Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Жаңалықтар 77 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 15:17

Қазақстанда медициналық ұйымдарға мерзімсіз лицензия беру тоқтатылады

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген заң жобасында көрсетілген.  Құжатқа сәйкес, жаңа талаптар екі кезеңмен енгізіледі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл норма жаңа медициналық ұйымдарға қолданылады.

Ал 2030 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі мерзімсіз лицензиясы бар ұйымдар да қайта рәсімдеуге міндеттеледі.

Қазақстанда медициналық қызметке берілетін лицензиялардың мерзімін 5 жылмен шектеу жоспарланып отыр.

Ведомствоның мәліметінше, өзгерістер медициналық қызмет көрсетпей, лицензияны тек мемлекеттік тапсырыс алу үшін формалды түрде пайдаланатын ұйымдарды тізімнен шығару үшін қажет. 2025 жылы қаржылық мониторинг агенттігі осындай 43 субъектіні анықтаған. 3 жыл ішінде лицензиясын өз еркімен қайтарған ұйымдардың үлесі үш пайыз ғана болған.

"Жаңа жүйе кадрлық құрамды, жабдықтарды және қызмет сапасын тұрақты бағалауға мүмкіндік береді. Лицензия электрондық форматта рәсімделеді, қарау мерзімі 13 жұмыс күнін құрайды. Лицензиялық алым әр бес жыл сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді", – делінген құжат жобасында.

Министрлік бұл шаралар медициналық қызмет сапасын арттырып, нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді деп есептейді.

Abai.kz

0 пікір