Бейсенбі, 9 Қазан 2025
Әріптестің әңгімесі 246 0 пікір 9 Қазан, 2025 сағат 14:06

Ресейдің бар жиған-тергені көзден бұлбұл ұшқалы тұр!

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Ресейдің шамамен 200 миллиард еуро көлеміндегі бұғатталған активтері бүгінде Еуропаның қолында тұр. Және бұл ЕО-ның басты көзірлерінің бірі саналады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

Бұл ақша қағаз жүзінде – Ресейдің Орталық банкіне тиесілі болғанымен, іс жүзінде — Бельгиядағы «Euroclear» депозитарийінің есепшоттарында тұрған ақша. Енді Еуроодақ сол қаржыны Украинаға бағыттап, соғыс өтемақысы ретінде пайдалануды көздеп отыр. Десе де бұл мәселе бойынша ЕО-да ортақ келісім болмай тұр. Бір тарап – «Бұл Ресейге жойқын экономикалық соққы болады», - десе, екінші тарап – «Бұл Еуропаның өзіне де кері әсерін тигізеді», - деуде.

Брюссель мен Копенгаген дәліздерінде соңғы аптада «тәуекел», «заңдылық» және «жауапкершілік» сөздері бұрынғыдан жиі айтылуда. Өйткені Еуроодақ алғаш рет өз тарихында басқа мемлекеттің орталық банкіне тиесілі активін пайдалану мәселесін қарастырып отыр.

Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевер«Бұл – тәуекелі жоғары ойын. Егер мен сіздің ақшаңызды алып, оны пайдаланатын болсам, сіз мұны тәркілеу деп атар едіңіз», – деді Копенгагенде өткен Еуропалық саяси қауымдастық саммитінде.

Иә, Ресей – агрессор. Иә, Украинаға қолдау көрсету — моральдық міндет. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен бұл қадамды «конфискация емес, репарациялық әділет» деп атады: «Кінәлі жауапкершіліктен қашпауы керек. Ресей өтемақы төлеген жағдайда өз активтерін қайтара алады», – деді ол.

Еуропалық қауымдастықтың Ресей активтерін тәркілеп алып, Украинаға беру мәселесінде бірауызды бола алмай жатуының басты себебі – Еуропа, бір жағынан – әділдікті орнатқысы келеді. Екінші жағынан – заңсыз тәркілеу прецедентін жасамауға тырысады.

Осы тұста Бельгияның жағдайы ерекше. Өйткені «Euroclear» депозитарийі дәл осы елде орналасқан, ал ол депозитарийде Ресей активтерінің басым бөлігі — шамамен 190 миллиард еуро сақталған. Бұл сома Бельгияның жалпы ішкі өнімінің үштен біріне тең. Сондықтан Барт Де Вевер үшін бұл тек мораль немесе геосаясат емес, нақты экономикалық қауіп.

«Бельгия өзЖІӨ-нің үштен біріне тең соманы жалғыз көтере алмайды. Кепілдікті барлық ЕО елдері бірге беруі керек», – дейді ЕО-ның жоғары лауазымды дипломаты.

Осы талаптан кейін Брюссельде атмосфера күрт өзгерді. «Financial Times» жазуынша, қазір Еуроодақ мүшелері Бельгияны бұл шешімге көндіру үшін қысым жасап жатыр.

Барт Де Вевер болса, әріптестеріне қарата: «Егер біз Путиннің ақшасын алсақ және оны қолдансақ, бірдеңе дұрыс болмай қалса, бәріміз жауап береміз», – деп ескертті.

Премьердің айтуынша, бұл тек саяси емес, құқықтық дау. Өйткені егер Ресей сотқа жүгінсе, «Euroclear» мен оған қатысы бар мемлекеттер жылдарға созылатын сот процестеріне тап болуы мүмкін.

Ал Кремль әл-әзірден байбалам салуда. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков«Бұл – Ресей мүлкін заңсыз алу, қарапайым тілмен айтқанда – ұрлық. Мұндай әрекет жауапсыз қалмайды», – деді.

Бір жағынан, Украинаға қолдау көрсету – демократиялық әлемнің борышы; екінші жағынан, мұндай шешім болашақта кез келген мемлекеттің активін саяси себеппен бұғаттауға жол ашып, қаржы жүйесіне сенім дағдарысын туғызуы мүмкін. Ал Еуропа бұл тәуекелге баруға дайын ба – бұл сұрақтың жауабы әлі айтылған жоқ. Бірақ бір нәрсе айқын: Ресейдің бұғатталған миллиардтары – енді жай ғана қаржы емес. Ол – Ресейге қысым жасау құралы!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 766
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9761