Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Абай мұрасы 236 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 13:54

Қайым ағаға хат

Суреттер: abai.kz, e-history.kz сайттарынан алынды.

Қайым аға! Биыл Сіздің жылыңыз, Сіз туралы көп айтып, ерен еңбегіңіздің қалтарыста қалған тұстарын айғақтайтын уақыт. Сіздің алдыңызды көрген,  тағлым алған шәкіртіңіз ретінде Сізге айтарым бар, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан күрескерсіз, бәлкім рухыңыз сезер...

...Семейдегі өзіңіз алғаш іргетасын қалаған Абай мұражайына қызметке келгенде мен отызға толмаған жас едім. Бұрын да Семей педагогикалық институтының құрметті профессоры кезінде алдыңыздан бірнеше рет дәріс алғанмын. Сексенінші жылдардың ортасында  Абайтанушы, ғалым, қайталанбас тұлғаның алдын көріп, еш жерде айтылмайтын, тарихымызда оқытпайтын оқу тақырыптарынан тыс Алаш арыстарының есімдерін Сіздің аузыңыздан есту қандай ғанибет екенін ол кезде білген жоқпын.

Кейін Абай музейіне қызметке келгенде Сізбен әр тақырыпта жиі кездесу өткізетін болдық. Алаш арыстары ақталғаннан кейін айтуға тыйым салынған «Үш бәйтерек», «Бес арыс», «Алаш арыстары»,   «Абайдың ақын шәкірттері» туралы жиі кештер өткізілетін. Солардың барлығында Сіз бас баяндамашы, құрметті қонақ ретінде жиі қатысып жүрдіңіз.

Бірде, Абайдың әкесі Құнанбай және оның заманы туралы әдеби кеш өтті. Сізді арнайы шақырып, құрметті қонақ ретінде қатысқан  кеште мен Құнанбай туралы баяндама жасадым. Кеш аяқталған соң, байсалды да, сабырлы, асықпай сөйлейтін салмақты қалпыңызбен маған аманат айттыңыз. «Қарағым», «айналайын»  демей-ақ, бірден:

– Абай мұрасын зерттеу, талапқа сай толыққанды жүйелеу, ұлы ақынның тарихи жолын дұрыс көрсету музей қызметкерлерінің атқаратын міндеті. Мұнда ақын мұрасына қатысты жан-жақты материялдар жинақталған.  Абайды зерттеу айналып соғып, есіңе түскенде жаза салатын, ұнамаса тастай салатын  жеңіл жол емес. Абайдың соңына аңшылардың қансонарға шыққаны сияқты із шалып, адаспай, күресе жүріп түсу керек. Науқаншылықпен Абайды тану, бір бағытта ғана зерттеу мүмкін болмайды. Саған айтарым, Абаймен айналысамын десең «соқтықпалы, соқпақсыз» қиындығына шыда, нәтижесін көрсет! – дедіңіз.

Сіздің бұл аманатыңызды о баста түсінбесем де, өзімше Абай тұңғиығына үңілген болып, облыстық «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газеттеріне Сіз зерттеген мақаланы басты бағытқа ұстап, «Абай жинаған мұралар», «Абай өлеңдерінің тарихы» атты циклды мақалалар жариялай бастадым. «Келген екенсің, қиындығына шыда» деген сөзіңізді басты ұстаным деп түйіп, содан бері Абай әлемі соқпағына жан-жақты шолып, із шалып келемін.

Бұл 1990 жылдардың басы болатын. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Сізді мемлекеттің тапсырмасымен Алматыға көшіріп әкетті. Сіздің қыруар еңбегіңіздің нәтижесінде «Атамұра» баспасынан «Абай энциклопедиясы» жарық көрді. Басқа да еңбектеріңіз ұшан-теңіз ғой, бірақ, осы еңбегіңізден кейін Сізге мемлекеттің үлкен сыйлықтарының бірі бұйыратын шығар деп күттім. Ірі сыйлық түгілі, әлем жиналған Ұлы ақынның дүбірлі тойына Сіз шақырылмай қалдыңыз. Дүйім жұрт Семейге тойға жиналғанда Сіз «бақсының моласындай» болып Алматыда үкіметтің уақытша берген баспанасында жалғыз қалдыңыз. Той дүбірі басылғаннан кейін туған балаңыздай болған шәкіртіңіз Тұрсын Жұртбайдың  «Қазақ әдебиетіне» жарияланған «Алматының менмендігін кешіріңіз, Қайым аға» деген көлдей мақалаға себеп болып, елге оралдыңыз. Іштей қынжылғанмен бізде не қайран болсын?..

Сіз бұл фәниден бақи дүниеге аттанған соң, Сізге құрмет көрсетіліп, өзіңіз жүрген көшеге есіміңізді берді. Түрлі кештер өтіп жатыр, бір өкініштісі, Ешқандай ескерткішке ұқсамайтын Сіздің бас бейнеңізді  Семейдің қақ ортасына сорайған сойылға ескерткіш деп  шаншып қойдық...

Аға, өзіңіз айтқандай Сіздің жолыңызға тура түстім. Сол тоқсаныншы жылдары өзіңіз сілтеген «соқтықпалы, соқпақсыз» Абай мұрасы жолымен келе жатырмын. Абай жолы ер азаматтарға да оңай жол болмаған, жолы жіңішке әйел адамға тіптен қиын екен. Өзгелерге ұқсап тиіп-қашып жүрген жоқпын, ұлы рухтың соңынан қалмай, кедергілерден аттап өтіп келемін.  Абайдың өзі де шын мейірленген адамды бұра тартқызбайды ғой, «жақсы мен жаманды айырмайтындар» алға бастырмайды, өзім де артқа шегіне алмаймын. Әншейінде таптырмайтындар айтулы шақ келгенде қайдан шыға келетіндерін білмеймін, қаптаған «Абайтанушылар» жаңбырша жауып кетеді. Солардың ащы айқайы арасынан дауысым да шықпай қалады...

Бастысы, Абай мұражайында қызмет атқара жүріп, Абай жүрген жолды анықтай алдым. М.Әуезовтың, «Абай мұхит болса, мен шөміштеп қана алдым» деген тәмсілімен Абайға басқаша көзққараспен қарауға тырыстым.

2010 жылдары қалың көшпен бірге мен де Елордаға бет түзедім. Қала әкімшілігінің алдында ойға батып пұшайман халде тұрған Абай ескерткіші мен Абай көшесінен басқа ақынға арналған ештеңе жоқ. Еңсесін енді көтеріп келе  жатқан жас қалаға «Абайға арналған рухани орталық керек» деп құзырлы есіктерді қағып жүргеніме он бес жыл болды. Нәтиже болмады.

Ақыры Есіл бойында тұрған «Қазақстан-Ресей» университетінің басшылығының ықпалымен, Семей мен екі ортаны жол қылып, ел аралап жүріп жинаған экспонаттар мен әдеби кітаптар, картиналарды өз қаражатыммен поезбен тасып, екі бөлмеден тұратын «Абайтану ғылыми-танымдық орталығын» аштым. Қаладағы музейлерге хат тасып, босап қалған витриналарды жинастырып, шыныларды жалаңаш қолымды тілгілеп жүріп,  2010 жылы музей қалыптастырдым. Абайтану орталығын ашу туралы мемлекет тарапынан нұсқау болмаса да аталған университет басшысы Зейнолла Молдахметовтың демеуімен, қала мектептерінің  рухани қолдауымен төрт жылдан артық жұмыс атқардым. Төрт жылдан соң, 2014 ж. орталық жабылып, 2019 жылға дейін 1500-нан артық жиналған экспонаттарды сақтайтын жер таба алмай, басқа жұмысқа кетуге еңбекпен жиған заттарымды қимай жұмыссыз қалдым. Сонда да, ел руханиятына үлес қосып жүрген қаптаған «қоғам қайраткерлерінің» біреуі де «мыңқ» демеді.

Ол жылдардағы қиындықтарды айтпай-ақ қояйын, бастысы Сіз айтқандай бәріне төздім...

Сіз де 1940 жылы Қазақстан бойынша Семей қаласында Абайға арналған тұңғыш музей ашуға өлшеусіз еңбек сіңіріп едіңіз ғой. Мұражайды нөлден бастау әркімнің қолынан келе бермейтін іс болса да ел аралап жүріп 500 ден артық экспонат жинағаныңыз тарихтан белгілі. Сонда Абайдың туысқандық айналасының, шәкірттері мен ізбасраларының сирек кездесетін қолжазбаларын сақтағанда Сізге қарсы «Музейді ескі-құсқыдан тазарту» деп жала жауып мақала жазып еді. Абайдың 100 жылдық мерей тойын өзіңіз ұйымдастырып, биліктен еш қолдау болмаса да лайықты өткізгенсіз.

Қай уақытта болса да тарихи тұлғалардың мерейлі шақтарында ғана өре түрегелетініміз себеп болып, Абайдың 175 жылдық мерей тойы қарсаңында  2019 ж. оқу жылында берілмек болған бір мектепті Абай атына бергізіп, сол мектепке Абайтану орталығын көшіріп, қайта орналастырдық.

Өмір бойы мәдениет саласында атқарып келе жатқан қызметімді тоқтатып, орта жасқан асқан зейнет шағымда қайнаған білім саласына бет бұруым да Абай жолына деген аманат. Сөйтіп, Сіз айтқан аманаттан аттай алмай, Алаш арыстарынан қалған  ұстаздық қызметке бет бұрдым. Кейбіреулер мені «мектеп мұғалімі» деп көздеріне ілгісі келмейді. Ұстаздық та өзіңіз көрсеткен жол. Олар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарың арманы болған болашақ ұрпақты тура жолға түсіру мақсатындағы жанкештілікті қайдан білсін?!. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гиназияда Абайтану ғылыми-танымдық музей-орталығын ашып, бүкіл қала мекептерін Абай мұрасымен сусындатып, Сіз айтқандай Абай үшін үнемі күресіп келемін.

Білім мен мәдениет саласының айырмашылығы жер мен көктей екен.  Балалардың тілін табу қиынның-қиыны. Сонда да, Абай мұрасын мектеп бағдарламасына бала тілімен кезең-кезеңге бөліп, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай сатылап оқытуды енгіздім. Қазір қала мектептері осы бағдарлама бойынша «Бала Абай (1-4 сыныптар), «Ақын Абай (5-8 сыныптар), «Хакім Абай (9-11 сыныптар) оқып жатыр.  Сіз Абайдың ақындық мектебін қалыптастыру жолында өзіңізді құрбан еттіңіз, күрестіңіз. Мен он бес жыл бойы мектеп оқушыларына арналған бағдарламаны енгізу жолында әлі күресіп келемін. Бірақ, «Баяғы жартас сол жартас, қаңқ етер түкті байқамас» болып тұр.

Былтыр Абайдың 180 жылдығы кең көлемде тойланды. Абай облысында көптеген игі шаралар ел ықыласына бөленді. Абайдың 1985 жылы жазған Қарамола сьезіне 140 жыл толды. Әлихан Бөкейхановтың Абайдың қайтыс болғанына бір жыл толған, Абайтану ғылымының алғашқы бастамасы болған  тұңғыш мақаласына 120 жыл.  Абай шығармашылығын бүгінге жеткізген Мүрсейіттің 1905 ж. қолжазбасына да 120 жыл толды. Бірақ, «Абайға 180 жыл толды» деп топырлағандар бұл тарихи тақырыптарға мән бермеді.

«Абай жолы» жобасы бойынша Семейден шығарылып жатқан жинақтардың қатарына екі бірдей еңбегімді төрт жыл бойы төрт рет ұсындым, жарияланбады. Болмаған соң, өз қаражатыма отыз бес  жылдан артық тірнектеп жинаған «Абай жолы» романының кейіпкерлері және Абай» атты еңбегімді Түркиядан шығарып алдым. Соның жалғасы ретінде 405 беттен тұратын «Абай өмірі мен шығармашылығы хронологиясы» жинағымды жарияладым. Аллаға аян, Сіздің де әйгілі «Абайдың ақындық мектебі» диссертацияңызды қорғау жолында қуғын-сүргін көріп, бас бостандығыңыздан айырылып, кейін кітап болып басылып шыққанда да зиялы қауымның қақпайлағанын білемін. Қазақстандағы жалғыз-дара ғалым-текстолог ретінде Сіздің жолыңызды ұстанып, Абай шығармаларындағы текстологиялық өзгерістерді мектеп бағдарламасына енгізуге мүмкіндік туғыздым. ХVIII-XIX ғ. ақын-жыраулардың канондық негізін анықтау жолындағы еңбегіңіздің өлшеусіз құндылығын дәлелдеу үшін бар жігерімді салып жүрмін. Еңбек ешқашан далада қалмайды, уақыт асықпайды...

Айтпақшы, мен де Абайдың 180 жылдық мерейтойында көктемгі бақбақ гүлдердей жапырлаған «медалшылардың» көшіне ілесе алмай, атаусыз қалдым. Өзімнің туған өлкем ұлы тойға мені де арнайы шақырмады... Еріксіз, «Қайым ағадан қалған ұлы жол» деп өзімді жұбаттым. Абай айтқандай: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп әркім өзін-өзі мадақтаумен жан-жағына қарауға мұршалары келмей жүр.  Әйтпесе, Елдордасы Астанаға Абайды арқалап әкеліп, үш рет Абайтану орталығын жаңғыртып үлгергенім елге аян. Ерте ме, кеш пе, Ұлы рухтың ел игілігіне бөленетінін ішім біледі.

Елдің көпшілігі тегіміз ұқсас болған соң, мені Сіздің қызыңыз, немереңіз деп түсінеді. Соған қуанамын...

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қабылдауына жете алмай жүргеніме де жеті айдың жүзі болады екен.  Айналасындағылар дұрыс жеткізбей жүр ме, әлде мені қабылдауға құлықсыз ба, ол жағын біле алмай жорамалмен күтіп жүрмін.

Берік Уәлиге кездесудің басты мақсаты да Сіз көрсетіп кеткен киелі мекендерге арнай белгі тақта қойғызу, Абай, Шәкәрім балалары, Сіздің әкеңіз, Алаш арыстары атылған Түйемойнаққа арнай аспан асты музейін ашқызу мақсатында кездескім келген.

Қасиеті мен қасіреті қатар жүретін Абай жолында Сіздің соқпағыңызбен тура келе жатырмын, ертеңімді алла біледі...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір