Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025
Абай мұрасы 137 0 пікір 30 Желтоқсан, 2025 сағат 14:41

Абай хакімнің ғақлиат тастиқаты

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

«Қара сөздер» деген атаумен танылған Абай хакімнің ғибратнамаларының ішінде «38- сөзінің» орны ерекше.

Мұнда, иманның алты сенімін саралауы соның ішінде Алланың есім-сипатын танытуы да айырықша. Исламның бес парызын және мұсылманға ілім-ғылымның да парыз екенін анықтайды.

Әрі өз тұсындағы діни ахуалды да сынап-сараптаған  әмбебап еңбек. Әсіресе, мұның бәрін бір ғана мәтінге сиғызуы тіпті, ғажап. Осындай ауқымдылығынан бүгінге дейін көптеген абайтанушылар бұл сөзге арнайы талдау жасай алмай келді.

Ал, мәтіннің шағатайша үрдіспен жазылуы қазіргі оқырманның түсінуіне ауыр екені де анық. Осы жағдайды ескере отырып екі жолдық афоризмдік стильмен мағынасына еш қиғаштық келтірмей «38- қара сөзді» жалпы оқырманға арнап тәпсірленген. Яғни, мағынасына еш селкеу түсірмей, жеке атау сөздерін де өзгерпей түсініктеме жасалған.  Әрине, бұны түсіну үшін де адамдардың Ислам дінінен сауаты болуы шарт.

Бұл түсініктеме бұған дейін «Ислам-кз» порталында толық жарияланып оқырман сарабынан өтті.

Кітапша ретінде жеке басылуы жалпы исламсүйер қауым үшін, әрі мешіт имамдарына да қолжетімді болсын деген ниет еді.

PS: Белгілі абайтанушы ғалым Асан Омардың зерттеуі бойынша 38-сөз шын мәнінде, Қара сөздерден кейін жазылған жеке еңбек әрі ҒАҚЛИАТ ТАСТИҚАТЫ атауымен жазылған деген пікірді қолдандық.

***

Ғұмырымның жалғасы ұрпақтарым,
Сендерге бір асыл сөз ғибраттадым.

Құштарлығың артады ұқсаң егер
Ілімді, ізгілікті – жаның сүйер.

Адамды жаратыпты ғажап түрде,
Ата-анасын ұстаз боп үйретуге.

Сөйлейтін, ойланатын асылзада
Жетпек солай ақиқат астарына.

Тоқ келеді жарыған уызында
Ертерек ауызданса ғылымға да.

Таниды дүниені сонда ғана
Өзін де, жаратушы Алланы да.

Нақ білген осыларды жолдан таймас,
Таппағандар жартымды адам болмас.

Шалалар алдамшыға құмар келер
Оқытқан, оқыған боп босқа жүрер.

Бұдан шыққан жарыместер өзі дүрдей,
Баспайдашыл келеді, білімге өгей.

Жарты адамда бола ма, толық иман?
Кемелдікке жете алмас ол мұсылман.

Өйткені, хақтың жолы ақиқатта,
Хақ келе ме, жалғаншыл шақырғанға?!

Көңілге хақпен бірге жалған сыймас
Сондықтан, нағыз ғылым оған тұрмас.

Ғылымның дүниелік сан түрі бар,
Әр кім де көріп-біліп үйрене алар.

Көп себебін дүниенің құбылмалы,
Хаққа құмар жан ғана ұғынады.

Оны білмек жалғыз шарт – көңілді ашып,
Ғалым болмақ керек-ті Хаққа ғашық.

Ілім деген бір аты хақ Алланың
Ізгілік те іліммен нақ тапқаның.

Әйтпесе, құр атақ-даңқ ғылым болмас,
Мал табумен хақ жолдың орны толмас.

Шын хакімді мал, мақтан өзі табар,
Сұм ғалым атақ үшін жанын салар.

Ынтығып ұмтылыңыз ақиқатқа,
Шын иманға бекем боп айнымасқа.

Алла бір, Оның сөзі – Құран Кәрім,
Мұхаммед (с.а.у.) соңғы Елші, берген тәлім.

Деп айттық, сендік дедік, іс біте ме?
Ауыздан шыққан жалғыз осы сөзге.

Сену, сенбеу адамның өз еркінде,
Мұқтажсыз Алла оның сенбегіне.

Сенудің мақсаты не, білмек керек,
КӘМІЛ ИМАН дейді оны ерекшелеп.

Есімдер мен Алланың сипатын ұқ!
Ештеңеге ұқсамас, Дара, Ұлық!

Ең әуелі, «Бар Алла», «Бастауы жоқ»
«Ақыры да болмайтын», «Жалғыздық» боп.

«Еш мұқтажсыз» өзімен өзі ғана,
«Ұқсасы жоқ» заттардан Жаратқанға.

Онда лайық тек Алла табынуға,
Сипаттары себепкер тануыңа.

Киелі есім Алланың тоқсан тоғыз,
Әр бірін дұға етіп оқысаңыз.

Ғайып сипат Алланың ұлылығы,
Талап етер есті адам ұғынуды.

Ең әуелі «Тірі Алла» жанмен емес,
Жаралғанға ұқсамас, мәңгі өлмес.

«Естуші» – Оған жақын, алыс болмас,
Ешбір үн жасырын боп қалыс қалмас.

«Көруші» – көзбен емес теңдесі жоқ,
Тастүнек, ұсақ мейлі көрмесі жоқ.

«Кәлам» сипат – Алланың сөзі деп біл!
Оған лайық болмаған дыбыс пен тіл.

«Білуші» – Ілім сипат, Бір Алладан,
Қалыс қалмас, құпия-сыр жасырынған.

«Ирада» – не қаласа болған бәрі,
Шексіз билік Иесі, Жалғыз әрі.

«Құдірет» тек Аллаға жарасады,
Қандай күш Оған тең боп таласады?

Жоқтан бар қылатұғын «Тәкуин» сипат,
Ғаламшар да, тозаң да содан шығар.

Сенімнің тірегі тек Аллаға иман,
Кемел Есім, Сипат та соған сиған.

Осыны түсінген жан Аллаға құл,
Мүсілім, тәсілім де осы деп біл!

Пендесіне тән еткен кішік сипат,
Көру, есту, сөйлеу, білу...бәрін сыйлап.

Осылайша кей сипатын лайықтап
Адамға осы өмірде сынақ қылған .

Адамда бар осынша ғажап сипат
Кемелдікке жетсін деп қылған мұрат.

Сол үшін де танымақ болған мақсат,
«Мағрифатулла» аталған Ұлық Сипат.

Таны Алланы, ойлама еш күдікті,
Шекті ақыл түгел білмес шексіздікті.

Алланы «Бар» деп, «Бір» деп айтсақ дағы
Ол тек қана ақылдың айғақтары.

Дүниедегі білінген нәрселерді
«Бір» деп, білу сананың жеткен жері.

Дүние-болмыс Алланы қамтымайды
Алла өзі барлығын қамтып, жайды.

Зерделі ақыл осылай талқылайды,
Жаратқанды жаратылыс қамтымайды.

Алланың сыр сипаты ұшан теңіз,
Құранда Көркем Есім тоқсан тоғыз.

Сыр-сипат, Есімдерді түгел білу
Хакімдікке жеткізер ілуде бір.

Әр кім білсе, сипаттан – Ғылым, Құдірет,
Қалған алтау бұларды түсіндірмек.

«Барлық» һәм «Бірлік» болса, «Тірлік» те бар,
«Ғылым», «Құдірет» әрине, сонда болар.

«Ғылым» болу – «Қалауды» тудырмақта,
«Қалаудың» мақсаты сол жаратпақта.

Бұл «Ирада» – Қалаудан «Сөз» шығады,
Алла сөзі дыбыстан пәк тұрады.

Олай болса, білдірту – Құдіреттен
«Көруші», «Естушілік» осы тектен!

Ол Алла құлақ, көзсіз естіп, көрсе,
«Ғылыммен» білмек, көрмек сол емес пе!?

«Тәкуин» – жоқтан барды жаратпағы,
Бастауы, ақыры жоқ сипаттары.

Әр сипат жеке-жеке емес мүлде,
Қалау да, Жарату да бәрі бірге.

Ғылым, Құдірет сегізі түгелімен
Білінер, сезген жанға жүрегімен.

Түпсіз көкте Ай мен Күн, жұлдыздар тұр,
Төңіректе сан-түрлі құбылған сыр.

Жетпейді хикметіне шолақ ақыл,
Бәрі де Бір Алла деп, тек тағат қыл!

Десеңіз ақыл – басшы, қайрат – қосшы,
адамға Құдай берген қуат осы.

Алайда, Құдірет ісі олай емес,
Аллаға нақты мысал сәйкес келмес.

Аллаға бүтін болмыс лайық нақ
Хас сипатқа тең келмес ештеңе шақ.

Сәуле сипат сәйкескен адамға тек,
Рахметпен жіберген сыйлық етіп.

Рахманмен қамтыған жаратқанын,
Қамқоршы, Кешіруші қалағанын.

Мейірімді, Сүюші, Қорғаушы да,
Ризық берген жарылқап, Қолдаушы да.

Көркем Есім осындай сырға тұнған,
Хабар берген Рахмет сипатынан.

Рахметі сол – ақыл жетпес бұл ғаламды
Хақ Тағала үйлестіріп нұрға малды.

Жансыздан жануарлар пайда қылған,
Ал, адам пайда көрген жандылардан.

Жануар жұлған шөптің жаны ауырмас,
Адам да жануардан сұрап алмас.

Өйткені, сұрақ болмас жануарға,
Әр ісіне жауап берер адам ғана.

Жауапкерлік – әділет һәм махаббат,
Жәннатқа кімдер лайық таразыланбақ.

Сол үшін адам артық келбетімен,
Тең келер не бар оған жер бетінен?

Екі аяқпен тік жүріп қадам басар,
Қолмен ұстап, ас-ауқат дәмін татар.

Тамақтың ләззат иісін білмек үшін
Мұрынға орын қылған ауыз үстін.

Түр-түсін, тазалығын көрмек үшін
Көз берді, көрік қылып бет-пішінін.

Көз-жанардың көркіне не тең келер?!
Қиылған қас, кірпікпен сәулеленер.

Қас, кірпік әрі қорған екі көзге,
Бөгеу болмақ шаң-тозаң, аққан терге.

Сырт көркіне жарасар тіл мен сөзі,
Тілдесу адамдықтың нағыз өзі.

Жаратса, Алла осылай мархабатпен
Адам да жауап қатсын махаббатпен.

Зерделеп  қараған көз ойға қалар
Теңізден бұлт, ал бұлттан жауын жауар.

Жауынмен дәнек, жеміс, шөптер өсіп,
Адамға, хайуанға да берген нәсіп.

Бұлақ ағып өзенге, өзен көлге,
Сусын болар жәндік пен дүйім елге.

Жер береді кен, мақта, жемістерін,
Хайуан берер жүн, сүті, ет пен терін.

Құс екеш құс береді жұмыртқасын,
Ара балын, ал балық икрасын.

Ешбірі ақы алмас адамзаттан,
Адамға қызмет ету – әуелбастан.

Оларға бұйырылған жалғыз Хақтан
Адамға болған артық махаббаттан.

Махаббатқа махаббатпен жауап қатса,
Қалауы сол Алланың адамзатқа.

Алла адамға тіршілікті нәсіп етті,
Аң аулау, мал бағуды кәсіп етті.

Тірлік ет деп, сан түрлі хайуандарды
Ұшқыр қанат, жүйрік аяқ арнаған-ды.

Біреуін биік шыңға, бірін суға,
Басқасын қорғалатып орман-нуға.

Өссін деп, қорғасын деп, өз-өзімен,
Шапқат қылды төліне енесінен.

Бұл мақсат та дүниелік болашақта,
Адамзаттың азығы таусылмасқа.

Жасалған осынша мол қамқорлықтар
Шет-шексіз мейірімнен бастау алар.

Біз мұндай қамқорлықты есеп қылмай,
Имани шарт болса да мойын бұрмай.

Жүреміз мүсілім деп, тәсілім деп,
Біле алмай Иелі істің мәнісін де

Құлшылық Құдай үшін қылынбаса,
Жатпай ма, мұндай қылық қиянатқа!

Қиянат жараспайды мұсылманға,
Кем иман пайда бермес қысылғанда.

Өйткені, ол ойланбас алғанына,
Иесі кім деп, бақпас жан-жағына.

Көбі білмес Құдайдың Құран сөзін,
«Сен сүйсең, сүйем деген мен де өзім».

Білмек керек, «Жақсылық қылсаң жұртқа,
қайтарар жақсылықты жақсылыққа».

Жақсылық жасар болсаң егер жұртқа,
Жақсылық жерде қалмас бекер босқа.

Құран солай шақырған ізгі амалға,
Иман етіп, Хақ жолын бұзбауына.

Уәде еткен, иманды адамдарға
Мәңгіге қалады деп жәннаттарда!

Сусағанды иманның бұлағына,
Кіргізеді Хақ Алла жұмағына.

Кім де кім тәрк етсе әділетті
Хадисте «ұятсыз» деп, қойған шетке.

«Ұяты жоқ болса егер, иман да жоқ» –
Өсиет пайғамбардан қалған заң боп.

Иман құр сендім деумен толықтанбас,
Иманды әділдіктен бөліп болмас.

Сонда ғана құлшылық кемелденер,
Шын иман ізгілікке көңіл бөлер.

Құр денемен жасаған құлшылықтан,
Әділет пен ізгілік қалай шықпақ?!

Өйтсе, әділет – бұлағы ізгіліктің
Өзегі – ынсап, ұят, кісіліктің.

Әділетті жан өзгеден не тілесе,
Өзі де мақұл солай істемекке.

Көркем мінез ізгіліктің өзі емес пе,
Әдемілік тек сонда түседі еске.

Кең пейіл болса осындай адамдарда
Неге шүкір қылмасын Жаратқанға!

Шүкірлік – Жаратқанға ырзалықтан
Шынайы иман, құлшылық бәрі содан!

Олай болса, айырылма шапағаттан,
Ол кетсе бәрі кетер адамдықтан!

Тоқтадық баста айтқан ақиқатқа
Ғылым, Құдірет, Рахым Құдайлықта.

Адамда толық болса кішік сипат
Онда болар адамдық ізгі тұрпат.

Шыншылдық пен ізгілік, даналықпен
Үш қасиет болады аяғы тең.

Шыншылдықтан әділдік шықпай қоймас!
Ізгі адамда мейірім қалай болмас!?

Ақыл басшы ғылымға, ол белгілі,
Әр адамға шамалап Алла берді.

Ақылды гүлдендіру, түрлендіру
Өз еркіңде мұрат қып өмір сүру.

Шыншылдық пен ізгілік, даналықпен
Үш қасиет болса егер аяғы тең,

Болады сонда нағыз ТОЛЫҚ АДАМ,
Бұл шыңға жетпек емес тобыр надан.

Алла осындай үш кәміл қасиетті,
Ең әуелі Елшілерге нәсіп етті.

Үш қасиет болса егер кәмілдікте,
Бұл бастайды әулие, хакімдікке.

КӘМІЛ АДАМ атауы осыларға
Құдайдың құлы болған ғашық жанға.

Пайғамбарлар ұстазы адамзаттың.
Ал, әулие үлгісі даналықтың.

Алайда, ғашық-көңіл әулиеге,
Ақырет артық, кем соқты бұ дүние.

Хакімдер көңіл бөлді дүниеге,
Тең тұтты пәни, бақи екеуін де.

Зорлықты, залымдықты, алдамақты
Екеуі де арам деп, шетке қақты.

Арлылық, мархамат пен шапағатты,
Рахым деп, үлгі етіп алға тартты.

Бірақ, бізше бір сыр бар екеуінде
Пида қылмақ бұл жолға нәпсісін де.

Десек, егер кемелдік әулиелікте,
Дүниені керек қой тәрк етпекке.

Олай болса, дүние ісі жан бағуға,
Кім қалады ие боп мал табуға?

Шығады кім қорған боп жау жағыңа?
Тоқыма, егін егу, мал қарауға?

Тәркі дүние мәнісі айдан айқын,
Деген сөз ғой, нан табу адыра қалсын.

Жатпайды бұл әдепке, ынсапқа да,
Құдайдың бергендерін ойлап қара!

Шүкір ет, ғибрат алсын деп жаратқан
Ізгі іс істеп аталсын, сауапты жан.

Тәркі дүние бастауы торығудың,
Ондай жолдың болады соңы құрдым.

Жүре берсін пенделер сондай жолда,
Десең егер, ақиқат қалар қайда?!

Өмір деген әрекет асылында,
Өмір қалмас, тірліксіз ондай жұртта.

Өмір – өмір болады әрекетпен,
Тірлік кетсе болмайды кәмелет те!

Жәннаттық деп танылған сахабалар
Оспан, Ауп, Сағид та болған байлар.

Олай болса, қате сөз болар еді,
Өмірден безген десек, әулиелерді.

Дүниенің мәнін білген әулиелер
Жол таңдаған нәпсісін тәрбиелер.

Шын мәнінде дүниеден қашқақтауы,
Хаққа деген шынайы мақсат қамы.

Ең алдымен рахаттан алыстады,
Дүниенің қызығымен жарыспады.

Жалпақ жұртқа болсам деп жарқын үлгі,
Хақ жолында дара боп алда жүрді.

Мұндайлар аз болады көпті сүйген
Қиын жол ғой, өзге үшін отқа күйген.

Бұл жалғанда шындық деп бек жүгірген,
Дара шықпақ кемел боп сирек мүлдем.

Асқан ғалым, нақ шыншыл, қайраты зор
Адамның әр неге де махаббаты мол.

Осындай жан сақтансын сөзге қалмай
Шықпасын тек, жан-жағын шамаламай.

Дарамын деп, болмасын көсемсіген
Елді алдап жүрмесін бос сөзбенен.

Сопысынса надандар бұзылғаны
Тыңдамас олар хакім, ғалымдарды.

Көрініске көңіл бөлген нағыз ғалым
Білмек боп себептерін Жаратқанның.

Алланың шеберлігін солар танып,
Жаратушы ісіне аң-таң қалып.

Бұл пиғыл шын ғашықтық Хақ Құдайға
Өзін сүйіп мейіріммен жаратқанға.

Сонда болар шын хакім адамдарда
Хикметін Құдайдың танығанда.

Ондай жан көңіл бөлмес мансап-даңққа,
Ләззаты сол, пайдалы ғылым тапса.

Мұндай хакім көрсетер сара жолды,
Үйретер жақсы-жаман, оң мен солды.

Ізгілік қалдырмайды ғапылетте,
Егіні сол, қауышар ақыретте.

Келмесе егер, себепті зерделеумен,
Ондай иман болады еліктеумен

Ғылымды болса егер шын үйренген
Аталады хақ иман жүрекке енген.

Дегенмен, хакімнің де хакімі бар,
Қас хакім мұсылмандық жолды ұстанар.

Мойын бұрмай, Хақ дінге қарсы келген
Хакімдер бар жүретін бөтен дінмен.

Олардың дүниеден сауаты көп,
Болғанмен Хаққа деген тағаты жоқ.

Себебі сол, иманның шарттарына
Күмәні көп, сенімі аз бастарында.

Дегенмен, хадистерде көп айтылған:
«Жақсы адам – адамдарға пайда қылған».

Шынында, бұл хакімдер жанкештілер
Әкелген адамзатқа пайдалы істер.

Найзағайды қайламан байлап алып
Тым алысқа жіберген хабар салып.

Осындай өнер қылған тұлғаларға,
Қақымыз жоқ, айып тағып бұлданарға.

Алайда, дүмше молда көзқарасы
Хакімдерге дұшпан боп жүрер қарсы.

Білімі аз, басым болып надандығы,
Пенделікпен азайған адамдығы.

Там-тұм білген сөзі бар парсы-арабтан
Буланып соған ғана арқаланған.

Артық қойып өздерін өзгелерден
Адастырар халықты жөнге жүрген.

Жақсы мінез, пайда сөз көрген жерден
Ор қазады өзімшіл сұм пиғылмен.

Өзімшілдік – бастауы жамандықтың
Қас дұшпаны – кірі жоқ адалдықтың.

Бұндай дерттен адамдар сақтанбаса
Түспей қоймас күпірдің қақпанына!

Ғибрат бар қалдырған пайғамбардан (с.а.у.)
Белгісі деп білінген ақырзаман.

«Бір жылың бір күндей боп өте шығар»
Дегенде, сахабалар бүй деп сұрар:

«Намаз қанша болады мұндай күнде?»
Жауап алды сұраққа басқа түрде:

«Пәтуасы сол заманғы ғалымға тән» –
Беріліп тұр емес пе, хакімге мән.

Үйрететін Османия мұсылман ел
Әскер мектеп, көп пәндер соған дәлел.

Ондай оқу болмаса үлкен елде
Надан, соқыр қалады халқы мүлде.

Адам пейіл болса егер, жоқшылыққа
Бір қадам жақын болар хайуандыққа.

«Дүниенің қызығы ғылым» деген,
Сол ел нағыз халқының қамын жеген.

Ал, Құранда айыптап сөз етілген
Елдерді ғылым, білім тәрк етілген.

Берсем деумен біреуге қолы қысқа
Мал жию мен бай-мақтан мүлде басқа!

Сондықтан, ғылым қума мал жимаққа,
Мал жисаңшы, әуелі ғылым қумаққа.

Өйткені, өнер-ғылым өзі де мал
Өзіңе де, өзгеге мол пайда бар.

Дегенмен, өнерді де шекпен ұста!
Өнер сол – ізгілікпен қатар тұрса.

Өнерде мақсат болсын пайда бермек,
Өнер емес, өнер деп зарар көрмек.

Өзгеге пайда етпек адамдық іс,
Өзгеден тек пайда іздеу надандық іс.

Сақтанған жөн қайсы бір діншілдерден
Ғылымға қырын қарап сыртын берген.

Шариғатқа болса да шала-пұла,
Шақырады басқаны дін жолына.

Пірі болып көрінер надандарға,
Қолда тәспих, ораған баста шалма.

Біл осыны алдымен әулеттерім,
Хақ жолына арналсын  ниеттерің!

Ниет болса таймайтын Хақ жол деген
Дейді оны ТОЛЫҚ АДАМ кемелденген.

Бай-бағлан болсам деген атақ іздеп,
Хақ жолды қуған болса пайда көздеп

Осындай болып кетсе мақсаттарың,
Нәпсіге еріп Хақ жолын ақсатқаның.

Тисе десең бір пайдаң басқаларға
Әділет, ғылым қатар болсын алда.

Міне, осы Құрандағы Хақтың жолы
Құдайға жақын болмақ үміт толы.

Көп бірақ, таңдамайды осы жолды
Сәнденіп киім түзеп жүрсе болды.

Дегізбек, бар мақсаты «Бәрекелді!».
Ісі жоқ, жолдас қылмас тәуекелді.

«Қасиет сыртта емес, ықыласта»
Құран сөзі бұл өзі әуел баста.

Дүниені жаратуы түр-түрменен
Адамзатқа қызмет қып тұрсын деген.

Өніп-өспек мақсаттың басталмағы,
Адамның бір-біріне дос болмағы.

Дос көбейтпек болса егер пейіліңде
Бөле ортаңды жақсылық, мейірімге.

Қастандықты өшірсең санадағы
Қастық қылмау – достықтай саналады.

Өзгеден артық тұрмақ екі түрлі
Жамандықтан сақтанса ол да игі.

Өзін асқақ, өзгені қор тұтқандар
Бұдан өткен болмайды оңбағандар!

Өйткені, өзін артық көрген адам
Мақтанға, күншілдікке ерген адам.

Күншілдік күншілдікті қоздырады,
Ізгілікті бойыңдағы тоздырады.

Таза болса жамандық пиғылдардан
Көңілің тымық көлдей тынышталған.

Пендеге үш кесел бар бұдан басқа
Сақ болатын қашанда жоламасқа!

Жалқаулық, залымдық пен қас надандық,
Олар жүрген жерлерде жоқ адамдық.

Жалқаулықтан туады жігерсіздік,
Жігерсіздік әкелер кедейшілік.

Хас надандық кәдімгі хайуандық
Пайдалы мал тіпті де одан артық.

Залымдықта болмайды адамшылық
Жүрген жері бүлік пен жаманшылық.

Қорғанар қандай жол бар бұл зарардан?
Қорқу қажет қашанда Бір Алладан.

Одан кейін жанашыр көңіл болса
Әділет, ғылым, қайрат бойға толса

Сүйеді Құдай жолын ондай адам
Өз бойынан байқайды ғажап ғалам.

Адамдар игі іске болса шебер
Ондай жанды әрине, Құдай сүйер.

Адам болса пайдалы іс істеген
Ондай жанға тиеді алғыс көптен.

Бос сөзі көп, пайдалы іс болмаса
Құр құлшылық болады құлшылық та.

Өйткені, еш себепсіз әрекет болмас
Жаратушы бостан бос хикмет қоймас.

Сол үшін парыз білмек ғалымға да,
Амал ету ортақ іс қауымға да.

«Жақсы ниет жақсы іске есеп болған»
Хадис бар аманат сөз пайғамбардан.

Ниеттің әуелгісі дәрет алу -
Сыртқы сипат намазға солай бару.

Өйткені, жүректегі иманыңыз
Көрінсе, сыртыңызға шырағыңыз.

Нақ құлшылық – намаз бен оразаңыз
Әрі тірек иманға қылған парыз.

Иман – шырақ, құлшылық – қорған болған
Құлшылықсыз жүрсе егер, иман солған.

Тағы да, құлшылықтың сырын ұқпай
Құр құлшылық иманға қорған болмас.

Өйткені, қас иманның күзетшісі –
Құлшылыққа айналсын әрбір ісі.

Хақ адалдық көрінер құлшылықта
Іш, сырт дәрет дәлел ол құлшылыққа.

Сап тазалық қылынар нақ ниетпен,
Көңіліңді күзеткен ақ жүрекпен.

Намаз деген Құдайға жалбарыну.
Тақарат – құлшылыққа адал болу.

Құлақ қағу қос қолмен намаз бастап
Құдайды «Алла әкбар» деп, ұлықтап.

Бұл да ишарат дегендей «Қолымнан тарт,
құл пендеңді я, Құдай өзің тазарт!»

Одан кейін қол байлап бойды түзеу
Құдіретіңе құлдық деп ойды түзеу.

Намаз шарты қыбылаға бетті бұру,
Алла үйі Қағбаға қарап тұру.

Әр рүкінде Фатиха оқылады
Қамтылған Құранның мағыналары.

Содан соң тізені ұстап иілуің
Жалбарынып Аллағы сыйынуың.

Сәжде етіп жерге қою маңдайыңды
Білдіру жерден келген мән-жайыңды.

Екінші сәжде жасап қайталауда
Меңзеу бар жер-қабірге қайтуыңа.

Содан кейін қайтадан бас көтеру –
Тіріліп, Жаратқанға жауап беру.

Сәлем беру иыққа оң мен солдың
Белгісін білдіргенің намаз соңын.

Куәлікпен намазды аяқтайсың
Бір Аллаға хамд айтып мадақтайсың.

Сәлем жолдап ақырғы пайғамбарға
Шын жыласаң шіркін-ай, пайда сонда!

Осылайша, Алланың ұсынғанын
Ұқсаң деймін, бауырлас мұсылманым!

38-қара сөз ғибратнаманың түсініктемесін жасаған: Абай Мауқараұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-журналист, аудармашы

Abai.kz

0 пікір