Қазақстан–Иран қатынастарының жаңа кезеңі: Пезешкиан сапары өңірлік серіктестікті қалай күшейтеді?
Қазақстан–Иран қатынастарының жаңа кезеңі: Пезешкиан сапары өңірлік серіктестікті қалай күшейтеді?
Иран Президенті Масуд Пезешкианның өкілеттігінің алғашқы айларында Астанаға жасаған ресми сапары екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындап отыр. Сарапшы Жанерке Қайратқызы Қазақстанның Каспий аймағындағы медиатор ретіндегі рөлі, Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің болашағы, визасыз режимнің ықпалы және тарихи-рухани жақындықтың қазіргі саяси диалогқа әсері жөнінде түсініктеме берді.
- Президент Пезешкианның сапары оның өкілеттігінің ең басында өтіп жатыр. Астананы алғашқы бағыт ретінде таңдауды Иранның жаңа әкімшілігі Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық әріптесі ретінде көретінінің белгісі деп қарастыруға бола ма?
Иә, Президент Пезешкиан сапарының символикалық мәні өте жоғары. Пезешкиан мырзаның өкілеттігінің басында Астанаға келуі және сапардың дәл қазір, күрделі геосаяси кезеңде өтуі Иранның жаңа әкімшілігі Қазақстанды Орталық Азия кеңістігіндегі басты, әуелі негізгі стратегиялық әріптестердің бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді деуге болады.
Қазақстан мен Иранды бүгін тек екі мемлекет арасындағы күн тәртібіндегі мәселелер ғана емес, сонымен қатар Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі, Каспий теңізі бойынша ынтымақтастық, ЕАЭО–Иран еркін сауда келісімі сияқты кең өңірлік форматтар да байланыстырып отыр. Бұған қоса, екі ел Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында да өзара ықпалдастықты, өңірлік қауіпсіздікті, сауда және гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін танытып келеді.
Иран мен Қазақстанның маңызды ортақ мүдделерінің бірі Каспий теңізі екенін ерекше атап өту қажет. Каспий Қазақстан мен Иранды табиғи түрде байланыстыратын стратегиялық кеңістік. Екі ел үшін де Каспий экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтетін, транзиттік әлеуетті арттыратын ортақ мүмкіндік. Сонымен бірге экожүйесі нәзік, ерекше қорғауды қажет ететін жауапкершілік аймағы. Каспийдің табиғи балансын сақтау мен өңір халықтарының қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүруін қамтамасыз ету Қазақстан мен Иранды жақындастыратын ортақ стратегиялық міндет.
Сонымен қатар, ЕАЭО шеңберіндегі еркін сауда туралы келісім Иран мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге деген ортақ ұмтылысын күшейтіп, Каспий маңындағы өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасап отыр. Сол себепті байланыстардың тығыз болуы, ортақ мәселелерді әрдайым өзара түсіністік пен сенімге негізделе отырып талқылау екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие.
- Ғаламдық турбуленттілік жағдайында Астана мен Тегеран конструктивті диалог көрсетіп отыр. Каспий өңіріндегі тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін медиатор және сенімді келіссөз алаңы ретіндегі Қазақстанның рөлін қалай бағалайсыз?
Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық алаңы ретінде өңірлік және жаһандық рөлі соңғы жылдары айқын күшейіп келеді. Қазақстан көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясатының арқасында Иранмен де, Батыс елдерімен де, Ресеймен және Қытаймен де конструктивті әрі тиімді диалог орнатып отыр. Бұл Астананы тұрақты, сенімді және ашық келіссөз алаңы ретінде танытып келеді. Сонымен бірге халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстанның орнықты, теңгерімді ұстанымы, БҰҰ аясындағы бастамалары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты түрде өтетін жоғары деңгейдегі саммиттер мен форумдар Қазақстанның дипломатиялық беделін айтарлықтай нығайтып келеді. Каспий кеңістігіндегі жауапты ойыншы ретінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны әзірлеу процесінің белсенді қатысушысы болып, теңізді бейбітшілік пен ынтымақтастық алаңы ретінде сақтау мен дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Осының бәрі Қазақстанның Каспий өңіріндегі қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін көрсетеді деп ойлаймын. Сол себепті ғаламдық турбуленттілік жағдайында Астана мен Тегеранның жоғары деңгейде ауқымды және терең диалог жүргізуі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық алаңы ретіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындап, осы позициясын одан әрі нығайтып отыр.
- Қазақстан Парсы шығанағы порттарына шығуға мүдделі. Қазақстан–Түрікменстан–Иран теміржол бағытын толық қуатымен іске қосу үшін қазіргі уақытта қандай нақты қадамдар талқыланып жатыр? Иран біздің жүктер үшін жеңілдетілген тарифтер беруге дайын ба?
Қазақстан–Түрікменстан–Иран теміржол бағыты Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағының өзегі ретінде саналады. «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралі 2014 жылғы 3 желтоқсанда ресми пайдалануға берілді. Бұл жобаға қатысты алғашқы келіссөздер 2007–2009 жылдары басталып, үш елдің үкіметтері бірлескен инфрақұрылымды салу туралы келісімге қол қойған болатын. Алайда бүгінгі таңда бұл желінің әлеуетін толық пайдалану үшін инфрақұрылымды жаңғырту, тарифтерді үйлестіру, кедендік рәсімдерді цифрландыру және контейнерлік тасымалдарды арттыру үшін бірқатар нақты қадамдар жасалып, жоспарлар талқыланып жатыр. Осы мақсатта Қазақстан, Иран, Түрікменстан және Ресей 2024–2025 жылдарға арналған ортақ Жол картасын қабылдап, дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай 15 млн тоннаға, 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға жеткізуге бағытталған нақты қадамдарды пысықтауда.
Сонымен қатар тараптар біріңғай және бәсекеге қабілетті теміржол тарифтерін енгізу тәжірибесіне ие, соның ішінде қазақстандық астық, қара және түсті металл өнімдері үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Ал қазіргі келіссөздерде транзиттік және экспорттық жүктерге бірыңғай логикада «бір терезе» қағидаты, электронды құжат айналымы, кедендік рәсімдерді цифрландыру және технологиялық кедергілерді қысқарту мәселелері қарастырылуда.
Ерекше атап өту қажет. Иран Президенті Пезешкиан Қазақстанға ресми сапары аясында берген сұхбатында Қазақстанға Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Үнді мұхитына шығатын бағыттар бойынша толыққанды қолжетімділік ұсынуға дайын екенін атап өтті. Бұл, шын мәнінде, аталған теміржол желісін теңіз порттарымен түйістіріп, жүктерді тезірек және арзан жеткізуге мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген тарифтерге келсек, Иран тарапы Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тарифтік саясатты үйлестіруге және ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында қазақстандық жүк ағындарына тартымды шарттар ұсынуға мүдделі екенін көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы шешімдер жақында қол қойылған көлік және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы құжаттар аясында пысықталуда.
- Қазірдің өзінде 14 күндік визасыз режим жұмыс істеп тұр. Иран тарапы бизнес пен туристер тарапынан қызығушылықтың нақты артқанын байқап отыр ма? Мұнай және агроөнеркәсіптен басқа, экономиканың қандай секторлары жаңа өсу нүктелері бола алады?
Қазақстан мен Иран арасындағы 14 күндік визасыз режим 2022 жылы енгізілді. Визасыз режим бизнес, туризм және гуманитарлық байланыстарды кеңейту арқылы экономикалық және дипломатиялық байлнысты да арттыруға мүмкіндік береді. Сонлықтан екі ел арасында визасыз режим экономикалық белсенділікті айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік береді десек болады. Иран тарапынан бизнес-миссиялар санының артуы, тікелей әріптестер іздейтін шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділігі байқалып отыр.
Ең бастысы екі меслекет басшысы өзара ықпалдастықты жан-жақты дамытуға ниетті екенін көрсетіп отыр. Мысалы екі елдің басшылары сауда айналымын $3 млрд деңгейіне жеткізу туралы жаңа жол картасын әзірлейтінін атап өтті.
Иран 90 миллиондық ірі ішкі нарыққа ие және көптеген тауарлар бойынша импортқа тәуелді, сондықтан Иран экономикасы Қазақстан үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашады. Келіссөздер барысында Қазақстан Иран нарығына кемінде 200 млн АҚШ доллары көлемінде тауар жеткізуге дайын екені айтты, соның ішінде ауыл шаруашылығы, логистика, тау-кен өнеркәсібі, медицина және жаңа технологиялар салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Ауыл шаруашылығы өнімдері Иранның импорт құрылымына сәйкес алдағы уақытта да негізгі экспорттық бағыт болып қала береді деп ойлаймын.
Сонымен қатар фармацевтика, мұнайхимия, полимер өндірісі, машина жасау сияқты перспективалы салалар да өзара кооперация үшін айтарлықтай мүмкіндік ұсынады. Иран тарапынан экономикалық қатынастарды тиімді жүргізу үшін банктік кедергілерді жою және қаржы саласындағы үйлестіруді күшейту жайында ниет білдірілді. Осы салалардың нақты дамуына бүгінгі кездесумен қатар өткен Қазақстан–Иран бизнес форумының да ықпалы зор болады деп сенемін. Бизнес өкілдерінің тікелей байланыс орнатуы, бірлескен жобаларды талқылауы мен нақты келісімдерге келуі алдағы уақытта экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейіне жол ашады.
- Сіздің ойыңызша, халықтарымыздың тарихи және рухани жақындығы бүгін екі ел арасындағы ең жоғары саяси деңгейде сенім құруға қалай ықпал етіп отыр?
Біздің халықтарымыздың тарихи және рухани жақындығы бүгінгі саяси сенімнің “жұмсақ”, бірақ өте берік іргетасы десек болатын шығар. Қазақ және парсы өркениеттері ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы бойында мәдени, ғылыми және экономикалық байланыстар орнатып, бір-бірінің дамуына ықпал етті. Иран ислам өркениетінің ірі орталықтарының бірі, дегенімен қазақ даласында ислам таралғанға дейінгі зороастризм ізі мен парсы мәдениетінің элементтері Иранда сақталған. Бұл екі елді байланыстыратын терең тарихи-өркениеттік қабат десек болатын шығар. Наурыз мерекесінің екі елдің де ұлттық күнтізбесінде ерекше орын алуы осы ортақ дүниетанымның айқын дәлелі.
Менің ойымша, Қазақстан мен Иран арасындағы гуманитарлық байланыстар әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Әдебиет, философия, кино, музыка, археология, тарихи зерттеулер салаларында ортақ жобаларға мүмкіндіктер өте көп. Визасыз режимнің енгізілуі, президенттер деңгейіндегі тұрақты саяси диалог және мәдени алмасулардың күшеюі осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге тың серпін берері сөзсіз.
Мысалы Иран Президенті сапары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды көне қолжазбалардың көшірмелерін табыстады. Бұл ортақ тарихи мұраны бірге зерттеуге деген шынайы ынтымақтастықтың көрінісі. Сонымен қатар Иран тарапы әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерттеуге және ұлы ойшылға арналған халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға мүдделі екенін ресми түрде білдірді. Екі ел ғалымдарының қатысуымен әл-Фараби жөніндегі халықаралық конгресс өткізу туралы келісім де осы мәдени серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Тарихи жақындық, ортақ өркениеттік тамыр және нақты мәдени бастамалардың жүзеге асуы екі ел арасындағы сенімді диалогтың негізін нығайтып, күн тәртібіндегі мәселелерді ашық, прагматикалық талқылауға, ал стратегиялық серіктестікті ұзақ мерзімді әрі тұрақты түрде нығайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
- Ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технологиялардағы ынтымақтастық екіжақты экономикалық байланыстарға қандай жаңа серпін береді деп ойлайсыз?
Ауыл шаруашылығы Иран экономикасының ең импортқа тәуелді бағыттарының бірі, ел жыл сайын ондаған млн аграрлық өнім сатып алады. Соның ішінде бидай, арпа, жүгері, майлы дақылдар импорты жоғары үлеске ие. Қазақстан соңғы жылдары осы нарыққа тиімді кіре бастады.Мысалы кейбір ашық деректерге сәйкес 2025 жылы Иранға бидай экспорты 17 есеге артқан. Бұл бағыттағы серпін агроөнімдердіі терең өңдеу, бірлескен азық-түлік кәсіпорындарын ашу сияқты серіктестікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Ақпараттық технологиялар саласы Қазақстан мен Иранның экономикалық байланыстарын жаңа сапалық деңгейге көтере алады. Мысалы Иранның ИКТ нарығы аймақтағы ең ауқымды нарықтардың бірі. 2024 жылы оның көлемі $24,65 млрд болды, 2025 жылы $24,9 млрд, ал 2030 жылға қарай $30 млрд-тан асатыны болжанады. Яғни сектор тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл нарықтың өсуін 5G инфрақұрылымын дамыту, цифрлық сервистерге сұраныс, электронды коммерция, финтех және киберқауіпсіздік салаларындағы стартаптардың көбеюі қамтамасыз етуде. Қазақстан үшін бұл финтех, IT-инжиниринг, бірлескен стартап акселерациясы және кадр даярлау салаларында нақты кооперацияға жол ашады.
- Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімінің берілуі біздің экспорттық логистикамызға қандай жаңа мүмкіндіктер ашады? Бұл жер қандай мақсатта пайдаланылады?
Ең алдымен, Иранның Шахид Раджаи портынан Қазақстанға арнайы жер телімін беруі екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенімнің нақты және символикалық белгісі. Бұл шешім Иранның Қазақстанды Парсы шығанағына шығатын транзиттік серіктес ретінде стратегиялық тұрғыда мойындайтынын көрсетеді. Екіншіден, бұл қадам біздің ел үшін өте үлкен логистикалық және экономикалық мүмкіндік ашады. Аталған телім қазақстандық жүктерді тікелей қабылдайтын, өңдейтін және қайта жүктейтін жеке терминал ретінде қызмет ете алады, бұл экспорттық маршруттарды едәуір қысқартып, тасымал құнын төмендетеді. Қазақстан жүктері Парсы шығанағы арқылы Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарына тікелей шығу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы алғанда, бұл жер телімінің стратегиялық мақсаты Қазақстанның Парсы шығанағына өзіне тиесілі инфрақұрылым арқылы тікелей шығуын қамтамасыз ету, сол арқылы әлемдік нарықтарға қолжетімділікті арттыру және еліміздің Солтүстік–Оңтүстік халықаралық дәлізіндегі рөлін айтарлықтай күшейту деп ойлаймын.
- Маңғыстау облысында Иран кәсіпкерлерімен бірлескен еркін экономикалық аймақ құру ұсынысы қарастырылып жатыр. Осы аймақтың жұмысы өңіраралық сауданы қалай нығайта алады?
Маңғыстау облысында Иран кәсіпкерлерімен бірлескен еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру өңіраралық сауданы институционалды деңгейде нығайтатын маңызды бастама бола алады.
Бұл модельдің табысқа жету ықтималдығы жоғары, өйткені Қазақстанда осындай аймақтардың тиімді жұмыс істеп отырғанына нақты мысалдар бар “Ақтау теңіз порты”, “Қорғас – Шығыс қақпасы”т.б.
Бірлескен ЕЭА өндірістік кооперацияны күшейтіп, агроөнімдерді өңдеу, мұнайхимия, жеңіл өнеркәсіп және логистика т.б. салаларында бірлескен кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Ақтау және Құрық порттарының Иранның порттарымен интеграциясы Маңғыстауды Каспий теңізіндегі өңірлік логистикалық хабқа айналдыра алады. Арнайы экономикалық аймаққа тән салықтық жеңілдіктер мен реттеудің жеңілдетілген режимдері шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастырып, инвестициялық ағындарды да көбейтері сөзсіз.
Қазақстандағы басқа АЭА сияқты, мұндай аймақтың ашылуы тек екі ел арасындағы дәстүрлі сауданы емес, жаңа өнеркәсіптік, логистикалық тізбектерді дамытуға және тұрақты кооперацияны қалыптастыруға жағдай жасайды.
Abai.kz