Есім хан және оның жасаған «қырғыны»
Қазақ тарихында Есім ханның есімі әрқилы бағаланады. Дегенмен, бір жағынан, ол — ел бірлігін сақтауға, хандықтың тұтастығын қорғауға күш салған мемлекет қайраткері. Екінші жағынан, оның билігі тұсында орын алған қанды оқиғалар, әсіресе Тұрсын ханға қатысты қатаң жазалау шаралары халық жадында «қырғын» ұғымымен астасып кеткен. Бұл мақалада Есім ханның тарихи тұлғасына біржақты айып тағудан гөрі, сол дәуірдің саяси ахуалын, билік үшін күрестің қаталдығын және қабылданған шешімдердің себеп-салдарын таразылауға талпынамыз. Сонымен, қане кеттік.
Есім хан XVII ғасырдың басында Қазақ хандығын басқарған. Осы кезең — хандықтың ішкі-сыртқы қауіп-қатерге толы, тұрақсыз уақыт еді. Жоңғар тайпаларының күшеюі, Орта Азиядағы хандықтардың өзара тартысы, көшпелі қоғамдағы ру-тайпалық мүдделердің қақтығысы мемлекеттің бір орталыққа бағынуын әлсіретті. Осындай жағдайда билікке келген Есім хан үшін ең басты міндет — ыдырауға бет алған хандықты қайта біріктіру еді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Есім хан билігін нығайту үшін тек сыртқы жаумен ғана емес, ішкі қарсыластарымен де күрес жүргізді. Солардың ішінде ең белгілісі — Тұрсын хан. Ол Ташкент аймағында өзін дербес хан ретінде жариялап, Есім ханның үстемдігін мойындаудан бас тартты. Бұл әрекет Қазақ хандығының ішкі бірлігіне тікелей қауіп төндірді. Себебі бір хандықта екі билеушінің тұруы — мемлекеттің әлсіреуіне, сыртқы күштердің араласуына жол ашатын фактор еді.
Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы текетірес ақыр соңында қарулы қақтығысқа ұласты. Тарихта «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заңдар жинағы бар. Бұл ережелер билікке қарсы шыққандарға қатаң жаза қолдануды жақтады. Сол заңдарға сүйене отырып, Есім хан Тұрсын ханға қарсы шешуші соққы жасады. Нәтижесінде Тұрсын хан өлтіріліп, оған қолдау көрсеткен ру-тайпалар да ауыр жазаға ұшырады. Қазақ жұртының біразы қырылып кетті. Міне, осы оқиғалар халық санасында «Есім ханның қырғыны» деген атпен сақталды.
Алайда, бұл қырғынды жеке басының қатігездігінен туған әрекет деп қарастыру — тарихи шындықты толық ашпайды. Сол заманның саяси мәдениетінде билікке қарсы шыққанды кешіру әлсіздік белгісі саналды. Хандық билік қатал тәртіпке сүйенді, өйткені көшпелі қоғамда заңның күші көбіне күштің заңымен бекітілетін. Егер Есім хан Тұрсын ханның бүлігін жазасыз қалдырса, басқа аймақтарда да дербестікке ұмтылған күштер көбейіп, хандық толық ыдырауы мүмкін еді.
Сонымен қатар, Есім хан жүргізген қатаң саясаттың ұзақ мерзімді нәтижесіне де назар аудару қажет. Тұрсын ханның жойылуынан кейін Қазақ хандығында біраз уақытқа болса да саяси тұрақтылық орнады. Хандықтың орталық билігі күшейіп, сыртқы жауларға қарсы бірлескен әрекет жасау мүмкіндігі артты. Бұл тұрғыдан алғанда, қанды оқиға мемлекетті сақтап қалудың ауыр, бірақ сол дәуірде кең таралған тәсілі болды.
Дегенмен, кез келген қырғын — халық үшін қайғы. Қарапайым елдің тартқан азабы, қантөгістің салдары ұрпақ жадында ауыр із қалдырды. Есім ханның атының «қырғынмен» қатар аталуы да осыдан. Тарихи тұлғаны бағалағанда тек мемлекет мүддесін ғана емес, сол мүдде жолында құрбан болған адамдардың тағдырын да естен шығармауымыз керек. Бұл — тарихтан алынатын ең маңызды сабақтардың бірі.
Есім ханның бейнесі қазақ тарихындағы күрделі, қайшылыққа толы образ. Ол — бір жағынан, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған, елін қорғаған батыр хан. Екінші жағынан, билігін сақтау үшін аяусыз шешімдер қабылдаған қатал билеуші. Бұл екі қыр өзара қарсы демесекте, қайта сол заманның шындығын көрсететін тұтас көрініс.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында Есім ханның әрекеттеріне моральдық өлшеммен бағалау оңай. Алайда XVII ғасырдың тарихи контексін ескерсек, оның таңдауы сол дәуірдің заңдылықтарымен тығыз байланысты екенін көреміз. Бүгінгі күні біз күшке емес, заңға, диалогқа, келісімге сүйенген қоғам құрып отырмыз. Сондықтан өткеннің қатал тәжірибесін қайталамай, одан сабақ алу — басты міндет.
Қорытындылай келе, «Есім хан және оның жасаған қырғыны» тақырыбы — тек сол билеушінің қаталдығы туралы әңгіме демейік. Бұл — мемлекеттілік, билік және бірлік, сол жолдағы құрбандықтар жайлы ойлануға жетелейтін тарихи сабақ. Есім ханның қырғыны — қазақ тарихындағы қаралы беттердің бірі, дегенмен, ол беттерді оқи отырып, біз өз мемлекетіміздің қандай сынақтардан өткенін, бүгінгі шуақты күннің қандай бағамен келгенін тереңірек түсінеміз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz