Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 112 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 14:56

ЮНЕСКО Қазақстанда жұмысын жалғастырады

Сурет: assembly.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда 2-санаттағы орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2025 жылы 19 маусымда Астана қаласында қол қойылған болатын.

Келісім мұздықтарды, қар мен мәңгі тоңды зерттеу, сондай-ақ олардың климаттың өзгеруі жағдайында аймақтың су ресурстарына әсерін бағалау саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бұл құжатқа сәйкес, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығына сегіз жыл мерзімге 2-санаттағы орталық мәртебесі беріледі. Орталық өңірдің гляциологиясы мен су ресурстарын ғылыми тұрғыда зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін жалғастырады.

Келісім аясында Қазақстан Үкіметінің, ЮНЕСКО-ның және өңір мемлекеттерінің өкілдерін қамтитын Басқарушылар кеңесі құрылмақ. Қазақстан орталық жұмысын жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржымен, сондай-ақ ғимаратпен, қажетті жабдықтармен және әкімшілік қолдаумен қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Келісім халықаралық сарапшылар қатысатын бірлескен жобалар, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын өткізуге жол ашады. Сондай-ақ ғылыми деректерді ашық алмасуға және мұздықтарды мониторингілеу және сақтау саласында заманауи технологияларды ілгерілетуге мүмкіндік туады.

Abai.kz

0 пікір