Дүйсенбі, 26 Қаңтар 2026
Билік 217 0 пікір 26 Қаңтар, 2026 сағат 14:49

Уақытша президент һәм сайлау тәртібі: Не өзгереді?

Сурет: ҚР Конституциялық Сотының телеграм арнасынан алынды.

Бүгін Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтуде. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды.

Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілуде. Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», - деді Эльвира Азимова.

Ал ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау өткізудің тәртібі туралы айтты.

Ұсынысқа сәйкес, президенттің қызметтен мерзімінен бұрын босатылған, отставкаға кеткен немесе қайтыс болған күнінен бастап 7 күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізуді жариялайды. Ол Құрылтайдың тиісті шешім қабылдаған күнінен бастап екі ай ішінде өткізілуі тиіс.

«Президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы – саяси жүйе үшін ең сезімтал сәттердің бірі. Құрылтай шешім қабылдаудың нақты мерзімін белгілегенде мемлекет әрекеттерінің жылдамдығы мен болжамдылығы қамтамасыз етіледі. Жеті күндік мерзім сайлауды жариялау үшін мемлекеттік конституциялық кепілдік функциясын атқарады, үдерістің созылып кетуіне және пайда болған үзілісті саяси мақсатта пайдалануға жол бермейді», - деді Сәрсембаев.

Әділет министрінің айтуынша, Құрылтайдың президенттік сайлауды жариялаудағы жетекші рөлін бекіту билік тармақтарын бөлу және институттық теңгерім принципін көрсетеді.

Қазіргі Конституциясының 48-бабына сәйкес, президент қайтыс болған жағдайда өкілеттіктер сенат төрағасына, мәжіліс төрағасына немесе премьер-министрге көшеді, ал мерзімінен бұрын сайлау екі ай ішінде Парламент арқылы тағайындалады.

Abai.kz

0 пікір