Сәрсенбі, 8 Қазан 2025
Талқы 175 0 пікір 8 Қазан, 2025 сағат 14:16

Депутат: Ұлттық қауіпсіздік пен егемендік маңызды!

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Бүгін Мәжілістің басты мінберінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер енгізу мәселесі талқы болуда. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда.

Онда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин баяндама жасады.

Біз Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына депутат Жаңбыршиннің баяндамасын ұсынғанды жөн көрдік.

Еділ Жаңбыршин:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту және геологиялық зерттеу жүйесін түбегейлі жаңғырту жөнінде нақты міндет қойған болатын.

Сонымен бірге Президентіміз «өз қаражатына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз ету қажет», - деді.

Бұл – еліміздің жер қойнауын игерудегі инвестициялық саясаттың жаңа философиясын айқындайтын шешуші қағида.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлау жүргізілген аумақ көлемін қазіргі 1,5 миллион шаршы шақырымнан кемінде 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту міндетін қойды. Бұл – Парламент пен Үкімет үшін нақты межеленген стратегиялық мақсат.

Бүгінгі күні геологиялық барлау саласы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің өзегіне айналып отыр.

Қазақстанның қазіргі мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындап қалды.

Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі.

Жалпы, 2012 жылға дейін еліміздің жер қойнауындағы болжамды алынатын шартты отын ресурстары 22,7 млрд тонна деп бағаланған болса, 2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бұл көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін қайта есептелді.

Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған. Ал қалған бөлігі аз зерттелген, бірақ әлеуеті жоғары провинцияларды орналасқан.

Оларды жүйелі барлау және игеру арқылы біз жаңа өндірістік орталықтардың қалыптасуына жол ашамыз.

Бүгінде геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Салыстырмалы мысал келтірейін:

Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына 8 АҚШ доллары жұмсалса,

АҚШ-та – 87 доллар,

Австралияда – 167 доллар,

Канадада – 203 доллар бөлінеді.

Бұл айырмашылық – біздің инвестициялық климаттағы ең әлсіз буынның бірі екенін көрсетеді.

Өйткені геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвестордың құқығын кепілдендірмесе, ол жаңа аймаққа қаржы салмайды.

Сондықтан Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген бұл заң жобасы осы жүйені түбегейлі өзгертеді.

Сонымен Заң жобасындағы басты жаңалықтар қандай?

Бірінші. Шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілген, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейіндер анықталмаған аумақтар аз зерттелген аумақтар деп танылатын норма енгізілді.

Екінші. Инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым және кепілді құқықпен өте алады. Бұл үшін бірінші 3 жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30%-ын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі.

Яғни, кім шын мәнінде зерттеуге қаржы салса – сол әрі қарай игеру құқығын алады. Бұл әдіс инвестордың мүддесін қорғайды және елге жаңа геологиялық деректер береді.

Үшінші. Резервтегі учаскелердің тиімді айналымын қамтамасыз ету.

Қазір көмірсутек саласындағы ұлттық компанияларға 53 жер қойнауы учаскесі резервке бекітілген. Бірақ олардың тек 20%-ы ғана игеріле бастады. Қалғандары ұзақ жылдар бойы айналымнан тыс тұр.

Осыған байланысты заң жобасы резервтеу мерзімін шектеуді, ал босайтын учаскелерді электрондық аукцион арқылы нарыққа шығаруды көздейді. Бұл тәсіл бәсекелестікті арттырып, барлау процесін жеделдетеді және жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. Уран саласындағы ұлттық компанияға басымдық беру.

Әлемдік экономикада уранның маңызы артып келеді. Көптеген елдер атом энергетикасын қайта дамыта бастады. Сондықтан уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беру – стратегиялық шешім. Бұл елдің энергетикалық теңгерімін сақтауға және атом энергетикасы саласында өз үлесімізді арттыруға бағытталған нақты қадам. 

Күтілетін нәтижелер қандай?

Заң жобасын қабылдау арқылы біз келесі нәтижелерге қол жеткіземіз:

1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту;

Аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашу және жаңа геологиялық ақпарат алу;

Көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату;

Геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқартып, ресурстарды өнеркәсіптік айналымға тез енгізу;

Уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығын беру.

Құрметті депутаттар!

Бүгін қаралып отырған заң жобасы – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат.

Сонымен қатар, бұл заң – Қазақстанның табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам.

Сайып келгенде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан осы заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 737
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9668