Дүйсенбі, 26 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 117 0 пікір 26 Қаңтар, 2026 сағат 14:55

Үндістаннан шыққан вирус: Қазақстанға қауіп бар ма?

Сурет: mypathologyreport.ca сайтынан алынды.

Қазақстан аумағында Нипах вирусын жұқтыру деректері де, оны елге сырттан әкелу фактілері де анықталған жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір республикадағы эпидемиологиялық ахуал қалыпты, жағдай тиісті органдардың бақылауында.

Сонымен бірге алдын алу шаралары күшейтілді. Үндістанда Нипах вирусына қатысты эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады.

Осы ретте Үндістаннан, сондай-ақ Нипах инфекциясы тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін жолаушыларға ерекше көңіл бөлінуде. Аталған инфекция бойынша қолайсыз саналатын елдер тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, қажет болған жағдайда жаңартылып отырады.

Медициналық ұйымдар инфекцияның әкеліну қаупі туындаған жағдайда дайындық режиміне келтірілді. Шұғыл медициналық көмек көрсететін бригадалардың және инфекциялық стационарлардың әзірлігі қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар дәрілік препараттар, жеке қорғану құралдары, сондай-ақ дезинфекциялау заттары бойынша азайтылмайтын қор қалыптастырылды.

Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге сапар жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын қатаң сақтау ұсынылады. Ал елге оралғаннан кейін ауру белгілері байқалса, болған мемлекеті туралы ақпаратты міндетті түрде айта отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Нипах вирусы зооноздық инфекциялар қатарына жатады. Ол адамға жануарлардан жұғуы мүмкін: жарқанаттардан, шошқалардан, сондай-ақ инфекция жұқтырған адаммен жақын әрі тығыз байланыс кезінде берілу қаупі бар. Бұдан бөлек, вирус ластанған тағам немесе сусын арқылы да жұғуы ықтимал.

Ауру әдетте дене қызуының көтерілуімен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен көрініс береді. Ал ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесі зақымданып, сондай-ақ пневмония дамуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу тәсілі де, ресми мақұлданған вакцина да жоқ. Көрсетілетін медициналық көмек симптомдарға байланысты жүргізіледі.

Үндістанда өлімге әкелетін Нипах вирусы таралып жатқанын айта кетейік.

Abai.kz

0 пікір