайтын.

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.

"Азизханыч, - деді мен орындыққа отырған соң, - сіз Басқарма бастығы генерал М.Д. Қалматаевқа барыңыз. Өтініш". "Не болды? Тыныштық па?" - дедім. "Тыныштық. Өзіме де баруға болар еді. Бірақ сіз маған қарағанда саясаттылаусыз ғой. Жағдай былай. Бір-екі ай болды. Қаладағы зиялы қауым өкілдері, белсенді азаматтар маған шығып, марқұм Қайрат Рысқұлбековтың қабірін тауып беруін сұрап, қайта-қайта өтініш жасап жатыр. Олар менің қабірді білетінімнен хабардар болса керек. Генералға түсіндіріп, алдынан өтіп келіңіз. Ол кісіге ескертпей, бұл қадамға бару орынсыз болар. "Жаманды айтпай, жақсы жоқ" қыспаққа немесе қудалауға ұшырап жүрермін. "Батырға да жан керек" - деді.

Мұрат Дүйсенбіұлы Қалматаевқа кіріп, жағдайды түсіндірдім. Генерал: "Өте жақсы. Ештемеден қорықпасын. Біреу-міреу "звондап" мазасын алса, менімен хабарлассын" - деді.

Сонымен, белгіленген күні Аман Тілеубаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері бар, біз бәріміз зират басына бардық. Көктем болғанымен, жерге көк шықпаған. Қара суық. Жел өңменіңнен өтіп барады. Белгісіз қабірлер көп екен. Альберт Алексеевич ойланып қалды. "Ол кезде мына алаңқайда бір-екі қана қабір болатын еді" - деді қабірлердің арасында тұрып. Ары жүрді, бері жүрді. Күбірлеп сөйлеп қояды. "Мынау ма еді, жоқ мынау болар шамасы" - деп шинелін, кителін шешіп маған берді. Көйлегінің екі жеңін білегінен жоғары түріп алды да бір қабірге жақын барып, тізерлеп отыра қалып, қабірдің шетін қолымен қазып үңги бастады. Біраз үңгіп, қолы топыраққа білектен жоғары батты да, топырақтың астынан ұзындығы 2 метрдей темір ломды суырып алып шықты. Қайраттың қабірі осы" - деді Альберт Алексеевич.

Қасына келген зиялыларға: "Қайраттың соңынан іздеу салғанда қабірін табуға септігі тиер деп, мына ломды сәтін пайдаланып, ешкімге білдірмей, осында жасырып кеткенмін" - деді дауысы дірілдеп Альберт Алексеевич. "Т-у-у, таба алмай қаламын ба деп қатты қиналдым ғой. Енді бір жылдан кейін табуымыз екі талай болып қалады екен" - деді киініп жатып. Альберттің бетіне қарасам, тер деген бұршақ-бұршақ болып сырғып тамып жатыр екен.

Жұмыс орнына келген соң, Альберт Алексеевич мені кабинетіне шақырып, есікті ішінен іліп алып, креслосына отыра қалып, көз жасына ерік берді. Еңкілдеп жылады. Шыдап тұру мүмкін емес. Сабырға шақырып, су беріп, жылағаны басылған соң, ауыр күрсініп: "Әлеке(бұрын олай атамайтын), бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Қайратты қазақтың іздейтініне сенімді болдым. Бірақ, қабір туралы кімге айтарымды, кімге тапсырарымды білмей жүр едім. Иығымнан ауыр жүк түскендей болды. Жеңілденіп қалдым. Қайратты өзім киіндіріп, табытқа өзім салып, өз қолыммен жерледім ғой. Таң қылау беріп. елең-алаңда зиратқа бардық. "Бақылаушылар" көп болды. Прокуратура, ҰҚК-тінің өкілдері де жүрді. Камераға түсіріп жатқанын байқадым. Амалын тауып, оңтайлы сәтті қолданып темір ломды топырақтың астына жасыра қойдым" - деді А.А. Фунт. Альберт Алексеевич Қайрат Рысқұлбеков қайғылы қазаға ұшырағанда мекеме бастығының орынбасары болып қызмет ететін.

Альберт Алексеевич Фунт осыдан 20 шақты жыл бұрын Германияға қоныс аударған болатын. 7-8 жыл бұрын Семейге келіп, қала аралап, дос-жарандарымен кездесіп, зират басына Қайраттың қәбіріне тағзым етіп еді. Қабір басында тұрып: "Азизханыч, енді келемін бе, келмеймін бе, оны бір құдай біледі. Қайраттың қайғылы қазасы менің есімнен ешқашан шықпайды"- деп, жарықтық. А.А. Фунт 5-6 жыл бұрын Германияда дүниеден өтті.

Алихан Омарбеков

Abai.kz

 

0 пікір