Бейсенбі, 29 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 185 0 пікір 29 Қаңтар, 2026 сағат 13:20

Балалар психологіне жиі қойылатын сұрақтар

Сурет: freepik.com сайтынан алынды.

БАЛАЛАР МЕН АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР

Қазіргі балалар мен жасөспірімдер көптеген психологиялық қиындықтарға тап болады: мазасыздық, депрессия, буллинг, экран алдында шамадан тыс уақыт өткізу, мектепке бейімделу қиындықтары. Ерте пайда болатын белгілерді елемеу – үлгерімнің төмендеуінен бастап әлеуметтік оқшаулануға дейінгі күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Балалар психологіне дер кезінде қойылған сұрақтар нақты жағдайларды шешуге ғана емес, сонымен қатар ауыр бұзылулардың алдын алуға көмектеседі.

Цифрлық орта балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіптерін күшейтетін маңызды факторға айналды. Зерттеулер көрсеткендей, медиа кеңістіктегі мінсіз бейнелер жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауына теріс әсер етеді. Қазақстандағы деректерге сәйкес, 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 20,7%-ында кәсіби диагностика талап ететін депрессия белгілері тіркелген. Әлеуметтік желілерді проблемалық деңгейде пайдалану көрсеткіші 2018 жылғы 6,9%-дан 2022 жылы 12,7%-ға дейін өскен.

Осылайша, виртуалды орта балалар мен жасөспірімдердің психологиялық осалдығын күшейтетін маңызды факторға айналуда. Австралиялық зерттеуші M. Noetel-дің пікірінше, әлеуметтік желілерде күніне екі сағаттан артық уақыт өткізетін жасөспірімдер мазасыздық пен эмоционалдық тұрақсыздыққа жиі ұшырайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 18%-ы мазасыздық пен депрессиялық күй кешуде. Бұл жағдайлар интернеттегі жағымсыз ақпаратты тұрақты тұтынумен және деструктивті онлайн қауымдастықтарға тартылумен байланысты. Экран алдында ұзақ уақыт өткізетін балалардың 42%-ында ұйқы бұзылыстары байқалған. Сонымен қатар, балалардың физикалық белсенділігінің төмендеуі мен экран уақытының артуы мазасыздық пен депрессия қаупін күшейтеді. Цифрлық ортаның теріс әсері тұлғааралық қатынастарда да көрініс табады. ЮНИСЕФ-тің «Kazakhstan Kids Online» (2023) зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 15%-ы жағымсыз контентке тап болса, 21%-ы кибербуллингке ұшыраған. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылы мектептегі зорлық-зомбылыққа қатысты 2000-нан астам өтініш тіркелген, олардың едәуір бөлігі қайталанатын психологиялық қысыммен байланысты.

Психологиялық осалдықтың ең ауыр көріністерінің бірі — суицид салдарынан өмірден өту жағдайлары. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 2389 суицид фактісі тіркелген, оның ішінде 5–18 жас аралығындағы балалар арасында 128 жағдай орын алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстан 10–19 жас аралығындағы балалар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша әлемде 10-орында тұрған. Ал 2025 жылғы деректер бұл мәселенің өзектілігін растайды: суицид 15–29 жас аралығындағы жастар арасында өлім себептерінің ішінде үшінші орында қалып отыр.

Психологиялық осалдықтың ең ауыр көріністерінің бірі — суицид салдарынан өмірден айырылу жағдайлары. 2024 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 2389 суицид фактісі тіркелген, оның ішінде 5–18 жас аралығындағы балалар арасында 128 жағдай орын алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстан 10–19 жас аралығындағы балалар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша әлемде 10-орында тұрған. Ал 2025 жылғы деректер бұл мәселенің өзектілігін растайды: суицид 15–29 жас аралығындағы жастар арасында өлім себептерінің ішінде үшінші орында қалып отыр.

Бұл алаңдатарлық деректер балалар мен жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығы — олардың қауіпсіздігі мен денсаулығының негізгі факторы екенін көрсетеді. Ауыр салдардың алдын алуға тек жүйелі шаралар арқылы ғана емес, күнделікті қолжетімді тәжірибелер арқылы да болады. Сондықтан балаларға өзін-өзі қолдауға және эмоциялық тұрақтылыққа арналған қарапайым әрі түсінікті құралдарды ұсыну өте маңызды. Осы орайда «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, психолог Ауельбекова Назгүл Жайықовна балалар  мен жасөспірімдерге арналған кеңестерімен бөлісті.

  1. Эмоция мен дене белгілерін байқа.

«Мен ашулымын», «Маған қорқынышты» деп сезімді атау және денедегі өзгерістерді (жүрек қағысы, дененің тырысуын) бақылау — эмоциялық жағдайды тұрақтандырады.

  1. Ойыңды жаз немесе суретпен жеткіз.

Ойлар қағазға түскенде, олар басыңда айнала бермейді. Бұл мазасыздықты азайтып, мәселені сырттай бағалауға көмектеседі.

  1. Есіңде болсын: сен – бірегей тұлғасың.

«Барлығындай болу» міндет емес. Қателіктер — сәтсіздік емес, үйренудің және күшейе түсудің жолы.

  1. Қозғал және шығармашылықпен айналыс.

Спорт, би, музыка, сурет салу – эмоцияны қауіпсіз түрде шығарып, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіреді.

  1. Сені мазалайтын нәрселер туралы айт.

Жақын ересек адаммен немесе досыңмен сөйлесу – оқшаулану сезімін азайтып, гаджеттер мен әлеуметтік желілер алмастыра алмайтын қолдау береді.

  1. Шекараңды қорғай біл.

Саған жағымсыз нәрселерді сабырмен айтуға үйрен. Біреу қысым көрсетсе немесе ренжітсе: «Маған бұл ұнамайды» немесе «Тоқташы, бұл маған жағымсыз» де. Мұндай сөздер сенің шекараңды көрсетіп, өзіңе деген құрметті сақтауға көмектеседі.

  1. Мықты жақтарыңа назар аудар.

Жетістіктерің мен мақтан ететін қасиеттеріңді жазып отыр. Бұл сенімділікті арттырып, күмән мен депрессия қаупін азайтады. Сенім – өзіңнің ішіңде.

  1. Жақындарыңмен бөліс.

Отбасы мен достардың қолдауы — күйзелісті азайтып, ауыр ойлармен күресуге көмектеседі. Қолдау — жалғыздықты жеңудің және ішкі қорғаныстың маңызды бөлігі.

Ата-аналарға арналған ұсыныстар:

  1. Сенім атмосферасын қалыптастырыңыз. Бала күнделікті қолдауды және қызығушылықты сезінгенде («Күнің қалай өтті?»), ол мазасыздықтарын жиі бөліседі. Бұл ересектерге деген сенімді нығайтып, мәселелерді шешуді жеңілдетеді.
  2. Өз эмоцияңызды мойындаңыз. «Маған мазасыз», «Мен шаршадым» деген шынайы сөздер — эмоциялық ашықтықтың үлгісі. Бұл балаға сезімін баспай, еркін жеткізуге үйретеді.
  3. Бала эмоциясын шектемеңіз. «Жылама», «Ашуланба» деген сөздер — сезімге тыйым салады. Оның орнына: «Сенің ренжігеніңді көріп тұрмын, бірге талдайық» деу — эмоцияны қауіпсіз түрде бастан кешіруге мүмкіндік береді.
  4. Алғашқы белгілерде жанында болыңыз. Бала мінезіндегі өзгерістерге (тұйықталу, ұйқысыздық, қарым-қатынастан бас тарту) назар аударып, оны не мазалайтыны туралы сөйлесіңіз. Жылдам әрекет пен психолог көмегі — жағдайдың нашарлауын болдырмайды.
  5. Бірге уақыт өткізіңіз. Ортақ серуен, ойын, әңгіме немесе шығармашылық — балаға қамқорлық пен назарды сезінуге көмектеседі. Бұл сенімді нығайтып, мазасыздық деңгейін төмендетеді.
  6. Цифрлық ортаны бірге бақылаңыз. Қауіпсіз контентті таңдаңыз, көрген нәрселерді талқылаңыз. Бұл зиянды әсерді азайтып, сыни ойлауды дамытады.
  7. Экран уақыты мен ұйқыны қадағалаңыз. Күніне 2 сағаттан артық емес бос экран уақыты және ұйқыдан бір сағат бұрын «экрандық детокс» — мазасыздық пен ұйқы бұзылу қаупін азайтады.
  8. Позитивті баламалар ұсыныңыз. Серуен, үстел ойындары, спорт, шығармашылық — экран уақытын азайтып қана қоймай, балаға жағымды эмоциялар сыйлайды және оқшаулану мен депрессия қаупін төмендетеді.

Қазіргі балалар мазасыздық, буллинг, экран алдында шамадан тыс уақыт өткізу және болашаққа деген қорқыныш сияқты қиындықтарға жиі тап болады. Ересектер баланың сигналдарын байқамаса немесе бәрін «жас ерекшелігі» деп қабылдаса, бұл мәселелер одан әрі күшейе түседі. Психологқа дер кезінде қойылған сұрақтар, сондай-ақ үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым тәсілдер – тыныс алу жаттығулары, экран уақытын шектеу, күнделікті әңгімелесу және күн тәртібін қалыптастыру – баланың психикалық денсаулығын нығайтып, қауіптерді едәуір азайта алады.

Ата-аналар – баланың алғашқы «психологтары». Сондықтан бала көбіне ересектердің эмоциялық күйін бейнелейтінін есте сақтау маңызды. Баланың психикалық саулығына қамқорлықты өзімізден бастау қажет – өз сезімдерімізді тану, күйзелісті басқару және тұрақтылық үлгісін көрсету арқылы. Ашық диалог, эмоциялық жағдайға назар аудару және дер кезінде көмек сұрауға дайын болу – балаларда өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастырып, үйлесімді дамуға негіз қалайды.

Abai.kz

0 пікір