Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5497 0 пікір 19 Қазан, 2009 сағат 06:50

Сегізбай Шектібаев. ГЕНЕРАЛ ШЕНДІ ҚАЗАҚТАР

"Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен, -
деп өткен Доспамбет жырау секілді топ бастап, толағай ерлік көрсеткен қазақ сардарлары тарихта аз болмаған. Бұл - өзі арнайы зерттеуді, жинақтауды қажет ететін өте маңызды жұмыс. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыс ақсүйектерінің түгелге дерлік әскери кәсіби білім алғанын, олардың арасынан Ресейді әлемге танытқан әдеби-мәдени қайраткерлер шыққанын, сондай-ақ Ресейдің озық ойлы саяси элитасын қалыптастырған да осы буын екенін ескерсек, әскери өнердің ұлт үшін, мемлекет үшін қандай маңызы барлығы анық байқалады. Жаңа туған шарананы "атұстар" деп дәріптеп, алтыжасар ұлын ашамайға мінгізіп, жасөспірім жеткіншекті жақ тартуға тәрбиелейтін көне баба дәстүрі негізінде де отансүйгіштік, ел қорғауға дайындық жатқан жоқ па?! Ендеше әскери-патриоттық тәрбие үшін, орны ерекше аталарымыздың есімін тағы бір жаңғырту үшін төмендегі мақаламызды ұсынып отырмыз.

"Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен, -
деп өткен Доспамбет жырау секілді топ бастап, толағай ерлік көрсеткен қазақ сардарлары тарихта аз болмаған. Бұл - өзі арнайы зерттеуді, жинақтауды қажет ететін өте маңызды жұмыс. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыс ақсүйектерінің түгелге дерлік әскери кәсіби білім алғанын, олардың арасынан Ресейді әлемге танытқан әдеби-мәдени қайраткерлер шыққанын, сондай-ақ Ресейдің озық ойлы саяси элитасын қалыптастырған да осы буын екенін ескерсек, әскери өнердің ұлт үшін, мемлекет үшін қандай маңызы барлығы анық байқалады. Жаңа туған шарананы "атұстар" деп дәріптеп, алтыжасар ұлын ашамайға мінгізіп, жасөспірім жеткіншекті жақ тартуға тәрбиелейтін көне баба дәстүрі негізінде де отансүйгіштік, ел қорғауға дайындық жатқан жоқ па?! Ендеше әскери-патриоттық тәрбие үшін, орны ерекше аталарымыздың есімін тағы бір жаңғырту үшін төмендегі мақаламызды ұсынып отырмыз.

"Қазақстан Республикасы қарулы күштері туралы" Заң күшіне енгелі бір мүшел айналып барады. Қазір тәуелсіз Қазақстан әскерінің өкілдері халықаралық қауымдастық қатарында Ирак жерінде бейбітшілік орнату үшін қызмет етіп жатыр. Бұл қазақ жауынгерлерінің дербес мемлекет әскері ретінде әлем алдында мойындалуының бір белгісі секілді.
Кезінде атадан асып туған батыр Бауыржан Момышұлына полковник шенінен артық дәреже бермей, еңсесін басып келген кеңестік құрсау әлдеқашан келмеске кетті. Қазір, Құдайға шүкір, өз генералдарымыз да жетерлік. Әйтсе де, әскери шен-шекпеннің шежіресіне үңілсек, небір қызық жәйттерге кезігеміз. Сонымен, осы бір оқалы оғыландардың басында кім тұр екен?!
Көзін ашқалы аттың жалы, түйенің қомында жүріп, туған жерін жаудан қорғаған аталарымыз әскери өнерден кенде болмағаны анық. Батырлар жыры мен бабалар шежіресіндегі аңыз-хикаялардың өзі мұны дәлелдеп тұр. Ал, тарихта нақты деректермен қалған сардар аталарымыз туралы не білеміз?
Тарих деректері қазақтардың тұрақты әскери қызметке араласуын сонау XVI ғасырға апарып тірейді. Сол заманда Иван Грозный мен оның ұлы Федор Ивановичтің қабылдауында болып, полк басқарған, полк басшысы "воевод" міндетін атқарған Құл-Мұхамед пен Ораз-Мұхамед сұлтандардың есімі бізге Мұхтар Мағауиннің "Аласапыранынан" жақсы таныс. Қазіргі тілмен айтқанда, олардың әскери дәрежесі "полковник" шенімен шамалас.
Дегенмен, қазақтың алғашқы кәсіби әскери сардары атағына Кіші жүз қазағы Серғазы Қайыпханов лайық секілді. Ол 1788-1790 жылдары орыс-швед соғысына қатысып, осы шайқастардағы ерлігі үшін секунд-майор шеніне ие болыпты. Сол жорықта фельдмаршал граф Платон Зубовтың адъютанты болған С.Қайыпханов кейін Орынбор шекаралық комиссиясы қарауына жіберілген екен.
Атам қазақтың "Кіші жүзді найза беріп жауға қой" деген нақылы да біздің осы мақаламызға лайық келеді. Шынында да, қазақтан шыққан офицерлер мен генералдардың көпшілігі - Кіші жүздің атақты ханы Әбілқайырдың ұрпақтары.
Билеуші сұлтан болған полковник Ахмет Жантөрин мен Мұхаметқали Таукин, әскери старшындар (казак әскери бөлімшелерінде обер-офицер шені армия подполковнигі атағына тең болатын) - ханның немерелері Қаратай Нұралиев пен Шынғали Орманов, Әбілқайыр ханның шөбересі Арслан Жантөрин сұлтан, сол сияқты хан ұрпақтары Жүсіп Нұралиев, Ермұхаммед (Елекей) Қасымов, Медетқали Шоқиндер (Чукин) болды. Әскери старшын атағын алғандардың қатарында Ыбырай Алтынсариннің тәрбиешісі, қыпшақ руын басқарған Балғожа би Жаңбыршин де бар еді.
ХІХ ғасырдың ортасында генерал шенін алған қазақтардың барлығы да Батыс Қазақстан өлкесінен шыққан. Ең алғаш бұл атақты 1840 жылдың 1-желтоқсаны күні Бөкей ордасының ханы, Әбілқайыр ханның шөбересі Жәңгір хан Бөкеев иеленген.
Генералдың оқалы погонын Кіші жүздің батыс бөлігін билеген Баймағамбет Айшуақов та тағыпты. Ол да әйгілі Әбілқайыр ханның немересі еді. Жастайынан ержүрек, табанды қайраткер ретінде танылған Баймағамбет Ресей ықпалына бірыңғай беріліп, ел ішіндегі барымта, бүлікшілік, көтерілістерді ымырасыз басуымен тарихта қалды. 1832 жылы Ресейдің Александр ленталы алтын медалімен, 1837 жылы "Әулие Станислав", 1846 жылы алмаспен кемерленген "Әулие Анна" ордендерімен марапатталған. 1836 жылы әскери старшина, 1839 жылы полковник, 1847 жылы генерал-майор шенін алды. Ол 1839-1840 жылдары Хиуа жорығына қатысқандардың бірі болатын.
Баймағамбет сұлтан 1846 жылы Маңғыстау түбегінің тұңғыш қаласы Новопетровск (қазіргі Форт-Шевченко) бекінісін салдырған билеуші екенін де біле жүрген ләзім.
Жәңгір ханның баласы Ғұбайдолла Жәңгіров те 1894 жылы Ресейдің атты әскери кавалерия генералы жоғары әскери атағын алған жалғыз қазақ болды. Ол 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысына қатысқан, 1868 жылы - полковник, 1878 жылы - генерал-майор, 1888 жылы - генерал-лейтенант атағын алған. Ғ.Жәңгіров әскери қызметін кавалерия генералы шенінде аяқтаған, ол бүгінгі армия генералы немесе әскери маршал шеніне тең атақ. Бір қызығы, Ғұбайдолла Жәңгіровтың генерал мундирі мен әскери қаруы бүгінде Болгарияның Плевне қаласындағы тарихи мұражайда сақтаулы тұр.
Қазақтың әскери кадрлары негізінен Орынбордағы кадет корпусында даярланған. Бұл оқу орнын әр кезеңде бітірген қазақтардың арасында Жәңгір Айшуақов, Мұхамедсалық Бабажанов, Ахметкерей және Азаматкерей Баймұхамедовтер, Арслан Бөкейханов, Шәңгерей Бөкеевтердің аты-жөні кездеседі.
Әрине, оқалы сардардың бәрі Орал жақтан шыға берді деуге болмайды. Орта жүзден де тамаша офицерлер көп шыққан. Мұрағат деректеріне сүйенсек, ХІХ ғасырдың ортасында орта жүздің әкімшілік-командалық билігінде екі полковник, алты подполковник, жеті майор, үш есаул, үш штабскапитан, жеті поручик, сегіз жүзбасы, 20-дан аса хорунжий қызмет атқарғанын көреміз. Осылардың ішінде Абылай ханның немересі, Көкшетау, Құсмұрын және Аманқарағай округінің сұлтаны, полковник Шыңғыс Уәлихановтың орны ерекше. Ал оның ұлы Шоқан - тарихқа аты белгілі ғалым, қазақ ағартушыларының негізін салушылардың бірі болғандығы баршаға мәлім.
Екінші полковник - Есім ханның ұрпағы, Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңыр Құлжа Құдаймендин. Сондай-ақ, Сұлтанғазы Болат Уәлиханов туралы да дерек көп, ол тіпті генерал-майор атағына дейін көтерілген деген мәліметтер бар.
Ұлы жүзде полковник атағын албан руының аға сұлтаны Тезек төре Нұралиев иемденген. Ол қоқандықтармен болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін "Батырлығы үшін" деген жазуы бар "алтын қылышпен" марапатталған.
Сонымен, ХІХ ғасырда Ресей армиясында қазақтан шыққан бір кавалерия генералы, үш генерал-майор, алты полковник, басқа да көптеген әскери шенділер қызмет еткенін көруге болады.
Тағдыры соқтықпалы-соқпақсыз қандасымыз, әскери қайраткер, 1925 жылы генерал-майор шенінде алыстағы тұманды Лондонда көз жұмған Сабыр Сарығожин туралы тарихи деректер сараң сөйлейді. Кіші жүздің 12 ата Байұлына жататын алаша руының кенжеғара атасынан тарайтын ол Орал қаласындағы әскери реалдық училищені үздік бітіріп, Мәскеу жоғарғы әскери мектебіне жолдама алған екен. Көп жыл Ресей патшасы әскерінде қызмет етіп, шенді -шекпен, оқалы лауазымдарды иеленген Сабыр Сарығожин қазақ еліне тәуелсіздік таң самалындай желпіген 1918-19 жылдары атамекенге келіп, Алашорда үкіметінің әскери комиссары болыпты. Бірақ барша қазақтың басына түскен аласапыран жылдар бұл ағамызды да аямаған құсайды: 1919 жылдың аяғына таман Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кеткен генерал арада алты жыл өткенде ағайын-туғаннан жырақта ажал құшады...
Арнаулы білімді қазақ офицерлерінің бірі Молданияз Бекімов туралы да бүгінде білетіндер аз. Ол этнограф, фольклоршы, аудармашы ретінде де белгілі. 1895-1902 жыл аралығында Орал қаласындағы реалдық әскер училищесінде оқыған. 1902 жылы 28 тамызда өз еркімен әскери қызметке сұранған М.Бекімовты бұратаналар қатарында Қазан жаяу әскер юнкерлері училищесіне қабылдайды. Училищені 1905 жылы подпоручик шенімен тәмамдаған ол 6-Либава жаяу әскер полкында, 130-Херсон жаяу әскер полкында, 8-Закаспий атқыштар полкында және 1-Ташкент резерв батальонында кіші командир (1905-06), Түркістан әскери округі штабында офицер (1906-08), 1-Түркістан атқыштар батальонында командирлік қызметте (1908-10), Жаркент қаласындағы 21-Түркістан полкында рота командирі (1910-14 ж.) қызметтерін атқарған. М.Бекімов 1909 жылы поручик, 1913 жылы штабс-капитан атағын алған. І Дүниежүзілік соғысқа қатысып, көрсеткен ерліктері үшін 4-дәрежелі "Әулие Анна", 4-дәрежелі "Әулие Владимир" ордендерімен және "Ақ сұңқар" ("Белый орел") орденінің ленталы қола медалымен наградталды. 1916 жыл дүрбелеңі тұсында Молданияз Қытайға ауған қырғыз босқындарына көмек комитетінің жұмысына қызу атсалысқан. 1917 жылы желтоқсан айында 2-Жалпықазақ съезінде Уақытша Ұлт кеңесінің (Алашорда) мүшелігіне кандидат болып сайланыпты.
М.Бекімов А.Пушкиннің "Капитан қызы" романын ықшамдап қазақшалап, 1903 жылы Қазан қаласындағы Харитонов баспасынан басып шығарғаны да белгілі. Оның ел аузынан жинаған ертегілері, "Орал облысы қазақтарының үйлену салты", "Қазақ халқы жайынан", т.б. мақалалары сол кездегі "Киргизская степная газета", "Тургайская газета", "Айқап" журналында, "Қазақ тілін оқып үйренуге басшылық" атты кітабы 1909 жылы жарық көрген.
Бұлардан бөлек аты бүгінде қалың оқырманға беймәлімдеу тағы бір қазақ офицерін айта кеткен жөн. Ол - 1894 жылы Бөкей ордасында дүниеге келіп, 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Рамазан Құрманғалиев. Қазақтың тұңғыш әскери командирлерінің бірі, дивизия комиссары болған Р.Құрманғалиев Орынбордағы атты әскер командирлерін даярлайтын курсты, 1930 жылы Ленинградтағы Әскери-саяси академиясын бітірген. Ол 1921-23 жылдары Түркістандық 8-дербес атты әскер бригадасының взвод командирі ретінде Әндіжан, Ферғана облыстарында басмашыларға қарсы ұрыстарға қатысқан. 1930-жылдары Қазақстан өлкелік әскери комиссариаты саяси басқармасының бастығы, ҚАКСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы секілді жауапты қызметтер атқарып, жауынгерлік Қызыл ту орденімен марапатталған Рамазан ағамыз әйгілі отыз жетіде "халық жауы" деген қанды қасапқа ілігіп кетті.
Қазақтан шыққан тағы бір әйгілі генералдың бірі - Шәкір Жексенбаев та 1901 жылы Бөкей ордасы, Шоңай ауылында дүниеге келген. Он алты жасында Ордадағы жоғары бастауыш училищені бітірген ол 1918 жылы Бөкей губерниясының әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстарына қатысып жүреді. 1919 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына алынған Шәкір атамыз бұдан әрі әскери өнердің сатыларымен өрлей берген. Қазақтың тұңғыш атты әскер полкінің құрамында бөлімше, взвод командирі, эскадрон командирінің көмекшісі болып, Азамат соғысына қатысты. 1924 жылы Мәскеудің М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясын, 1931 жылы жоғары әскери химия академиялық курсын бітірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Шәкір Жексенбаев Батыс, Орталық, Брянск, Ленинград майдандарында жоғары командалық қызметтерде болды. 1945-49 жылдары К.Е.Ворошилов атындағы химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясының кафедра бастығы, Кеңес армиясы химиялық әскер басқармасы бастығының орынбасары, Беломор әскери округі химиялық қызметінің бастығы қызметін атқарған генерал 1988 жылы Мәскеу қаласында қайтыс болды.

«Үшқиян» апталығынан алынды

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572