Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Талқы 315 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 17:49

Ислам жаңа заманға бейімделуі керек!

Сурет: urker.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Бүгінгі исламның қазақтың кейбір салт-дәстүрлерін қабылдай алмай, тәңіршілдікті діннен шет қоюының себебі неде? Оның себебі – исламның өзінің ежелден қалыптасқан діни қағидалар аясында қалып, бүгінгі жаңа өмірге бейімделе алмауынан десек артық болмайды. Әрине, бұл ойды тосын көріп, мұсылмандар қабылдамауы да мүмкін. Бұл мәселенің еліміз үшін маңызды  үлкен болғандықтан, Абай ілімі аясында ойымызды дәлелдеп көрелік.

Діннің өзгермей, өзінің алғашқы қалпын сақтауы, оның ұсақталып, әлсіремеуі оған басқа діни ағымдардың арасында жоғалып кетпей, керісінше, күш алып, басымдық көрсетуіне мүмкіндік береді. Бірақ, ол үшін істің мән-мәнісін жақсы білу керек. Абай көрсеткендей, әрненің өз мөлшері бар. Мөлшерінен асқанда әрбір іс ернеуінен асып, кері әсерін береді. Бүгінгі еліміздегі исламның тәңіршілдік қалыптастырған салт-дәстүрімізді  қабылдамай, оның кейбір көріністерін харам деп атауы осының көріністері ғана. Бұл көрініс оның бүгінгі жағдайға бейімделе алмай отырғанын көрсетеді.

Ислам өзінің табиғи міндетін атқару үшін елдің бірлігін қорғап, имандылығын өсіріп, халықты рухани жолға түсіру үшін ол бүгінгі өзгерген тарихи-әлеуметтік жағдайға бейімделе білуі керек.

Абай ілімінен бұл ойдың түйінін нақты көре аламыз.

Абай «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?» (20-сөз) дейді. Ал өзінің әйгілі «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде заманның өзгергіштігін ол былай деп нақтылай түседі:

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубихи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға.

 

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

Ғибратты бұл жолдардан ұғатынымыз: аманту және уәктубихи (Исламдағы Аллаға сену туралы аяттар) оқуды әрбір мұсылман қабылдаған, бірақ көпшілік қауым бұл сөздердің, тіпті діннің, ішкі мәні мен сыртқы мәнісін айыра білмейді. Діннің ішкі мәні -- Алланың өзгермейтініне сенім, яғни, иман болса, ал сыртқы көрінісі -- Оның жаратқандары, яғни, Болмыстың матриалдық бөлігі болып табылатын адамзат қоғамы, қоршаған орта. «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді», яғни, сыртқы көрініс үнемі өзгерісте, бірақ ішкі мән болып табылатын имандылық өзгермейтін тұрақты.

Шаруа, адамдардың мінездері күнде өзгерісте. Осылай тән құмары күш алып, адамның көңілі діннің ішкі мәнінен, сыртқы көрінісіне баса көңіл аударғанда имандылық құлдырау жолына түсіп, қоғам тұйыққа тіреледі. Осындай жағдайда имандылықты қалпына келтіру үшін «Оларға кез-кезімен нәби келді». Осылай ескі дін ауысып, жаңа дін пайда болады. Қандай дін болса да белгілі бір заманға, қоғамдағы тарихи жағдайға байланысты түседі. Олар өздерінің түскен ортасынан шығып, басқа тарихи жағдайларға тарағанда түрлі өзгерістерге түседі. Осылай исламда төрт мазһаб (ханафи, малики, шафиғи және ханбали) пайда болды. Бірақ, «Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла (Алланы түсіну, яғни, діннің ішкі мағынасы)  еш жерде өзгермеді». Абайдың бұл ғибратты сөздерінен діннің жойылып кету себебі, не болмаса әлсіреуі, оның ішкі мәнін ұмытып, тек қана сыртқы көрінісіне көңіл бөлінгендігінен екенін көреміз. Діннің ішкі мәні өзгермейтін мәңгілікті және барлық діни ағымдарға ортақ, ал сыртқы көрінісі тек қана өзіне ғана тән және заман ағымына байланысты өзгеріп отыратын уақытша. Абай «Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға» деп осы маңызды тұжырымды естен шығармауға шақырғандай болады.

Сонымен, өмір бір қалыпта тұрмайды. Заман ықпалына  байланысты өмірдің қағидалары да өзгеріп отырады. Діннің ішкі мәнін сақтау үшін, оның сыртқы көріністерін, яғни қағидаларын, заманға сәйкестіріп отыру керек.

Ислам діні Болмыстың бір бөлігі, Оның бір көрінісі болғандықтан, ол да өзінің сыртқы көріністерін өзгертіп, қоршаған ортаға бейімделе білуі керек. Осылай ғана ислам әлсіремей, өзінің ішкі мәні болып табылатын имандылықтың тазалығын сақтай алады. Себебі, Абай сөзімен айтқанды «...ғибадат (иманның) күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд (міндет) қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?» (38-сөз).

Бірақ, бүгінгі мұсылмандар бұл ақиқатты ұмытып, діннің ішкі мәніне емес, тек қана оның сыртқы көрінісіне көңіл аударып, діннің сыртқы көрінісін фанатизмге айналдырып отыр. Болмыстың өзі Алланың көрінісі екені ұмытылды. Сондықтан, көшпелі заман қалыптастырған қазақтың кейбір ұлттық салт-дәстүрлері Алланың тура жолынан шығарып жіберетін харам әрекет деп қабылданып, олардың ұлттық болмысты сақтау жолындағы рөлі мойындалмайды. Осылай домбыраны харам деп, аруақтарды қолдамай, қазақтың кейбір салт-дәстүріне қарсы шығу жиіледі.

Сонымен, Түп Иеге жету үшін әркім жүре алмайтын тура рухани жол ғана емес, көпшілікке арналған фәнилік айналма жолдың да бар екенін түсініп, оны мойындай білу керек. Сонда ұлттық салт-дәстүр ғана емес, бүкіл Болмыс көріністері толығымен қабылданады. Осылай фанатизмнен шығатын қиянаттан арылып, қоғамға бейбіт өмір орнатуға болады.

Еліміздегі ислам діні қоғам өміріне бейімделе біліп, Болмыстың рухани  және материалдық қанатын бірдей ұстап, оның үйлесімділігін сақтағанда ғана егемендігімізді сақтап, тіпті, әлемдік өркениеттің алдыңғы сабына шығуға мүмкіндік туады.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог

Abai.kz

0 пікір