Жұма, 23 Қаңтар 2026
Ғибырат 220 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 14:44

Мұстафа Өзтүрік

Сурет: Талғат Теменовтің жеке архивінен алынды.

«Германияда бір қазақ жігіті бар екен. Спортсмен... Брюс Лидің досы... аты – Мұстафа», - деді Бексейт телефон нөмір жазылған бір тілім қағазды ұсынып. – Реті келіп жатса, кездессең сәлем айт...

Бексейт Түлкиев – суретші досым. Москвада оқыған. Талантты суретші, каратист...

Фестиваль басталғалы 2-3 күн өтіп кеткен. Бұл қыркүйектің 20-лары... Франкфурттағы Маин өзенінің жағалауы. Бірінен-бірі өткен әдемі ғимараттар көздің жауын алады. Сонау алыстан мерседес бенцтің эмблемасы, 15 пе, 20-шы ма, ғимараттың төбесінен жай ғана айналады. Кеңестік қапастан сытылып шыққан біздерге мына суретке қарау ертегі секілді. Киномузейдің іші-сырты ығы-жығы халық. Біреулер немісше, біреулер ағылшынша енді біреулері испанша... Араның ұясындай гуілдеген ортада кофе ішіп отырғам. Қасымда Болгариядан келген режиссер Наташа Пискова бар. Біз отырған кафе төменгі қабатта. Бір кезде жоғарыдағы баспалдақтан түсіп келе жатқан екі кісіні көзім шалды. Біреуі жас та, екіншісі үлкендеу. Қытайлар сияқты, әлде филиппин, болмаса моңғолдар ма? Олар асықпай саспай әр басқышты санағандай түсіп келеді.

Кеше түнде ғана қолым босаған соң Бексейттің айтқаны есіме түсіп, ол берген нөмірге телефон шалғам. Жарты сөзім шала-пұла ағылшын ба, түрікше ме, ұйғырша ма, әйтеуір бірдеңе... Телефонның арғы жағындағы адам түрікше бірдеңе дейді. «Әфәндім иоқ» дегенді түсіндім. Көп ұзамай Мұстафа Өзтүріктің өзі звондады. Жөн-жосығымды, Қазақстаннан келгенімді, қазір Франфуртта кинофестивальда жүргенімді айтқам. Ол қуанып кеткендей болды. «Қазақстан біздің атамекеніміз, арман ғой, ертең келеміз», - деген-ді.

Екі көзі оттай жанған жігіт жан-жағына асықпай қарайды. Аяғында «адидас», үстінде қысқа жең көйлек, ақ сұр шалбар. Бұйралау келген қалың шаш қобырап құлағын жапқан. Ақ құба келген әдемі жігіт бір сәт мені көрген. Тұрып қалды. Күлді. Неге екенін білмеймін, мен де жымидым. Апыр-ай, ә. Мен мына көзді бұл жігітті бұрыннан сонау бала кезден білем ғой... Бұл... Бұл – Мұстафа болуы керек... Ия...

⁃ Мұстафа ?! - дедім ана жігіт жақындай бергенде.

⁃ Ия, Талғат бауырым, менмін, - деген ол. Екеуміз құшақтасып амандастық.

⁃ Мына кісі Қаби Сумер, біздің ағамыз, бірге келдік...

Мұстафа Өзтүрікпен мен алғаш рет осылай Майндегі Франфурт қаласында таныстым.

Мұстафа Өзтүрік кім ? Оның Қазақ спорт тарихындағы рөлі қандай? Төлеген Айбергенов «Жанам деген жүрекке от беремін, шабам деген жігітке ат беремін» демекші, Мұстафа қаншама жасқа үміт пен арман, мақтаныш пен намыстың не екенін үйретті?!. Олардың кумирі болды. Отанды сүю деген сөздің құпиясын көрсете білді. Міне, беймезгіл аққан жұлдыздың құпиясы осында...

Мұстафа Өзтүрік келген кез 1990 жыл болатын. Бұл Ұлы империя - Кеңес Одағы ыдырауының алдындағы шақ-ты. Осы жерде әйгілі «Veni, Vidi, Vici» тіркесі ауызға түседі. Келдім, көрдім, жеңдім... Алайда осы үш сөздің артында қаншама адамдардың тағдыры мен талабы, арманы мен үміті, сенім мен сатқындығы, асау аттың үстіндегі шабуы мен сүрінуі қатар жүрген кез екен ғой. Мұстафа Қазақ елі батырға, батылға, ұланға, ұлына орысша айтсақ, кумирге шөлдеп отырған кезде келді. Өзтүрік тек талантты спортсмен ғана емес, ақкөңіл, адал, Қазақтың ұлтжанды патриоты бола білді. Ол бұрын-соңды білмеген, естімеген таэквонданы бізге көрсетті, танытты, тамсандырды, тәнті қылды...

Мұстафаны ең алғаш Әнуар Арғынғазин мен Иманғали Тасмағанбетов Шереметьев аэропортынан күтіп алды. Мен сол кезде Москвадағы кинофестивальде болатынмын. Иманғали: «Мұстафа досың келді, тез жет», - деген соң қонақ үйге тартқам. Ертесіне Алматыға бірге ұштық. Мұстафа Алматыға келгенде қатты толқыды. Алатаудан көз алмай жасаураған жанарын бізге көрсетпей бұқпантайлай берген. Оның үстіне гүл ұсынған қыздар, домбырамен ән салып аэропортта күтіп алған бір қорым ел. Қаумалаған ағайын Мүсекеңді бұрыннан білетін, бағалайтын, танитын, араласатын қимас бауыры ұзақ сапардан келгендей ыстық ықыласпен қарсы алды. Келесі күні Төле би көшесіндегі Комсомолдың Орталық комитетінде журналистермен кездесу болды. Неше түрлі сұрақтар, тіпті немісше, түрікше, ағылшынша Өзтүрік еркін сөйлегенде кеудемізді мақтаныш сезімі билегені рас. Брюс Ли туралы сұраққа да жауап берді. Олар Тайваньда бір залда жаттыққанын Брюс Лидың Мұстафаны алғаш Ханзу екен деп қытайша сөйлеп, артынан жөн-жосығын айтқанда әлемге әйгілі киноактердің риза болғандығын естігенде бәріміз қол соққанбыз.

Мұстафаның ең алғаш Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өнер көрсеткені әлі есімде. Ол кеште Мұстафа алғаш рет кимономен шықты. Жалаң аяқ. Аппақ киім өзіне жараса қалған. Бойында бір грамм артық ет жоқ. Нағыз жігіттің сұлтаны дерсің...

Таеквондомен бізді сонда таң қалдырды, тамсандырды...

Кешті жүргізген Досхан Жолжақсынов бір кезде Төлеген Мұхамеджановтың жаңа шығарған «Сағыныш» әнін Нұржамал Үсенбаева екеуі орындады.

«Сәлем саған қазақ бауырым,

Сағыныштың ауырын-ай...

Тағдыр тартып шалғай,

бір шет елден

Келем ел мекенге...

Әннің қайырмасына жіңішке сопрано қосылған. Ананың үні дерсің. Баласын күте-күте шаршаған, шалдыққан әуез дерсің.

Мұстафа бір сәт мынау спорт сарайында емес сонау заңғар төбеге, жо-жоқ, сонау көк аспанға, аппақ бұлты мамырлаған Қазақ еліне құс болып ұшып бара жатқанындай күйге түскен.

Димаш Ахметович Қонаев ол уақытта зейнеткер. Билік заңғар адамды қаншама оқшаулатамыз дегенмен ел-жұрттың құрметі теңіздің қайта соққан толқынындай үдей түскен шағы-тын...

– Әй, батыр! - деп Димаш Ахметович Мұстафаға бар зейінімен иығынан қағып-қағып қояды. Мұстафа да : «Сізге мың рахмет! Мың жасаңыз, аға!», - дейді. Біздер еріп келген Досхан, Төлеген, Иманғали, Бексейт т. б жігіттер сөзге араласпай тыңдап отырмыз. Мұстафа сол кеште өзінің тарихы жайлы айтты. Ата бабаларының Қытайдан Памир тауы арқылы Пәкістан, Үндістан, сонан соң Түркияға қоныс аударғанын, әкесі Қабеннің жауырыны жерге тимеген палуан болғанын тәптіштеп баяндады. Сол 20 мың көшкен ел-жұрттан бар жоғы 2000-дай ғана қазақтың Түркияны паналап, Отан еткенін айтып берді.

– Әй, батырым-ай... Көрмегендерің жоқ-ау... Қайран боздақтар...- деп Димекең сәл үнсіздіктен соң,  – өкінішім - сенің өнеріңді көрмей қалғаным, - деген. Мұстафа екі көзі бал-бұл жанып орнынан тұрып костюмін шешті де:

– Бір сигарет шегуге рұқсат етіңіз, - деді. Димекең «әрине» дегендей бас изеді. Мұстафа сигаретті тұтатып қайта-қайта сорды да, күлін төкпейін дегендей маған ұсынды. Мен бөлмені көк түтінге бөледім. Бір сәт Мұстафа ширыққан пружинадай ма, секіріп барып шыр айналғанда ернімдегі сигареттің күлі жалп етіп желге ұшқан. Мұстафаның тепкендегі дәлдігі мен шеберлігіне Қонаев ақсақал қатты риза боп, орнынан тұрып ұланын құшақтаған...

1991 жылы күзде мені Мюнхендегі кинофестивальге шақырды. Жюридемін. Бір күні кеш шықтым. Мұстафа есік алдында «ягуарь» машинасымен күтіп отыр екен. Көңіл күйі жоқ сияқты. Машинадағы магнитоладан Жанар Айжанова ән салып тұр. Жол жөнекей бензин құйып, түңгі Мюнхенді қақ жарып келеміз. Әншейінде сөзшіл досымның көңілі пәс.

– Мұсақа, не болды? Бәрі дұрыс па?

– Ия...

– Үйдегі ханыммен ренжісіп қалған жоқсың ба?

– Ееее... Тәке бауырым, мен... мен... мына қалаға симай жүрмін, - деді Мұстафа дауысы дірілдеп.

– Көзімді жұмсам көретінім тек боз дала. Алматы мен Алатау. Не істерімді білмеймін. Құса болдым... Ұғамысың... Не істерімді білмейім...

Мен не дерімді білмей қалдым. Есіме Ульям Сароянның «Эй, кто нибудь» пьесасы түсті. Түрмеге түскен жігіттің өкініші мен азабы, жан дүниесі, қиналғаны, қынжылғаны...

– Оны өзің шеш...

Екеуміз қонақ үйге дейін үнсіз келдік. Мен межелі жерге келген соң, ол да сыртқа шықты.

– Мендей жаман баласын қазағым сыртқа теппейтін шығар, ә?!

– О не дегенің, әрине., - дедім.

Сол күзде Мұстафа Қазақстанға қоныс аударды. Қай жерге бармасын Мұстафаны Қазақ елі алақанына салып құрметтеді. Сол сый-құрмет Мұстафаның тірі кезінде де, өлгеннен соң да көбеймесе азайған жоқ.

Мұстафа Өзтүрік қазақ халқының сағынышпен еске алатын баласы. Әр қазақтың жанына күш, жүрегіне рух сыйлаған да осы - Ұлан!

Сондықтан да Қазақ елі бар да Мұстафа Өзтүріктің аты ешқашан өшпек емес. Өшпейді де. Өз Отанына келіп, Данко сияқты сан мыңдаған жастардың жүрегіне от жаққан Мұстафа ел есінде мәңгілік...

Сонау көк аспанның төрінде Темірқазықтың жанында қос жұлдыз бар. Оны халық Ақбозат пен Көкбозат дейді. Кейде маған Мұстафа сол биікке ұшып кеткен секілді. Қасына досын, серігін Бексейт Түлкиевті ертіп, қос жұлдыз аттанып кеткендей көрінеді. Сағынып жеткен, сарғайып көрген еліне, бауыр басқан мекеніне зор махаббат ыстық ықыласпен сонау биіктен қарап жүргендей.... Өйткені жақсы адам өмірден өткенде жұлдызға айналады дейтін Тәңірге табынған шақтан қалған аңыз бар...

P:S Мұстафа екеуміз бір күнде, бір айда бір жылда туғанбыз...

Талғат Теменов,

Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер

Abai.kz

0 пікір