Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Құйылсын көшің 142 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 14:04

Ұлы көшке жасалған кезекті кедергі ме, министр мырза?

Суреттер: abai.kz, wikipedia.org сайттарынан алынды.

ШЫНЫМЕН ДЕ «АҚАУ» МА, ӘЛДЕ ҰЛЫ КӨШКЕ ӘДЕЙІ ЖАСАЛҒАН КЕЗЕКТІ КЕДЕРГІ МЕ?! 

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі

Е.С. Сәденов мырзаға!

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Көші-қон саясатымен ұзақ жылдардан бері тынбай айналысып келе жатқан тәжірибелі маман әрі белсенді азамат ретінде маған алыс-жақын шетелдерден оралған ағайындар телефон шалып, көмек сұрап жатады.

Мен олардың сөзін жерге тастамай, заң аясында көмек беріп келемін. Ұлы көшке қатысты күрделі мәселелерді министрліктердің, Үкіметті, тіпті Президенттің деңгейінде шешкен кездерім аз болған жоқ.

Соңғы кезде сол ағайындар саусақ ізін алатын аппараттың ба, әлде базаның ба істемей жатқанын айтып, телефон соғатындардың қатары көбейіп кетті. Тіпті, күндіз-түні хабарласып, маза бермейтін болды.

Телефон соққандардың айтуына қарағанда, сол ақаудың кесірінен Атажұртқа оралған ағайындарымыз не тұрақты тіркеуге тұра алмай, не азаматтыққа құжат өткізе алмай, не бір айлық визасыз тәртіппен келіп, визаларын бір жылға көп мәртелі етіп аштыра алмай қатты қиналып жатқан көрінеді.

Осы мәселеге байланысты, кеше Сіздің атыңызға видиоүндеу жасап, оны TikTok желісіндегі парақшама жүктей қойып едім, екі күннің ішінде жиырма бес мыңға таяу адам көріпті.

Сол видиоүндеудің астына жазған жұрттың пікірлерін оқып, мен кәдімгідей ойланып қалдым.

Соның бес-алтауын Сіздің назарыңызға қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдім:

@Жумабек Жармухамбет: я база ақша берсең ыстеп тұр адам басына 20000;

@жорабек: сонда қалай орыстар келсе 2сағатта қиналмай аладі өз қазағымызға қианат жасап жатыр;

@gulsaraiassaui: сәлем дұрыс вйтасыз база істемеиді деп созып арты теңге алуға барып жатыр дұрыс атасыз .

@Әбдібақыт Бәкір: Дел далдар көбейіп кеткен бәрі ақша

жем қор лық тың бір түрі көшіп келген

қандастардың айтуынша кедергі қайта көбейген база істемеу сылтау

@Erturk Eltemir: База істеп тұр тек қара қытайларға. үйіткені олар қомақты ақша береді;

@eldan603: кеше қапшағайда сұмдық жағдайға тап болдымбаза истемеи жатыр деп бірнеше рет барған алам құжат арасына10мың теңге салып бергенде дереу қабылдаған бұл бір масқара жағдайжемқорлық тап таза...

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Сонда, бұл шынымен де техникалық ақау ма, әлде Ұлы көшке жасалып отырған кезекті бір кедергі ме?!

Ақау болса, оны жөндеу неге сонша ұзаққа созылып кетті?!

Саусақ бедерін алуға қатысты ондай сапасыз аппаратты кім қайдан алды немесе жұмыс істеуге жарамсыз базаны кім жасады?!

Жоқ, бұл ақау ақша табу үшін жасалып отырған қитұрқылық па?!

Тіпті, аппараттан немесе базадан шынымен  ақау шыққан болса, онда жергілікті Көші-қон қызметі полиция бөлімдері азаматтардың саусақ ізін алу жұмысын кейінге қалдыра тұрып, олардың құжаттарын қабылдай берсе болмай ма?! Кейін, аппарат немесе база іске қосылғанда оларды шақырып, саусақ іздерін алып, базаға енгізіп қою – қаншалықты қиын шаруа?!!

Құрметті Ержан Сапарбекұлы!

Сізден осы мәселені Өзіңіздің назарыңызға алып, жоғарыдағы сұрақтарға бір-бірден нақты жауап беруіңізді, сондай-ақ аталған мәселені тездетіп шешуге ықпал етуіңізді сұраймын!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір