Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Әдебиет 157 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 13:35

Мешіттей кесек романдар

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

(Әдеби эссе)

Оқушыларыма лекция сөйлеуге батылдығым даяр болсада, "лекция тақырыбын не деп қойсам болады?" деп екі қайтара ойландым. Бірінші тапқан тақырыбым "Әлем прозасына қалай қақ жарып кіруге болады?" деген тақырып. Екінші тапқан тақырыпты – "Мешіттей кесек романдар" деп атадым ба, қалай болғаны, ұмытыңқырап қалдым. Себебі, бірінші тақырыпқа деген қанағатым жоғарылап, соны ойлай беріп, бекініп, қабылдап жібергенімнен болар. Короновирус келмей тұрып-ақ менде онлайн заман басталған. 2017 жылдың сәуір айынан бастап Wechat желісінде оқушыларға проза және поэзия тақырыптарынан сабақ берем. Менің басты мақсатым – Әртүрлі жастағы әдебиет құмарлардың басын біріктіріп, үздік проза және поэзия жазу өресін биіктету.
Мен бұл реткі лекцияға қалай дайындалдым? Бұл лекцияны айтуыма не түрткі болды? Сіз бұл жолғы лекциямды ести алмасаңыз да, жазбаша нұсқасымен танысып шықсаңыз да "рахмет!" деп айтар едім. Неше жүздеген лекцияның қарапайым бір түрі ғой.
Бүгін әлем прозасына жол тарту жайлы жаңа ойларға ие болдым. Мыңдаған мешіт құрлыстарын жинақтап қарап тамашалауға бір күнімді арнаған едім. Ендеше, мен әдеби көзқарасымды осы мешіттермен байланыстырып айтып берейін. Әлемдегі сан мыңдаған мешіттің тарам-тарам тарихымен толықтай танысып, ішіне қыдырып, жатып, намаз оқып, салу ерекшелігін, әрбір қаланған заттың ерекшелігін білуіңізге ғұмырыңыз жетпейтіні секілді, Сіз мықты прозалық шығарма жазуыңыз үшін өте көптеген әлемдік романдарды сарқып оқуыңыз қажет емес. Сіз әлемдегі ең құнды әдебиет жауһарларын оқып бітіргенді қойып, олардың қысқаша мазмұнымен танысып үлгірмейсіз, оған ғұмырыңыз жетпейді. Сіз әдебиеттің не екенін толық таныған күннен бастап тек өзіңіздің ұлтыңызға ғана тән ұйыған иірімдерді прозаңызға енгізсеңіз болды. Көп оқып, көп таңғалып жүретін жазушыдан мандыған шығарма шықпайды. Таңғалмай, өзі де ебін келтіре алатынын біліп, жымиып атқа қонған ерлерден ғана үміт күтемін.
Татарстандағы, Башқортстандағы мешіттердің өзіне тән өзгешелікпен салынып көз арбап жатқанына қарап ойландым. Бір қарапайым шебердің әлемдегі түрлі мешіт құрлысын толық білмей-ақ өзінің жеріне, ұлтына тән ерекшеліктерді мешітке сіңіріп салған кезде адам айтса нанғысыз ғажап мешіт үлгілері барлыққа келгеніне қарап, сіз прозаңызда әлем әдебиетіндегі сан түрлі тәсілдерді қолданбағаныңызбен, өрімдей ғана ұлттық ерекшелік қолданған болсаңыз сол шығармаңыз әлем оқырмандары алдында сөзсіз қызығушылық тудырады. Мысырдағы, Чеченстандағы мешіттің құрлысы заманауи салтанатымен көз тартып қараған көз жанарларды құлпыртатыны сияқты, әдебиет әлемінде шығарма тілінің асқақ, салтанатты және жаңашыл образдарға бай болуы сөздің күшін шығарып тұрады.
Ресейдегі және Әзербайжандағы қатты үлкен болмаса да қолданған заттары және салу тәсілі өзін байырғы етіп көрсететін мешіт үлгісі бәрібір ғаламдағы ерекше мешіттердің қатарынан орын тебе алады. Көркем шығарма да сол сияқты, сіздің жазу стиліңіз жер астынан қазып алынғандай, көне заман адамдарының ауызынан бұрқырап төгіліп тұрғандай стилде болса шағын әңгіме жазсаңыз да ол әңгіме өз құндылығымен дараланады.
Ирандағы, Өзбекстандағы мешіттердің өзіне ғана тән тым тереңде жатқан үлгі мен өрнекке ие екенін ескерсек, бұл елдердің әдебиетінің де ұлы тамырға ие бола алатынын ұғынамыз.
Біздің прозаға да өзіне тән терең стиль қалыптастырып, әлем әдебиетінде "Қазақ сарынын" кеңінен танытатын кезге жету талабы қойылуы тиіс. Мароккодағы теңізге сұғындыра оқшау орналастырған мешіттің даңқының артуы ең бастысы жеңіл, ықшамды өзгеше құрлысымен және орналасқан орнымен маңызды болғанындай көркем шығармадағы кейіпкерлеріңізді, оқиғаңызды адамдар байыбына бара бермейтін тылсым аңғар, өзгеше салт-санаға ие ауылдарға, жүрекке жеңіл әсемдігі ала бөтен өңірлерге орналастырып, сол жерді суреттеп танытуға баса мән берсеңіз де шығарма маңызды оқиғасыз-ақ сан мың жүректі лүпілдетуі мүмкін. Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан қатарлы елдерде сұрапыл стилге ие мешіт құрлысы болмағанындай, кейбір елдердің жан саны 20~30 миллион, 30~40 миллион бола тұра әлемге ұсынып жатқан таңдай қақтырарлық романы жоқ. Ұлы романдар елдің санынынң көптігіне емес, анда-санда әрең туатын таланттарға арқа сүйейді екен де, ұлы романдардың тууы сол елдің экономикасына да, жан санына да қарамайды. Араб Біріккен Әмірлігінде ерекше жарқырап салынған мешіттер өте көп ақша құйылып қанша жарқырап көрінгенімен, мұсылман әлеміндегі ғажап бітімді мешіттердің қатарына кіре алмайды. Сол секілді кейбір дамыған елдер экономикасына арқа сүйеп жазушыларын қанша қолдаса да ұлы романдар тудыра алмай жатыр. Керісінше, экономикасы төмен бола тұра Мали, Гана, Нигер, Батыс Сахара, Буркина-Фасодағы қаражатсыздықтан және жергілікті құрылыс дәстүрінен келіп шыққан саз балшықтан қалап, бағандарына ағаш қыстырған қарапайым мешіттердің, Мавританиядағы өздерінің байырғы тас қорғандарынша қаланған мешіт, Ливиядағы өздері керіштен ойып шоқайтқан үйлеріне ұқсатып керіштен ойған мешіт,  Джибутидағы біздің кесенелеріміздей ғана шағын болсада, бұл кешендердің бөлек бөгенайы мешіт құрлыстары арасында мәшһүр болып топ жарды. Керек десеңіз, Иорданиядағы, Израильдағы әуелі таяқпен сызып алып, содан кейін ұсақ тастардан қоршап тізген мешіттің бейнесінің ішінде намаз оқып тұрған мұсылмандарды көргенде оны ешкім мешіт емес деп айта алмайды. Сіз өз еліңіздің әдебиетті түсіну қабілеті мен экономикалық қуаты төмен болсада сол уақыттың ішінен қарапайым да қасиетті кейіпкерлерді, оқиғаларды тауып сомдап топ жарыңыз.
Мешіт біткеннің ең әсемі, ең ірісі, ең тарихи маңызға ие ұлысы Меккедегі Әл-Харам мешіті байырғы уақытта мұндай әсем, мұндай үлкен емес те еді. Діннің басты орталығы болған соң ғасырлар сайын түрленіп, кемелденіп, кеңейтіліп бүгінгі ұлы мешіттің бейнесін қалыптастырды. Тура осы мешіт сияқты әлем прозасының даңқы да көркем әдебиеті тым ерте басталып, әдебиетшілерінің даңқы ерте шығып, әлі күнге дейін тоқтаусыз әдебиет майданы қызып тұрған Франция қатарлы елдерге тән.  Иерусалимдағы байырғы мешіттер тарихи құндылыққа ие бола тұра, кейінгі аласапыран кезеңдерде кемелденудің орнына байырғы жұтаң кейпінен айнымады, дамымады. Осы сияқты әдеби өркендері ең ерте жайылған кейбір елдер тұрақты әдеби дамуға ие бола алмай, сол елдердің ертедегі әдебиеті тарихи құндылығы бола тұра қарабайыр парақтарға айналғаны қашан?!...
Әлемдегі көптеген мешіттер Меккедегі Әл-Харам мешітінің құрлысы мен Айя-София мешітінің құрлысын үлгі етіп салынғаны сияқты, әлемдегі танымал әдебиетшілердің жарымынан астамы Шекспир, Бальзак қатарлы аты шыққан бірнеше тұлғаның рухани шәкірттері болып есептеледі.
Мешіт десек, көз алдымызға үлкен күмбез, мұнаралар, айшық, арабша жазулар, орташа үлкендікте салынған дөңес құрлыс еске түсе кетеді. Көз алдымызда жатталып қалған көп мешіттердің бейнесі ақшыл құрылыс, сарғыш күмбез, мұнара болып көбінде қатты айырма болмайды. Тура осы сияқты әдебиет әлемінде прозаның қатып, қалыптасып қалған көзге үйір үлгісі болады. Жазушылыққа қадам басқан көптеген дарындар өздерін осы ортақ қалыпқа салып, бөгенайы бөлек ерекшеліктерінен айырылып қалып жатады. Біз мұндай қатып қалған қалыптан болымсыз болсада даралығымызды танытып бөлектене алсақ, міне шын әдебиет деген сол. Сан алуан мешіттерге қарап отырсаңыз, Арабтық және Станбулдық үлгіден алыстап, өзінің ұлттық ерекшеліктерін мешіт құрлысына сіңірген Филиппин, Малайзия, Индонезиядағы халықтардың мешіттері мүлдем жаңа көркемдікті бағыштайды. Индонезиядағы мешіттерде жаңбырлы климаттарына сай пайда болған шатырша үйдің құрлысын мешітке сіңіру, мешіт орналасқан өңірдің жер бедерінің қоңыр-жасылды бояуы мен күдір-еңістігін мешіт құрлысының әрбір бұрышына дейін кіргізу, сол арқылы мешіт пен табиғатты жымдастыру, ұлттық салтанатты мереке кезінде пайдаланатын ту-жалаушалардың өрнегі мен бітіміне ұқсас діңгектерді мешіттердің алдына қадап салтанатты сипат енгізу, Үндістан сияқты жақын аймақтардың мәдениетінің әсерлерін мешіт құрлысына жымдастырып аз да болса кіргізіп отыруына қарап сіз де прозаңызға туған өңіріңіздің климатына тән сипаттарды, өз жеріңізге ғана тән салтанатты сезіну қағидаларын, көршілес халықтардың еліңізге жасаған әсерлерін шығармаңызда көрініс таптыра білсеңіз мұның бәрі прозаңызда ұлттық ерекшелікті қалыптастыруыңызға көмектеседі. Сол секілді сіздің прозаңыз титтей болсада өзіңіздің ұлттық бояуыңызды алып шыға алса шын проза сол. Сіз әлем әдебиетінде танымал болған ұлыларға еліктегеніңізбен Айя-София мешітінің мұсылман елдеріндегі мыңдаған үлкенді-кішілі көшірме үлгілері сияқты өзіне тән ерекшелігі жоқ жазушының біріне айналып қаласыз.
Үндістанда сан түрлі дін, сан түрлі ұлт болса, соншалықты көп түрлі діл бар, көркемөнер бар, көп қырлы ақыл-ой қазынасы бар. Үндістандағы мешіттің бейнелері ең алғашқы адамзат пайда болған кезеңге жетелеп, адам санасына ауыр ой тастайды.
Үндістан түрлі аңыз-кітаптарынсыз-ақ тылсым құрлыстарымен адамға Құдайды танытып жіберетін күшке ие. Үндістан – Сан мыңдаған әулиенің сағынышы топырағына көмілген аймақ. Үндістаннан шыққан режиссерлер мен жазушылардың осы қасиеттен ажырамай дара болуға талпынып тұратыны әлем жұртшылығының көзіне бірден ұрынады. Бізге қандай өнерде болсын адамзат жаралғандағы ең алғашқы тазалыққа оралып тұру керек. Бойыңызда қағілездік, көрегендік, болжағыштық, даналық қасиеттер туа бітті болса мұны қарапайым надандар "жынның ерекше түрі қонған болуы мүмкін" деп добалдайды, әсте бұлай емес. Ең алғашқы жаралған адамдардың тазалығына жақындаған сайын, өз тегімізге қайтқан сайын парасатты сәттер бойымыздан жиі жаңғырып отыратын болады. Тек таза, адал, дана адам едік, Алла адамды үлкен махаббатпен жаратып еді. Нәпсімізді ретімен ұстамай, бір-бірімізбен аяусыз былғанып сол қасиеттерден көп ұрпақ абайсызда орта жолда ажырап кетті. Филиппиндіктердің мешітті қызыл, күлгін түстермен бояй беретіні сияқты өзіңіздің ұлттық бояуды шығармаға сіңіруде оғаш сезінген салт-дәстүрлерді кіргізуден арланбаңыз, әлем оқырмандары үшін танымал алыптардың жазатын бағытын қайталағаныңыз қызықты емес, әлем оқырмандары үшін ұлттық бояуыңыз қызықты.
Сириядағы, Ирақтағы, Испаниядағы, Тунистегі тотықұстай түрленген патшалық мешіттер қай-қай жағынан алғанда ауызыңның суын құртады. Бұл мешіттерге бір патшалықтың бар ықыласы, ақылы, күш-қуаты сіңген. Сол секілді патшалықтардың қыр-сыры жазылған романдар мәңгі өз даңқын жоймайды. Ілияс Есенберлиннің саясаттың тегеурінін ескере отырып, қысымның тар тақиясына ыңғайланып жазылған "Көшпенділер"  шығармасының әлі де көп оқылатын себебі шығарма өз ұлтыңның тарихының маңызды буынымен, ескі мемлекеттік айбынымен суарылса оның қарапайым күші күн сайын оқырманның махаббаты арқылы артып отырады. Бұдан тыс, Шри-Ланкадағы жергілікті ескі патшалықтың қасиетін сіңірген мешіті мен Солтүстік Кипрдегі Түріктерден бұрын мекен еткен, бұл күндері тарихтан шегінген, ұмытылған ескі халықтардың жан әлемін білдіретін көркемөнерге толы мешіттерге қарап отырып прозаға бұрылатын болсақ, сіз өз топырағыңызда жасаған бабаңыз емес болуы мүмкін өркениеттердің де бояуын, әдет-ғұрыптарын жергілікті даралық ретінде шығармаға алып кірсеңіз бұл да сіздің жазбаңызды осал етпейді. Кейде Алжирдағы Хаммад ескі қаласының үлгісін жергілікті мешіттеріне сіңдірсе ғой деп үміттеніп отырғанымызда сіздің мекеніңіздегі ұлы романдардың құшағына кірмеген ескі фольклор, ескі қорған-тастардың сиқырын әлем әдебиетіне бізден көрі анағұрлым анық түсінетін сіздің алып шығуыңызды қалар едік.
Қытай жаққа назар салсаңыз ескі Таңғыт патшалығының дәурендеп тұрған кездегі биік мәртебесін мешітке сіңірген ескі Таңғыттардың ұрпағы болған бүгінгі дүңгендердің өнеріне таңдай қағамыз. Ұмытылған ескі патшалықтары тарихтың терең құзына мәңгілікке ағып кетсе де,  ескі халықтардың кейінгі ұрпағы діні мен тілін, салт-дәстүрін, киімін толық өзгертіп кетсе де сол ескі дәурендеген кезеңдердің салтанатын бүгінгі күнде де тамылжытып қоюға болады екен. Шілбиген бағандар, сансыз өрнек, түлей жапырақты ағаш, алып құрлысты тіреген дүлей күш бұл мешіттен қалай атқып шығып тұрса, сіздің де шығармаңыздан сол бейнет пен зейнетті қатар көргім келеді. Қытайдағы келесі бір мешіттен аңғарғаным, сіздің шығармаңыздағы дүние танымыңыз өз еліңізге ұқсамайтын, басқа бір халықтардың ой әлеміне жуық болса – Оқырман халқыңызды шегенделіп қалған ой шеңберінен шығып басқа түрлі ойлауға апарып мойынын бұрғызады және сіздің ой-танымыңызға жақын болған басқа халықты шығармаңыз баурап сіздің ұлтыңызға белгілі түрде жақындата түседі.
Иорданиядағы ауласы дөңгелек көк шұбар мешіттің үлгісінен оңтүстік-шығыс Азияға тән буддалық храмдардың кейбір ерекшеліктерін тауып аламыз. Бәрібір бұл сипат мешітті төмендетіп тұрған жоқ, бір туар көркемөнерлік бағасын арттырып тұр. Тіпті, Иордания ол өңірлермен байланысы жоқ алыстағы өңір. Сіз прозаңызда өзіңізге алыс тұрғындардың образын сіңдірсеңіз де оның айыбы жоқ. Алыстағы адамдардың табиғаты мүмкін сіздің туған жеріңіздің ортасына өз ауылдастарыңыздан бетер үйлесетін шығар, көркем прозаның сиқыры әлі талай оқырманды сенер-сенбес күйге тастап елітіп, еліктетеді.
Малайзиялықтардың Мәскеудегі Василий Блаженный атындағы шапағат үйінің бейнесінен аумайтын күмбез-мұнаралары қызыл бұйра, көк бұйра мешіт салғанында тұрған еш оғаштық жоқ. Ертедегі Сарайшық қаласының кремльінің ұзындығы 12 км болып, қақпасында алтыннан істеген арқыраған екі ат болған. Васили Татищевтің Кремль сарайын Сарайшықтың көшірмесі ретінде қарауы да содан болған. Олай болса, Қызыл алаң – Сарайшықтың кілем жайылғандай етіп бояулы керпішпен, майлы шағылмен төселген кең, қызыл ауласынан келіп шыққан. Малайзиялықтар еліктеген Василий Блаженный атындағы сәлделі мешіттің үлгісімен салынған шапағат үйі туралы жалғасты айтамыз.
Орыс жасақтары 1561 жылы Қазан хандығын күйреткен соң, Татарларды жеңудің тарихын ұмыттырмау үшін әдейі Татарлық сәлделі үлгідегі Құл-Шәріп мешітінің бейнесінде осы Шапағат ғибадатханасы тұрғызылған. "Кәпірге Қазанды қалдырмаймын!" деп жанталасқан Тама Шора батырдың заманы сол кез. Ол кезде Татар деп бізді және басқада көшпенділерді атайтын. Қазан хандығын көшпенділер билесе, халқы нағыз татарлар мен кейінгі уақытта "татар" атанып кеткен бұлғарлардан тұратын.
Орыстар Москваны Кремльдеп, Қызыл алаңдандырып, Сарайшықтың үлгісінде әсемдеп, кейін Сарайшықты осы үшін қиратып тастаған. Мешіттері тура сондай болған. Бүгінгі Москвадағы Шапағат ғибадатханасы сол Қазандағы Құл-Шәріп мешітінің бейнесі болса, Малайзиялықтардың осы істеріне қарап отырып, прозада жат діндегі халықтардың өзіңізге ерекше әсер еткен істерінің мұсылмандық бейнесін, ұлттық бейнесін жасап шығуыңызға да болады. Олар Қазан жайлы білмесе де, Шапағат ғибадатханасына қарап отырып осындай ғажап туындыға лайықты мешітті жасай білді. Дәл осындай жазушылық тәсіл барысында жат діндегі, жат мінездегі халықтардың бізге тән ұлттық бейнесін жасап көргеніңізде ғасырлардың алдында ұмытылып кеткен ескі бабалық бейнедегі адамдардың біз ұмытқан жан әлемін өз шығармамыздан тауып алуымыз мүмкін.
Бангладештегі ескі мешіттің осы өңірдің халқына тән, басқа ешкімге ұқсамайтын мұра екенін зерделейтін болсақ, сонымен бірге Бангладеш жерінде Буддалық құрылыстың сарқыншақтарының көптігін ескерсек, Бангладештегі бұл көне мешітті бұтханаға ұқсап қалды деп айта алмаймыз. Әуел баста бұтхананы да жергілікті халық өздеріне таныс тұрғылықты жерлеріндегі үй құрлыстары негізінде қалап шықты емес пе?! Сондықтан, сіздің прозаңызда шамандық сарқыншақтар бүгінгі діни дәстүрлермен қатар орын алып жатса оған бола қымсынбаңыз. Барлық тарихи сарқыншақтар мен жаңалықтар молынан кіргізілсе, шығармаңыз кісі таңданарлық жаңа бір стиль қалыптастыруы ғажап емес. Жаркентте Цин империясының қүрлысы үлгісінде салынған ескі мешіттің болуы, Павлодар мен Шымкентте өзгеше бейнедегі жаңа мешіттердің қалануы, Түркістанда Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі дейтін әлемдік діни құрлыстағы бөгенайы бөлек кешеннің болуы, Зайсан ауданында Зейнолла кесенесі дейтін өзгеше құрлыстың болуы, Маңғыстау топырағына шоғырланған сан қилы кесененің болуы, Алтайдағы Тұғырыл ханның дөңге айналған кесенесі, Алтайдағы Қозы-Баянның бұғытас қойылған бейіті... Бұлардың бәрінің Қазақ жерінде орналасуының өзі Қазақ топырағының әлемдік кешендер арасында өзіне тән ерекшелігі қалайда барын аңғартады. Өкініштісі бүгінгі Қазақтың діни құрлыстарының ерекшелігі өте аз, сол сияқты бүгінгі Қазақ әдебиетінің өзіне тән әлемнен алыс ерекшелігі аз.
Біздің құрлыста да, әдебиетте де мақтан тұтатын кезеңдеріміз, ерекшеліктеріміз өткен шақта қалып қойған. Дүниенің жаңа салынған қай керемет мешітіне қарасаңыз жобалаушының әлде бір ескі құрлысты немесе ұлттық біз біле бермейтін өзіне тән ерекшелікпен салғанын аңғарамыз... Сол тектес әдем әдебиетінде жарқ еткен тың туындының авторының өзінің біз біле бермейтін ұлттық ерекшелігін немесе әлем әдебиетідегі ескі авторлардың ізін басқаша түрде жаңғыртып, сол ескілікке шәкірт бола білгенін ұғынамыз.

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір