Бейсенбі, 23 Қазан 2025
489 0 пікір 23 Қазан, 2025 сағат 18:02

Қазақстан мен Әзербайжан: стратегиялық әріптестік пен «Зангезур дәлізі» дәуірі

Осыдан тура 5 жыл бұрын, Қарабақта қиян-кескі шайқастар болып жатты. Әзербайжан әскері алға жылжып, Қарабақты азат ету жолында соғысып жатқан еді. Шушаға жақындап қалған болатын.

(Сурет:https://baq.kz/)

Қарабақтың Әзербайжанға түбі қайтары анық еді. Бірақ ол сәтте «Зангезур дәлізі» аясында ірі жобалар талқыланады деп ешкім ойламаған. Бес жыл өтті. «Зангезур дәлізі» әне-міне ашылуы мүмкін. Ал оның маңызы жайлы маңызды талқылаулар жүріп жатыр.

Кеше Қазақстанға Әзербайжанның басшысы Әлиев келді. Мемлекеттік сапар. Бүгін Қазақстан мен Әзербайжанның басшылары екі елдің әріптестігі жайлы, экономикалық байланысты арттыру хақысында кездесу өткізіп жатыр. Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы да өтті. Биыл Қазақстан мен Әзербайжанның Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Ол да бүгінгі жиында айтылды.

Жалпы Әзербайжанға ерекше назар аударып келеміз. Неге? Үш қана себебін жазайын (жалпы ол үштен де көп).

Біріншісі, ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫ. Бүгін Тоқаев пен Әлиевке «Орта дәлізді дамыту жобасы» таныстырылды. Бұл бағыт Қытай мен Еуропаны жалғап жатқан негізгі көлік-логистикалық бағыт саналады. Қытайдан шыққан жүк 15-18 күнде Қазақстан аумағын, Әзербайжан аумағын басып өтіп, Грузия порттарына жетеді екен. Ары қарай Қара теңізбен Еуропаға бет алады. Дәл осы бағытпен Еуропаның тауары Қытайға келеді. Міне, осы бағыттың дамуына біз де, Әзербайжан да мүдделі. Екі елдің мүддесі осы тұста тура келіп тұр. Бүгінгі жиында бұл туралы көп айтылды. Жақында «Зангезур дәлізі» ашылса, онда тағы бір тармақ қосылады. Тауар өткізу көлемі де артады.

Екіншісі, МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ. Біздің мұнайдың басым бөлігі Ресеймен өтетінін бәріміз білеміз. Бірақ тасымал жолын әртараптандыру керек. «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбырымен мұнайды көбірек тасуға ниеттіміз. 2022 жылдан бастап бұл бағыт бойынша мұнай тасу артып келеді. Біз осы жоспарды іске асыру үшін бірнеше кіші танкерлер де сатып алдық.

Үшіншісі, СУАСТЫ ЖЕЛІСІ. Қазақстан мен Әзербайжанның компаниялары Каспийдің түбімен оптикалық кабель тарту жұмысын бастады. Бұл әрине біраз уақытты қажет етеді. Жоспар бойынша 2026 жылы бітуі тиіс. Сөйтіп тағы бір бағытпен интернет ала бастаймыз. Қазір трафиктің 90 пайыздан астамы Ресей арқылы келіп жатыр ғой. Ал бұл жоба Ресейді айналып өтеді. Бұл бізге керек пе? Әлбетте керек!

Қазақстан мен Әзербайжан басшылары бүгін 15 түрлі құжатқа қол қойыпты. Хазар теңізінің бір жағалауында Қазақ елі, бір жағалауында Әзербайжан елі орналасқан. Екі елдің халқы бір-біріне татулық пен тыныштық, даму мен өркендеу тілейді деп ойлаймын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1061
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10452