Бейсенбі, 23 Қазан 2025
Маңызды 1703 0 пікір 23 Қазан, 2025 сағат 19:46

Жетісу облысында дінтанушылар мен діни ұйымдар жетекшілерінің республикалық форумы өтті

Жетісу облысында дінтанушылар мен діни бірлестіктер жетекшілерінің "Рухани келісім жолы: съезд идеясын жүзеге асыру" атты республикалық форумы өтті. Форум  мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектор өкілдерінің басын қосты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

(Сурет:https://www.gov.kz/)

Талдықорғанда облыстық дін істері басқармасы мен Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты.

Құттықтау сөз сөйлеген Д. Есдәулетов облыс әкімі атынан форум қатысушыларына бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарды сақтау мен насихаттауға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

– Президент айтқандай, елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша толымды тәжірибе жинақталған. «Сан алуандықтағы бірлік» деген әмбебап қағида қазақстандық этникалық және діни төзімділік моделінің негізі болып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, 18 конфессияны біріктіретін шамамен 4000-ға жуық діни бірлестік еркін қызмет атқарып келеді. Мұндай этникалық және діни әралуандық біздің облыс аумағында да көрініс тапқан. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз әрі артықшылығымыз. Форумның жұмысы табысты өтеді деп сенемін, ал талқыланатын идеялар мен ұсыныстар қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарады деп ойлаймын, – деді ол.

Өз кезегінде форумға қатысушылар да ой-пікірлерін білдірді.

– Барлық діндер мен конфессиялар өкілдерінің басын қосқан бұл форумды аса маңызды шара деп есептеймін. Кез келген өзен бірнеше саладан құралады, олардың бәрі түптеп келгенде бір үлкен мұхитқа құяды. Сол сияқты біздің форум шағын болса да, әлемдегі бейбітшілікті нығайту ісіне өз үлесін қосуға бағытталған, – деді «Үштөбелік пресвитериан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің пасторы Надежда Ким Гван Джун.

Оған Талдықорған қаласы 3-бөлімшедегі «Тәубе» мешітінің рухани жетекшісі Радион Ю да қосылды:

– Ең алдымен біз ортақ еңбегіміздің бірлескен нәтижесіне жетуді мақсат етеміз. Рухани құндылықтарды ұмытпай, адами қасиеттерді дамуға ұмтылған жөн. Баршаңызға бақыт, бейбіт өмір, мол игілік тілеймін! – деді ол.

Сондай-ақ Талдықорған РПЦ викариаттыңының басқарушысы, Талдықорған епископы Клавдиан да осы пікірді қуаттайды:

– Біздің форум дәстүрлі шараға айналып үлгерді, ол жыл сайын Рухани келісім күніне арналып өткізіледі. Әртүрлі конфессиялар мен ұлт өкілдері арасындағы рухани келісім – бүгінгі күні өте өзекті, себебі біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біз бір-бірімізбен араласып, кездесіп, маңызды мәселелерді бірлесіп шешіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеруіміз керек. Баршаларыңызға рухани үйлесім, тыныштық пен бірлік тілеймін! – деді ол.

Форум аясында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани құндылықтарды насихаттау ісіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ жыл бойы белсенді қызметімен көзге түскен діни бірлестік өкілдері де назардан тыс қалған жоқ.

Кездесу соңында қатысушылар рухани келісім мен бейбітшілікті сақтау баршаның ортақ борышы екенін атап өтіп, осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1065
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10455