Жұма, 23 Қаңтар 2026
Әдебиет 204 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 14:16

Мен көрген Нұрпейісов (жалғасы)

Сурет: aqmeshit-zhastary.kz сайтынан алынды.

БІРІНШІ БӨЛІМ:  Мен көрген Нұрпейісов

ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов

ТӨРТІНШІ БӨЛІММен көрген Нұрепейісов

БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ЖЕТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов

ҚОР БОЛҒАН ПУНКТУАЦИЯ

...Жеті томды дайындауға құлшына кірісіп кеттік. Бес күн ішінде бірінші том беттеліп болды. Жеті томның жауапты редакторы өзім боламын деп шештім. Өйткені бұл көп томдықтың жауапкершілігі аса зор екенін терең түсінемін. Ал редактор етіп әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сәлима Қалқабаеваны тағайындадым. Екеуміз барлық мәтінді ілесе оқитын болдық. Бір емес, ең мықты деген екі корректор бекітілді. Олар да ілесе оқиды. Грамматикалық қана емес, пунктуациялық қателер де кетпеуі керек. Өзіме де, басқаға да қатаң талап қойдым.

Тағы бір апта өткенде барлық түзетулер енгізіліп, бірінші том мұнтаздай таза болды. Қатесіз мәтінді ақ қағазға бастырып, авторға алып бардым.

Әбең өзінің жатын бөлмесіндегі жазу үстелінде жұмыс істеп отыр екен. Амандық сұрасқаннан кейін:

– Міне, мынау «Күткен күннің» беттелген нұсқасы,– деп романды қолына ұстаттым.

– Көлемді дүние бопты ғой,– деп ол қуанып қалды. Парақтарды ақтарып, асығыс көз жүгірте бастады. Бір ғажабы, мәтінді көзілдіріксіз оқиды екен. Романның бас-аяғын әпсәтте шолып шықты.

– Алғы сөз керек,– дедім мен.– Баспаның атынан жаз десеңіз мен дайынмын. Басқа адамға жаздырамын дейтін ойыңыз болса, өз еркіңіз.

– Қоя тұр! Осы роман туралы екі мақала шыққан. Бірі Мұстай Кәрімнің «Упорный талант» деген мақаласы. Кезінде «Литературная газетада» жарияланған. Екіншісі Шериаздан Елеукеновтің «Он екі бет роман» дегені. Екеуі де мықты мақала. Сол екеуін қатар берсек қалай болады?– деп сұрады ол.

– Иә, мен Елеукеновтің мақаласын оқыдым. «Алғы сөз орнына» деп қысқартып беруге болады. Оны Шериаздан ағадан алармын. Мұстай Кәрімнің мақаласын қайдан табамыз?

– Нағимаға айтсаң тауып береді. Сұрап көрші.

Мен төменгі қабаттағы кітапхана-кабинетте отырған Нағима апайға барып, аталған мақаланы тауып беруін өтіндім. Ол сарғайып, шаң басқан газет бумаларын ақтарыстырып қарады да соның ішінен «Литературная газетаның» 1984 жылғы бір нөмірін суырып алды.

– Міне, табылды! Көлемді мақала екен,– деп газетті маған ұсынды.

Сол жерде отыра қалып, тапжылмай оқып шықтым. Біздің мақсатымызға жарап тұр. Газетті қолыма алып, жоғарғы қабатқа көтерілдім.

– Мұстайдың мақаласын таптық. Жақсы мақала екен. Бірақ қазақ тіліне аудару керек сияқты,– дедім Әбеңе көрсетіп.

– Жоқ. Аудару қажет емес. Дәл осы күйінде, орыс тілінде бере бер. Жұрт түсінеді,– деді қария.

– Ол қалай болады? Бірі қазақша, бірі орысша болып, ала-құлалыққа соқтырмай ма? Меніңше, қазақ тіліне аударған дұрыс.

– Керек емес дедім ғой саған! Мұстайды кім дәл аударады? Онанда өз сөзін сол қалпында бер. Болды!– деп қария кесіп айтты.

– Жарайды. Сізбен келісіп алатын тағы бір мәселе бар,– дедім мен оның нұры тайған көзіне қарап.

– О не?

– Корректорлар сіздің пунктуацияңызға қайран қалып жатыр. Сөйлем ішіінде үйіп-төгіп, нүктелі үтірді қоя береді екенсіз. Қажеті бар ма, жоқ па, қарамайсыз. Грамматиканың өз нормалары мен заңдылықтары бар. Қалаған жеріңізге ойыңызға келген тыныс белгісін қоя беруге болмайды ғой. Салалас құрмалас сөйлем бар, сабақтас құрмалас сөйлем бар. Көбі бытысып кетіпті.

– Кәні? Көрсетші өзің. Қай жерде кәте дейсің?– деп алдында жатқан таза беттерді қарай бастады. Мен сөзім дәлелді болу үшін «Күткен күннің» кітабын ала келгем.

– Ол таза беттерден қарамаңыз. Біз бәрін тілдік заңдылыққа сай түзетіп қойдық. Мына кітаптан көрсетейін,– деп портфелімнен кітапты шығардым. Біраз беттерін парақтап, артық қойылған нүктелі үтірлер мен жиі қайталанған сөздерді көрсетіп бердім.– Мысалы, мына абзацты қараңыз: «Осы толқу үстінде тағы бір сұмдық есіне түсті; бұл жолға өзінің ешкімнен рұқсат алмай кетіп баратқаны есіне түсіп еді; бұнысын тіпті сұмдық көріп; шошып қалды. Ол осы арада кейін қайтқысы келіп; көңілі қобалжып кетті; сол кезде дәл қасынан:

– Ау, жирляш,– деген таныс дауыс шықты». – Осы жердегі нүктелі үтірдің біразы артық. «Есіне түсті» деген сөз қатар тұрған екі сөйлемде бірдей қайталанады. Және мұндай қателіктер әр бетте өріп жүр. Сіз сияқты жазушыға бұл үлкен әбестік емес пе?

Ол үндемей тыңдап отырды да:

– Әй, мен сауатсыз адаммын,– деп салды.– Бізді мектепте қайбір жетістіріп оқытты дейсің. Сондықтан тыныс белгісін көңілім қалаған жерге қоям. Және соным дұрыс сияқты. Сендер менің үтір, нүктеме тиісуші болмаңдар. Вообще тиіспеңдер! Өзімдікі дұрыс,– деді баладай бұртиып.

– Олай болмайды ғой,– дедім мен күліп,– Әркім өз білгенінше сілтей берсе тілде, тілдік нормада қандай қасиет қалады?

– Басқаңды білмеймін, менің өз нормам бар. Өз тәртібім бар. Сондықтан тиіспеңдер!

– Біз бәрін ретке келтіре бастадық. Өте сауатты корректорлар жұмыс істеп жатыр. Өкінбейсіз,– дедім мен батылырақ сөйлеп.

– Өкінемін демеймін. Бірақ менің үтіріме де тиісуші болмаңдар! Мен оның бәрін сөздің ырғағына қарай қойғанмын. Кәдімгі музыканың нотасындағы таңбалар сияқты. Жазып отырғанда қалай музыкамен үндес келеді, солай қойылады. Сен мына романды маған қалдырып кет. Бір қарап шығайын. Не түзеттіңдер екен...Көрейін...

– Сол үшін әкелдім ғой. Бір қарап беріңіз. Ескертпеңіз болса айтарсыз.

– Бәрі мақұл ғой, жайғасып отыршы, саған бір әңгіме айтайын,– деді ол бар денесімен маған бұрылып. Мен тыңдауға ыңғайланып, қасына жақындау отырдым.– Менің атам Нұрпейіс екі сайлауда болыс болып сайланған. Өзі мешіт ұстаған адам. Ықпалында біраз ауыл болған. Кейін өмірден өтті. Ауылдар да тоз-тоз болып, азайып кетті. Біз Беларанның астында отырамыз, бір тұмсығы теңізге кіріп тұр. Содан 5-6 шақырымда Көлқора деген жер болды. Нұрпейістің қызы Сағира апамның семьясы Көлқорада тұрады. Мені оқуға сонда апарды. Біз оқитын мектеп жоқ, 1931 жылы болу керек. 1-2 шақырымдай жерде Зәт дегеннің бір бөлме үйі бар. Ауыл совет Зәттің үйін жалдаған, сонда оқимыз. 11-12 бала ғой деймін. Кейде әйелі алдымыздан шығып: «Балалар, бүгін оқу болмайды, үйдің қожайыны ауырып жатыр» дейді, кетіп қаламыз. Кейде: «Балалар, бүгін оқу болмайды, үйде кісілер бар» дейді, тағы кетіп қаламыз. Сабақ бір күн болса, екі күн болмайды. Жерде алашаның үстінде отырамыз. Шайдың үлкен жәшігі болатын, фанер тақтайдың бір беті – тақтамыз. Сосын бор, шүберек бар. Оқытушымыз – Ақерке деген қыз. Әдемі қыз, сол өңірдегі айтулы сұлу болатын. Январь айында әжем, Нұрпейістің әйелі қайтыс болды. Нұрпейіс баяғыда қайтыс болған. Мен туғанда әжем «бұл – Нұрпейістің кенже баласы» деп бауырына басқан. Мен өз шешемді мойындағам жоқ. Әжемнің тәрбиесінде, Нұрпейістің кенжесі болып өстім. «Әжең қайтыс болды» деп мені Беларанға алып кетті. Сонан оқуға барғаным жоқ. Келесі жылы мені мектепке апарғанда екінші сыныпқа түсірді. Бұған да мені күзді, қысты өткізіп, көктемнің басында апарды. Сосын үшіншіні Құландыда оқыдым. Сол жерде алфавитті толық таныдым. Әріптерді үшінші класта ғана меңгердім. Бұл жақтан көктемде кетіп қалдым, ауылға бардым. Төртіншіні Көкарал деген ауылда, Ленин колхозында оқыдым.

1934 жылы мартта біздің үй Шалқарға көшті. Шалқардың мектебіне қайтадан 4-класқа апарды. Менің оқуым сондай ит талағандай, сосын 5-ші кластан бастап дұрыс оқыдым, грамматика дегенді білгенім жоқ, өйткені өткеніміз жоқ. 5-класта қазақ тілі, орыс тілінен күзгі жазбаша сынға қалдым. Еш уақытта тапсыра алмайтынымды біліп, оқу басталғанда «Пионер» деген қайықпен Аралға келіп түстім. Аралда Шевченко атындағы орта мектеп бар, соған бардым. Завучы ұзын бойлы, аққұба сұлуша жігіт екен, сол кісіге өтірік айтып:

– Ағай, мен Шалқарда 5-тен 6-ға көшіп едім, – дедім.

– Куәлігің қайда?

– Мен Балық колхозынан келе жатырмын, кейін Шалқарға барып әкелем.

– «А» класына бар, – деді. Екі класс екен, «А» және «Б». Келесі жылы жетіншіні Шалқарда оқыдым. Менің әлгі сауатсыз болып жүргенім содан. Мен үшін Б және В әлі күнге дейін сол, әлі сауатсызбын. Осылай оқыдық.

– Оқуды қырып тастапсыз ғой... Қанша мектепте оқығансыз?– дедім күліп.

– Әйтеуір Шалқардың мектебін бітірдім ғой. Бес-алтау болар... Оларды мектеп деп те айту қиын. Содан сауатсыз күйімде кеттім ғой...

– Әріпті кеш танысаңыз, жазушы болу ойыңызға қай кезде келді?

– Мен 10-шы оқып жүріп, «повесть жазам» дедім. Үлкен бухгалтерский дәптер болды, соған Батақтың Сарысы жөнінде повесть жаздым. Әскерден келсем 10-шыны бітірген аттестатым, жаңағы жазғаным, бәрі жоқ. Мен қуандым, балалық шытпай еді. Әлгі ауыл советке хатшы болатын әкемнің тетелес інісі, есімде 1938 не 1939 жылы жазғы каникулда келгем, мен көкемді, ол мені жақсы көретін. Екеуміз атпен кетіп барамыз. Қолтығында терлік тоқым, қолында жүген, қасында мен келе жатырмын. Маған «Ал бала, енді сен де біраз оқып тастадың. Көп ұзамай 10-шыны бітіресің. Анау сенен 3-4 жас үлкен Жұмағалидің Баязы 10-шыны бітіріп, Аралда Рыбгостресте отдел кадр болып істеп жүр, сен кім боласың?» деді. Ұялшақ болатынмын, қызарып кеттім. «Жазушы болам» дедім. Ол үндемеді. Соңғы кластан бастап жазушы болуды армандадым.

– Әдетте, әдебиетке бет бұратын адамдар шағын мақала, өлең, әңгіме жазып бастаушы еді, сіз бірден повестке құлаш ұрыпсыз ғой. Кейін де өңкей роман жаздыңыз. «Жығылсаң нардан жығыл» дедіңіз бе?

– Менің ойларым повестке симайтын. Әңгімеге қалай сияды? Оқиғалардың арғы-бергі жағын түгендесем, қиянға шауып, алыстап кетемін. Соны қуалап жаза беремін. Түбінде бірнеше кітаптан тұратын роман болып шығады.

Осы кезде қайдан жүргені белгісіз, біз отырған бөлмеге жазушы Серік Байқонов кіріп келді. Ол:

– Ассалаумағалейкум, қария!– деп Әбеңе бұрын қол ұсынды. Мен де қол беріп, амандастым. Орындық алып, қасымызға отырды.– Ақсақалға сәлем бере келіп едім. Шамалы жұмысым бар,– деді қарлыққан дауыспен. Әбең оған аңтарыла қарап, алакөздене қалды. «Кел, отыр» деп те айтқан жоқ.

– Сен нағып жүрсің? Әй, «Соңғы парыздың» 23 беті қайда?– деп дүрсе қоя берді. Келмей жатып жаналғыштай жағадан алған әрекетіне түсінбей қалған Байқонов иығын қиқаң еткізіп:

– Не айтып отырсыз? Қандай 23 бет?– деді таңдана түсіп.

– Қандай?.. Қандай?.. Майға піскен нандай! «Сондай да бір түн болғанның» 23 бетін қайда құрттың? Машинкаға бастырып беремін деп жүріп, жиендік жасапсың, ұрлап алыпсың... Мына кітапта сол беттер жоқ,– деп үстел үстінде жатқан «Соңғы парыздың» екінші кітабын қолына алды,– Баспадан шыққан соң оқып көрейін деп қарап едім, тұтас 23 беті жоқ. Мұны қалай басқан? Сенен басқа ешкім алған жоқ оны.

– Ант ұрсын! Менде ондай ой болған емес. Баспадан қателік кеткен шығар?– деп Серік аға тыз-тыз етті.

– Баспадан кетпеген. Мен олардан сұрадым. Баспаға осылай тапсырған деді. Сен ғой тапсырған. Демек сен алдың оны. Мойында жаның барда!– Ақсақал ашуға булығып, ақыра бастады.

– Сіздің 23 бетіңізді мен не істеймін? Керек болса ондай нәрсені өзім де жазып алам. Қойсаңызшы, қайдағы жоқты айтпай,– дей беріп еді, кенет Әбе әнтек қимылдап, жұлқына тұрды. Қасында сүйенетін таяғы тұрған. Көзді ашып-жұмғанша менің төбемнен ысылдап өткен ала таяқ Секеңнің жон арқасынан сарт етті.

– Өй, есіңіз дұрыс па өзі!?– деп ол қолдарымен басын қалқалаған күйі отырған орнынан ыршып кетті. Мен де түрегелдім. Ақсақал дір-дір етеді. Ауаны осқылай тілгілеген таяғын тағы бір-екі рет сілтеп үлгерді.

– Үйстіп жүргенше өле кетпейсің бе? Біреудің жазғанын ұрлап...– деп қалш-қалш етті. Байқонов үлкен жігермен сабыр сақтап:

– Болмайтынды айтпасаңызшы, қария! Бүгін жыныңыз қозып отыр екен. Әңгімеміз жараспас. Кейін келемін. Қой, мен қайтайын,– деп күлді де қойды.

– Тоқта! Енді ешқайда да кетпейсін! Мен тап қазір полиция шақырып, сені қаматамын! Куә бар. Менің шығармамды ұрлағаның үшін жауап бересін!– деп айғайлады шал.

– Сен қаласың ба?– деді Серік аға маған қарап.

– Қайтамын. Мына кісінің жыны басылған соң келермін,– дедім мен де кетуге ыңғайланып.– Әбе, сабыр етіңіз. Сіз бүгін жақсылап демалыңыз. Қажет болсам, маған звондарсыз. Өзім келемін. Ал енді, ашуыңызды басып, сабырға келіңіз,– деп жұбатқан болдым. Біз баспалдақпен түсіп бара жатқанда ол артымыздан айғайлап:

– Әй, Серік! 23 бетті ертең алып келетін бол! Әйтпесе көзіңе көк шыбын үймелетемін!– деп жатты.

Үйден шыққан соң Серік аға:

– Көлігің бар ма?– деп сұрады.

– Иә, бар ғой.

– Мені қалаға дейін ала кет. Автобуспен келіп едім.

– Әрине. Жеткізіп саламын, аға.

Машинаға отырған соң Секеңнен не үшін келгенін сұрадым.

– Көптен келмеп едім,– деді ол,– Министрлік «Алып пен қалыпты» баспаға тапсырыпты. Соны айтып қуантайын, бір жағы өзінің жағдайын біліп қайтайын дегем. Көрдің ғой... не болғанын.

– Таяқ жеу үшін келгендей болдыңыз -ау.

– Бұл бірінші рет емес. Шалдың талай таяғын жедік қой,– деді күліп,– Бұрын мені арақ іштің деп сабайтын. Әкемдей кісі болған соң үнемі үндемей құтылатынмын. Содан менің үндемейтінімді біліп, құтырып алған. Титтей нәрсеге таяғын ала жүгіреді. Енді мынаусы не? Қандай 23 бет? Әлде, шал алжыды ма?

– Ол жағы да бар-ау. 95 жас деген оңай емес қой. Бір айтқанын қайталап айта береді. Бірақ, адамдардың есімінен жаңылмайды. Оқиғаны да дәл ретімен айтады. Сіз ойланып көрсеңізші. 23 бет қайда кетуі мүмкін? Ол бекер сұрамайтын шығар?

– Жоқ, деймін. Мен оны қайтемін? Керегі не маған? Бұл менің ойыма кіріп-шықпаған нәрсе. Шалды түсінбедім. Мұнысы қып-қызыл жала ғой,– деп Секең күйіп-пісті.

Ертесіне Әбең мені шақырып алды. Үйіне бардым. Сергек көрінді. Кеше қалдырған «Күткен күн» романын қан жоса етіп сызып тастапты.

– Бұл томды түзетпеймін деген едіңіз ғой. Неге сонша сыздыңыз?– дедім күйініп.

– Көзім көріп тұрған соң, кәйтейін... Бәрі су! Орыстар мұндайды «жир» дейді. Біраз майын сылып алып тастадым. Енді дұрыс болды. Сосын, менің тыныс белгілерімнің бәрін орнына қайта қойыңдар. Түгел сыпырып тастапсыңдар. Ондай болмайды. Мен оның бәрін қажет болған соң қойғам.

– Оларды артық болған соң алып тастадық қой. Қате есепті. Корректорлар ерігіп отыр ма? Көз майын тауысып, оқып жатыр. Олардың да еңбегін бағаласаңызшы. Грамматикалық нормаларды сақтау керек. Бәріміз сол тәртіпке бағынамыз,– дедім мен нығырлай сөйлеп.

– Менің өз нормам бар дедім ғой саған! Бәрін орнына қайтып қойыңдар! Басқа ештеңе білмеймін!– деп қария қисая тартты. Сол бетінен қайтпайтынын байқадым да:

– Олай болса, әр томның артына ескерту жазып қоямын. «ЕСКЕРТУ: Автордың өтініші бойынша барлық томдарда жазушының өзіндік сөз қолдану стилі мен пунктуациялық таңбалау ерекшеліктері сақталды» деп. Жұрт мына баспаның мамандары сауатсыз екен деп жүрмесін. Барлық қатеңізді өз мойныңызға аласыз ба?

– Біріншіден, мен оны қате деп санамаймын. Екіншіден, менің шығармаларымды жұрт тыныс белгі үшін оқымайды. Ең бастысы тілдік сурет, сюжет пен композиция. Одан да жоғарысы идея. Сол аман болса болды.

– Жақсы, аға. Солай келісейік. Сіздің қателеріңіз өзіңіздің арыңызда болсын! Министрліктегілерге өзім түсіндірермін,– дедім. Осылай қол алысып, келістік.

(Жалғасы бар)

Темірғали Көпбай

Abai.kz

0 пікір