Сенбі, 12 Қазан 2024
Жаңалықтар 7053 0 пікір 30 Желтоқсан, 2010 сағат 07:10

Еренғайып Қуатайұлы. БАЛБАЛ ТАС – БАБАМНЫҢ КӨЗІ

«Айқын» газетінен Ерлан Қариннің сұхбатын оқып, оның бабалардан қалған балбал тасқа деген құрметіне тәнті болып едім. Ерлан Тынымбайұлы сұхбатында бүгінгі Моңғолия даласында сан ғасырлардан бері көк түріктің көзіндей саф күйінде сақталған мүсін тастарды көруге аңсары ауып жүргенін айтыпты. «М-м-м, Ерекеңді мәңгі көк аспан еліне ертіп бару керек екен» деп ой түйіп қалғанмын. Бір күні досым Берік Уәли телефон шалып: «Ерекең Моңғолияға бармақ екен, жолдың мән-жайын өзің түсіндіріп бересің бе?» деген. Артынша «Осылай да осылай, мен Ұланбатырда өтетін құрылтайға бармақпын, ертерек шығып сол жақтағы балбал тастарды көрсем, Күлтегіннің басына барсам, қиыр қонып, шет жайлап ғұмыр кешіп жатқан қандастарымызбен қауышып қайтсам деп отырмын. Қалай қарайсың, бірге барып қайтсақ?!», - деген Ерекеңнің өтініші құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келгендей болды. Күнде кешке жұмыстан кейін жиналып сапарымызды талқылайтын болдық. Рас, маған кешкі «жұмыс» жағып барады. Сонымен Ерланға еріп Дәурен, Еркін, Ғалымжан - бесеуміз жол жүретін боп келістік. Экспедицияға дайынбыз, буынып-түйініп отырмыз. Астанадан Өскеменге дейін ұшақпен ұшпақпыз. Өскеменнен Өлгейге дейін көлікпен баруды ұйғардық. Ал Өлгейден Ұланбатырға ұшақпен жетіп, қайтарда көлікпен Өлгейге дейін келмекпіз. Сосын Өлгейден Өскеменге ұшақпен ұшамыз деп уағдаластық.

 

19 маусым. 2009 жыл

«Айқын» газетінен Ерлан Қариннің сұхбатын оқып, оның бабалардан қалған балбал тасқа деген құрметіне тәнті болып едім. Ерлан Тынымбайұлы сұхбатында бүгінгі Моңғолия даласында сан ғасырлардан бері көк түріктің көзіндей саф күйінде сақталған мүсін тастарды көруге аңсары ауып жүргенін айтыпты. «М-м-м, Ерекеңді мәңгі көк аспан еліне ертіп бару керек екен» деп ой түйіп қалғанмын. Бір күні досым Берік Уәли телефон шалып: «Ерекең Моңғолияға бармақ екен, жолдың мән-жайын өзің түсіндіріп бересің бе?» деген. Артынша «Осылай да осылай, мен Ұланбатырда өтетін құрылтайға бармақпын, ертерек шығып сол жақтағы балбал тастарды көрсем, Күлтегіннің басына барсам, қиыр қонып, шет жайлап ғұмыр кешіп жатқан қандастарымызбен қауышып қайтсам деп отырмын. Қалай қарайсың, бірге барып қайтсақ?!», - деген Ерекеңнің өтініші құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келгендей болды. Күнде кешке жұмыстан кейін жиналып сапарымызды талқылайтын болдық. Рас, маған кешкі «жұмыс» жағып барады. Сонымен Ерланға еріп Дәурен, Еркін, Ғалымжан - бесеуміз жол жүретін боп келістік. Экспедицияға дайынбыз, буынып-түйініп отырмыз. Астанадан Өскеменге дейін ұшақпен ұшпақпыз. Өскеменнен Өлгейге дейін көлікпен баруды ұйғардық. Ал Өлгейден Ұланбатырға ұшақпен жетіп, қайтарда көлікпен Өлгейге дейін келмекпіз. Сосын Өлгейден Өскеменге ұшақпен ұшамыз деп уағдаластық.

 

19 маусым. 2009 жыл

Таңертең 6-дан 15 минут кеткенде мені үйден Еркін алып кетті. Әп-сәтте әуежайға де жеттік. Күн арқан бойы көтеріліп қойған. Сағат 8.00. Ұшақ ышқынып дуадақтай дедектей жөнелді. Әне-міне дегенше ақ бұлттардың үстіне бірақ шықтық. Міне, қимылсыз қалқып барамыз. Терезеге үңілдім. Ұшқан құстың қанаты талатын дала. Кең байтақ Қазақстанның шығысын бетке алдық. Қара жер мен көк аспанның арасы  - 11 125 метр. Сағатына 890 шақырым жылдамдықпен қанат қағып келеміз. Сырттағы ауа температурасы - 65 градус. Суық.

Ұшақ ақ ұлпа қар сияқты бұлттарды қиғаштай тіліп құлдилай жөнелді. Бұлт қар тәрізді бұрқырай ма, қайтеді өзі?! Балықтың желбезегіндей қанатының үсті ашылып, ұшақ аяғын сылқ еткізіп түсіре қойды. Небары 70 минутта Астанадан Өскеменге топ ете түстік. Күн бұлтты, бәсе, жаңағы бұлттың түрі жаман еді... Таңнан бері жаңбыр себезгілеп тұр екен мұнда. Адамдар жаңбырдан ығып бұрыш-бұрышты сағалаған.

Бізді әуежайдан Бауыржан Самарханов күтіп алды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры көлік тізгінін бірден облыстық мұражайға бұрды. Тәуелсіздік көшесімен жүйткіп келеміз. Көшенің аты «Тәуелсіздік» болғанымен көше бойындағы атаулар тәуелді. «Хозаюшка», «Дорожник», «Комсомол», «Москва» деген аттардан көз тұнады. «Тәуелсіздіктің» бойында әдеттегідей қазақ тілі босағадан сығалап қалған. Облыстық өлкетану мұражайына келгенде бұған айналайын дерсің. Мұражай алдындағы он бес балбал тасқа бес пушканың ұңғысы қарап тұр. Бізді жаулаған орыстың пушкасы енді азат күнде тегімізді нысанаға алған... 70-жылдары осылай орайластырып қойған идеяның быт-шытын шығаратын адам жоқ шығыста. Көңіл қамықты. Осының алдында ғана дәл осы жерге келіп кеткен Ерлан Тынымбайұлы мұражай директорына балбал мен пушканы ажырату туралы айтуын айтыпты...

Шаңқай түсте Өскеменнен аттанып кеттік. Күн шайдай ашылды. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Түс әлетінен кейін бәріміз де көңілдіміз. Әдемі әзіл, риясыз күлкі... Мінген көлігіміз Барнауылды бетке алып қайықтай қалқып келеді. Ешкім темекі шекпейді екен, соған қуандым. Даладан жусан исі аңқиды. Әңгіме жол қысқартады, әп-сәтте Шемонайхаға келіп те қойыптық. Сағат 14.30. Барнауылға дейін әлі 396 шақырым жол жүру керек. Шемонайхалықтардың дені бөрене үйде тұрады. Төңірегі сыңсыған орман болғандықтан ағаш үйде тұрмай қайтсін. Тіпті шіркеуді де бөренеден салыпты. Жүз жылдық тарихы бар үйлердің қабырғасында 90 жылдық ғұмыры бар «Октябрь», «Пролетариат», «Комсомол» деген аттар, әне, терезедегі аяздай айғызданып-айғызданып тұр. Тіпті, бұл өлкеге тәуелсіздіктің исі де бармағандай.

Сымбат көлік тізгінін қазақ пен орыстың шекарасына келгенде бір-ақ тартты. «Улап» келе жатыр екен, түсе қалып темекіні сорып-сорып жіберді. Бағана көлікке отырғанда «кім темекі шегеді?» деген сұраққа бәрі бір ауыздан «шекпейміз» деп шу ете түскен. Жалғыз өзі «мен шегемін» деуден ыңғайсызданса керек...

Сізге өтірік, бізге шын, Өскеменнен дәл осы жерге дейін үш-ақ қазақша атауды кездестірдік. Жол бойы Березовксий, Первомайка, Петровка, Алексеевка... міне осылай. Құдды Ресей жерінде жүрген сияқтымыз. Көрші елдің аумағына өткенде де көргеніміз - осы көрініс. Айырмашылық болсашы. Шет елден келген бөтен біреу «бұл арада шекара бекеті не үшін тұр?» дейтін шығар...

Біз Ресейдің Горнякский шекара бекетіне сағат 15.10-да келгенбіз, ішке 18.45-те бір-ақ өттік. Бекет бюрократияның бұғауында қалыпты. Бекеттің әбден тозығы жеткен. Есігі құлағалы құр. Біздің ауылдағы азбан қамайтын қораның есігі мықты мынадан. Ар жақтан келушіге де, бер жақтан өтушіге де бір жерден «қызмет» көрсетіледі. Есік күзетіп тұрған шекарашы қақпаны бір өзі ашады, құжатты да өзі тексереді...

Қойшы, үш жарым сағат тыныстап алған біздің көлік шекарадан өте сала зуласын келіп. Тақтайдай тегіс жол. Бағана қазақ жолында қайықтай қалқыған көлік мұнда ұшақтай ұшып келеді. Жолдың екі қапталы әсемделген. Шөбі шабылған, жапырағы қиылған. Қоқыс та көрінбейді: тап-таза.

Барнаулға 23.30-да кірдік. Көше толы мас. Қайшыласқан такси. Бетін ары қылсын, мұндай көріністі ана жылы Бішкектен көріп едім. Әне, өрімдей қыз бен мұрты жаңа тебіндеген бозбала сенделектеп кетіп барады. Көше бойындағы дүкен, мейрамханалардың аттары мен олардың жазылу үлгісі, мәнері тура біздің қалалардікіндей. Қазақстанның бір облысы іспеттті. Тіпті, жол бойындағы белгілердің де бір зауыттан шыққаны анық. Құдай-ау біздің жарнамалар да осында көшіп келгендей...

Қаланың қақ ортасындағы «Алтай» қонақ үйіне тұрақтадық. «Алтайдың» алды жыбырлаған такси. Шау тартқан біреуімен тілдестік. Кремлге кәрін төгіп тұр. «Халық қып-қызыл аш. Бастықтар елге қарауды қойған. Нан қымбат. Зейнетақы аз. Халық ашынған...» Рас, аш адам ұрысқақ келеді, шекарадан өткеннен ұрысты бір адамдай естіп келеміз. Жол сұраған, жөн сұраған адамның бәрі ұрсып сөйлейді. Екі айналсаң, ұрып жіберетіндей.

Кеше Барнауылға Путин келіпті. Таңертең үлкен жиналыс ашып, жергілікті басшылардың екі аяғын бір етікке тыққан. Ерте тұрғанбыз, жуынуға мұрша жоқ, қисая кеттік.

 

20 маусым. 2009 жыл

Сағат 6.30-да тұрдық. Қонақ үй Анатомия мен Ленин көшесінің қиылысында орналасыпты. Таңғы шайды іштік те мұражай ашылғанша қала аралауға кеттік. Көріп тұрмыз, біз қызығатындай бұл қалада ештеңе жоқ. Мұражай ашылуға әлі екі сағат бар, жүріп қайтқан жөн. Ленин көшесі бойымен өрлеп келеміз. Әкімшілік алдында әдеттегідей бағыт сілтеп «күн көсем» тұр, міне. Келесі көшеміз Социализм болды. Социализмді Партизан, Пролетариат... көшелері қияды екен. Әрі көше аттарын әспеттеп жазып, әрлеп қойыпты. Қала ескі, есесіне таза.

Алтай республикасының орталық өлкетану мұражайы 1823 жылы қаланыпты. Біздің іздегеніміз тас болғандықтан бірден балбал тастар орналасқан бөлімге бұрылдық. Алтай республикасы аумағынан табылған алты балбалды аулаға орнатыпты. Мұражай қызметкерлері біздің келетінімізді білгендей, кеше ғана ауланың шөбін шұлып, мүсін тастардың маңайын жылан жалағандай тазалап қойыпты. Ерекең оларды жан-жағынан сатырлатып фотоға түсіре бастады. Ұрыс та тұрыс жоқ, Даурен де камерасын іске қосты. Менің міндетім - жазу. Қолыма қаламымды алдым... Ішке енгенде томсырайып суық қабылдаған мұражай қызметкерлері аздап ақша берген соң құрдай жорғалап өздері-ақ құрақ ұшсын... Ақша-ақша деп зар жылайды. Мұражайдағы жұмысшылардың орташа жалақысы 3,5 мың рубль екен. «Бұл қаржы пәтердің төлемақысына да жетпейді. Сіздер көрген боларсыздар, біздің адамдар ырылдап тұрады. Себебі жоқшылық батып барады» дейді біреуі. Рас, адамдары жұпыны. Көше кезген көліктер де ескі-құсқы.

Мұражайға жарты-ақ сағат аялдадық та, аттанып кеттік. Сағат әлі ерте: 9-дан 30 минут кетті. Келесі аялдама Бийск қаласы. Барнауылдан шыға бере бекеттен жол полициясы тоқтатты. Артқы орындықта отырып қауіпсіздік белдігін тақпағанымыз үшін айыппұл төлеуге тура келді. Айыппұл құны - 1000 рубль. Оны қала ішіндегі банкке барып төлеп келу керек екен. Әрине көп жолаушы кері жүргісі келмейді, келісіп осы жерде шешкен жөн. Жол полициясы қызметкерлеріне де осы керек. Әдейі осылай жасаған тәрізді ғой... 500 рубль ұстата қойып едік, қасарысып тұрған анау аяқ астынан жылып «жолдарыңыз болсын» деді. Ол да риза, біз де мәз. Жасасын корупция! Кейде жемқорлықтың да пайдасы бар, жаңа банкке барғанда кем дегенде бір сағат уақытымызды жоғалтар едік. Онсыз да уақыт аз.

Тақтайдай жол. Жүйткіп келеміз. Жолдың екі қапталы ну орман. Ағаштар күнмен таласатындай. Бұл өлкенің табиғаты тамаша екен! Соған сай тазалығы да бізді тәнті етті. Жол бойы Шукшиннің 80 жылдығын әйгілеген жарнамалар менмұндалайды. Айтпақшы, қалмегер актер осы өлкенің тумасы еді ғой. Мұндай ғажайып жерде туған адамның талантты болмауы мүмкін емес.  Шукшин өскен өңірдің табиғатына тамсанып отырып Бийск қаласына да келіп қойыптық. Әне-міне дегенше екі жарым сағат уақыт өте шығыпты. Бірден мұражайға тарттық. Мұражай еңселі. Екі қабатты ғимарат. Бірақ ескі, тозығы жеткен. Мұражайдың шырақшысы болып алты балбал тас тұр. Ерекең алтауын жеке-жеке фотоға түсірді. Бейнетаспаға да жазып алдық.

Бийск кәдімгі Семей қаласына ұқсайды. Қала ішінде бөрене үйлер көп... Біз мұнда бір сағатқа жетер жетпес уақыт аялдадық та ары қарай аттанып кеттік. Тамсанғанымыз тағы табиғат пен жол. «Отарлаудың ең бір қолайлы тәсілі жол салу, көрдің бе, бұл жаққа жолды қалай салған, ә! Ал біздің кейбір облыстарға жету қиямет-қайым» дейді Ерекең басын шайқап. Байқаймын, Ерлан енді ашылды. Маңғыстаудағы жер асты мешіттері туралы тамсана баяндап отыр. Дәурен де әзілқой адам екен, ара тұра күлкіге де көміп қояды бізді.

Сәскеде Горно-Алтай қаласына келдік. Мұражайды іздеп адасып, уақыт жоғалтуымыз мүмкін, қала шетіндегі таксиге жол бастауды өтіндік. Дұрыс болды, ол бізді он минутта өлкетану мұражайына алып келді. Бұл қала да коммунистік жүйеден әлі арыла алмапты. Советская, Коммуническая көшелері мен Ленин ескерткіші әр жерден көрінеді.

Бүгін Қосағашқа ілініп қонуымыз керек, төрттен жиырма минут кеткенде қаланы артқа тастадық. Горно-Алтайдан шыға бере орыстың борышы мен котлетіне бөгіп алғанбыз. «Енді тоқтамаймыз» деген әмірден кейін уайыммен ішке қор жиып қойдық.

Қатын өзенінің бойымен өрлеп келеміз. Жыныс орманды отап отырып жол салған. Кейбір жерден күннің көзін көру мүмкін емес. Құдай табиғатты бұл өлкеге аямай беріпті. «Қосағашқа жеткенше тоқтамаймыз» деген сөз жайында қалды, мұндай тамаша табиғатты көліктен түсіп көрмесек арманда кетерміз. Көпір аузынан күзетші кездесті. Оған біз қазақша сөйледік. Ол орысша тіл қатты. Алтайша білмейтін сияқты. Әйтпесе түсінісуге болар еді. Өйткені Горно-Алтай мұражайында алтайлық әйелмен қиналмай сөйлесіп едік. Ол «ұлтым - алтай, руым - қоңырат» деп саңқылдап тұрған. Ал мына күзетшінің төбесінде саңылау жоқ сияқты. Қысық көз, тар маңдай қара жігітті өзімізге тартып едік, еңбекті ақтамады. «Несіне өкпелейсің бұған, біздің де кейбір күзетшілер қазақша білмейді емес пе» деген Дәуреннің жауабына «Дәп Қазақстанда қазақша білмейтін күзетші жоқ» деп Ерекеңе қолды бір алдырдым.  «Сіз бір өте саяси-әлеуметтік астарлы сөз айттыңыз» деп сыпайы ғана күліп қолымды қысты ол.

Сулы жер  - нулы жер деген рас, бұл өлке орман тоғайға ғана емес, өзен-көлге де бай. Қатын өзенінің арнасы кең. Ағыны білінбей ағып жатыр. Яломан өзенінің ағыны қатты-ақ. Суы да мол. Бір өзеннен өтсең, екіншісіне кезігесің. Тұрсын аға (Жұртбай) айтпақшы, Алтайдың осы бетін көрмеген катонқарағайлық ағайындардың Алтайдікіміз деуге құқы жоқ сияқты.

Күн ұясына батып барады. Атақты Чека-Таман асуына іліндік. Бұл - Таулы Алтайдағы ең биік асу. Төрт мың метр биіктікке көтеріліп түсесіз. Таудың бүйірін тіле қиғаштай жол салыпты. Асудың ұшар басына жетіп тағы аялдадық. Құрықтай жерде бұлт тұр. Асудан асып құлдап келеміз. Алдыңғы көлігіміз оқ бойы озып кеткен. Тарс еткен дыбыс шықты. Біздің көліктің дөңгелегі жарылыпты. Қолда рация бірден хабарладық. Әне, олар да кері бұрылды. Рация демекші, қолдағы GPS те керекті деректі дер кезінде көрсетіп беріп тұр. Ендігі кездесетін елді мекеннің аты, оның қанша шақырым қалғаны, ауа-райы, жер бедері т.б. мәліметті алдын ала біліп отырасың. Чека-Таман асуынан асқаннан кейін-ақ табиғат жалаңаштана бастады. Жыныс орман селдір тартып барады. Сай-саладан аққан өзен де азайды. Тау да алыстады. Адырлар, қыраттар алыстан зорайып көрінеді.

Түнгі бірде Қосағашқа келдік. Ауылға кіре берісте жазулы тұрған «Қош келдіңіздер!» деген сөзді оқып, партия хатшысы қол соғып жіберді. «Өзіміздің Өскеменнен көрмеген қазақ сөзді Ресейден көрсеткен қосағаштық қандастарға рахмет!» дегенін біз де құптадық. Әуелхан аға ұйықтамай күтіп отыр екен. Таң бозарғанша әңгіме өрбіді. Әукең бірнеше жыл бойы осы ауылдың дүркіреген әкімі болған. Көктемде әкім сайлауынан жеңіліп, дардай сағы сынып қалған екен, «Нұр Отанның» хатшысын көріп көңілі бір көтерілді. Оның үстіне, кеше ғана Астанада оқитын жамағайынының бір баласы күрестен Азия біріншілігіне қатысуға ленцензия жеңіп алыпты. Аты бәйге алса да шабылып той жасайтын қазақпыз ғой, Астанадан жеткен ақжолтай хабармен алтайлықтарға доқ көрсетіп дүрілдеп-ақ жатыр екен. «Мыналар (алтайлықтарды айтып отыр) бізді басынғысы келеді, бірақ біздің намысымыз бұлардан да жоғары, сондықтан басындыра қоймаймыз» дейді өңір депутаты Ерболат.

Қосағашта он мың халық тұрады. Оның 70 пайызы қазақтар. Сайлау кезінде алтайлықтар Әуелхан Жазитұлына қарсы төрт қазақты қосып жіберген. Дауыс беске бөлініп, бір алтайлық жалғыз өзі жеңіп шыққан...

Жергілікті атқа мінерлердің сөзіне қарағанда, осы өлкедегі қазақтардың мәселесі күн сайын қордаланып барады. Қазақстанмен рухани байланыс үзілгелі тұр. Газет-журнал келмейді. Ұрпағын ойлаған мұндағы аз ғана қазақ жастарын біртіндеп Қазақстанға жіберіп жатыр. Олардың кейбірі тарихи отанынан орын таппай қайта кері келуде. Өңір қазақтарының қауымдастығы жанынан шығатын «Шүй нұры» газеті негізінен осы тақырыпты қаузайды екен.

«Біздің қазақ болып отырғанымыз - Мұңғұлиядағы туыстардың арқасы» дейді Әуекең. Баласы домбырамен ән салып берді. Горно-Алтай қазақтарының әнұранын орындағанда біз де қатты толқыдық. «Алты алаштың біріміз» деген жолдары расымен тебірентті. Тіпті, азат Қазақстанның ән ұранында «Алаш» деген сөз де жоқ қой. Горно-Алтай қазақтарының әнұранын жазып бірген Моңғолиядағы бауырларымызға іштей разы болдық. «Осы аймақтағы қазақ мәселесін мен Қазақстанда өткен екі бірдей дүние жүзі қазақтарының құрылтайына барып тұрып айттым. Бәрі жарылқаймыз, қатырамыз дейді. Ешқандай нәтиже жоқ» деп Әуелхан Жазитұлы Астанадан әбден күдерін үзіпті. Әукеңнің айтып отырған мәселесі - сол баяғы жалпы қазақтың мұңы.

 

21 маусым. 2009 жыл

Екі күнгі шала ұйқыдан болар, тұяқ серіппей ұйықтадық. Бүгін жексенбі. Шекара бекеті жабық. Жоспар бойынша бүгін Қосағаш өңірін аралап, ертең таңертең алғашқы лекпен шекарадан өтіп кетуіміз керек. Ресей мен Моңғолия арасындағы Ташанта бекеті бұл жерден алыс емес. 25 шақырым жерде тұр. Бекеттен ары 80 шақырым жүрсек - Өлгей қаласы.

Қосағаштың іргесіндегі «Жаңаауыл» аулына бардық. 1300 халық тұратын ауыл Әуелхан Жазитұлының бастамасымен 80-жылдардың аяғында құрылыпты. Мұнда тұратын халықтың барлығы - өзіміздің қазақтар. Сенесіз бе, ауылда мұражай бар. Бұл өлкеге қазақтардың қалай келгені, алтайлықтардан жер сұрағаны, еңбек және соғыс ардагерлері, оқыған-тоқығандары сынды мұндағы қазақтың өмір-тынысын білуге жарайтын барлық дерек кездеседі. Дәл осы өңірде 1937-38 жылдары 400-дің үстінде көзі ашық, көкірегі ояу қазақ атылған. Абзал аталарының рухын мәңгі есте қалдыру үшін ауыл ортасына орнатқан ескерткіші де бізді тәнті етті.

Ешкітөбе жазығын кесіп өтіп, Тұздық жайлауына келдік. Шаймұрат ағасы 6 бие байлап отыр екен. Бие байлағалы оншақты күн болған, желідегі құлындар жуасып қалыпты. Шөліркеп барғанбыз, май шара толы қымызды тартып жібердік. Маужырай бастадық. Киіз үйдің ауасы кең. Жадырап-ақ отырмыз. Іргеден салқын самал соғып тұр. Жігіттер қозы-лақ пен құлын-тайды төңіректеп, жайлауды таңырқап жүр. Бұл көрініс маған таңсық емес. Бала күнімде талай қозы жайғанмын. Айран ішіп, май жалап өскен адамға малшының өмірі таңсық емес. Қозы жамыратып таяқ та жеген күндер еске түсті. Біздің жақта қой сауады. «Қойдың сүті - қорғасын» дейтіні содан. Іңірде қозыны қойдан бөліп алып, бөлек қамайды. Таңертең қой кеткен соң қозы да өріске беттейді. Торсыққа іркіт, дорбаға құрт толтырып алып қозының соңынан ереміз. Сәскеде өрістен қой келеді. Бәрі шығып қой қосақтайды. Бастары айқасып қосақталған қойды екі жақтан бастап сауады. Қораға қой келгеннен бастап қозы баққан баланың уақыт өтпей-ақ қояды. Енесін сағынған қозы-лақ тұс-тұстан қашады. Ең қиын шақ осы. Қой сауып болғанша қайыра тұруың керек. Кейде шама келмей қалады, қозы қосақтағы қойға лап қояды. Басың салбырап үйге келесің, таяқ жейсің. Қазір ойлап қарасам, қозы жамырап қойды, айран-сүт азайып қалды деп емес, қойдан көп болып отырып қозы жамыратып алды деген көрші-қолаңның сөзіне намыстанады екен ғой. Сол күні жалайтын майдан қағыласың... Қозы-лақпен жарысқан қайран балалық шақ!..

Таңертең Әукең «бұл маңда балбал тас жоқ, орыстар сыпырып-сиырып алып кеткен, сендерге тек тастағы жазуларды көрсетеміз» деген. Бізге одан гөрі балбал тас керек екенін тағы қайталап айттым. «Тым құрыса біреу де жоқ па?» деген Ерекеңді жұбатқысы келді ме, «Тұздық жайлауынан ары бір тас бар, онда соған барайық» деді. Балбал тас дегені, сынтас екен, бетінде ешқандай бедер жоқ. Ерекең фотоаппаратына селқос түсірді де, «қайттық» деді. Әукең үйіне келіп демалдық. Ерте тұрып Ташантадан асып кетуіміз керек. «Балбал тастардың орнын Баян-Өлгейге барғанда толтырамыз, Ереке!» деуден басқа не дейміз. Су көрмегелі біраз болып еді, моншаға түсіп алдық.

22 маусым. 2009 жыл

5.30-да тұрдық. Бізді Қосағашқа жеткізген көлігіміз кеше таңертең алаң-елеңде Өскеменге жүріп кеткен. Әукеңнің жамағайын інісі Ержан Ташантаға жеткізіп салды. Ташанта бекетінде 50 шақты түтін бар. Барлығы дерлік шекара қызметкерлері. Бекет шағын сайдың аузында тұр. Басын қар шалған ақбас таулар соңымызда қалып барады. Шекараға таң атпай келсек те алдыңғы кезекті, төрт-бес көлік келіп, иемденіп қойыпты. Маңғыстаудан, Павлодардан, Қарағандыдан туысшылап бара жатқан қазақтар баяғы. Маңғыстаудан келе жатқан көліктен секіріп түскен баладан Ерекең: «Атың кім?» деп сұрады. Анау тұрып: «Нұротан» деді. Ал күлейік. Расымен солай екен. 2004 жылы Моңғолиядан көшіп келген Шынар «Атамекеніме келдім ғой, отаным нұрлы болсын» деп ұлының атын Нұротан қойыпты. Бұл - 2004 жыл. Ал «Отан» партиясы 2006 жылы «Нұр Отан» болып өзгерген. «Ереке, екі жастағы Нұротанның атын «тартып алған» «Нұр Отан» партиясы баланың құқын ескеріп, ақша төлей ме енді?» дедім. Бұл сөз Шынарға жақты білем... Қарақия ауданында тұратын Нұротандар 5 500 шықырым жол жүріп келе жатыр екен.

Тал түс болды, ар жақтан келіп, бізді алып кететін көлігімізді Ресей шекарашылары жібермей, әне, ұстап тұр. Бекеттен жаяу өтіп, ауланың ар жағында тұрған көлікке баруға рұқсат бермеді. 200 метр жерге жете алмай діңкеледік. Есікті ашып-жауып тұрған шекарашының өзі бізге қасқыр көрген ешкі көзденіп қарайды. Адамның бәріне осылай қарайма десек, жоқ, орыстар мен ары-бері өткен еуропалық саяхатшыларға күле қарайды. Ал қазақ көрсе зәрі бетіне шабады... Бір көлікті 1 сағат тексереді. Екі жақта көздері мөлиіп тұрған халық. Бекет толығымен бюрократияның құрсауында қалыпты. Қойшы, сағат 16.40-та әрең ар жаққа өттік. 5 адамы бар «уазикке» он адам отырып арғы бетке жеттік. Күнге күйіп кеткенбіз. Қалқалайтын көлеңке де жоқ. Ащы күннің астында тоғыз жарым сағат тұрдық. Желкеміз бен бетіміз ашып барады. Екі ел ортасындағы бейтарап аумақтан ақын Сұраған Рахметұлы күтіп алды. Ал Моңғолияның шекара бекеті бізді 15 минутта тексеріп өткізіп жіберді. Тіпті, толтыратын қағаздарды шекара қызметкерлерінің өздері рәсімдеп, нағашылары келгендей күтіп әлек болып жатыр. Бір күнгі ашуымыз 15 минутта тарап жадырап сала бердік. Моңғолия қазақтарының «кең қолтық мұңғұлым-ай» дейтінін енді түсінгендейміз. Чеке-Таманнан асып түсіп Қосағашқа жақындағанда жалаңаштана бастаған табиғат Ташантадан өте бере тақырлана берді. Тауда бір тал жоқ. Тал түгілі шөп те көрінбей барады. Алаңқай жазық азайып, кеңістік тарылып бара жатқандай. Тау. Жота. Асу. Белес...

Өлгей мен Ташантаның қақ ортасында тұрған Ақкөл аулына аялдадық. Ауыл имамы Қуанған қажы мұрты күлімдеп, көзі жайнап мысқылдап сөйлейтін жан екен. «Сәскеде келеді деп тамақ асып қойып едік, қасқыр жүрген жерде құзғын да жүреді дегендей, сіздердің сыбағаларыңызды жамағайын бір құдалар келіп жеп кетті. Енді ренжімей, мына қазы мен қуырдақтан алыңыздар» деп бір тоқтады. Қасқыры біз болдық та, құзғыны құдасы болды ғой.

Біздің көлік қолатты өрлеп таудың қолтығына келгенде кілт солға бұрылды. Жапон көлігі ышқынып барып Шыңдаваның (Шыңасуы) басына бір-ақ шықты. Ақ бұлттар адам бойы жетер жерде тұр. Будақ-будақ болып батысқа көшіп барады. Аңызғақ жел. Төңірек толы тау. Әне, қарсы алдымызда басы ағараңдап Сайыр тауы көрінеді. Өлгейдің желкесіне төніп тұр. Сайыр тауын Қытай қазақтары Жайыр деп атайды. Оның оң қапталынан қарайып Бөкен тауы көрінді. Шыңдавадан құлдилап келеміз. Жолдың екі жағы толы суыр. Домалаң-домалаң етіп қашып барады. Маң-маң басқан жүрісіне қарап «семіз екен» деп қоямыз. «Суыр семіре қойған жоқ әлі, жалпы оның жүрісі солай ғой» деп тізгіншінің өзі біздің аузымызға құм құйды.

Күн батып барады. Өлгей иек астында тұр. GPS көпірден өткеннен кейін бір балбал тастың тұрғанын көрсетті. «Е, ол тұтқын тас» деді Сұраш. Мұражай алдына әкеліп орнатқан мүсін тас екен онысы. Бүгін күн 20-дан 9 минут кеткенде батты. Жылдың ең ұзақ күні. Күн ұясына енгенмен жер жарық. Өйткені, таулы өлкеде қараңғылық жерге баяу түседі. Сұраш бізді тура өз үйіне алып келді. Қонақ үйге жеткізетін шығар деп ойлағанбыз. Намыстанса керек. Ауласына екі күн бұрын ақ ордасын тіккізіп дайындап қойыпты. Раушан жеңгеміз ісімер екен, үйдің ішін кестемен көмкеріпті. Ұзыннан түсіп жата-жата қалыстық. Бізге арнап қой да сойыпты. Шай үстінде ертеңгі сапарды пысықтап алдық. Жоспар бойынша бүгін түстен кейін Сагсайды (Сақсай) басып өтіп, Моңғол мен Қытай шекарасына барып қонуымыз керек-ті. Ертесінде Цэнгэл (Сеңгіл) өңірін аралап, Улаанхус (Қызылқұс) ауылына қарасты жайлаулардағы балбал тастарды сүзіп шығуымыз қажет еді. Амал қанша, жоспарымызды Ресей шекарашылары күл қылды. Екі күн уақытымыз қалды. Үшінші күні ерте Ұланбатырға ұшуымыз қажет. Ертең баратын жерлеріміздің жолы нашар. Тіпті, жолсыз жерлермен де жүретін сыңайлымыз. Шетелдік көлік жүре алмайды. Екі «уазикке» ылқа толтырып бензин құйып алдық. Уақыттың көбісін жол алатын бастанды. Жолды негізінен Жанарбек Ақыбиұлы бастайтын болды. Осы өңірден шыққан әзірге жалғыз альпинист. Тау-тасты аралап көп жүреді, қай жерде қандай балбал тас барын біліп тұр. Тіпті, олардың тарихынан да мағлұматы бар. Кавказ шыңдарын бағындырып келген беті екен. Ал балбал тас туралы аңыз-апсана айтатын, яғни, сапардың рухани көсемі міндеті Сұраған ағаға жүктелді. Жол қамымен біразға дейін отырып қалыптық. Қор ете түстік.

 

материалдың толық нұсқасын Мәдениет айдарынан оқыңыз

0 пікір