Дүйсенбі, 6 Қазан 2025
Әдебиет 132 0 пікір 6 Қазан, 2025 сағат 12:42

Атажұрттағы алғашқы жылдар (басы)

Сурет: eurasia.travel сайтынан алынды.

Естелік-эссе

(«Яаж ганцаараа буцах вэ?!» моңғолша «Қалай жалғыз қайтамын?»)

...Вокзал басы ығы-жығы біреуді біреу біліп болар емес. Ұланбатыр-Москва поезы жүруге бірнеше минуттар қалған. Қазақстанға көшетіндер артынып-тартынып жаңа ғана жеткенбіз. Баянауыл ауданына баратын сексен бес жанұяның бес жүздей адамын  екі вагонға отырғызбақ болып жүгіріп жүрмін. Кіріп-шығып жатқандардың қайсысы кететіні, қайсысы шығарып салып жүргені белгісіз.

Бізге тиеселі қос вагонға жүргіншілер жүк-мүгімен толып алды да тең жарымы сыртта қалды.  Поезд  жүретін уақыт болды. Бірақ жолаушылардың тең жартысы далада қалғандықтан ырғатылып енді қозғала берген поезд тоқтатуға «стоп-кранға» жармастым... Ақыры поезды жарты сағат күттіріп қойып адамдарды екі вагонға әрең дегенде орналастырдық. Бір орынға төрт- бестен отырды. Осы жолы туып өскен ел-жеріңнен үдере көшу оңай еместігін түсінгендей болдым.

Туыс-туған, дос-жарандар екіге бөлінгендіктен қоштасу сәті де оңайға түсер емес. Екі жақтан да жылау-сықтау, айтылып жатқан ізгі тілектер. Сол қарбалас сәттен есімде ерекше қалғаны соңғы екі жылда жүргізушім болып істеп, бүгін отбасымды вокзалға жеткізіп келген Хаш-Эрдэнэнің «Миний дүү би одоо яаж ганцаараа буцах вэ?!»( Бауырым-ау мен енді қалай жалғыз қайтамын) -деп поезға біраз жерге дейін еріп жүгіргені болды.

Ақыры бақырып-шақырып әреңдеп қозғалған отарбаға : «Баяртай, аян замдаа сайн яваарай” (Қош болыңдар, алыс жолда аман-сау барыңдар)- деп ере жүгірген дос-жаран, көрші-қолаңдар қол бұлғап қала берді.

Ұланбатырдың теміржол вокзалынан қозғалған поезд қаланы қақжарып жүріп келеді. Иін тірескен адамдардың арасынан кешкі Ұланбатырды көріп қалғым келіп менде бір терезеге жармастым. Иә, Азияның ақаруы атанған  сүйікті астанам бұл.

Оншақты жылдың алдында ғана осы Ұланбатыр-Москва поезымен оқуға аттанып бара жатушы едім. Сонда жүрегімде еліме, елімнің астанасына деген махаббатпен кешкі Ұланбатырға қызыға қарап тұратынмын.

Оқу бітіргеннен кейін өмірімнің бақандай он жылы осында өтті. Алғаш бұл қалаға қол ұстасып ерлі-зайыпты екеуіміз ғана келген едік, алтау болдық. Әкелік сезімімді алғаш оятқан тұла бойы тұңғышым Ғабитте осы қалада дүниеге келіп,  осында өмірден өтті. Қазір оның мүрдесі қаланың солтүстігіндегі зираттардың бірінде қалып барады. Өмір-ай  деген, осы сәтке дейін «Көшеміз» деген желеу сөзге мастанып жүріп, талай қуанышымның куәсі болған, кіндік кесіп, кірімді жуған туған жерімнен, абад астанам-Ұланбатырдан біржола кететінімді ойладым ба екен!..

Коммуналдық құрылыс  трестісінде, кейін қалалық партия комитетінде істеген жылдарымда биік ғимараттарды былай қойып, қаланың қан-тамыры болып есептелетін  инженерлік жүйелерінің қайтып, қалай орналасқанын бес саусағымдай білетін маған бұл қала қандай ыстық екендігін аз сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместе шығар...

Әне, мұржасы аспанмен тілдесіп ТЭЦ-4 қалып барады. Станциядан қаланың батысына қарай созылған ақ құбырлар көзіме оттай басылды.   Үкіметтің тікелей тапсырмасымен қысқа мерзімде салынған бұл жылу жүйесінің құрылыс жұмысын  басқарған  1982 жылдың жазындағы ұйқысыз өткен түндеріммен мазасыз күндерімнің белгісіндей болып батып бара жатқан күннің шұғыласына шағылысып  жарқырай түскен қос құбыр қоштасқысы келмегендей көпке дейін  мен мұндалап тұрды...

Қош, аяулы астанам менің ! Дәм тартса әлі талай келермін дедім іштей күбірлеп.

Поезд жүрісін үдеткен сайын вагон іші ысып, балалардың жылағаны, үлкендердің сыйыса алмай  ашу шақырған айғай-шуы тынысты тарылтып жіберді. Жолсерік әйел оларды бақырып-шақырып тәртіпке шақырғысы келседе орысша білмейтін, сөз ұқпайтын көпшілікті  қайдан бағындыра алсын! Ақыры ол өзінің бұл әрекетінен түк шықпасын ұқты ма, әлде ерегесіп әдейі істедіме, долданып барып әжетқананы бекітіп тастады.

Бұл ашулы адамдардың онсызда жарылғалы тұрған жанды жеріне тигендей әсер етті. Жұрт қаншама ашу шақырып шулағанымен Наушкіге  дейін ( шекарадағы қалашық) осыған шыдаудан басқа амал жоқ еді.

Себебі, дәл осы шілде айының соңында шетелде оқитын студенттер демалыстан оқуға қайтып жатқанына, Моңғолиядағы Кеңес әскерлерімен мамандарының өз елдеріне жаппай ат басын бұруы қосылып, Ұланбатыр-Москва поезына билет сатып алуды қиындатып жіберген еді.

Сондықтан Наушкіге дейін екі вагонды қымбат бағаға жалдап алып, адамдарды  екіге бөліп, осылай  алып жүруден басқа жол таба алмағанбыз. Осы екі вагонды жалдап алуға қаншама қаражат, күш жұмсағанымызды басқалар қайдан білсін! Оны мына  орынға таласып жатқан ашулы ағайын-туысқа қалай айтып түсіндірерсің!

Ақыры көпшілік сабасына  түсті-ау деген кезде адамдарды тізімге алып, он үйге бір басшы сайладық. Олар үлкен қалаларда жұрттың тоналып немесе балаларынан айырылып қалмауын қадағалауға тиіс. Сонымен қатар әр баланың қолына аты-жөнін, қайдан келе жатқаны, қайда баратыны жазылған қағаз байлап, кәрі-құртаң адамдар мен жас балалы әйелдерді төменгі орындарға орналастыруға кірістік.

Біз ертең азанда осы вагонмен Наушкіге жетіп, сол арадан қайта билет алып, Иркутскіге баруымыз керек. Сол жерден Новосибирскіге немесе Павлодарға жақын Ресей қалаларының біріне билет алуға тиіспіз. Осылайша Қазақстанның шетіне бір ілінсек, ар жағын көре жатармыз деп келіскен едік.

«Тәуекел»-деп жолға шыққанымыз болмаса осыншама адамды бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге бірнеше поезд ауыстырып, қалай қайтып жеткізетініме өзгені қойып, көш бастап келе жатқан менің де көзім соншалықты жете қоймайтын сияқты. Оның үстіне  бізден бұрын көшкендерді жолда тонап кетіпті, билет таба алмай бір қалада он шақты күн қамалып аштан қырыла жаздапты, Талдықорғанға барамыз деп жүріп Ресейдің Курган атты қаласынан бірақ шығыпты, деген қауесет көш қозғалмай тұрып-ақ үрейімізді алған еді.

Шілденің түні де ерекше ыстық болатынын дәл осы жолы білгендей болдым. Вагон іші қапырық. Жүрегі нашар бірнеше адам ыстықты көтере алмай жығылып та қалды. Балаларын айқастырып жатқызып, өздері тікесінен тік тұрып келе жатқандардың  шаршап, қалжырай бастағандары байқалады.

«Япырау»-, деймін олардың мына түрлеріне қарап: «Туып-өскен, тыныш жатқан ел-жерінен, айдың–күннің аманында үдере көшетіндей бұларға не көрінді екен?! Неге бұлар Қазақстанға жетуге соншалықты асығады? Нені біліп, неге сеніп осыншама азаптанып алыс жолға аттанып бара жатыр?!

Бірақ қысылып-қымтырылып, сыйыса алмай бейнет кешіп келе жатса да көбінің жүзінде реніш – күйініштің табы да жоқ, тіпті  осы күйлеріне разы секілді.

Бәрінің көкейіндегі жалғыз тілек-Қазақстанға аман жету. Осы арман-тілектерінің жолында ешнәрседен тайынатын да емес сияқты.

Түн ортасы ауа шекараға жақын орналасқан Сүхбатыр қаласына келіп тоқтадық. Бұл қала соңғы жылдары қарқынды өркендеп келе жатқан Моңғолияның темір жол бойындағы соңғы бекеті.

Сүхбатыр қаласы Ресеймен шекералас Селенге аймағының орталығы еді. Қала Селенге өзенін жағалай орналасқан. Кезінде қаланың таза су қоймасын, жылу жүйелерін, арам суды тазалайтын инженерлік құрылыстарын жаңалаумен Ұланбатыр қаласының коммуналдық  құрылыс трестісі айналысқан болатын.

Сол кезде мен трестінің өндіріс–техника бөлімінің бастығы  ретінде  мұнда іс-сапармен жиі келіп-кетіп, қаламен де, адамдармен де  жақын танысқан едім. Міне, енді бірер минуттан кейін моңғол елінің шекарадағы ең соңғы елді мекені-Сүхбатырмен де қош айтыспақпыз.

Поезд ақырындап қозғалып шекараға бет алды. Адамдар отырғаны отырған жерінде, тұрғаны тұрған қалпында қалғып-мүлгіп келеді. Тек жас балалар оқта-текте ұйқыларынан шошып оянып, бақырып-жылап аналарының мазасын алуда. Вагон ішін күлімсі иіс кернеп бара-бара демалу қиындағандықтан шамасы келгендер таза ауа келіп тұрған терезелерге жақындауға тырысып бағуда.

Елдің көбі осылай әбігермен жүріп шекарадан қалай өткендерін де сезбей қалды. Тек  бұрын осы жолмен шекара асып жүрген Жұпанхан екеуіміз ғана (Жұпанхан Қырқынбайұлы Украинада байланыс инженері мамандығы бойынша оқып бітірген.)  Моңғол әскерлері БНМАУ  деп жазылған үлкен қақпаға келіп поездан түсіп қалғандарын көріп, “Қош туған жер“ деп күбірлеп бір-бірімізге қарадық. Осылайша біздің туған еліміз түн құшағына оранып қала берді...

Арақ әкеліңдер, арақ...

...Бірнеше сағаттан кейін Наушки бекетіне келіп тоқтадық. Бұл кезде түн түндігі түріліп, таң атып келе жатыр еді. Жол бойы қалжырап, енді ғана көздері ілінген үлкен-кіші, кәрі-жасты шекарашылардың қыран құстай саңқылдаған дауыстарымен сарт-сұрт еткен аяқтарының дыбыстары оятып жіберді. Балалар жылап, үлкендер жағы өңі бөтен әскерилерді көріп үрпиісіп қалысты.

Шекарашылар жүргіншілердің төлқұжаттарын жинап алды да жүктерін тексеруге кірісті. Олар вагонда  иін тірескен адамдарды  бір-бірлеп тексеріп, жүктерді ақтарып, әрі-бері аударып, біраз мазамызды алды да жайларына кетісті. Тек паспортымыз қолға тигенше  қарулы әскерлер  сыртқа шығармай, вагон ішінде тағы бір сағаттай қамалдық. Әжетхана кешеден бері жабық болғандықтан жұртты дәрет қысып қатты дағдардық.  Вагон іші бұрынғыдан да  сасып, кейбіреулер құсып, мазамыз әбден кете бастағанда құжаттарымызды қолымызға берді-ау әйтеуір. Сол-ақ екен екі вагон толы адам сыртқа лап қойды.

Жұрт таза ауамен демалып, өздеріне-өздері келіп естерін жинап жатқанда қасыма екі жігітті ертіп билет кассасына қарай жүгірдім.

Себебі бізді әкелген екі вагон  осы арадан кері қайтады. Ал біз бірер сағаттан кейін жүретін Наушки-Иркутск поезына билет алуымыз керек, әйтпесе ертең осы уақытқа дейін вокзал басында көлік тосып жататын боламыз.

Орыс, моңғол, қытай, қазағы аралас сан ұлттың  өкілдері келесі поезға билет алу үшін жанталасып, кассаға кезекке тұруда. Кейін білсек араларында билет ала-алмай апталап осында жатқандары да бар көрінеді. Бізде сол тобырға келіп қосылдық. Кезегіміз жеткенде кассирге  жөнімізді айтып едік: «На сегодня мест нет»,-деп қысқа қайырды. Сұрастырсақ ертеңге де орын жоқ екен. Жүргелі тұрған поездың бас аяғына жүгіріп, жолсеріктерге де жалынып көрген едік, одан да еш нәтиже шықпады.

Бұл кезде күнде ыси бастаған еді. Әрі-бері жүгіріп қара терге малшынғандықтан көйлегімді екі рет ауыстырып киюге тура келді. Жүгіре-жүгіре өкпем өшіп, аяғымды баса алмайтындай халге жеттім. Ерсілі-қарсылы жүгірген бізден көздерін алмай тұрған жұрттың түрі анау. Әбден шаршап, тарықтық. Кімге барып жолықсақ та «нет»-тен басқа айтар сөздері жоқ. Осы сөзді естіген сайын еңсем езіліп, ет жүрегім қалтырай бастады... Өйткені осыншама бала-шағасы, кәрі-құртаңы, ауыру-сырқауы аралас ауыл адамдарын тілі-діні бөлек бөтен елде, вокзал басында бірнеше күнді былай қойып, бірер  сағат ұстаудың өзі оңайға түспесі анық. Оған мына жұрт шыдай ала ма? Шыдаймыз дегенмен кейбіреуінің денсаулығы сыр бермесіне кім кепіл?..

Міне, осы ойлар маған тағат тапқызбаған. Сол сәтте, бұрын көшкендер туралы айтылып жүрген әңгімелердің бірыңғай өсек емес, өзегінде шындық та бар екендігіне көзім  жеткендей болды.

Осыншалықты дәрменсіздігіме назаланып:

-Құрыған деген осы екен,-деп қара түтек болып, отыра кеткен маған жігіттердің бірі:

-Шөлдедіңіз ғой мынаны ішіңіз,- деп бір шөлмек сыра әкеліп бергені. Соны қолыма ала берген сәтте кенет бір нәрсе есіме түскендей болып:

-«Арақ әкеліңдер, арақ!»- деп өз еркімнен тыс айғайлап жіберіппін...

Бұл сөздің түпкі мәнін түсінбесе де манадан қиналып, қара тер болғанымызды көріп тұрған жігіттердің бірнешеуі қолдарында бір-бір шөлмегі бар жүгіріп жетті. Дереу оншақты бөтелке арақты қосымша тарту-таралғысымен бір сумкаға толтырып алдық та вокзал бастығына  тарттық.

Апыр-топыр болып кіріп келген бізді көрген бастық алғашында сасып қалғандай болды. Сосын: «Ребята по какому делу?» - деп сұрады.

Қалбалақтай амандасып, шамамның жетісінше орысша таза сөйлеуге тырысып, өзімді таныстыра бастадым. Ойыма қайдан түсе қалғанын білмеймін, өзімді «Қазақстанның көші-қон жауаптанған өкілімін»- деп таныстырдым. (Қызығы кейін жиырма жылға жуық сол көші-қон саласында қызмет істедім). Алты жүзге жуық адамның ашық аспан астында  ыстық күнге қақталып отырғанын, оларға көмек көрсетіп, мүмкіндік болса Иркутскіге дейін бірнеше вагонды қосымша бөлуін, және біздің келе жатқанымызды алдын ала Улан-Удэ, Иркутск қалаларына хабарлауын өтіне келе, Қазақстан мен Моңғолияның дәмі деп жаңағы бір сумка арақты дік еткізіп аяғының астына қоя салдым.

Оның жүзі жылып  дереу телефон құлағына жармасты.

Сөйтіп, жарты күн ала өкпе болып жүгіргенде бітпеген ісіміз бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде оп-оңай шешімін тапты да  желпініп есік алдына шықтық.

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде тағы да екі вагонға әреңдеп сиысып отырдық та Иркутскіге бет алдық. Бүгін кешегідей айқай-шу жоқ, бәрі де жолда бөгелмей жүріп кеткендеріне қуанысып, қарқылдап күлісіп, қауқылдап сөйлесіп, жамырасып жатыр. Тек басқа вагондардан ұры-қары, сотқар-бұзақылар келіп көптің шырқын алмасын деп қарауылға қойған қармаулы жігіттер ғана  әңгімеге арласа қоймай қырағы отыр...

Көшкен қазақ...

...Байкал көлін жағалап келеміз. Көл суының тұнықтығы сондай, вагон терезесінен түбіндегі тасы көрінеді. Мұны көрген ауыл адамдары:

-Пай-пай, жердің жаннаты, судың тұнығы орыста екенғой- десе, біреуі:

-Жоға, бұл да сөз болыппа,  Баянауылда мұнанда әдемі көлдер бар – дейді. Міне жер жаннаты деп соны айт, тегіннен тегін:

«Басынан Баянтаудың бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес»-деп, әнге қоспайды ғой,- десіп әңгіме тақырыбын Баянауылға бұрады. Осылай қысылып-қымтырылып, бір күн, бір түн жүріп Иркутск қаласына да жеттік.

1974-1975 жылдары Иркутскінің политехникалық институтының дайындық курсінде оқығандықтан маған бұл қала жат емес-тін. Тура вокзалдың бас диспетчеріне кірдім. Бас диспетчер толық келген жасамыс орыс әйелі  келген шаруамды айта бастағанда  сөзімді бөліп:

«Иә, сіздер туралы Наушкіден хабарлаған, тезірек сегізінші кассаға барыңыз, жарты сағатан кейін жүретін Благовещенск-Москва поезіне билет беріледі»,- деп қолыма тілдей қағаз ұстатты.

Иркутск–Сібірдегі ірі өндіріс орталықтарының бірі, тоғыз жолдың торабында тұрған іргелі қала болғандықтан, жүргіншілер вокзал басында иін тіреседі. Біздің ағайындардың көпшілігі ауылды жерден болғандықтан оларға бәрі таңсық секілді. Вокзалда сұрау сұрап жүрген қайыршыларға қарап: «Алла сақтай гөр, мыналары несі Сәбет елінде бәрі жақсы дейтіндері қайда?!»- десіп таңдайларын қағысады.

Енді біреулері ала-құла киініп, артынып-тартынып, шұбырып жүрген цыгандарды көріп,: «Ей, Алла-ай, мыналар да мұсылмандар-ау тегі, бұлар да біз сияқты көшіп бара жатыр ма екен, байғұстар»,-десіп, оларды да мүсіркейді. Вокзалдың бұрыш-бұрышындағы сәкілерде жүктерін жастанып, ұйықтап жатқан, қалғып-мүлгіп отырған жолаушыларға да жандары ашып жатқандары жоқ емес.

Әй, аңқау да қарапайым қазекем-ай, өздерің мына түрлеріңмен басқаларға қалай көрініп тұр екенсіңдер, сезбейсіңдер-ау !

Көп ұзамай артынып-тартынып Новосибирскіге бет алдық. Күндегідей екі вагонға мінгеспей, бөлек–бөлек купелерге орналасқандықтан, жанымыз жай тауып, аяқ қолымыз кеңіп қалды. Мен де өзіме-өзім келіп, қаламымды қолыма алдым:

Көшкен қазақ,

Көшумен өскен қазақ.

Сайран сап кең даланың төскейінде,

Айдарынан кеше жел ескен қазақ.

 

Көшкен қазақ,

Көшумен өшкен қазақ.

Қилы заман қысқанда тоз-тоз болып,

Басынан талай өмір кешкен қазақ.

 

Япыр-ай, міне  тағы көш келеді,

Қайдан шыққан көш екен, кеш келеді.

Көш келеді өгіздің аяңымен,

Елең қылмай ешкімді, ештеңені.

 

Сағыныштың ілесіп жетегіне,

Көш келеді оралып өз еліне.

Көш келеді ата-жұрт мекеніне,

Кіндік кесіп, кір жуған өзеніне.

 

Көш келеді оралып отанына,

Отбасына, өзінің отауына.

Көш келеді қосылып туғанына,

Өз туының астына жиналуға.

 

Көштің алдын көк атты кеспесе екен,

Қазақ  енді бөлініп көшпесе екен.

“Елімайлап” еңіреп тозған елге,

Бұл ең соңғы, ең ұлы көш болса екен!

Сырқат сәбимен секемшіл дәрігер...

Новосибирск бізді қайнап жатқан тіршілік думанымен қарсы алды. Бірақ  поездан ешкімді шығармай, ақ халатты дәрігерлермен ит ұстаған  әскери адамдар қоршап алысты. Не болғанын түсіне алмай, абыржып-үрпиісіп қалдық. Кешікпей: «Көш бастаушыны шақырып жатыр»,-деп мені бір әскери жетелей жөнелді. Не болып қалғанын түсінбей абдырап, әлгі офицердің жетегінде вокзал ішіндегі бір кабинетке келдім.

Бөлмеде ақ халатты дәрігерлермен қоса бір топ әскерилер отыр екен. Төр алдындағы сом денелі, бурыл шашты жігіт ағасы маған отырмай сол орныңда тұра бер деген ишара білдірді де, отырғандарды: «Члены чрезвычайной комиссии»- деп таныстырды.

Ол кісінің сөзінен ұққаным көшіп келе жатқандардың ішінен өте қауіпті жұқпалы іш ауыруы шыққан көрінеді. Сондықтан бізді ешқайда шығармай, автобустар келісімен  ауруханаларға апарып, бірнеше күн осында  зерттеуден өткізбек екен. Егер зерттеу қорытындысы дұрыс шықса арықарай жүруімізге рұқсат беріледі, ал дұрыс шықпаса Моңғолияға қайтарылуымыз мүмкін көрінеді.

Мұны естігенде төбемнен жай түскендей болды. «Кедейдің жеті қаңтаруы бар»- деген осы да, енді не істеу керек-деген сауалдар есімнен тандыра жаздады. Шаршап-шалдыққан, орысша бір ауыз сөз білмейтін, кәрі-құртаң, балалы-шағалы ауыл қазақтарын орта жолда сүйрелеп больницаға жатқызып неше күн қамаса не болады!? Қандай ауру шықса да аңсап келе жатқан Қазақстанына  жетіп өлгендері артық болар еді»-деген ой келіп, әлгі басшының алдында зарлай жөнелдім:

«Сіздің айтқандарыңыз дұрыс, әрине бұл адамдар Моңғолияның әр өлкесінен болғандықтан, олардың арасында іш ауруынан басқадай да  жұқпалы аурумен ауыратындары бар шығар. Сондықтан бұларды миллион тұрғыны бар Новосибирскде бір минутта ұстап тұруға болмайды деп ойлаймын. Меніңше жеделдетіп Қазақстанға жеткізіп, дәрігерлік зерттеу жұмыстарын сонда біржола жасаған дұрыс деп есептеймін»,-дедім. Айтқандарым қаншалықты дәйекті шыққанын, және отырғандарға қалай әсер еткенін білмеймін...

Сәлден соң комиссия бастығы:

-Сізден басқа сыртқа шыққандар жоқ па?-деп сұрады.

«Әзірше жоқ»,-дедім. «Әзірше»-деген сөзім әсер етті ме әскери адамға :

-« Ешкімді шығармаңдар»!-деп шегеледі.

Сонан кейін телефон арқылы жоғары басшылардың біріне менің айтқандарымды қайталап жатты да сөзінің соңында: «Сондықтан Благовщенск-Москва поезынан бес вагонды  бөлектеп ерекше күзетпен Екібастұз қаласына жеткізу дұрыс деп шештік»,- дегені.

Бұл сөзді естігенде бойым жеңілдеп, қуанғанымнан жүрегім қатты-қатты  соққанын сезіндім. Дереу бес вагонды жекелеп бір состав құрды да алды-артымызға қаратпай «Қазақстан қайдасың»- деп сүйрей жөнелді.   Біздің кесірімізден   Москваға емес аяқ астынан Екібастұзға бет алғандарын естіген вагон жол серіктері ашудан жарыла жаздасып, ауыздарына келгенін айтысып жатты...

Бөгелмей жүріп кеткенімізге мәре-сәре болған біз олардың не айтып, не қойып жатқандарын  елең қылар емеспіз.

Былай шыға арамыздан «Жұқпалы  іш ауыруы шықты»- деген, не сөз деп, сұрастыра бастадық.

Сөйтсек, күннің ыстығынан ба, әлде жол ауырлығын көтере алмағандықтан ба, Иркутскден шыға Жұпанханның кішкентайының ыстығы көтеріліп, іші өтіп, тамаққа тәбеті соқпапты. Красноярскде ол дәрігер шақыртып, баласын көрсетеді. Жол соқты болып әрі ауру меңдеген баланың түрін көріп бір нәрседен сезіктенген дәрігер, олармен бірге келе жатқан жолаушылардың хал-ахуалдарын сұрастыра бастайды. Неше күн жол жүріп, шаршап-шалдыққан оларда не күй болсын!? Бәрі де ауырып келе жатқандарын айтады. Міне, осыдан «Қауіпті, жұқпалы ауыру шыққан» болып Новосибирскге хабарланады. Мұны естіген біз мәз-мәйрам болып күлісіп, бөгелмей жүріп кетуімізге себепкер болған сырқат сәбимен секемшіл дәрігерге алғысымызды жаудырып жаттық...

Жалғасы бар...

Мұхит Жақсылықұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 665
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9356
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 735