Тәңірлік пен Ислам арасындағы сабақтастық

Тәңірлік пен Ислам арасындағы сабақтастық хақында
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде өздерін «тәңіршілерміз» деп есептейтін псевдодіншілдер тарапынан ислам дініне қарсы адам сенбес түрлі жалған ақпараттар таратылып, халықтың ислам дініне қарсы көзқарасын қалыптастыру бағытындағы әрекеттері толастамай тұр. Олардың бұл әрекеттеріне қарсы қаншама дәлелдер келтіріп, мақалалар жарияладық. Алайда, «тәңіршілдер» ол мақалаларға назар салмауға тырысады, оқымайды. Есесіне, ислам дініне қарсы шабуылдарын одан сайын үдете түсуде. Ең бастысы «ислам діні Түркістан жеріне келуімен Тәңірлік діні қысымға түсіріліп, халық санасынан аластатылды» деген жалған пікір халық санасына сіңірлуде. Шындығында бұл тарихи шындыққа сай келеді ме?- деген сұраққа осы мақала шеңберінде жауап беруді дұрыс деп шештік. Себебі, бұл сұраққа жауап берілмесе, онда жалған «тәңіршілдікті» ту еткен псевдопатриоттардың екпіні басылар емес. Сондықтан бұл мақалада ислам дінінің Түркістан жеріне алғаш келу кезеңіне қатысты тарихи оқиғаларға талдау жасалады.
Тәңірлік діннің дүниеге келген жері де, Әлемге таралған жері де Түркістан. Сырдария мен Қаратаудың арасы түркі өркениетінің тал бесігі. Түркі халықтары Батысқа да, Шығысқа да осы Түркістан жерінен таралды. Оған біздің қолымызда жеткілікті дәлелдер бар. Бір ғана мысал сонау Сібірдің төріндегі якут-саха халқының негізін құрайтын тайпа – қаңлы тайпасы екендігін еске алсақ та жеткілікті. Ал, қаңлылардың шыққан жері Сыр бойы. Бұл тайпаның «қаңлы» аталуы Сырдарияның көне атауымен байланысты екендігін көпшілік біле бермейді. Көне «Авеста» кітабында Сырдарияның көне атау «Канха» деп аталады. Оның жағасындағы халықты қытайлар – «кангюй», парсылар – «кангар» деп атаған. Міне, осы Сырдария мен Қаратау алқабынан тараған түркілермен Тәңірлік дін Батысқа да, Шығысқа да тарады. Біз оны жоғарыда мысал еткен якут-саха халқының мысалында және Батысқа кеткен қарачай-малқар халқының мысалында дәлелдеп бере аламыз. Бұл халықтардың да көне діні Тәңір діні болған. Тәңірлік діннің әлемге таралуы кезеңі бізге дейінгі алты мың жыл шамасын құрайды. Сол кезеңнен бері қаншама түркі халықтары қаншама тарихи оқиғаларды басынан кешірді. Түркілердің біраз бөлігі өзге діндерге бет бұрды. Мысалы, тыва халқы Ұйғыр қағанаты кезінде буддизмді қабылдады. Одан басқа халықтар да христиан, манихейлік, зоорастризм діндеріне бет бұрғанын тарихи деректер растайды. Мысалы, Түркеш қағаны Сулықтың манихей дінін мемлекеттік дін деңгейіне көтермек болған әрекеті, манихейлердің касиетті кітабы «Екі негіздің қасиетті кітабы» атты кітапты түркі тіліне аудартқаны тарихтан белгілі. Олай болса, Тәңірлік діннің ислам діні келмей тұрып-ақ әлсіреп, халық санасынан шыға бастағанын көрсетеді. Тәңірлік діннің адамзат санасынан толығымен жойылып кетпей, аман қалуына ислам дінінің атқарған ролі шексіз. Оның себебі, алғаш Түркістан жеріне ислам дінінің Ахл ал-Рай атты бағыты келді. Бұл бағыт ислам дінінің рухани негіздерін ғана уағыздап, жергілікті халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне мүлде тиіскен жоқ. Олай болатыны Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің қырық сегізінші аятында «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа барлығыңды бір үмбет жасар еді.», және «Фатыр» сүресі, жиырма төртінші аятындағы «Әр үммет үшін бір ескертуші болған еді» деген ескертулерге мойынұсына отырып, Ахл ал-Рай өкілдері жергілікті халықтың барлық ұстанымдарын қабыл етті. Ең бастысы түркілерге де пайғамбардың келгеніне, бұл халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің негізі Жаратушы Тәңір Тағаладан бастау алатынына күмән келтірген жоқ. Сондықтан ислам дінінің алғашқы келу кезеңі Тәңірлік дін үшін қайта жаңғыру кезеңі болды. Ендігі кезекте осы тарихи оқиғалардың қалай өрбігенін баяндайтын тарихи оқиғаларға кезек беріп көрелік.
Ислам дінінің Түркістан жеріне келуі туралы тарихи шығармалар оншалықты көп емес. Ол шығармалар «Насаб-нама», «Тазкира-и Бұғра хан» сияқты шығармалар. Біз осы мақалаға арқау етіп, «Насаб-нама» нұсқаларындағы тарихи деректерді аламыз. «Насаб-нама» ислам дінінің Түркістан жеріне таралуы тарихына қатысты жазылған алғашы шығарма және сонымен бірге, Йасауи жолының-йасауийа тариқатының тарихы болып табылады. Міне, осы «Насаб-нама» нұсқаларында жергілікті халықтың қай дінді ұстанатыны және оларды ислам дініне қалай кіргізгені анық жазылған.
Алғашқы ислам дінін таратушылардың жүріп өткен жолы «Насаб-намада» былайша баяндалады: «Самарқанд халқын мұсылман дініне кіргізді. Одан Өзгент, Ферғанаға келді. Одан Баб Касанға келді. Касан елдері мұсылман болды. Мұсылмандық жайылып, жария болды. Өзгент, Ферғана елдерінде екі мұғ патшасы бар еді. Бірінің аты – Каруан Шиш еді. Тағы бірінің аты – Ихшит еді. Олармен соғысып, оларды өлтірді. Қырық мың отқа табынушы өлді. Жиырма мың мұсылмандар шейіт болды. Қаншама байлық алды. Ислам дінін таратты.» «Насаб-наманың» осы бөлігінде Өзгент, Фергана, Касан елдеріне барғанын нақты жазылған. Ол жердегі халықтың қандай дінді ұстанғаны соқырға таяқ ұстатқандай көрсетілген. Ол жердегі түркілер отқа табынушылар болғандығы, билеушілерінің аттары анық көрсетіп тұр. Демек, түркілердің қиыр-оңтүстік батыс қанатындағы түркілер арасында тәңірлік дін ислам дінінің Түркістан жеріне таралуының алғашқы кезеңінде болған жоқ. Алайда, бұл тарихи деректер есепке алынбай келеді. Есесіне қиялдан шығарылған жалған тарихтың екпіні тау құлатардай болып тұр. «Насаб-нама» нұсқаларында мұсылман әскерлерінің қай бағытқа барғаны жайлы, қай жерде қандай дін болғаны жайлы нақты деректер бар. Енді солармен кезегімен танысып көрелік.
«Одан кейін (мұсылман әскерлері) Шаш және Исфиджаб елдеріне келді. Ысқақ бабпен (Алланың) оған сәлемі болсын!) бірге бес туббағ ат-табиғиндар[1] бар еді. Бірінің аты Каффал еді. Бірінің аты – Хұсейн Уасили еді. Және бірінің аты – Шынарлық ата еді. Және бірінің аты – Абд ал-Азиз баб. Және бірінің аты – Йауаш баб еді. Қожа Имам Каффалды Шаш еліне билеуші етіп қойды. Елу бес жыл халықты билеп, мұсылмандарға хикмет[2] ілімін үйретті. Одан кейін олар Шашта үшке бөлінді.»
Абд ар-Рахим өздері Арғу*, Тараз*, Жетікент* елдеріне жүріп кетті. Жолай ойда отырған мұғ, тарсаларды мұсылман қылып, Арғуды үш ай қамап, алып, қорғанын бұзып, жаңа қорған салып, «Жаңакент»* деп қойып, одан Таразға келіп, алты ай қамап, алып, қорғанын бұзып, жаңа қорған салып, «Берикет»* деп ат қойып, айналасындағы кәпірлерге кісі жіберіп, Исламға кіргізіп, Жетікент елдерін бес ай қамап, мұсылман болғанын аман қалдырып, болмағанын өлтіріп, Қашғарға* келіп түсті. Қашғарда бір тарса бар еді. Лақабы – Мыңкөздік Бұғра Қара хан, тарсаша аты – Йуханийан еді.
Шаһ Абд ар-Рахим Йуханийанды иманға шақырды. Ұнамады. Айтты: «Менің дінім хақ. Сендермен соғысармын», – деді.
Бұл соғыста елу мың мұсылман әскері тоқсан мың тарса әскеріне қарсы аттанып, үш күн-түн соғысты. Тәңір Тағала Ислам әскеріне жеңіс беріп, қырық мың тарса өліп, Йуханийан қашып, Ақсу қорғанына* кірген соң Қашғар елінің барлығы мұсылман болды. Исламның жолы ашылды. Он екі мың мұсылман шейіт болды. «Мен Оныкімін, мен Оған қайта ораламын».
Шаһ Абд ар-Рахимның үш ұлы бар еді. Үлкен ұлының аты – шаһ Ахмед, ортаншы ұлының аты – шаһ Мұхаммед, үшіншінің аты – шаһ Хасан. Шаһ Ахмедті Қашғарда қойды. Лақабы – Шамы хан еді. Шаһ Мұхаммедті Жетікентке жіберді. Лақабы – Шамси хан. Одан Ақсу қорғанына келіп, Йуханийанды қамады және жолдарға кісі жіберді, «қашып құтылмасын» деп. Тоғыз айдан соң, қашып бара жатқан жерінде жол күзеткендер ұстап әкелді. Шаһ Абд ар-Рахим сұрады:
– Қай жерде ұстадыңдар? – деп. Йуханийан айтты:
– Чалыш* тұрған жерде, – деп жауап берді. Йуханийанды өлтіріп, ол жерге екі қорған салып, «Чалыш тұрған» деп атады. Өзі Сатуқ Бұғра Қара хан атанды. Отыз жыл кәпірлермен соғысты. Алмалық*, Қайалық* елдерін иманға шақырды. Исламға жол ашылды. Мұсылмандықты әшкере қылып, Құз Балыққа келіп, шаһ Хасанға рұқсат беріп, өз орнына отырғызып, өздері Қараспанға келіп, жыл ханақаларында қырықта отырып, жүз бес жыл өмірлері болып, тарихқа жүз елу жыл болғанда дүниеден өтті (Олардың барлығына Алланың рақметі болсын!). Ханақасының күншығысындағы солтүстік бұрышында, «Пай халқа» арығы мен «Базар» арығының қосылған жеріне жерленіп, сол жерде зират орны болды. Сатуқ ата дейді. Барлық тілеушілер және денсаулығы болмағандар дүйсенбі және жұма күндері келіп, түнеп, тілектеріне жетіп кететін еді.» Міне осы үзінді Абд ар-Рахим бастаған әскерлердің қай жерге барғаны, қай жерлерді мұсылман дініне кіргізгені, ол жерлердегі түркілердің қай дінде болғандығы анық көрсетілген. Мына жерде Тәңір діні болды деген бір ауыз сөз жоқ. Демек, бұл жердегі халықтың барлығы христиан діні мен зоорасторизм дінінде болғандығы тайға таңба басқандай көретіліп тұр. Осы Абд ар-Рахим баб барып мұсылман діні таратқан жерлерде алғашқы түркі-ислам мемлекеті дүниеге келді. Ол мемелекет қазіргі тарихта Қарлық мемлекеті деп жазылған. Бұл негізі алғашқы исламды қабылдаған түркілердің түркі-ислам мемлекеті болатын. Тарихымыздағы Қарахандықтар мемлекеті осы Қарлұқ-Қарахан мемлекетінен бастау алады. Ал, Ысхақ баб бастаған әскердің бағыты былайша баяндалады:
«Ысқақ баб (Алланың) оған сәлемі болсын!) Сайрамға келді. Сайрамда бір патша бар еді. Аты – Көркөз. Лақабы – Нахибдар еді. Нахибдарды иманға шақырды. Нахибдар болса оған былай деді: «Мен жетпіс атамнан бері тарсамын. Менің дінім дұрыс. Сенімен соғыс қылармын. Үш түн-күн соғыс қылды. Он мың тарса өлді. Бес мың мұсылман шейіт болды. Алдымен шейіт болғандардың ұлығы туббағ табиғин еді. Үлкені Ысқақ бабтың ту ұстаушысы еді. Аты – Абд ал-Азиз еді. Жетпіс жерден оқ тиді. Сайрам елінде шейіт болды. Нахибдар қашып Сулхан еліне барды. Және тағы бір тубағ табиғинды Сайрам еліне қойды. Оның атын – Шынарлық шайық дер еді. Ол әзиз Сайрамда халайыққа қырық бес жыл хикмет ілімін үйретті. Ысқақ баб (Алланың) оған сәлемі болсын!) Нахибдарды Сулханға қуа барды. Үш түн-күн соғысты. Он мың тарса өлді. Жеті мың мұсылман шейіт болды. Ысқақ баб Сулханда Нахибдарды өлтірді. Исламға жол ашылды. Мұсылмандық елге әшкере[3] болды, жайылды.
Одан кейін Ысқақ баб (Алланың) оған сәлемі болсын!) Қарғалыққа келді. Үш қабат қорғаны бар еді. Оны бұздырды. Елу төрт жыл патшалық қылды. Барлық тарсаларды иманға шақырып, мұсылман қылды. Мұсылмандық әшкере болып, жайылды.
Одан кейін Абд ал-Жалил (баб) Баршынкент, Шаһаркент, Жалтарсаққа келді. Қылыш ханның екі ұлы бар еді. Бірінің аты – Сарытонды Өтеміс еді. Мың ерге жалғыз қарсы тұратын еді. Женд пашасы еді. [Абд ал-Жалил] Йашмутты иманға шақырды. Алайда ол иман келтірмеді. Үш түн-күн соғысты. Сансыз тарсалар өлді, қанша мұсылмандар шейіт болды. Отыз мың әскер қалды Одан кейін [сол соғыста] Абд ал-Жалил Өтеміс қолынан шейіт болды. Женд үстінде Өкіз қырында зияраты болды.
Одан кейін бұл хабарды есіткен Ысқақ баб (Алланың) оған сәлемі болсын!) отыз мың әскерімен аттанды. Жендке барды. Қылыш ханмен соғыс қылды. Он екі мың тарса өлді. Төрт мың мұсылмандар шейіт болды. Жиырма алты мың әскер қалды. Қылыш ханның ұлы Өтемісті ұстап, Қарғалыққа алып келді. Зынданға салды. Қанша жыл зынданда жатқызды. Иман келтірмеді. Болмаған соң қорған салғанда, ортасына қалап жіберді.
Одан кейін Ысқақ баб (Алланың) оған сәлемі болсын!) Шашқа барды. Шаштан келіп, Қағбаға барды. Қағбадан келіп, Сайрамда Жуба мешітін тұрғызды. Алғашқы іргетасын өзі қалады. Үш мың бес жүз алтын қаржы жұмсады. Ысқақ бабтың жүз жиырма жыл өмірі болды. Тоқсан жыл Қызырмен (Алланың) оған сәлемі болсын!) сұхбатта болды. Отыз жыл дінсіздермен дін үшін соғысты.» «Насаб-нама» нұсқаларында ислам дінінің Түркістан жеріне таралу тарихы осылай баяндалады. Бұл келтірілген деректер арасында Тәңірлік дін туралы бір ауыз сөз жоқ. Ферғана, Касан, Өзгент жерлерінен бастап, Қашғарға дейінгі аралықта Тәңір діні туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Шаш, Сайрам, Отырардан Женд, Баршынкент дейінгі аралықты Тәңірлік дін туралы сөз жоқ. Барлығы дерлік мұғ діні мен тарса дініндегі халықтар. Басқаша айтқанда, зоороастризм діні мен христиан дінін ұстанушылар. Демек, ислам діні келмей тұрып, қанша ғасыр бұрын Түркістан өлкесінде Тәңір дінінің орнына басқа діндердің шешуші идеологияға айналғанын көруге болады. Бұл ислам дінінің Тәңір дінінің тарихи сахнадан кетуіне ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдейді. Сол кезеңде Тәңір діні түркілерде бір ғана жерде – Түркістанда ғана қалған болатын. Біз оны басқа, археологиялық деректерге сүйене отырып, дәлелдеп бере аламыз. Осыдан екі мың жыл бұрын Түркістанда Тәңірлік діннің ғибадатханасы болған. «Ол ғибадатханаға қаңлы халқы келіп жылына мың қой шалып, құрбандық берген. Әскері жорыққа шығар алдында ол жерге келіп тізе бүккен.» Бұл қытай жазбаларындағы Вэй дәуіріне қатысты дерек. Осы ғибадатхана осыдан бірнеше жыл бұрын табылды. Қазір ол ғибадатхана әлі зерттелу үстінде. Ал, 1990-1992 жылдар арасында Шойтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ашылған жаңалықтар мамандарды таң қалдырған болатын. Өйткені, ол жерлерде жерлеген мүрделердің барлығы дерлік бастары солтүстікке беріліп, жүздері Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне қаратып жатқызылған. Бұл бұрынғы Шауғар қаласы тұрғындарының барлығы дерлік зоорастризм дінінде де, христиан дінінде болмағанын көрсететін дәлел. Үш жыл жүргізілген қазба кезінде бір ғана зоорастризм өкілінің қабірі анықталды. Ал, 1996-1998 жылдар арасында кесененің орталық Қазандық бөлмесінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Қазандық бөлмесіне жерленген мүрделердің барлығының жүздері қабірхана бөлмесіне қарата жерленгенін көруге болады. Бұл да Түркістанның киелілік сипатының көнеден келе жатқанын дәлелдейтін бір айғақ. Ең бастысы Түркістан жерінде жерленген мүрделердің барлығында өзге діннің өкілдерінің жерлеу рәсімінің белгілері жоқ. Бұл Түркістан өзінің Тәңірлік дін орталығы ретіндегі киелі қасиетін сақтап қалғандығын білдіреді. Әйтпесе, Түркістанның айналасындағы қалалардың барлығы дерлік басқа діндер ықпалында болғандығын жоғарыда мысалдармен көрсеттік. Мысалы, Сайрам қаласы ислам діні келгенге дейінгі кезеңде христиан діні орталығы болғандығын осы «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерге қарап көруімізге болады. Оның үстіне сол Сайрам қаласында Иса пайғамбардың анасы Мариам Ананың да қабірі бар. Ол жердің билеушісі Нахибдардың (кейбір нұсқаларда Набидтар) жетпіс атамнан бері тарсамын деуінің өзі ол жердегі халықтың барлығы дерлік христиан дінінде болғандығын дәлелдейді. Сол кезеңде Сайрамға бағынышты үш жүз елді мекен болғандығы және олардың барлығы христиан дінінде екендігі баяндалады. Ал, Сайрам билеушісі Нахибдар Исхақ бабтан жеңіліп, Сулхан қаласына кетеді. Ортадағы Қарашық (Түркістан) қаласына соқпай кетуінің астарында ол жерде христиандарға жақтасатын ешкім жоқтығын көрсетеді. Ал, Сулхан халқы зоорастризм дінін ұстанатын. (Қазір Сулхан қаласының орынында Сидақ Ата атты қалашық бар). Ол жерге Нахибдарды қуа барған Исхақ баб, Сулханда Нахибдарды өлтіріп, халқын ислам дініне бет бұрғызады. Қазіргі күні сол Сидақ Ата қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары ол жердегі халықтың зоорастризм дінінде болғандығын толық дәлелдеп отыр. Ең бастысы Исхақ баб Сулханды алғаннан кейін Оғыз тауға барып орнығуы, бұл жердің киелілік сипатын өз мүддесіне пайдалана алуы десек болады. Өйткені, ол жерде Оғыз қаған жетпіс жыл бойы дінсіздермен соғысып, Тәңір дінін орнықтырған болатын. Осы Оғыз тауда Исхақ баб Тәңірлік дін өкілдерімен келісімге келіп, Тәңірлік дін өкілдерін толығымен өзіне одақтас етіп алады. Сол Оғыз тауда «Жайнамаз тас» деген тас деген жайпақ тас бар. Сол жерде Исхақ баб «илми карамат» көрсетіп, ислам дінінің хақ екендігін түркілерге дәлелдейді. Исхақ баб сол «жайнамаз тас» үстінде намаз оқығанда, аспандағы бір күн үш күн болып көрінеді. Исхақ баб осылай түркілер арасына ислам дінін таратып, оларды толығымен бет бұрғызады. Исқах бабатың сол жерде болғандығын сол жердегі жер-су атауларының Исқах бабтың уақыптық жерлері ретінде көрсетілуі және ол кісінің ұрпақтарының сол жерде жерленуі де ол жерде Исхақ бабтың болғандығын дәлеледейді. Ол кісі мақаланың басында айтылғандай, ислам дінінің сенім негіздеріне халықты бет бұрғызып, көнеден келе жатқан түркінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сол күйінде қалдырады. Ислам дінін қабыл еткен өзге дін өкілдері де қайтадан түркінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайта қабылдауға мәжбүр болады. Бұл деректер Тәңірлік діннің осы күнге дейін жеткен өміршеңдігінің астарында ислам дінімен ұласу жатқандығын көрсетеді. Алайда, бұл тарихтан қазіргі өздерін «тәңіршілерміз» деп есептейтін «әсіре діншілдердің» хабары жоқ. Түркі халықтары ислам дінін осылай қабылдады. Тек, 951 жылы Қарахандық билеуші ислам дінінің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдағаннан кейін бұл жердегі діни-идеологиялық саясат басқаша сипат алды. Жергілікті халықты арабтандыру басталды. Арабтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қабылдамағандар, тілін үйренбегендер мұсылман деп саналмады. Қоғамдық қатынастарды реттеу шариғат үкімдеріне берілді. Некелік қатынас өзгерді. Сыртқы экзогамдық некенің орнына ішкі неке-эндогамдық некемен ауыстырылды. Халық біртіндеп түркі мәдениетінен араб-парсы мәдениетіне қарай ауыса бастады. Ең бастысы осы кезеңде Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс әлсіреп, халық арасында рухани азғындық белең алды. Олай болатыны Мұхммед пайғамбармен келген рухани қуат әлсіреген болатын. XІ-ғасырда Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс толығымен үзілді. Халық материалдық дүниенің соңына кетіп, адамзат қоғамында рухани азғындық белең алды. Ол заманның рухани ахуалын Қожа Ахмет Йасауи атамыз былайша сипаттайды:
«Ей, достар, ақыр заман болды көргін,
Дінсіз, кәпір бұл әлемге толды көргін.
Хақ құлдығын қойып, барша дінсіз болды,
Соның үшін Қаһһар азап қылды көргін!
Ақыр заман нышаны сол – жақсылық кетті,
Қаһһар Ием қаһарымен үкім етті.
Халайықтар діннен қайтып, дінді ұмытты,
Ислам әлсіз болып, қолдан шықты көргін.
....
Қорқау, қарау, дінсіз құлдар болды хакім,
Менмендік шектен шығып, болды залым,
Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,
Қорғаушысы халықтың кәпір болды көргін.
...
Діннен безген қараулардың кәпері жоқ,
Дүние малын жиып, еш тояры жоқ.
Мықты, зор боп, өлімнен еш хабары жоқ,
Озбырлардың діні дүние болды, көргін» (101-хикмет)
Қожа Ахмет Йасауи атамыз өз дәуірін осылай сипаттайды. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыстың үзілуі адамзат қоғамын осындай дағдарысқа түсірді. Адамзат баласының алдында екі жол тұрды: бірі – Рухани әлеммен адам рухы арасындағы байланысты қайта орнатып, өмір сүруді ары қарай жалғастыру; екіншісі, рухани азғындықтың шегіне жетіп, ақырзаманға ұласу. Міне, осы кезеңде Қожа Ахмет Йасауи ислам дінін шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланысты қайта орнатты. Адам рухы белсенді күшке айналды. Соның арқасында адамзат баласы ары қарай өмір сүруге мүмкіндік алды. Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлеммен өзі ғана байланыс жасап қоймай, сол байланысты ары қарай жалғастырып тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Осылай тариқат ілімі қалыптасты. Түркілік діни-дүниетаным тариқат деңгейіне көтерілуі түркілердің ой-санасының «ʻайн йақин» (кванттық өлшем бойынша каузальді дене) деңгейіне көтерді. Бұл сол кезеңдегі өзге халықтардан Йасауи жолын қабыл еткен халықтың ой-санасының өзге халықтардан бір саты жоғары болуына мүмкіндік берді. Бізге дейін жеткен қазақ шежірелері тек ата-текті білдіріп қоймайтын, сонымен бірге Рухани әлеммен байланысын көрсететін. Шежіре тізбегіне кіргендер ата-баба әруағынан көмек сұрай алатын. Шежіресін білмегендерді тексіз деп атайтыны осыған байланысты. Себебі, олардың рухының Рухани әлемде тегі жоқ. Йасауийа тариқаты негізгі мынадай үш құрамдас бөліктен тұрды: Бірінші рухани негіз – Құран мен сүннет; екінші – қоғамдық қатынастарды реттеу түркінің көнеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүріне берілді; үшінші – сопылық таным негізінде қалыптасқан рухқа қатысты дәстүрлер. Бұл келтірілген мәліметтер нені білдіреді? Қазіргі өздерін қазақпын деп санайтын халық осы Йасауи мәдениеті деген рухани әлемнің шеңберінде қалыптасты. «Қазақ» деген атаудың өзі Йасауи мәдениетінен айнымай, сол жолға адал болған халыққа берілген атау болатын. Йасауи жолы-йасауийа тариқаты Жошы ұлысынада мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілгенде, мемлекет дамып, Алтын Орда деген атқа ие болды. Абсолюттік билікке жетуді мақсат еткен Алтын Орданың ханы әз-Жәнібек Йасауи жолынан бас тартып, Ахл ал-Хадис жолына, нақтырақ айтсақ шафиғи мазхабына бет бұрды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу жолында күрескен Асан Қайғы бастаған Йасауи жолы өкілдері жеңіліс тапты. Бұл Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне әкелді. Осы кезеңнен бастап Евразия кеңістігінде рухани билік пен саяси билік арасындағы арпалыс басталды. Йасауи жолынан шегінген әр қадам түркі мемлекеттігінің күйреуіне әкеліп отырды. Өзбек ұлысы ханы Әбілхайырдың нақшбандийа тариқатын қабылдауы бір халықты үшке бөлді, бір халық үш халыққа айналды: қазақ, өзбек, ноғай. Бұл оқиғадан Қазақ хандығының билеушілері де тарихтан сабақ алмады. Олардың мақсаты қалайда абсолюттік билікке жету болды. Тәуке хан «Жеті жарғы» заңын қабылдай отырып, Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесінен айырып, оның орнын араб-парсы мәдениетіне негізделген нақшбандийа тариқатына берді. Мұның соңы Қазақ хандығының тарихтан кетуіне ықпал еткен негізгі фактор болды. Тек, Абылай ханның жанқиярлық еңбегінің арқасында Йасауи жолын қайтадан халық санасына қайтару мүмкін болды. Бірақ, Абылай хан өзінің түпкі мақсатына жете алмады. Қолдарындағы биліктен ажырағысы келмеген ру-тайпа билері Абылай ханның бұл әрекетіне қарсы шықты. Нәтижесінде Абылай ханның дүниеден өтуімен Қазақ хандығы ыдырап, өзгелердің отарына айналды. Қазіргі күні қазақ халқы Йасауи мәдениеті сақталған жерде ғана бар. Йасауи мәдениеті шегінген жерде қазақ халқы жоқ. Сондықтан қазақ халқы өзінің басты құндылығы Йасауи жолы-Йасауи мәдениеті екенін танып алуы тиіс. Өкінішке орай, қазргі қазақ сол құдіретті құндылықтан күн санап алшақтап барады. Оның себебі, сырттан келіп, қазақтың ішкі тұтастығын бөлшектеуді мақсат еткен уаххаби-салафилер мен өздерін халық ішінде «тәңіршілерміз» деп көкірек қағатын псевдодіншілдер. Олардың жетекшілері өздерінің қалай пайда болғанын және түпкі мақсаттары не екенін өте жақсы біледі. Мақсаттары – қалайда қазақты руханиаттан жұрдай, тобырға айналдыру. Олардың халық ішіне іріткі салып, айтып жүргендерінің ешқандай негізі жоқтығын осы мақала шеңберінде біршама дәлелдедік. Мықты болса, осы жазылған мақаланың жалғандығын дәлелдеп мақала жазсын. Болмаса, ашық пікірталасқа шықсын. Мен ол мырзалардан жауап күтемін.
Сөз соңында бір жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Қазақстан Мұсылмандары діни Басқармасы Йасауи жолына қарай бет бұрғысы барлығын байқатты. Осы қараша айының бірінші жұлдызында Түркістанға келіп, Қожа Ахмет Йасауи бабамыз кесенесіне барып, Бабалар рухына арнап Құран хатым түсірді. «Қожа Ахмет Ясауи тағлымы – түркі дүниесінің рухани мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Біз ҚМДБ-ның бұл әрекетін оңға балап, шүкірлік етіп отырмыз. Осы оқиғаның алдында ғана Бас Муфти Наурызбай қажы Тағанұлының атына еліміздің мешіттерінде Йасауи бабамыздың жария зікіріне рұхсат беруін сұрап, өтініш жазған болатынмын. Егер рұхсатын бере қалса, Йасауи жолына қарай толық бет бұрғанын дәлелдеген болар еді. Тәңір Тағаладан солай болуын тілейік! Бұл біздің Отанымыз Қазақстанның болашағына өлшеусіз құйылған рухани инвестиция болар еді. ҚМДБ-да өзінің қоғамдағы ролін күшейткен болар еді!
[1]сахабаларды көргендерді көргендер
[2]даналық
[3]жария
Зікірия Жандарбек,
тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz