Трамптың Бейжіңге сапары: АҚШ пен Қытай не келіспек?
АҚШ президенті Дональд Трамп 13-15 мамыр аралығында Қытайға мемлекеттік сапармен барады, бұл оның екінші мерзіміндегі Бейжіңге алғашқы сапары.
Ақ үй бастапқыда сапар наурыз айының соңында немесе сәуір айының басында болатынын хабарлаған болатын. Дегенмен, Трамп Иран дағдарысына басымдық беретінін айтып, оны мамыр айының ортасына ауыстырды.
Бұл сапар АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс күшейген кезде өткелі отыр. Екі алып елдің арасындағы келіспеушіліктер: АҚШ-тың Қытайға технология экспортына шектеу қоюы, тарифтер және Тайвань мен Оңтүстік Қытай теңізіне қатысты кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Ақ үй сәрсенбі мен жұма аралығында өтетін сапардың күн тәртібінде сауда, тарифтер және жасанды интеллект болатынын хабарлады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли тілшілерге Трамптың сәрсенбі күні кешке Бейжіңге табан тірейтінін айтты. Ол сондай-ақ, бейсенбі күні таңертең Си Цзиньпинмен қарсы алу рәсімі мен екіжақты кездесу өтетінін, содан кейін түстен кейін Аспан ғибадатханасына баратынын және кешке мемлекеттік банкет болатынын жеткізді. Трамп жұма күні кешке таман Вашингтонға кері қайтпақ екен.
Анна Келли бұл сапар республикашылдарға «Қытаймен қарым-қатынасты қайта теңестіруге, Американың экономикалық тәуелсіздігін қалпына келтіру үшін өзара түсіністік пен әділеттілікке басымдық беруге» жақсы мүмкіндік екенін мәлімдеді. Ол «сапардың маңызды символикалық сапар болатынына» және «кейбір пайдалы келісімдерге» ықпал ететініне сенім білдірді.
Соя, сиыр еті және Boeing ұшақтары
Қараша айында өтетін АҚШ-тағы аралық сайлау алдында Трамп Си Цзиньпиннен сауда жеңілдіктерін күтуде. Вашингтон мен Бейжің бұрын ұлттық қауіпсіздікке немесе маңызды тауар тасымалына зиян келтірмей екіжақты сауданы ілгерілетуге болатын өнімдерді анықтау үшін сауда механизмін құруға келіскен болатын.
Оларға Қытайға АҚШ құс етін және сиыр етін сатып алуға рұқсат беру және алдағы үш жылда АҚШ-тан жыл сайын шамамен 25 миллион тонна соя сатып алу міндеттемесі кіреді. Трамп әкімшілігі сонымен қатар Бейжіңнің Boeing ұшақтарын және АҚШ көмірін, мұнайын және табиғи газын сатып алуын қалайды.
Сирек кездесетін металдарға жоғары технология айырбастау
Бейжің Вашингтоннан озық чип экспортына шектеулерді жеңілдетуді талап етуде және АҚШ-тың Қытайдың чип өндірісі үшін қажетті жабдықтарға қол жеткізуін шектейтін заң жобасына алаңдаушылық білдірді. АҚШ өз кезегінде Қытайдың АҚШ компанияларына сирек кездесетін металдар мен маңызды минералдарды жеткізуге рұқсат беруін қалайды.
Келіссөздерде басымдыққа ие болу үшін екі тарап та бір-біріне экономикалық қысымды арттыруға бағытталған шаралар қабылдады.
Иран соғысы
АҚШ-тың қаржы министрі Бессанц дүйсенбі күні Трамптың Си Цзиньпинмен Иран соғысын талқылайтынын және Қытайды Ормуз бұғазы арқылы сауда кемелерінің өтуін қалпына келтіруге бағытталған халықаралық бірлестікке қосылуға шақырғанын мәлімдеді. Дегенмен, Бейжің Вашингтонды Қытайдың энергетикалық ресурстарымен қамтамасыз етілуіне және Қытайдың Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасының тұрақтылығына қауіп төндіретін соғысты тоқтатуға жауапты «басты ойыншы» деп санайды.
Иранның сыртқы істер министрі жақында Бейжіңге барып, Ван Иге Америка Құрама Штаттарымен келіссөздердің барысы туралы хабарлады.
Тайвань мәселесі
Бейжің Тайвань мәселесін Вашингтонмен негізгі дау ретінде қарастырып келеді. Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубиомен телефон арқылы сөйлескен Ван И Вашингтонды «уәделерін орындауға» және «дұрыс таңдау жасауға» шақырды, Тайвань мәселесін «Қытай-АҚШ қарым-қатынасына ең үлкен қауіп» деп атады.
Reuters агенттігі Трамптың Қытайға сапарына дайындыққа қатысқан дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Қытай үкіметі АҚШ үкіметіне Тайваньның тәуелсіздігіне қатысты ұстанымын түзетуді ұсынғанын хабарлады. Си Цзиньпин Вашингтонның Тайваньға қатысты «Тайваньның тәуелсіздігін қолдамау» ұстанымын - «Тайваньның тәуелсіздігіне қарсымыз» деп өзгертуін қалайды.
Abai.kz