Заң факультетіне 70 жыл: дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан тарих
Құқықтық жүйенің маңызды салаларының бірі-азаматтық іс жүргізу. Бұл сала қоғамдағы дауларды әділ шешуді, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауды, сот әділдігін қамтамасыз етуді көздейтін күрделі әрі жауапты бағыт болып табылады.
Осы салада жоғары білікті заң мамандарын даярлау ісінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналады. Биыл факультет өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – жетпіс жылдық қажырлы еңбектің, сапалы білім мен ғылымның, құқықтық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының айғағы. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде факультет мыңдаған кәсіби заңгерлерді тәрбиелеп шығарды. Түлектері бүгінде еліміздің сот, прокуратура, құқық қорғау және мемлекеттік басқару органдарында, сондай-ақ жеке заңгерлік және ғылыми-зерттеу салаларында абыроймен қызмет атқарып жүр. Олардың қатарында беделді судьялар, прокурорлар, адвокаттар, заң ғылымдарының докторлары мен профессорлар бар.Факультеттің қалыптасуында азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы айрықша еңбек сіңірді. Кафедра оқытушылары студенттерге терең теориялық білім берумен қатар, сот тәжірибесіне жақын практикалық сабақтар мен модельдік сот процестерін жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Заң факультетінің басты ұстанымы-сапалы білім мен тәжірибенің бірлігін қамтамасыз ету. Университет студенттері түрлі республикалық және халықаралық құқықтық олимпиадаларға, сот процестерін модельдеу жарыстарына қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл-олардың кәсіби даярлығының жоғары деңгейін дәлелдейді.Қазіргі таңда факультет бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша кадрлар даярлап, құқық саласының барлық бағыттарын қамтиды. Оқу үдерісінде инновациялық технологиялар енгізіліп, студенттерге заманауи цифрлық білім беру құралдары қолжетімді етілген. Профессор-оқытушылар құрамы заңнаманы жетілдіру, құқықтық реформаларды жүзеге асыру және құқықтық мәдениетті дамыту бағытында маңызды ғылыми еңбектер жазып, еліміздің заң шығару процесіне белсенді түрде қатысуда.
70 жылдық тарих-бұл жай ғана жылдар тізбегі емес, бұл бірнеше буын заңгерлердің еңбегі, табандылығы мен білімге деген ұмтылысының нәтижесі. Факультет алғашқы күннен бастап Қазақстанның құқықтық саласына жоғары білікті, адамгершілігі жоғары, әділдік пен адалдық қағидаттарын ұстанатын мамандар даярлауды мақсат етті. Бүгінде ҚазҰУ Заң факультеті дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, құқықтық білім берудің жаңа деңгейіне көтерілді. Факультеттің 70 жылдық мерейтойы – өткенге құрмет, болашаққа сенім. Алдағы уақытта да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына, әділетті қоғам құру ісіне және жаңа буын заңгерлерін тәрбиелеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз. 70 жыл-бұл сапалы білім мен кәсіби шеберліктің, әділет пен жауапкершіліктің мерейлі тарихы. ҚазҰУ Заң факультеті-еліміздің құқықтық мәдениетінің алтын діңгегі.
Сулейменова С.Ж.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz